Қуаныш жасы

02.07.2017 5681

Қаладағы бас мекемеге есебімді тапсырып біткенше кеш те түсіп қалды. Жылы кеңседен шыққаннан соң ба, денемді күздің қара суығы қарып өтті. Машинаны от алдырып, Саумалкөл селосын бетке алып жүріп кеттім. Қаладан шыға беріс көпірдің арғы бетінде бір ақсақал қол көтеріп тұрған соң, машинама мінгізіп алдым. Жаурап қалыпты. «Рахмет балам», - деп алғысын жаудырып жатты.

«Жол болсын ата, жүзіңіз жабырқау ғой?» деп едім. «Әлей болсын, балам, - деді атай, - ауылым жол үстінде, түсіп қалармын. Баламды ойлап мұңайып отырмын. Отбасымда жалғыз бала болса да, ақылды, өнерлі, ажарлы болып өсті. 11 сыныпты өте жақсыға бітіріп, өзінің қалаған мамандағы бойынша оқуға грантпен түсті. Оның демалыс сайын үйге келіп, қолқабыс жасағанына кемпірім екеуміз мәз боламыз. Қаражаттан баламыз мұқтаждық көрген жоқ. Бар тілеуіміз баламыздың амандығы және оның болашағы еді. Бірақ, неге екенін білмедік кейінгі кездері үйге келуін сиретіп алды.

Біз оны оқуынан босай алмай жүрген шығар деп жамандыққа қимаймыз. Осылай оған алаңдап жүргенде «балаң ауруханаға түсті» деген оның оқу орнынан жеткен суыт хабар төбемізге жәй түсіргендей болды. Мен қалаға келіп, баламның оқу орнындағы кураторымен кездескенде оның айтқаны «Балаңыз наркологиялық бөлімге түскен. Қалғанын өз аузынан естірсіз», - деп аржағын айтпады.

Менде жаман ой жоқ, не болды деп одан індетіп сұрамадым да. Аурухананың мекен жайын сұрап алып, ауруханаға келдім. Емдеуші дәрігерден баламды сұрап едім, оның айтқаны «Балаңыз нашаға тәуелді болғанға ұқсайды. Соңғы рет нашаның дозасын мөлшерден көп алғаннан біздің бөлімге ауыр халде түсті, әйтеуір жас организм болған соң, беті бері қарады. Енді қорықпаңыз жазылады, тек ары қарай баланың саулығы өзіне байланысты», - дегенде төбеме жай түскендей болды.

Дәрігер мені балам жатқан палатаға алып келді. Ондай жаман әдетке балам қалай үйір болды екен деп құр сүлдемді сүйреп баламның палатасына кіре бердім. Балам аппақ қудай болып жатыр екен. Мені көріп жылап жіберді «Әке, дәрігерден жағдайды естіген шығарсыз, әуестікпен айналысам деп жаман әдетке үйір болғанымды байқамай қалдым, үкілеп жүрген үміттеріңізді ақтай алмадым, кешіңіз мені, осындай күйге ұшырағаныма қатты налып жатырмын. Мен түзелемін, тек анама айта көрмеңізші, әке өтінемін», - деп көзіне жас алды.

Мен оның маңдайынан иіскеп «Құлыным, адасқанның айыбы жоқ қайтып үйірін тапса» деген аталы сөзіміз бар, сен налыма, дәрігерлердің ем-домын қабылдап, ақыл –кеңестерін тыңдасаң, осы ауруды жеңесің, бұл сенің қолыңнан келеді. Саған сенгендіктен анаңа бұл жағдайды айтпаймын. Бұл арамыздағы құпия болсын, жарай ма балам», - деген сөзім оған қуат болды ма, баламның жүзіне нұр жүгірді.

«Енді міне балам теріс жолға қалай түсіп кетті деп қамығып келемін. Кемпіріме не айтарымды білмей басым қатып келе жатыр», - деп көзіне жас алып еді. Мен «Ата қайта бекем болыңыз, анасының жүрегін ауыртпай балаңызға бір мүмкіндік беріңіз, өзіңіз айтқандай бұл араларыңыздағы шағын құпия болсын, балаңызды Алланың салауатты жолына бағыштасаңыз, балаңыз қатарға әлі-ақ қосылады»,- дедім.

«Рахмет, балам «жақсы сөз, жарым ырыс» деген баламның өз қатарларының алды болатынына сенемін, - деді ақсақал. Осындай өзекжарды әңгімемен атайдың ауылына тез жеттік. «Алдағы уақытта тек жақсылықпен кездесуге жазсын», - деп ақсақалды үйінің жанына түсіріп ары қарай жүріп кеттім.

Жол бойы ақсақалдың қайғысы маған қатты ой салды, бәрімізде ұл-қыз өсіріп отырмыз, теріс жолға түспесе дейміз. Бұл нашақорлық дертімен қаншама күрес те жүріп жатыр, бірақ кейбір оңбағандар жастардың санасын улап, қаншама адамның көз жасына қалып отыр. Сондықтан көпшілік болып, ұрпағымызды имандылық, салауаттылық жолмен тәрбиелесек бәледен аулақ боларымыз анық…

Арада біраз уақыт өтті. Бірде жұмыс бабымен Көкшетау қаласына бара жатып, ақсақалдың үйіне соқтым. Ауласына кіре беріп едім, бау- бақша жақта ерлі – зайыпты жандардың сәбилерін ойнатып мәре-сәре болып жүргенін көрдім. Жандарында таныс атай оларға қарап мәз болып тұр екен. Ақсақал мені мейірлене құшақтап амандасып «немерем» деп ойнап жүрген сәбиді көрсеткенде, оның көзінде іркіліп келген жасты көріп, ары қарай қазбалап сұрамадым. Бұл қуаныштың жасы еді.

Менің де көңілім көтеріліп, өмірге бір жас отбасының шаңырақ құрып, ақсақал  үйінің түтіні түзу ұшқанына риза болдым. Мен де атайға жақсылық тілеп, қала жаққа аттанып кеттім. 

Бөлісу: