Менің әжем
Менің туған күнім жаздың алғашқы күні. Әжем айтпақшы, маусымның бірі күні, түскі сағат екіде туыппын. Әкем жастық дәуреннің қызығына тойып, үйдегілердің «Үйлен» деуінен қашқақтап, анама отызға таяғанда үйленген екен. Алғашында бәрі де жақсы болған. Әдетте отбасылық өмірдің бастапқы жылдары мөлдір махаббат пен сыйластыққа толы өтеді емес пе? Ата–әжем келінінің сый-құрметіне бөленіп, кішіпейілдігіне риза болып жүрген. Бірақ, сол күн жеткенге дейін, яғни, менің өмірге келетінімді білген күнге дейін.
Анамның бойына біткен сәттен бастап, оның өзіңде бірқатар өзгерістер пайда болды. Тұйықталып, бөлмеде жата беретін, әкеме, үйдегі шаруа, ас-суға да қарайласпайды екен. Бірақ, тәттіге әсіре құмар болған. Туғанымнан үш ай өткен соң анам мені біржола әжеме тастап, әкемнен де ажырасып, төркініне тартып отырған. Жасы елуден асқан әжемнің қолында шырылдап қала бергем. «Мама» деген бір ауыз сөзді айтпай өссем де, өмір маған ананың ыстық махаббатын сезуге жазбаса да, әженің қайтпас қайсарлығы мен қайратын, мейірімін көруге жазған ғой деп, кейде өзімді ерекше кітап кейіпкері ретінде көріп, жұбанып қаламын. Менің балалық шағымның елестері есімде анық сақталған. Мүмкін ол кездері көп жылап, сәби жүрекке көтере алмас ауыр мұң салынғаннан болар, бәрі де тура кешегі күндегідей сайрап тұр.
Тұсауым кесіліп, аяғымды басқаннан-ақ әжемнің соңынан қалмай жүре беретінмін. Тіпті әжетханаға дейін еріп барамын. Есімде, күні бойы жүгіріп шаршап, әжеме мені ұйықтатшы деп еркелейтінмін. Өзінің ыңылына басып отырып, мені бауырына салып ұйықтатады да, далаға шығып кетеді, мен болсам тәтті ұйқыда. Бірақ ол да ұзаққа созылмайды. Шамалыдан соң ояна сала, әжемді іздеп қиғылық салып жылаймын. Қымбат затымды жоғалтқандай, бұл әлемде жалғыз қалғандай қамыға жылаймын. Іздеуге, тауып алуға әлің де жоқ...
Сәл самал желдің өзінен шалқамнан түсіп, төсек тартып, демігіп жата қалатын тым аурушаң едім. Сол өкпе ауруынан менің көрмегенім жоқ. Мектепке барар жылдың күзі еді. Аурухана терезесінен телміре қарап отырып, алыстағы ауылымды, әжемді сағынамын. Қызыл «москвичті» іздеймін, себебі ауданға әжем сол көлікпен келетін. Ешкімге сөз бермейтін мен, бұнда келіп, бір ауыз сөз айта алмайтын халге жеттім. Себебі орысша білмеймін.Медбикелердің:
- Кушай хорошенько!
- Сончас, спи!
- Сейчас мы тебе укол поставим – дейтін сөздерін ғана түсінемін. Қалғандарынан бейхабар, «Да», «Нет» деуді ғана біліп, томсырая айтқандарына көне беремін. Сөйтіп аудан орталығында жатқаныма бір ай толғанда ауылдан әжем келді. Қолындағы базарлығына да қарамастан әжемнің өзіне жүгіре келіп:
- Әже, мені алып кетші, мен жазылдым, мінекей деп – өкпемді, дем алысымды әдейі естіртемін. Әжем барып дәрігерлермен сөйлеседі, олар болса «Жоқ, болмайды, әлі толық жазылмаған» деп кері қайтарады. Сол кездесудің соны тым жаман болып еді. Үйге қайтқым келгені соншалық, әжемнің шапанынан айрылмай ұстап алып, «Әже!» деп шырылдағаным әлі есімнен кетпейді. Кезекші екі медбике әжемнен әрең айырып алып, палатама апарып тыққан.
Мектепте достарым аз еді, көбіне сырттай қарап, ұяң қалпымда жүру әдетім. Алғашында мен сабағыма аса үреймен қарайтын едім. Бір жерден қате кетіп қалса да қол-аяғым дірілдеп кететін. Сабақты жақсы оқу, күнде бес әкелу менің мойныма артылған міндетім еді. Тіпті, қазірдің өзінде қай сабаққа болмасын бей-жай қарай алмаймын. Баға үшін оқып кеткен кездерім де аз емес. Себебі, бала кезімнен миыма құйылып келе жатқан сондай қағида бар.
Маған Дария есімді қыз соқтыға беретін.Өзің тым биіктен көретін секілді. Маған менсінбеушілікпен қарап, бақталасып жүруден шаршамайды. Сол себепті үнемі көңіл-күйім болмай, үйге тұнжырап қайтатын кездерім көп болған. «Маған анам анадай әдемі қуыршақ, қалам мен дәптер алып берді» деп мақтанады.Мектептен қайтып келе жатқанда, мені қарға итеріп, құлатып кетеді. Менің сол кезде ешқандай қарсылық жасамай, соның мазағына қалай көніп жүргенімді білмеймін. Тек білерім, жеті жастағы бала үшін оның бойындағы қасиеттер тым ересек әрі жиіркеніш сезімін туғызатын еді.
У-шу ойынға қосыла алмай, бөлек жүріп, ал үйге келсем әжемнің жанында сампылдап сөйлеп, ауыз жаппай әңгіме айтамын. Әжем мені «Сәнім» деген бір-ақ ауыз сөзбен еркелететіп, жұбата біледі. Неге олай деп сұрасам, сен болмасан менің жүрген жерім сәнсіз, мәнсіз болып қалар дер еді...
Бірінші сыныптың көктемінде әжем менікөрші ауылға жаяулатып алып кетті. Қар әлі еріп болмаған, батпағы мен лайы шықпай, дымқылданған күртік қардың енді ғана демі шығып, жылып жатқан кезі. Кімге қонаққа бара жатқанымыз есімде жоқ. Менің бұндай сапарым көп болғандықтан, кімге, қайда бара жатырмыз деп сұраған да жоқпын. Екі ауылдың арасы алты шақырым. Әжем кейде сол араны күніне екі рет барып қайтатын кездері болған. Жүріп келе жатырыз, әжем мені жетектеп келеді.Бірде алдыдан жұқа мұз шалшығы шықты. Бұрыларға жол жоқ,айнала қалың қар, асты су. Сол кезде әжем мені арқасына мінгізіп, өзі қанша қиналса да сол жерден аман-сау өтіп кеттті. Ал мен әжемнің арқасында құрбақаша жабысып, құлап кетпейін деп жанталасудамын. Құламайтынымды іштей білемін, себебі әжемнің арқасы әрі сенімді әрі мықты ғой. Сол кезде өзімді үлкен қорғанышы бар адамдай сезінетінмін. Уақыттың қаталдығына таным бар, шөкпей, менің алдымда үнемі бәйтеректей жайқалып тұрар әжемнің қазірде бір уыс қара кемпірге айналарын кім білген. Менің осы күнге жетіп, өзімше ертек жазып отырғаным әжемнің арқасы. Тура мағынасында. Бала кездің тағы бір қимас шағының бірі кешкі уақыт. Неге екенін білмеймін, сол шақтар тура бір ғажайып оқиғалар секілді есімде қалды. Себебі кешке таман әжемнің мал-жаннан қолы босап отыратын кезі. Мен мысықша еркелеп жанына келемін. Шашымды өргіземін, алдына отырып алып әр нәрселерді сұраймын.
Бірде тағы ауырып қалдым. Түнімен дөңбекшіп, дем жетпей, төсектің үстінде отырдым да қойдым. Әжем де мені уайымдап көз шырымын алмай, күн шыға сиыр саууға бет алды. Көз алдымда болсын деп мені атамның тоңына тоңына орап, сыртқа отырғызып қойды. Мен де со кезде көзім кіртиіп,ауру мазалаған күйі әжемді күтіп отырып, көптен күткен тәтті ұйқыға кеткенімді байқамай қалдым.
Біздің үйде «Мамық» есімді сары мысық болған еді. Оны маған әжем мен туғанда арнайы алдыртқан екен. «Мамық» деуімнің себебі ол жұмсақ әрі үлкен, міңезі де салмақты. Басқа мысықтарша тырнап мазаңды алмайды. Оны адамша екі аяқпен жүргізіпойнатуды жақсы көремін. Ол дабіраз жасқа келген «қарияның» кейіпін сақтап, маған шыдамдылық танытады. «Мамық» менбесінші сыныпқа көшкен жылы жоғалып кетті. Менің балалық шағым туралы естеліктерімде «Мамық» мысығымның жылы ұшырап тұратыны анық. Себебі ол әжемнің ең алғашқы сыйлығы. Үй жануарларының қайсысы болмасын, оларға ерекше мейіріммен қарап, ауырып қалса да қатты уайымдап қалатын әжемнің сол жақсы қасиеті маған да жұққан секілді. Сырттай білдірмесе де, жан дүниесіндегі ерекше сезімталдық пен нәзіктік маған ылғи көрініп тұрар еді. Әжем маған өз өмірі жайлы көп әңгіме айтады. Анасы кіші балаларға қарайласуға көмектессің деп тек төртінші сыныпқа дейін ғана оқытқан. Кейін он жеті жасында атаммен қосылып, алты баланың анасы атанған. Совхозда отыз жыл еңбек етсе де отбасы мен ауыр жұмысты қатар алып жүрген рухының еңсерілмес мықтылығына таңғаламын.
Менің бала кездегі қуыршақтарымның көбі әжемнің қолынан шыққан. Өне бойы ақ матамен қапталған қуыршаққа тәтем қаламмен ауыз-мұрын деген дене мүшелерін салып береді. Мен соған мәз боламын. Тек қуыршақтарымда шаш болмайтын. Оны қалай жабыстыратыны әжем де білмейді. Бірақ түн қата қойнына алып жатпа, қуыршаққа айналып кетесің деп мені үрейлендіретін. Мен соған шын иланып, қорыққаннан ойыншықтарымның бәрін де ұйықтар алдында аулаққа апарып тастаймын. Менің балалық шағымның естеліктерінің ең жарқын да ұмытылмас сәттері осы болар, бәлкім. Жүз жыл өтсе де санамнан өшпес сәттер «Әже» деген қарапайым әрі ұлы атпен байланысып жатары анық.
Мен ана махаббатын сезбей өскенім үшін аздап қынжыламын. Бірақ, әжемнің тәрбиесін көрмей өссем өкінішім бұдан бірнеше есе ауыр болар еді. Сол шақтардың, бала кездің көкжиегінде менің қаһарманым болып тек қана әжем тұрары сөзсіз. Қазірде тың болғанымен, ауылға барған сайын оның бейнесіндегі шаршау мен қажудың іздерін көріп, өмірдің тым қысқа екенін ұғынып қайтамын. Уақытқа қарсы шамам болса, әжемді мәңгілік жанымда қалдырар едім...
Жақсылық Сара
Бөлісу: