Жауын құрты

03.07.2018 8499

Жауын құрты

(әңгіме)

Таңатар бұған дейін кім еді, қазір кім? Кешегі күні мен бүгінгісін салыстырсаң үлкен айырмашылықты көре отырып, таңғалысыңды жасыра алмайсың. Таңатардың тұрмысы терсіңді күпісін шешіп, түрленіп, жаңа бір сапаға көтерілгелі ағайын-туыс, жора-жолдас, көрші-қолаң арасындағы күбір-күбір әңгіме, сыпсың сөз қамысқа тиген өрттей лаулап ала жөнелген-ді. Ол жұрттың сөзіне пысқырып та қараған жоқ. Бар сыры өз ішінде. Тұрмысы түзеліп, етек-жеңін жиып, еңсесін тіктей түсуінің мәнісін тістерінен шығармауды әйелі мен бала-шағасына қатаң тапсырып қойған. Әйел затының ішінде сөз жатуы қиын ғой, бірақ, Тәтті күйеуінің табыс көзін тіріде аузынан шығара қоймас. Кеше ғана басынан өткен жоқшылықтың тауқыметінен құтылып, жылы-жұмсаққа енді жеттім бе дегенде сау басына сақина тілеп қайтпек? Ал, бала-шағалары «Балалы үйдің ұрлығы жатпас» деген мақалды жоққа шығарғандай. Есейіп кеткен ұл-қыздары тұрғай, мектеп жасындағы балалары да кейінгі кездері тұйықталып, көршілердің балаларымен қатынастарын шектей түскен-ді. Оларға да тосыннан кезіккен молшылық әсер етпей қойған жоқ. Шаңырақ астындағы жоқшылықтың ауылы алыстағалы бері үй-ішіндегілер бір-бірімен жарасымды, тату-тәтті қарым-қатынасқа көшкендей. Шіркін, баршылыққа не жетсін! Бұрындары жетіспеушіліктен ұрыс-керіс, бір-бірінің сөзін көтере алмаушылық дегендей келеңсіздіктер болып тұратын. Ал қазір ондай-ондай жайттар жоққа тән.

******

Үй шаруасына мығым Тәтті күйеуінің күні-түні кеңшардың қара жұмысында жүріп тапқан азын-аулақ табысын шиеттей бала-шағаға тартқылап жүріп зорға жеткізетін.

Кейінгі жылдары Таңатар ауыр жұмысқа денсаулығы жарамай қалған соң, кеңшар директорынан жеңіл-желпі жұмыс сұраған. Ол бұған гараждың қарауылдығын ұсынған. Содан Таңатар осы «лауазымда» жүріп зейнеткерлікке шығып алған.

Арзымайтын зейнетақы мен қолдағы не азаймайтын, не көбеймейтін бес-он тұяқ уақ малдың табысын үнемдей отбасын ілдәлдап асырап келе жатқан Таңатарды қалайда бір пайда көзі боларлық кәсіппен айналысудың қажеттігі жан алқымнан қыса түскен-ді.

Мектепті жақсы бітірген үлкен ұлының жоқшылықтың салдарынан жоғары білім алуға мүмкіндігі бола қоймады. Әскерге барып келген соң, өйтіп-бүйтіп үйленді де бір шопанға жәрдемші болып кетті. Одан кейінгі ұлы қазір әскерде. «Ә» дегенше ол да келіп қалады. Ал, басқа ұл-қыздары әні-міне, бірінен кейін бірі мектеп бітіруге жақын. Жұрттың балалары секілді олардың да жоғары оқу орнына түскілері келеді... Үйі болса мынау, әкесінен қалған қоржын там. Жылда оны бұзып, өзінің ағаштарын пайдалана қайтадан жаңалап тұрғызамыз деумен-ақ өмірінің жартысы өте шықты. Міне, осы іспеттес отбасылық қажеттіліктерді әке болып өтеу жайы Таңатардың ішкі әлемінің әрдайым астаң-кестеңін шығаратын. Жүрегіне тікендей қадалған бұл мазасыздықтың тамырына балта шабудың түрлі жолдарын қарастырып көргенімен түк өнбей, шарасыз күйден арыла алмай-ақ қойды. Енді не істеу керек? Ол осы сауалды өзіне сан мәрте қойған. Бірақ, оның жауабын таба алмаған. Сол үшін іштей қапаланатын.

Адам баласы өз қажетін өтеудің жолын ашамын деп, соның соңына түссе, ізденсе, жан-жүрегімен қиналып, бас ауыртса, бәле ғой. Бір күні Таңатар азын-аулақ уақ малын үй маңындағы қыртысты саздауытқа қайырмалап отырып, қолындағы таяғымен дәл алдын мақсатсыз шұқылап еді, талайлар шылаушын деп атап жүрген бір жауын құрты таяғының ұшына іліне шықты. Шалаушынды қолына алған Таңатар аз-кем ойланып қалды.

О, тоба, Құдайдың құдіретінде шек бар ма?.. Сол әлетте қызғылт түсті жауын құрты оның қиялына серпін беріп, сонау-сонау алыстарға жетелеп, табыс жібінің ұшын ұстатқандай болды. Таңатар алақанын ысқылап-ысқылап алды. Көздері күлімдеп, асауды тізгіндеп, тізерлетіп, көңілі марқайып айналасына мақтанышпен қарап түрған жас жігіттей желпініп шыға келді. Ол жүрегіне қадалып жүрген мазасыздық тікенегін дәл осы арада жұлып тастағандай болды. Таңатар үшін бүгінгі күн ешқашанда есінен шықпақ емес.

Сол күні бір жеңілдеп қалған отағасы бес-он тұяғын қорасына ерте қамады. Кешкі асын ішер-ішпестен орнынан тұрып кетті де, тәтті-тәтті қиялдарға беріліп, есік алдын шыр айнала ұзақ жүрді. Одан кейінгі әңгіме Таңатардың ғана ішкі әлемінде өрбіп, талқыланды.

Араға бір жыл сала Таңатардың жоспары нақты табыс бере бастады. Неғұрлым көп ақша кіріс болған сайын кейбіреулердің күнделікті шығынын бұрынғысынан да азайтып, танауы қусырыла түсетіні бар. Иә, қалтаға түскен қомақты қаржы көңілді ластап, қанағатсыздыққа итермелемей қойсын ба? Алғашқы кездерде Таңатар көздің құрты – көк қағаз, қызыл қағаздарды тек сандыққа сүңгітіп, күн сайынғы әжет үшін жарата қоймады. Бірақ, оның бұл әрекеті тойымсыздық дертіне шалдығу емес еді. Таңатардың қаржыны қысып ұстауының мәнісі – қартайғанда Тәңірдің берген мүмкіндігін ұтымды пайдаланып, өмір бойы мазалап келе жатқан қажеттіліктерін өтеу үшін қор жинау еді.

Сол жылғы жазда Таңатар ескі үйінің орнына келістіріп алты бөлмелі там салып алды. Отбасы мүшелерінің қуанышында шек жоқ. Үй іші жап-жаңа мүліктермен көркін ашып, бай қызының жасауындай жайнап шыға келді. Көрсетуінен бұзылуы көп ескі теледидар әлдеқашан үйден шығарылып, төрге оның түрлі түстісі жайғасқан. Бала-шаға да тыстан үйге баяғыдай кір-қожалақ, ауым-сауым, шаң-шаң күйінде кіріп келулерін доғарған. Көрші қолаң, ағайын туыс: «Бәрекелді, байғұс Таңатардың сары майдай сақтап жүргені бар екен ғой» деп разы болысты. Ол мұнымен ғана шектеліп қалмай, табысын еселей берді. Тұрмысы одан әрі жақсара түскен сайын жұртшылықтың алғашқыдағы дұрыс пиғылы өңін айналдырып, күндестікке, көре алмаушылыққа ұласып, талайлар қызғаныш атты кеселмен ауырып, сырттай аңдып, Таңатардың ауласына бұрынғыдай еркін кіріп-шығудан сап тыйылған.

Бәрі де бұларға күдікпен қарап, күннен күнге байып бара жатқанының себебін іздеп, өздерінше бастарын қатырумен болды. Ауыл-аймақ үшін олардың әл-ауқаты артуының сырын білу бейне бір бүкіл адамзат баласын толғандырған сан түрлі құпиялардан да маңыздырақ көрінетіндей. Біреу-міреу бұлардың баюларының сырын сұрай қалса, отбасы мүшелері алдын-ала келісім бойынша «Қолдағы майда мал мен осыған дейін жинаған тиын тебеннің арқасы ғой» деп жауап беріп құтылатын болған. Бірақ «бес-алты малдың табысымен осыншама тірлік жасап жатырмын» дегенге ақымақтан басқа кім сене қояр дейсің.

Таңатар жұрттың тілі мен көзіне іліне берген соң, өздерінің жауаптары дәйекті болуы үшін ақыры елу-алпыс қой сатып алған.

Айналасы төрт-бес жылда Таңатар ұл-қыздарын үлкен қалаға оқуға түсіріп, тұңғышына арнап әппақ қаңылтырмен түңкелеген зәулім үй тұрғызып берді. Өзі әркімнің қолы жете бермейтін жигулиге де қонжиып үлгерді. Күні кеше көн шоқайын сүйретіп, көлеңкелеуге жер таппай жүрген Таңатар әп-сәтте ауылының беделді, белді азаматына айналды. Барған жерінде төр Тәкеңдікі, алғашқы сөз Тәкеңде. Тәтті де әжептәуір беделге ие. Бүкіл ауыл болмаса да қоңсыларының алдында абыройы асқақ. Шетелдік жиһазға толы үйінің буы Тәттіні алғашқыда желіктіріп, желпіндірген. Мұнысын өзі кейінірек әбестікке балап, көп аса ойқастауға бармай, өзін-өзі тежеп ұстайтын болды. Қонаққа шақырған үйдің есігі алдында ерлі-зайыпты екеуі аппақ жигулиден маңғаздана түсіп жатқанда жұрттың көзі бұларға ішіп-жеп қарайтын. Осындай сәттерде бұл ерлі-зайыптылар өз бойларын тез жиып алып, неғұрлым кішіпейілдік танытып, қарапайым болуға тырысатын. Бұл олар үшін соншалықты қиын шаруа емес еді. Өйткені, жаратылысынан қарапайым жандар өз болмысынан ауытқып кетсе, онысын өздері сезе қалса, қайта бұрынғы қалыптарына түсулері еш қиындық туғызбайды емес пе.

Таңатар дәулетім артты деп кекірейе қойған жоқ. Көлігін қажетсініп келгендердің көңілін қалдырып көрген емес. Кейінгі кездері ауылға түскен келіндердің басым бөлігі өсіп-өнер жеріне Таңатардың жигулиімен келген. Қолын жоқшылық байлап, қысылып келген ауылдастарына қарыз беруден қашқан кезі жоқ. Берген қарыздарының қайтпағаны қанша. Бәріне де шүкіршілік ететін Таңатар Құдайға бергені үшін күндіз-түні алғыс айтудан жалыққан емес. Ол қанағатсыздыққа бой алдырмау үшін, өзін-өзі әрдайым қадағалап ұстайтын. Бірақ, табысының сырын тісінен шығаруды қажет деп таппады.

Не десек те Таңатардың кәсібінің сыры сол күйінде ашылмай қала берді.

Ауылдағы айтқыштардың бірі: «Ойбай, не дейсің Таңатар ауласының жерін аударып жатып, алтын тауып алған екен» деп көкісе, «Алтын түгілі дәнеңеде емес. Ол соңғы кездері оқудағы балаларыма кеттім деп сылтауратып айлап, апталап ауылдан жоқ болып кетуді шығарып жүр. Демек, мал ұрлығымен айналысады, ауыл маңында жайылып жүрген ірі қаралардың ұшты-күйлі жоқ болып кетуінің түп төркіні Таңатардың іс-әрекетінде жатыр» деп ауа жайылғандар да болды. Енді біреулері: «Тау ішінде Таңатардың жасырып еккен көкнәрі бар, соны апиыншыларға сатып, қыруар ақша табады екен» деп те өсек таратты. Бірақ, олардың сөздері дәлелсіз, ұстап алған ешкім жоқ. Осы іспеттес қаңқу сөздер ауыл ішіне кеңінен тараған. Бұл сөздер Таңатардың да құлағына жетпей қойған жоқ. Ол миығынан күліп жүре берді. Уақыт өте ауыл тұрғындарының қаңқу сөздері басылыңқырағанымен кейбір пысықтар, қызғаныштың қызыл өртіне күйіп-жанғандар ойын-күлкіден тыйылып, Таңатарда кеткен ақылары бардай астыртын сұрау салып, іс барысын зерттей түсулерінен арылмады.

Таңатардың отбасы жұрт бас қосқан жиындарда негізгі тақырып болып, түрлі өсек сөздің шырмауында жүрсе де алға ілгерілеуден қаймықпай, қоңыр тіршілігін қоздата берді. Айтпақшы, учаскелік милиционер бірді-екілі сұрау салып тексерген. Ағайыны емес пе, көп аса тықақтай қойған жоқ. Бір қойдың басын мүжіп жайына кеткен. Содан кейін ол өзіне Таңатардың үйін тексер деп, жасырын өтініш айтып келгендерге ыңғай бере қоймаған.

Адамдар бір-бірімен тең дәрежеде өмір сүруі тиіс деген ұстанымды негіз еткен Кеңестік биліктің кімде-кім байып бара жатса, оның кірісін есептеп, көлденең табысы болса жолын кесіп, мүлкін тәркілейтіні бар-тын. Заманның мұндай талабын жетік білетін ауылдағы жазғыштар бірде «Ауыл милициясынан қайран жоқ. Оның құлқынынан Таңатардың жылы-жұмсағы өтіп кеткен», деп, жоғары жақтан тексерту керектігін жөн деп тапты. Сөйтіп, ауылдан сауатты жазылған арыз жоғарыға жөнелтілген.

Араға көп уақыт салмай аудан орталығынан арыздың соңын тексере келген бақылаушы Таңатардың есігін қақты. Денелі келген, қияқ мұртты, ақсары, иман жүзді, жас шамасы қырықтан едәуір асып кеткен бөгде кісі амандық-саулық сұрасқаннан кейін, бірден шаруасына көшті.

– Сіздің үстіңізден тым байып бара жатыр, қоғамға жат тірліктермен айналысады дегендей мазмұнда арыз түскен. Сол бойынша аудандық халықтық бақылау комитеті атынан келіп тұрмын, – деді бөгде кісі жұмсақ үнмен. – Аты-жөнім Байжан Мұсақұлов. Оның жоғарыдан келгендігін естігенде Таңатар өңі қашып, сасыңқырап қалды.

– Тексер, сұрақтарыңды қоя бер, – деген Таңатардың сәлден кейін қобалжуы басылыңқырады. Өйткені, оған күтпеген қонағының игі өңі, өзін сыпайы ұстауы жағымды әсер еткен. – Айтпақшы, сол арызды жазған кім екен, атын атап бересің бе?

– Арыз жазғандардың ауылдастарыңыз екенін мен айтпай-ақ біліп отырған шығарсыз, бірақ, олардың атын айтып, түсін түстей алмаймын, – деді Байжан байсалды қалыппен.

– Сөзіңе қарағанда, арыз жазған бір адам емес, бірнешеу екен ғой. Жарайды, менен саған не керек, сұрағың болса қоя отыр, – деді Таңатар ауылдастарының ісіне қынжылыс білдіріп.

– Ақсақал, күніңізді көріңіз, бала-шағаңызды асыраңыз, онда ешкімнің дауы жоқ, бірақ мен де өз жұмысымды атқаруым керек. Сондықтан да отбасылық кіріс-шығысыңызды саралап, айналасы төрт-бес жылдың ішінде, мына арызда көрсетілген дүние мүліктің иесіне айналуыңыздың сырын білуім керек, бұған қоса мына тізімдегі заттардың бар екеніне көз жеткізуім үшін, үйіңіздің ішін түгел көріп шығамын, – деді бақылаушы.

– Қарсылығым жоқ... Осы жұрт күнімді көріп жүргенімді көп көреді-ау деймін. Менен қайсысы жаманшылық көрді екен. Біреуі «наша сатады» деп көкісе, бірі «мал ұрлап сатады» деп тақылдайды екен. Бірақ, ұстап алған бірі жоқ. – деді Таңатар күліп.

Талай жылдан бері халықтық бақылау саласында істеп келе жатқан Байжан басқа қызметтестері секілді «жемтік» көрсе жалаңдап шыға келетіндерден емес еді. Түкпірдегі ауылда өз бетінше күнін кешіп, бұйығы тіршілігінің қамымен жүрген қарияның мүлкін мұқият тексеруге, табысын, мал-салын ыждаһаттылықпен санамалауға оны ары жібермеді. Дәл осы кезде Байжанның есіне сонау отыз жетінші жылы өз ағайындарының арызы бойынша ұсталып, түрмеде атылып кеткен әкесі оралды. Ол «қайран ауылдастар-ай! Бір-біріңнің көздеріңді шұқуды қашан қояр екенсіңдер!» деді іштей.

Байжан арыз төңірегінен алшақтап, Таңатармен әртүрлі тақырыптарды сөз етіп, бірауық отырды. Бір кезде әдептен озуға дәті бармай отырған Байжанға үй иесі:

– Інім, мен сені білмеймін, сыралғы емеспін. Әрнені сұрағыштауға ыңғайсызданып отырсың. Сенің салаңда істейтіндерді білеміз ғой, көбісі бас ал десе, шаш алатындар. Сен ондайларға ұқсамайсың. Осы инабаттылығың үшін әжептәуір қаржы табуымның ешкімге айтпай келе жатқан сырын саған ашып берейін... Мен ұры да, қары да емеспін. Жай ғана тағдырым қартайғанда еркелеткен Құдайдың пендесімін, – деді.

– Сөзімді ешкімге айтқан жоқпын деп есептей беруіңізге болады, – деген Байжан тыңдауға ыңғай білдірді.

Таңатар:

– Мына есігімнің алдында он бес соттық жер бар. Күз түсе әбден шылқылдатып суғарымын да бетіне қалың етіп қойдың қиын төсеп тастаймын.  Қи нәмді жақсы сақтайды әрі қыстың күні оның астындағы жер тоңбайды. Көктем басталғанда осы жерге күректі салып жіберсеңіз астынан ирелеңдеген мың сан жауын құрты шығады. Міне, әлгі жауын құрттарды жәшікке, қапшыққа нәм топырақпен араластырып салып аламын да, қайдасың Ялта, қайдасың Сочи деп поезбен тартып отырамын. Жауын құртын арқалап жүрген жаман шалды кім тексеріп әурелейді дейсің. Діттеген жеріме аман-есен жетіп алған соң әйда келіп балық аулап жүрген демалушыларға бір данасын бір тиыннан зуылдатып сатамын. Сочи, Ялтаға анау-мынау емес, қалталылар барады. Сенімен ұсақ-түйекке саудаласып тұрар олар емес, жауын құртының бір уысын санап жатпастан он сомға, бес сомға айырбастай салады. Ал, мен ол жаққа бір жетіп алған соң, жауын құрты таусылып бара жатса, балам балық жемі салынған қапшықтарды маған жеткізіп беріп отырады. Алғашқы барғанымда жобалап есептесем, бес жүз мыңға жуық жауын құртын өткізіппін. Енді, ары қарай өзің есептей бер, – деп шындығын жайып салды.

Байжан қарияның ашыла сөйлегеніне және тапқырлығына разы болды. Бақылаушы соңында Таңатардың арқасынан қаға:

– Ары қарай табыстан табысқа жете беріңіз, – деді.

Байжан Таңатардың «Қонып, бір қойдың басын мүжіп кет» дегеніне қараған жоқ.

Бақылаушы тексеріп кеткен соң, арыз жазушылар «енді не болар екен?» деп, өздері үшін жағымды жаңалық күтіп еді, пәлендей өзгерісті көре алмады. Таңатардың мүлкі тәркіленіп, «қылмысы» су бетіне шыға қоймады.

Содан, тағы да қызғаныштың айтағымен шәуілдеген жазғыштар арыздарын ауданға жолдап еді, жақын маңда ол жақтан ешкім ат ізін салмады. Сөйтіп жүргенде заман өзгеріп, тіршілікке нарық нақыштары дендеп ене бастады. Кеңестік тәртіп әлсіреп, өз бетінше табыс тапқандарға кедергі келтірмей, қайта қолдау көрсететін күн де туды.

Тағдыр дегеннің адамға бірде күліп, бірде түйіліп қарайтынын жоққа шығара алмаспыз. Пенделерге тағдыр көбіне күліп қарайды. Бірақ, соны біз көтере алмай, тым еркелеп кетеміз де, соңында таяқ жеп қалатынымыз бар. Тағдыр сенің туған анаң, туған әкең емес, ол өгей шешең, өгей әкең. Тәртіпті, қанағатшыл, тіл алғыш болсаң, өмір өгей болса да саған мейіріммен қарай алады, егер, ойынан шықпасаң тентіретіп жіберу оған түк те қиындық тудырмайды. Өйткені, ол өгей.

Таңатар сонау Ресей жеріне барып-келу қиындап кеткендіктен, шылаушын саудасын доғарып, заман талабына орай кеңшарлар таратылған тұста жеке шаруашылық құрып, тіршілігін күйттеп, ел қатарлы ғұмырын кеше берді. Ал, бір адамның күн көрісі үшін өздерін құрбан еткен жауын құрттарының бүгінгі ұрпағы аула ішінде, жылы қидың астындағы саздауыт, ылғалды топырақтың астында тіршілігін жалғастырып жатыр. Бірде кіші баласы: «Шылаушын сатпайтын болсақ, мына жерді аударып дақыл егейік» деп еді, оны Таңатар тиып тастаған. Әкесінің бұл келіспеуін ұлы дереу түсіне қойған. Отбасының әрбір мүшесі жауын құрттарының мекеніне енді қайтып күрек салғысы жоқ. Олардың тыныш өмір сүрулеріне жағдай жасауға бейіл.

Жолдыбай БАЗАР

Бөлісу: