Ашаршылық: куәгер кісінің естелігі

19.06.2018 9970

АШАРШЫЛЫҚ: КУӘГЕРДІҢ ЕСТЕЛІГІ

ХХ ғасырдың 1931-32 жылдардағы ашаршылық – қазақ халқының басынан өткен ең қасіретті нәубет. Бұл нәубет Сталин билігі тұсындағы большевиктік үкіметтің қолдан жасаған «қызыл қырғынының» ең сойқаны, ең қатігез іс-әрекеті болды. Оның Қазақстандағы ұйымдастырушысы – Ф.Голощекин. Ашаршылықтың басты мақсаты табиғи қазба байлығы мол қазақ жерін индустриалды өндірістік өлкеге айналдыру үшін «мал шаруашылығымен айналысатын», «арта қалған, индустрияға жарамсыз» жергілікті ұлтты «табиғи кесапат есебінен азайтып», Кеңес Одағының еуропалық бөлігінен индустияландыруға бейім жасампаз (жұмысшы табы (пролетариаты) қалыптасқан) халықтарды әкеліп орнықтырып, пролетариат диктатурасын нығайту деген коммунистік идеологияны жүзеге асыру болды.

Ашаршылықтың салдарынан қазақ халқының саны екі есеге дейін кеміді, азып-тозды, шет елге ауды, сөйтіп генофонды әлсіреді. Генофондтың басты белгілері-ұлттық қадір-қасиеті, мінезі, дүниетанымы өзгерді, тілі, рухани мәдениеті құлдырады, ақыры саны аз ұлттың біріне айналды. 30 жылдарға дейін қазақтан саны едуір аз болған өзбек - қазіргі таңда 32 миллионды құрап отырған қалың ел.

1937 жылы ҚазАССР халық шарушылығы есебін жүргізу (Казнархозучет) басқармасының ВКП(б) Крайком хатшысы Мирзоянға берген құпия есебіндегі мәліметтер бойынша, 1930 жылы Қазақстанда 5 млн 873 мың тұрғын болса (мұның 1 млн. тұрғыны өзге ұлт өкілдері), 1933 жылы оның саны 2 млн 493 мыңнан әрең асып жығылған. Ал ашаршылыққа ұшыраған және шетел ауып кеткен негізінен қазақ халқы болғандықтан, орны толмай қалған 3 млн 300 мың адамның басым бөлігі, кемінде 2 млн 300 мыңы жергілікті ұлт өкілдері болғаны анық.

  Қазақ даласы коллективтендіру және байлардың мал-мүлкін конфискациялау саясатынан ашаршылыққа ұшырап, қазақ ұлты жан-жаққа (Қытай, Иран, Ауғанстан, Ресей) ауып жатқанда, большевиктер мұны «қазақтардың бірыңғай мал шарушылығымен айналысудың салдары» деп есептеп, Ресей мен Украинаның егіншілікпен айналысатын 250 мыңға жуық тұрғындарын қазақ даласына көшіреді. Соғыстың алдында және соғыс жылдары Қазақстанға корей, неміс, поляк, шешен, ингуш халықтары Қазақстанға депортацияланады. Соғыстан кейін Ресейдің европалық бөлігінен 1 млн 300 мыңға жуық адам қазақ даласына қоныстандырылады. Бұл көріністер қазақ даласын не себептен ашаршылық арқылы «босату» қажет болғандығын көрсетеді.

Ашаршылық біздің әулетке де «ащы тырнағын» салды. Менің атам Әбсадық Барақұлы бес ағайынымен 1928 жылы конфискацияға ұшырап, бар малынан айырылады. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» дегендей, ол алдымен Сырдария маңындағы өзен-көлдерден балық аулап жан сақтап, кейін Қызылорда шаһарындағы кірпіш зауытқа бар ағайынымен бірлесіп отын дайындайды. Отынды зауытқа өткізіп, ақысына азық-түлік, пұл алып күнелтеді. Ал нағашы әжем Кәшима Құлтайқызы коллективтендіру және кәмпеске тұсында  Қостанай өңірінде тұрмыста болып, отағасы «жас қыз алған бай-құлақ» деп жер аударылғаннан кейін Сырдағы нағашысына барып жан сауғалайды. Ол кісінің ашаршылық жайында өз аузынан айтқан әңгімені тыңдап, жадыма тоқыған жайым бар еді. Сол естелікті оқырманға ұсынғым келеді. Себебі халық даналығында «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген тағылымды сөз бар. Мұның терең мағынасы бұл дүниеден бақиға өткен кісінің артында жоқшысы, іздеушісі, өмірін жалғастырушы болсын деген философияға тіреледі. Оның үстіне бұл талпынысымыз, біріншіден, ашаршылықта бір үзім нанға зар болып өлген ата-бабаларымыздың рухына бағыштаған дұғамыздай болсын деген ниет, екінші жағынан, қолдан жасалған саясаттың құрбаны болған бейкүна қандастарымыздың жоқшысы бар екенін танытып, білдіріп отыруымыз үшін әбден қажет деп санаймыз.

Сонымен, ашаршылық туралы естелікті айтушы нағашы әжем - Кәшима Құлтайқызы. Жазып алушы – Қызылорда педагогикалық институтының 3 курс студенті Әбсадық Алмасбек Ахметұлы. Алғаш қаламмен түртіліп, шағын түрде жазып алынған уақыты өткен ғасырдың 80-жылдарының соңы. Жазылған жері – Қызылорда қаласы. Кәшима Құлтайқызының балалары Күлайым, Балайым, Жанайым, Үміткүл Әбішқыздарының айтуымен қайта толықтырылған, өңделген уақыты – 2013 жыл.

Кәшима Құлтайқызы орта бойлыдан сәл жоғары, денелі, ақсары келген сұлу, өте мейірімді кісі еді. 1912 жылы дүниеге келген. Руы – Жаппастан тарайтын Мәметек Алтын. 1990 жылы 78 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Бес мезгіл намазын қаза қылмайтын, ораза айт кезінде пітір, садақасын ұмытпайтын кісі. Кеңес үкіметінің кезінде мешіт атаулы жабылып қалғаны белгілі, сондықтан ол кісі пітір садақаны базардың маңында ұсақ сауда жасайтын кембал жандарға апарып беретін. Өзінің айтуынша, бір-екі балалы болған келіншек кезінде лекбезге (ликвидация безграмотности) қатысып, латынша ежіктей оқи алатын сауаты болған, бірақ қолданысқа орыс әліпбиі кіргеннен кейін бұрынғы әріптерінен ажырап, қарайып қалады. Бірақ санды жақсы танитын.

Туған жері - қыс қыстауы Қармақшының маңындағы Қызылтам деген жер болса, жаз жайлауы - Тобылға құятын Әйет, Троицкінің іргесіндегі Үй өзендерінің бойы. Әжеміз жайлаудағы қоныстарын сағынышпен еске алып отыратын: бірде ол жайлаудан қыстауға қайтар шақта, яғни күз уақыты болғанда Троицкі қаласына баратын базар туралы айтса, енді бірде «сол базарға соңғы рет 14 жаста бардым, екі жыл өткен соң мені қырда тұрмысқа берді»,- дейтін ол. Айтпақшы, Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» атты повесіндегі Шұғаның әкесі Есімбек байдың руы – Жаппас, қыстауы - Сыр бойы, жайлауы - Әйет өңірі.

Кәшима тұрмысқа шыққан жылы әкесі Құлтай «жаман аурумен» (обыр) ауырып дүниеден өтеді. Бұл 1928 жылдардың шамасы. Әжемнің тұрмысқа барған жері орта дәулетті отбасы болады. Бірақ отағасы «уыздай жас қыз алған бай-құлақ» деген үкіммен кәмпескеге ілініп, Сібірге жер аударылады. Кәшима әжем жастай жесір қалады. Сол жылдары колхоздастыру басталып, жұрттың малы ортақ меншікке тартып алынады. Елге қатты таршылық келіп, жұрт жан сауғалап көше бастайды. Біздің болашақ әжеміз егіншілікпен, аңшылық-балықшылықпен айналысатын Сыр бойындағы Есентемір (ру атауы) Досқали атты нағашысына барып паналауды ойлайды. Осылайша, қолында бір түйіншек орамалы бар жас келіншек жаяу-жалпылай Сырға қарай ауып бара жатқан жұртқа қосылады. Солармен бірге жаяу жүріп Аралға келіп құлайды. Одан әрі Арал станциясында Қызылордаға қарай бет алып тұрған жүк пойызының қызыл вагонына мініп алады. Бір орыс солдаты келіп орысшалап «түс» дейді. Бұл қазақшалап «түспеймін» деп шырылдап жылап қоя береді. Вагонға тас кенеше жабысып алған мұны әлгі солдат әрі-бері жұлқылап, түсіре алмаған соң кетіп қалады. Сол жүк вагонымен итшілеп Қызылорда станциясына жетеді. Пойыздан түсіп, жұрттан сұрай-сұрай Қызылорда қаласының маңындағы Қарауылтөбе деген жерден бес-алты шақырым жерде егіншілік, аңшылықпен күн көріп отырған нағашысы Есентемір Досқалидың үйін тауып алады.

Жергілікті орыстармен тамыр болып, аңшылық құратын Досқали өзге отырықшы қазақтарға қарағанда салыстырмалы түрде бақуатты болады. Аңшылықпен қатар егін егіп, балық аулап отырғандықтан Досқалидың отбасы Сыр бойына ашаршылық келген кезде әупірімдеп аман қалады. Ашаршылық өткеннен кейін әжемді Досқали нағашысы көрші тұратын Әбіш Дәуітұлына (ол кезде оның әйелі қайтыс болған екен) тұрмысқа береді. Кәшима әжеміз атамызға бір ұл (жас кезінде шетінеп кетеді), бес қыз тауып береді. Бес қыздың үлкені Күлайым Әбішқызынан біздер дүниеге келгенбіз.

Әлқисса, бертін келе заман түзеліп, ес жиғаннан соң 1980 жылдары Кәшима әжем Әйет өзенінің бойындағы төркін жұртын іздеп, әрі қазіргі Қостанай облысы, Таран ауданына келеді. Ондағы мақсаты - дүниеден озған немере сіңілісі Сырғаның артына бата оқу, көңіл айту. Қасында Қызылордан ерген немере жеңгесі Тоты және немере ағасы Бекентай деген кісілер болады. Бұлар Орынбор арқылы бір пойыздан екінші пойызға отырып, одан автобусқа ауысып діттеген жерлеріне арып-ашып жетеді. Бұларды төркін жұрты жақсы қарсы алып, құрметтеп қонақ етеді. Сырға сіңілісінің бір баласы совхоз директоры екен. Сол азамат бұлар елге қайтарда жолдың ауырлығын ескеріп, жолаушыларды Қызылордаға самолетпен ұшырып жібереді. Өкінішке қарай, нағашы әжемнің Сырға атты сіңілісінің ұрпақтары кім екенін, Қостанайдың қандай мекен-жайында өмір сүргенін әжемізден ешқайсымыз тәпіштеп сұрамаппыз.

1991 жылы Қызылорда педагогикалық институтын бітіріп, Қаз ССР Білім министрлігінің жолдамасымен Қостанайға келгенде, әжеміздің төркін жұртын іздеп шарқ ұрғанымыз бар. Шешемнен, нағашы апаларымнан Қостанайдағы сол кісілер кім еді деп сұрағанымда ешқайсысы мардымды жауап-дерек бере алмады. Өз бетіммен ізденіп, Таран ауданы қазақтарының арасында «Алтын» деген рудың өкілдері бар екенін білдім. Одан әрі «із шықпады».

Жалпы, әжем марқұм өте әңгімешіл кісі болатын. Атамыз Әбіш дүниеден өтіп, бес қызды тұрмысқа берген ол Қызылорда шаһарының қақ ортасында атамыз соққан үйде жалғыз тұрды. Оны жалғызсыратпайық деп шаһарда оқыған біздер-жиен немерелері кезекпен-кезек қасында болатынбыз. Қызылорда пединститутының студенті болған жылдары мен әжем үйінде жаттым. Күндіз сабақтамын, кешке уақытта әжем екеуміз әңгімелесіп отырып ас-су ішеміз. Күні бой іші пыса ма, әжем марқұм кешкілік көп әңгіме айтатын. Оның есте сақтау қабілеті таңқаларлықтай еді. Өзінің жас кезінде болған оқиғалардың дерегін бүге-шүгесіне дейін сақтап, оның мезгіл-мекенін, оған қатысқан кісілердің аты-жөнін, руын түгел айтып отыратын.

Әжемнің айтуынша, әкесі Құлтайдың екі әйелінен үш ұл, сегіз қыз болған екен. Бұл – қыздың ең кенжесі. Үш ұлдың екеуі қайратты, шаруаға пысық болыпты. Бір ұлын қызылдар мен ақтар атысып-шабысып жатқан уақытта «қырға қарай жол көрсетесің» деп әскерилер алып кетіп, содан қайтпай қалады. Екінші ұлы Ақтөбе жаққа кіре (түйемен жүк тасу) тартып жүріп, диірменге бидай тартып әкелемін деп аттанып, жазатайым оқиғадан қайтыс болады. Кенже ұлы сауықшыл болып өсіп, шаруаға қырсыз болады. «Ағам таңертең үйден шығып ауылдың түтінін аңдып, қай үйде түтін шығып жатса, «е, мына үйде омыртқа асып жатыр екен деп, сол үйге қарай домбырасын алып кетіп қалушы еді»,- деп отыратын әжем марқұм.

Бас көтерер ұлдары дүниеден өткеннен кейін кенже ұлының шаруға қырсыздығынан әкесі көшкен жұртқа ере алмай Сырда қалып қояды. Бұл шамамын ХХ ғасырдың 20-жылдарының ішінде болған оқиға. Сонда әкесінің: «Ұлдарымның жоқтығынан көшке ере алмадым, жұрттың қоры болып, Сырдың шыбын-шіркейіне таланатын болдым»,- деп талай күйінгенін естіген едім деп күрсініп отыратын әжем марқұм.

Бір күні қыстың ұзақ кешіндегі әңгімеміз 30-жылдардағы ашаршылық жайында болды. Ол әңгіменің басталуы да қызық болды. Қаладағы бір таныс кісінің аты кездейсоқ аталды да, әжем ол кісінің әкесін білетін болып шықты. Алғашқыда әжемнің білетін көп адамдарының бірі ғой деп аса мән бермеген едім, әңгіме ашаршылық жайына ауысқанда елеңдеп құлақ түрдім. Сондағы әжемнен естіген әңгіменің ұзын-сонары мынау:

«Қызылорда шаһары мен оның маңындағы ішіндегі ашаршылық Арқа жақтан ауып, ашығып, арып-аршып келген жұрттың көбеюуіне байланысты күшейе түседі. Аш-жалаңаш жұрт елдің малын, азық-түлігін ұрлап, базардан жұрттың сатып тұрған азықтарын тартып алып, елдің мазасын алады. Ақыры, базар тарап кетеді. Әсіресе, Батпаққара жағынан ауып келген қазақтар өте ашығып келеді. Тасбақа, кірпі шешен, бақа-шаян жеу, бара-бара адам етін жеу солардың ішінен шыға бастайды. Жұрт сыртқа шығудан қорқатын күй кешеді. Әжемді үйіндегілер: «Сен семізсің, сойып жеп қояды» деп сыртқа шығуға тыйым салады. Ашыққан жұрт ісіп-кеуіп, далада өліп жатады. Аз уақытта Қызылорда шаһарында және оның маңында жейтін нәрсе қалмағандықтан, ашыққан кісілер теміржолдың бойымен оңтүстікке-Ташкентке қарай жағалап кете барады...

Жаңағы атаған кісіміздің әкесі сол кезде жетім балалар үйінің арбакеші болыпты. Ол кісі арбамен балалар үйінен шыққан өліктерді, сондай-ақ қаланың ішінде аштан өлген адамдардың денесін теріп алып қаланың оңтүстік-шығысындағы орға апарып төгеді екен. Кәшима әжемнің айтуынша, аштан қайтқан жандар мен балалар үйінде өлгендердің денесі көмілген ор қазіргі Қызылорда қаласының «Южный» ауданындағы қалалық перзентхананың маңы. Таңертең ертемен көшеден сықырлап, шиқылдып өтетін арба дөңгелегінің дыбысы аштан өлген марқұмдардың артынан оқылған жаназасы іспеттес еді. Оларға мұсылмандық жаназа да бұйырмады...»,-деп күрсінді әңгіме айтушы.

Ол кісінің жасаураған көз жанарынан ашаршылықтың адамдарға қандай қасірет әкелгендігін байқадым. Өзі үнемі айтып отыратын «нанды қадірлеңдер, кепиеті ұрады» деген сөздің болған оқиғалар негізінде туындағанын сездім. Марқұм шай немесе тамақ соңынан дастархандағы нанның қиқымын жинап, біздің аузымызға салатын. Неге бүйтесіз десек: «Нанның қиқымын жерге тастамау керек, обал болады, оның үстіне қиқым жеген адам қисапсыз бай болады» деп жауап беретін. Ал бір үзім нанның қадіріне, бағасына қатысты ол: «Егерде қарның аш болып, нәр тартатын еш нәрсе болмай, бойың жетпейтін биік сөреде бір үзім нан тұрса, қасиетті Құран кітабын аяғыңның астына қойып көтеріліп алуға болады, ал биікте Құран кітабы тұрса, табаныңа нан қойып көтеріліп алуға болмайды. Сондықтан нанды баспаңдар, жерде жатқан нанды көрсеңдер, адам аяғы баспайтын жерге көтеріп қойыңдар»,- деп, мағынасы зор тәмсіл сөздер айтып отыратын.

Ашаршылық жылдары Арқадан Сырға ауып келген жұрттың дені Торғай өңірінен болады. Өйткені Сыр мен Торғай арасы – қазақтың мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан дәстүрлі көш маршруты. Бұл көштің жол бойында қолдан қазылған құдықтар болған. Әжемнің «Батпаққара» деп отырғаны - Торғай өңірі. Кейін қазақтың тарихын тереңірек біле бастаған кезімізде Батпаққара жұртының қатты ашыққан себебін қолдан жасалған саясаттың салдары екенін түсіне бастадық. Батпаққара, яғни Торғай өңірі Алаш қозғалысының алтын бесігі, аптал азаматтар дүниеге келген өңір (А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы), патша мен кеңестік үкіметтің қысымына қару алып көтеріліске шыққан жұрт (Аманкелді, Кейкі батыр, Әбдіғаппар, Шолақ Оспан) екенін таныдық. Коллективтендіру мен кәмпеске кезінде «Батпаққара көтерілісі» деген оқиға болғанын білдік. Қанын ішіне тартқан большевиктер аштық арқылы осы өңірдегі рухы биік жұрттың қатты қырылғанын қаласа керек...

Міне, марқұм нағашы әжем (жатқан жері жәнатта болсын) Құлтайқызы Кәшимадан 30-жылдардағы қуғын-сүргін, ашаршылыққа қатысты естіген әңгімемнің ұзын-сонарының шектелер шегі - осы. Бұл әңгіме біз жақтан шектелгенмен, халқымыздың басынан өткен қасірет-қайғы, нәубет туралы деректер, айтылмаған сырлар әлі көп деп ойлаймыз. Украина жұрты 20-30 жылдарда аштықтан қайтқан миллиондаған кісілердің тізімін жасады, сол нәубет туралы жұрттың естеліктерін жариялап, үлкен жұмыстар атқарды. БҰҰ тарапынан Украинада болған аштық геноцид деп бағаланды. Ал Қазақстандағы аштық Украинадан да сорақы болған еді. Бұл біздің жұртты да ойландыратыны анық.

Алмасбек Әбсадық, филология ғылымдарының докторы, А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ профессоры

Бөлісу: