Жүрегімде ауылым
«Ауылым – алтын тұғырым» әдеби-онлайн конкурсына
Әсел Мұхтарқызы Назаралы
1982 жылғы 14 қазанда Жамбыл облысы Қордай ауданы Алға ауылында дүниеге келген.
1999-2004 жылдары, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, филология факультетінің «Әдеби шығармашылық және көркем аударма» бөлімін тәмамдаған. Мамандығы: әдеби қызметкер, шет тілін меңгерген оқытушы. Елімізге белгілі бірнеше республикалық БАҚ тілші болып қызмет атқарған.
Сондай-ақ Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің «Қоршаған ортаны ақпараттық талдау орталығы» РМК (аударма бөлімінің маманы), Астана қаласы әкімдігінің аппараты (бас маман аудармашы), «Қордай аудандық орталық ауруханасы» КМҚК (кадрлар бөлімінің инспекторы, аудармашы), Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және жануарлар дүниесі комитеті (аудармашы), «Астана қаласы Бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС (ІІ-санаттағы мемлекеттік тіл қызметкері) қызмет атқарған.
2008-2011 жж. «Шабыт» халықаралық фестивалінің дипломанты, Республикалық, ауданаралық жыр мүшайралардың жеңімпазы. 2011 жылы «Халық сөзі» газеті жариялаған (сөздердің баламасын табу) байқаудың жеңімпазы. 2015 жылы шыққан «Жыр маржаны» атты қазақ ақындарының 10 томдық антологиясына өлеңдері енгізілген. 2017 жылғы «ҚазақстанТРК» «Тәуелсіздікке тарту» жыр байқауының арнайы марапат иегері.
«Бір тамшы жыр» жыр жинағының авторы (2013). Қазіргі уақытта мақалалары мен өлеңдері республикалық газет-журналдар мен сайттарға жарияланып тұрады.
ЖҮРЕГІМДЕ АУЫЛЫМ
Әрбір тасың, тауларың сұрақ маған,
Елім деп, ауыл деп жыр ақтарам.
Ұлылардың мекені ол ауыл деген,
Жасанды табиғаттан жырақтаған.
Халқымыздың сусындар сағасы бір,
Ауыл неткен тамаша, қарашы бір!
Өзен, суы тұп-тұнық, ауасы саф,
Шалқып жатқан көлінің жағасы нұр.
Самал ескен жусанды, бетегелі,
Ауылым ырыс пен құт мекені еді.
Самаурынның түтіні, жусан исі,
Қиял менен арманға жетеледі.
Таңертеңнен сүт тартып отырады,
Қымыз-саумал содан соң сапырады.
Ақ әжемнің тынбайтын тіршілігі,
Таңертең тәтті ұйқыны қашырады.
Саумалынан әжеміз берсе сүзіп,
Асықпай мал жайғайды ерте тұрып,
Өріс жаққа беттейді әкем атпен,
Қасына төбет итін ерте шығып.
Бәтеңкемен балшық, су тере кешіп,
Ұрысса апамыз қалушы ек неге?» десіп.
Көлеңкені ықтаған қой маңында,
Асық ойнап жүрер ек, төбелесіп.
Көршілермен шәй ішіп, болып жарқын,
Марқаятын көңілім қоңыр салқын.
Дархан мінез, жайдарлы адамдары,
Сақтап қалған ауылдың өмір салтын.
Сол қалпында тау-тасы, кең өлкесі,
Түс ауа ұзаратын көлеңкесі.
Кешқұрым қыдырыстап шығар жастар,
Ауылдын сал серісі – ел еркесі.
Сенде өткен бір сәтімді ұмытпаспын,
Сезімсіз болса ғана мұны ұқпас кім!
Сенде жатқан құны артық титімдей бір,
Кесек-кесек алтыннан сынық тастың.
Қордаланған қоры бар елді мекен,
Шашып алма, сақтап қой кенді бекем.
Тарихымның тамырын жалғап тұрған,
Ұлылардың мекені аман ба екен?
Сезбейді сенде өспеген дала мұңын,
Сағынсам қыр белдерің салады мұң.
Шіркін-ай, маған қош деп қалып кеткен,
Сол жақта жүр-ау, жап-жас бала күнім.
Еркелігім ауылда қалғанменен,
Таусылмайды адамда арман деген.
Көркейтуге қосатын үлесім бар,
Махаббатым жүректе саған деген.
Қазіргі ауылдардың күйі қандай?
Ойыма кейде жүрем сыйғыза алмай.
Тарпаң көңіл тартады-ау ұлыларды,
Қалада бір күтетін сыйы бардай.
Ауыл – кие, қасиет, маған арлы,
Ауыл десе әр күнім алаңдаулы.
Өз күре тамырына күле қарар,
Ауылы жоқ аяймын адамдарды.
Бөлісу: