Менің Музам

09.12.2018 8000

 

 

Менің  Музам

 

Өртеніп...

Күн  батты,

Ғасырдан  ұзағы-ай.

Ол  келіп  үн  қатты,

О,  менің  Музам-ай.

 

Гүл  салған  құмыра,

Сәуледен  тұнып  тұр.

Жұтайын  сіміре,

Құмардан  шығып  бір.

 

Жоқ  айқай,

Жоқ   дыбыс,

Қонып  бір,

Бір  ұштық.

Болмайды  соқтығыс,

Торып  тұр, 

Тыныштық.

 

Көзімде  тұман  бар,

Тосын  күш  тербейді.

Негіз  жоқ  алаңдар,

Адамдар, 

Білмейді.

 

Көрінген  тосыннан,

Құбылыс  осында.

Жарқ  етіп  қосылған,

Сымдардың  ұшында.

 

Түнде  ол  ұғады,

Жай  ғана  қалыпта,

Көрініп  тұрады,

Жанбайтын  жарықта.

 

Созылған  түн  емес,

Күтуі  пенденің.

Кезеді  бір  елес,

Ішінде  бөлменің.

 

Ол  үнсіз  жылатты...

Білдірмей  келгенін.

Алыстан  үн  қатты,

Музам  ғой –

Бұл  менің!

 

 

Ай пана

 

Жердің бетін айнала,
Күн аяқтап жорықты...
Кірпік іліп жай ғана,
Теңіз жаққа қоныпты,
Қалың тұман сай-сала,
Ай пана.
Ай жаққанда  шырағын,
Күндізден де түн аппақ.
Сәуленің іш шарабын,
Жалғыздықты құшақтап.
Құшақ жайған айқара,
Бәрімізге  Ай пана.
Жалқы жүріс,
Ой тоба,
Бір күрсініс...
Ой дара,
Жалғыздықты қой сана...
Түннің әнін ішейік,
Тұнып тұрған,
Шайқама!

Тағыды да бір қайтара,

Ай әуенін қайтала

Әй, Пана!..

 

 

Н нүктесі

 

Жар басында бір түп емен...

Кім жоқ дейсің үркітпеген?!

Жел де талай сілкіп көрген...

Көктем келсе,

Бір нүктеден,

Бәрібір ол-

Бүршіктеген.

Күн шығады тәртіппенен,

Таң атқанда ұяң ғана.

Күнді өзім ертіп келем,

Қанат қаққан,

Қиял дара...

Жалғыздықты  жалғыз көрем,

Н-нүктеден.

Мені күтіп алаңдама,

Мені күткен...

Аялдама!

 

 

Натюрморттан кету 

 

Суретші,

Бір  жарға  шегелеп...

Тіріні  қойғандай,

(Иисус  емес  ол,

Ол  емес - көбелек.)

Жаны  бар  сугірет,

Кенепке  түсірген

Қаламның  ұшымен.

Түсінген,  

Адамға  керемет!

Қиялдың  отырмын  ұшырып,

Құсын  мен.

Жертөле,

Шынжыр  бос,

Иті  жоқ,

Итаяқ -

Тостаған.

Тұрғандай  күй тарап.

Кім  екен  астына  төңкеріп,

Бір дәнді  тастаған...

Құп-құрттай  жүрекпен,

Ең  соңғы  нүктеден,

Тіршілік  бастаған!

Құрсаулы  түнектен,

Қос  қолың  секілді,

Жапырақ  жаяды.

Тосын  сый күтпеген,

Ешкім де  тоспаған,

Өмірге  құштар  ән!

 

 

Аяқталмаған сурет

 

Бұлттары  бүршік ед...

Жаңбыр  тұр  сіркіреп.

Жыр оқыр күбірлеп,

Жерге де  жыр керек.

 

Көк аспан күркіреп,

Жер  бетін  сілкілеп...

Тап-таза, мөп-мөлдір,

Әр тамшы- бір жүрек!

 

Бірі ақ,

Бірі көк,

Бояудың түрі көп...

Аспан нән  палатно,

Сыймаған сүгірет!

 

Аспада бір елек,

Бұлтарды жүр елеп.

Шашылған  құдірет –

Алланың  нұры  деп!

 

ххх

 

Кейде мен...
Бір жұмбақ күйге енем,
Жолдармен жүремін,
Ешкім де  жүрмеген...
Түнге де сыр айтам мүлгіген,
От  тасып,
Шоқ  басып,
Елестер билеген.
Басқа жол бұл деген,
Бір  жанның  табаны тимеген.
Сәулелер тазартқан,
Жолымды кірлеген.
Ол жолдар барады,
Бір биік, бір төмен.
Қиыршық тасы жоқ,
Ақ  нұрға илеген.
Ағыс боп ағады,
Шамшырақ  жер беті –
Мыңбіртүн түн деген...
Еріні кебірсіп тұрады,
Ешкімді сүймеген.
Уақыттың жүрегін қозғаған,
Арбакеш мен шығар,
Сол жолмен,
Өлеңін  сүйреген.

 

 

Теңіздегі бір тамшы

 

Екумізге уақыт берген,
Біргеміз,
Сізде – көктем,
Бізде - күз...
Біз жүретін жол қалай?..
Шыққан із жоқ,
Кірген із.
Шындық осы,
Ол солай...
Өтірік жол,
Жұртты алдау...
Сенбеңіз!
Оған мән де бермеңіз...
Барлығы да топырақтан жаралған,
Түптің-түбі,
Кетеміз ғой... жерге біз!..
Кім болғанбыз сонда біз?
Сондықтан да,
О басында біргеміз,
Жаратқанда бірге болған,
Жер,Теңіз.
Кірген із,
Жоқ,
Көрінбейді шыққан із,
Тек алданып жүрмеңіз!
Жол солай!..

Бөлісу: