Тілепбай мерген
Балалықтан жігітшікке қадам басқан кезім...
Ауыл адамдары бірігіп қаражат, жүн, тері-тірсектерін жинақтап, күзде Бесқалаға шығады. Қаражаты мол бай адамдар үлкен керуенге күзет қойып, барып келеді.
Байқаймын, күз айы келісімен апам қалта-қаптарын жинастырып, жолға дайындық жасап жүрді. Бір күні батыр нағашы ағам Тілепбай, анама: “Ертең жол жүремін, маған Шайырды ертіп жіберерсіз, жолға дайындалсын” деді. Бір жағынан қорқасоқтап, екінші жағынан өзімнің ер жігітше алғаш өзбастақ үйден бөлініп, жолға шығатыныма қуанып қалдым. Сөйтіп төрт-бес түйемен жолға шықтық. Санауы жоқ күндер жүріп, Бесқалаға да келдік. Үш-төрт күннің есебінде астығымызды түйелерге артып, жүріс-тұрысымызды ешкімге аса сездірмей кейін қайттық.
Қаладан бір күндік жерге шыққасын, Тілекең: “Шайыржан, осы бағытта, анау алыстан бұлдырап көрінетін биікке қарай жүре бер, мен сенің бірде оң жағыңда, бірде сол жағыңда көрініп жүрем, қасымда деп, ештеңеден қорықпа, аң-құс аулап, кешке қонаға бірге жатамыз” деді. Сөз тәмәм.
Үшінші күні түс қайтқанда сол жағымнан шауып келді де, “Шайыр, түйелерді айналдыра шөгер де өзің ортасында жат, оқ тиіп кетпесін. Менен хабар күт. Басыңды көтерме” деді де, асығыс зым-зия жоғалып кетті.
Ағамның айтқаны бойынша жайғасып жатып, түйенің артқы тірсегінен сығалай қараймын. Енді ағам елу метірдей жерден көрініп аттан түсті.
Бір кезде алыстан жалғыз қара көрінді. Оқтай атылып, тура маған қарай зулап келе жатыр. Әріректе артынан шауып келе жатқан нөкерлері көрінеді.
Көз алдым бұлдырап кетті. Қимылдауға жағдай жоқ. Екі көзім жаңағы қарада.
Лезде қасыма жақындап келіп қалды. Анық көрінді. Басында түрікмен бөркі бар, қимылы өте ширақ, батыр денелі, түсі суық екен. Бір кезде тарс еткен мылтық даусы естілді. Қара адам қара атымен бірге мұрттай ұшты. Артынан шауып келе жатқан атты нөкерлері жалт бұрылып, кері қашты. Лезде бел асып жоқ болып кетті.
Осы сәтте Тілекең: “Бері кел” деп шақырды. Жақындап барсам батыр жігіттің қара саны мен атының бүйірін оқ тесіп өтіпті. Тілекең қанжармен атты бауыздап жіберді де, бірден қарнын жарып тастады. Батырымыз шыңғырып, санын құшақтап жатыр екен. Тілекең маған: “Тамақ пісіретін қазанды әкел де от жақ” деді. Қазанды әкеліп от жаққанымда, Тілікең жылқының іш майын қазанға салды. Содан әлгі жігіттің шалбарын тіліп жіберіп, қаны сорғалап жатқан санының бір жағын мата-мақтадан тығын жасады да, екінші жағынан шыжғырған ыссы майды басып отырып, бақырғанына қарамастан құйып, ол жағын да тығындап, таңып тастады. Содан кейін етті жайғарып алдық та, жігіттің қолы жететін жерден екі шұңқыр қазып, аттың терісін шұңқырға кептеп, біреуіне піскен майды, екіншісіне су құйды да жігітті түртіп көзін аштырып, өзіне қаратып “Енді өлмессің, менің атым Тілепбай” деді.
Содан тездетіп жүріп кеттік де, ауылға аман-есен келдік.
Тілекең жоқта өзім ерлік жасағандай мақтанып қоямын, ауылдағыларға...
Күндер зулап өтіп, менің аңыз-шындығым таусыла бастағанда, тағы күз айы келді... Маған қорқыныш-үрей пайда бола бастады... бірақ онымды сездірмедім.
Бір күні Тілекең “Шайыржан кеттік, сен қорықпа” деді. Амалсыз ілесіп тағы кете бардым.
Баяғы сол жол. Бесқалаға да келдік. Базар аралап жүрген адам көп, Тілекеңнің біз жақтан келген таныстары “Тілепбай сені жергілікті жігіттер сұрап жүр,соны байқашы” деп ескертті. Көп ұзамай екі жігіт келіп “Сіз Тілепбай батырсыз ба?” деді.
Тілекең: “Болсақ, болармыз” деп жауап берді. “Сізді біздің ағамыз күтіп отыр, жүріңіз” деді. Менің біреу төбемнен мұздай су құйып жібергендей болды, денем тітіркеніп кетті. Тілекең: “Қорықпа, түрікмен үйіне шақырған адамына жамандық жасамайды” деп, дем беріп қойды... Үйіне жеттік. Құшақ жайып қарсы алмаса да, жақсы қабылдып аман-түгел алысып, төрден орын беріп, жайғастырды.
Баяғы көрген қарақшым. Мұнтаздай таза, сәнді киінген. Байқағаным аяғы жазылған, бектердің біреуі екені көрініп тұр. Тамақтанып, ас қайырғасын әңгі-месін бастады...
“Тілепбай аға, ол кезде мен сізге қастық ойлап, өзіңді өлтіріп, круеніңді тонап алайын деп барғанмын. Сіз мені өлтірмей, аман қалатындай етіп кеттіңіз.
Сіздің арқаңызда аман қалып, бала-шағамның, елімнің ортасында отырмын.
Жақсылыққа - жақсылық әр адамнан келеді. Жақсылыққа - жамандық ез адамнан келеді дегендей, сіз нағыз ер екенсіз. Менің кінәмді кешіріңіз.
Бұдан былай сіз менің ағамсыз. Әрқашан келгенде інімнің үйі деп, тура келіңіз” деді. Сол күні қонақ болдық, ертеңіне астығымызды алысып, түйемізге артып беріп, нөкерімен бір күндік жерге шығарып салып, қимай қоштасты...
Тілепбай көп сөйлемейтін, сөйлесе қысқа қайыратын, сөздің түбін түсіретін сөздің де мергені еді...
Тілекең айтыды: “Түрікмен қонағын құдайындай сыйлайтын діні мықты ел. Бірге нан жеген адамын өлтірсең де сатпайды, қонағына үйінде жауыздық жасамайды.
Егерде қандай да біреу, қонағың менің жауым еді десе, мені өлтір, сосын қонағымды өлтіресің дейтін ел...”
Тілекең айтады: “Ертеректе, Хиуа хандығы қазақ ауылдарын тонауға түркімендерді жиі жіберіп тұрған.
Ер адамдардың жорықта жүрген сәтін пайдаланып, түркімендер қазақ ауылын шауып, тонап, бала-шағасын тұтқындап, өздерімен алып кеткендеріне үш күннің есебі болыпты.
Қазақ құмалақшысы айтады: “Әрқайыссың екі атпен шауып отырсаңдар таңда жетесіңдер.
Түн ауа аттарыңа теріс мініп отырыңдар. Жауға таң ұйқысында жолығасыңдар” деп.
Түрікмен құмалақшысы айтады: Түн ауды, қазақтар жолдан жаңылды, бағыттары кері. Енді жақсылап ұйқыны қандырып алуға болады” деп.
...Қазақтар таңда түркмендерді шауып, қатын-балашағасын құтқарған...
...Сонымен, бұл жолы да Бесқала сапары жақсы, тыныш аяқталды.
Бөлісу: