Осы жұрт Сәлкенді біле ме екен?

10.01.2019 4675

  

Өткен ғасырдың өзіне көз жүгіртер болсақ, 1928-1941 жылдар аралығында қазақ тарихында жазу үлгісі латын графикасында болған. Сол жылдары қазақ ғылымы мен әдебиеті жақсы шарықтап, даму үрдісі үдей түскен. Көптеген ауыз әдебиеті үлгілері жер-жерлерден жиналып, кітап болып оқырманға жол тартқан. Бұл салада шет ел әдебиеттері де кем емес. Әсіресе Еуропадан келген балалар әдебиеті тікелей қазақ тіліне аударылып отырды. Олардың қатарынан Марк Твеннің «Том Сойердің басынан кешкен оқиғалары», Виктор Гюгоның «Гаврошы», Распенің «Мюнхаузеннің басынан кешкен қалдері» тағысын тағы еңбектері балалар әдебиетінде баға жетпес туындылар болып, бізге жетті. Бұл жерде нақ тоқталып, мән берер дүние аудармашылардың тікелей ағылшын, француз және неміс тілдерінен қазақ тілдеріне аударып қалдырғандары болып отыр.

   

Бүгінгі таңда аталған аудармалардың бірі Е. Распенің «Мюнхаузеннің басынан кешкен қалдері» атты 1935 жылы Алматы қаласындағы Қазақстан көркем әдебиет басыпасынан шыққан аударма кітап турасында болмақ. Кітап балаларға ыңғайлап қайта жазылған нұсқасы. Қазақ тіліне Сәлкен Балаубаев аударған, ал орыс тіліне Карней Чуковский, суреттері Густав Дорэніңкі. Бірақ кітапта Салкен деген ғана ақпарат берілген, тегі Балаубаев екендігі турасында бірде-бір мәлімет берілмеген. Өйткені аудармашы автор көрсетілген жылдары «Халық жауы» деген атқа ие болып, еңбектері жойылып, басы айдауда болған. Қазіргі таңда аталған аударма еңбектің өзі ұрпаққа жеткен үлкен мұраның бірі болып отыр.  Ендеше аудармашы кім, нендей себеп болды және бізге қалай жеткендігінің мән-жайына үңіліп көрсек.

  

Сәлкен Балаубаев – Қазақстан ғалымдарының арасындағы әйгілі тұлғаның бірі. Ол ұлттық педагогика мен психологияны дамытуға үлкен үлес қосты, латын әліпбиіне негізделген қазақ грамматикасының дамуына қатысты. Қазақ психология ғылымының қалыптасуында өзіндік орны бар көрнекті психологтарымыздың бірі. Өз замандында қазақ тілінде психология және педагогика бойынша оқулықтар жазған. Сондай-ақ, аудармалар, өнер туындыларын және өлеңдер жазған. Өз кезінде Орта Азия мемлекеттік университетінің түлегі де болған екен.

   

Салкен Балаубаевтың тағдыры өте қайғылы. 1937 жылдың қараша айының бір күнінде ғылыми-педагогикалық білім беру қызметі күтпеген жерден үзіледі. Өйткені оны 20 жылға қамауға алған болатын. «Халық жауы» деп және «Алаш» партиясының мүшесі және байланысы бар деген айыптаулар тағылып, қуғын-сүргінге ұшырады.  Қаншама жылдар өтсе де сағы сынбаған тұлғаның  осы бір аударма кітабы ғана қалған.  Қазақ сөз қолданысында біздің тілімізге еніп кеткен, «Оқиғалары» деген сөздің орнында «Қалдері» деген сөз қолданылған. Бұл сөз бүгінгі таңда архаизмдер қатарынlда.

Бөлісу: