«Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» атты Қазақстанның мәдениеті және әдебиеті Халықаралық форумы

22.11.2018 12930

   ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз орталығында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының баспасөз конференциясы өтті.

   Астананың 20 жылдық мерейтойы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен және Қазақстан Жазушылар Одағымен бірлесіп ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» атты Қазақстанның мәдениеті және әдебиеті Халықаралық форумын өткізді.  Бүгінгі брифинг осы форум аясында өткен іс-шаралар жөнінде болды. 

Үмітхан Мұңалбаева:

  • Дәл осындай халықаралық жоба ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастырылуымен тұңғыш рет болды. Шет мемлекеттері кітапханаларының қызметкерлері қазақ авторларының кітаптарын өз қолдарымен алғандарына қуанды. Жақында біз Сәуле Досжанованың «Өгей жүрек» кітабын неміс тіліне аудардық. Берлиннің Ұлттық кітапханасында осы кітаптың тұсаукесерін өткіздік. Бұл кітапта бір адамның тағдыры, сезімі баяндалады. Жалпы алғанда, жобаның болашағы зор. Алда біз форумның жалғасын АҚШ мемлекетінде жүзеге асырғалы отырмыз.

   

Ұлықбек Есдәулет:

  • Меніңше, елдікке тәрбиелейтін, ұлтты кемелдендіретін, халықтың өркенін өсіретін, қоғамды дамытатын бесіктің бірі, ол - кітапхана. «Сен маған кітапханаңды көрсет, мен сенің кім екеніңді айтайын» деген сөзде шындық жатыр. Қазіргі төртінші индустриялық революция кезеңінде әр ұлттың бәсекеге қабілеттілігі  алған біліміне байланысты, өйткені оқу-біліммен жан-жақты қаруланбаған жұрт жаһандануға  жұтылып, құрдымға кетері анық. Ендеше, бүгінгі Қазақстанда Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасына байланысты  кітапханаларға енгізіліп жатқан цифрландыру бағытының болашағы үлкен деп білу керек. Біз жақында «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» тақырыбындағы халықаралық форумын өткіздік.

     Брифингке педагогика ғылымдарының докторы, профессор ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Мұңалбаева, ақын, ҚР Жазушылар Одағының төрағасы, Қырғызстан Жазушылар Одағының құрметті мүшесі және Түркі әлемінің Халықаралық поэзия академиясының мүшесі Ұлықбек Есдәулет, жазушы, публицист Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің телерадио және қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғаділбек Шалахметов, ақын, жазушы, драматург, ақын-импровизатор, жырау, манасшы, режиссер, КСРО Жазушылар және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық ақын-импровизатор және жыршы-термеші Халықаралық одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қырғызстанның А.Малдыбаев атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты Баянғали Әлімжанов, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Несіпбек Айт,  жазушы, прозашы, баспагер, журналист. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әлібек Асқаров қатысты.

Баянғали Әлімжан:

  • Халықтар арасындағы бейбітшілік пен достықтың ізгі қалауы, барлық адамдар үшін бақытқа ұмтылу әрдайым прогрессивті әдебиеттің және адамзат мәдениетінің мәні болды. Сөздің шынайы игісі әрдайым жақсы сезімдерді тудырады, түрлі ұлттар мен діндердің адамдарымен өзара түсіністік пен өзара сыйластықты нығайтады. Балалық шағымыз оқумен тығыз байланысты болды. Дәл осы форумға мен өзімнің «Доброжелательный Аскар» және «Сказ 100-летнего степняка» кітаптарымды алып келдім. осы форум аясында менің «Доброжелательный Аскар» және «Сказ 100-летнего степняка» кітаптарымның тұсаукесері өтті.

 

Несіпбек Айт:

  • Осы форум аясында біз Оңтүстіәк Корея еліне бардық. Корея мемлекетінің тарихы, әдебиеті, мәдениетімен және өнерімен таныстық. Қазақ-корей әдеби байланысының тарихы тым әріде жатыр. Бір айта кетерлігі, қазақ ақын-жазушылары корей халқына соңғы жылдары таныс бола бастаған тәрізді. Себебі, Абай өлеңдері 2010 жылы алғаш рет қазақтың ұлы ақыны Абайдың 100 өлеңі, өмірбаяны және түсініктемесімен корей азаматы, талантты аудармашы – Ким Бен Хактың тарапынан Сеул қаласында жарыққа шықты. Қалай болғанда да біз үшін үлкен мақтаныш болды. Қазақта жақсы тәмсіл бар «жақсылықтың ерте кеші жоқ» дейтін. Сонымен қатар, М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы да 2007 жылы қазақстандық тума, көрнекті жазушы – Анатолий Кимнің аудармасымен елімізде орыс тіліне аударылды. Бұл да корей азаматының біздің рухани саламызға сіңірген зор еңбегі ретінде бағаланып отыр. Корей тілін меңгерген қазақ шығыстанушыларының  жаңа буыны қалыптасып, руханиятқа қызмет ете бастады. Соның бірі жазушы, ақын, аудармашы Дастан Ақаш бауырымыз. Ол Корей халықының ертектері мен аңыздарын 2014 жылы тікелей корей тілінен аударды.

   Форум аясында Қазақстандық авторлар: Сәуле Досжанованың «Өгей жүрек» кітабының неміс тіліндегі, Баянғали Әлімжанның «Доброжелательный Аскар» және «Сказ 100-летнего степняка» кітаптарының тұсаукесері өтті. Сонымен қатар, «Мәдениет және өнер»  фотокөрмесі және Берлиннің Ұлттық кітапханасында «Қазақстан әдебиеті мен мәдениетінің» орталығы ашылды.Орталықтың ашылуына ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың, соның ішінде, Елбасының әлемдік саяси аренадағы орны мен рөліне арналған кітаптары және қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі қазақстандық авторлардың кітаптары ұсынылды.

Форумның мақсаты – қазақстандық мәдениеттің әлемдік мәдени кеңістікке интеграциялануы болып табылады.

   Аталмыш форумдар Сеул, Лондон және Берлин қалаларында ұйымдастырылды. Айта кетейік, іс-шаралар аясында әдебиет, мәдени алмасу мен ынтымақтастық саласындағы соңғы үрдістерді түсіну, мәдениет пен өнер саласындағы мамандардың ұлттық идеясы шеңберіндегі күш-жігерін біріктіру үшін көпфункционалды жұмыстар атқарылды. Іс-шаралар жоғары деңгейде өткізілді, сонымен қатар, өзара әріптестік аясында шығармашылық және ғылыми интеллигенция өкілдері үшін қолайлы жағдайлар жасау арқылы шетел әріптестерінің қызығушылығын тудырды.

Бөлісу: