«Алпамыс батыр» жырын түгел жаттап жадын жаңғыртқан Аружан
Осы жылдың мамыр айында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Тұлпар мініп, ту алған!» әдеби және тарихи-танымдық байқауы ұйымдастырылып, Алматы қаласы мектеп оқушыларын қатыстыру жоспарланған болатын. Байқау аясында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында оқыту тіліне қарамастан, мемлекеттік және мемлекеттік емес жалпы орта білім беретін мектептердің, лицейлердің, гимназиялардың және жалпы білім беретін ұйымдардың 6-10 сыныптарының оқушылары қатысуына мүмкіндік берілді. Бұл байқаудың мақсаты: оқушыларды кітап оқуға баулу, ел арасына Батырлар жырын насихаттау, балалардың бойына ұлттық рухты сіңіру, өскелең ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамыту, дарынды балаларды анықтап, оларға қолдау көрсету, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің беделін көтеру және олардың кәсіби біліктілігін арттыру. Жүлде қоры да қомақты. Жүлдегер болған әрбір оқушының тәлімгері Англияның Оксфорд қаласына барып, тіл білімін жетілдіру орталығында ағылшын тілін терең меңгеріп қайтады.
Бүгінде Алматы қаласы мектептерінің оқушылары аудандық кезеңде «Алпамыс батыр» жырын жатқа айтып, 3 оқушыдан қалалық кезеңге іріктелуде. Алатау ауданы бойынша өткен байқауға 300-дей оқушы қатысып, ақтық мәреге 3 жүйрік жарысып оза шықты. Солардың бірі Алматы қаласы Алатау ауданы №180 жалпы білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы Абсатар Аружан аудандық кезеңде 1-орынға ие болды.
Мектепте бастауыш сыныптан бастап, өзінің шығармашылық қабілетімен танылған Аружанның әр жылдары қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен түрлі байқауларға қатысып, жеткен жетістіктері өте көп. Олардың ішінде Зерде балалардың зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар байқауынан 2-орын, Мен әлемді танимын қалалық зерттеу жобасында 3-орын, Gerodotus дүние жүзі тарихы пәнінен байқауда 1-орын, Абай -Шәкәрім оқуларының Өлең- сөздің патшасы,сөз сарасы номинациясының жүлдегері, Алатау аудандық Абай оқуларының 2-орын иегері, Алатау аудандық Абай -Шәкәрім оқуларының бас жулде иегері, қалалық Абай-Шәкәрім оқуларының бас жүлде иегері, Семейде өткен 18-ші республикалық Абай-Шәкәрім оқуларының жүлдегері, Алатау аудандық Шәкәрім оқуларының бас жүлде иегері және қалалық Шәкәрім оқуларының бас жүлде иегері болған. Әр сайыста Аружанның жады толығып, есте сақтау қабілеті мен жыр айту мәнерін жетілдіріп отырды. Биыл мамыр айында «Алпамыс батыр» жырын жатқа айтудан байқауда өз бағын сынап көруде. 3 ай бойы талмай, жетекшісінің демеуімен демалыс уақытын тек жырды жаттауға арнаған Аружан еңбегінің нәтижесін дәлелдеді. Жетекшісі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Мырзахметова Майра оқушының жыр айту мәнерін шыңдап, жырда кездесетін көнерген, диалекті сөздерді тауып, жырдың идеясы мен ондағы көтерілген мәселені талқылауға көмектесіп отырды. Аудандық сайыста ол 2 кезеңге 15 оқушымен бірге суырылып алға шықты. Ақтық кезеңде 5 оқушы бір-бірімен жыр айтудан жарысып, 3 оқушының 102 беттік кітапты толығымен жаттағанына, өз мәнеріне салып әдемі орындағанына куә болдық. Абсаттар Аружан бұл сайыста 1-орынға ие болып, қазылар алқасының мақтауына лайықты деп саналды. Қазақтың қаршадай қызы Түркі қағанаты дәуіріндегі қазақ батырының ерлігі мен сол замандағы әлеуметтік шиеленісті, салт-дәстүр мен махаббатқа толы хикаяны өз нақышына келтіріп, көрерменге шынайы жеткізе алды. Алпамыс батырдың сүйген жары Гүлбаршын тәрізді намысты, қайсар арулар әлі де кездесетінін дәл осы Аружан қызымыз дәлелдей алды деп ойлаймын.
Енді 26-қыркүйекте өтетін 2-кезеңге Аружанның дайындығы мықты. Ол өзіне жүктелген жауапкершілікті ақтап шыға алады деп сенеміз. «Алпамыс батыр» жырын тек жатқа айтумен қатар, қазақ әдебиеті пәнінен келетін билет сұрақтарына, шығармашылық кезеңі эссе жазуға да дайындалу үстінде. Қалалық кезеңде Абсатар Аружанға сәттілік пен мықты жігер тілейміз. Алға, Аружан!
Бөлісу: