Ессіз сағынып жүрсің
Жаздың кезі, жалынды кездегі өлең,
Не қаларын жанымның сезбеген ем.
Біз танысқан сол уақыт еске оралып,
Тұрады танысқанда өзгеменен.
Сансыз қызық мен үшін мәнсіз деймін,
Құрғақ көңіл, суарар тамшы іздеймін.
Жұбанышы сен деуге жасқанушы ем,
Өзіме жат бойдағы қамсыз күйдің.
Жасырынып жүргендей ішімде өлең,
Сезіндіргім келетін ісімменен.
Түсіндіре алмадым сезімімді,
Себебі, мен өзім де түсінбегем.
Көкірекке қамадым мұңымды ұдай,
Дос болайық дей алмай бұрынғыдй.
Ғашықпын ба, тіпті өзім сезінбедім,
Ғашық болып көрмегесін бұрын бұлай.
Шырмауында жүргенде нала, мұңның,
Дей алмадым «ғашықпын», жаңа білдім.
Сен ұнатам дегенде жасықтығым,
Жас келтірді алдына жанарымның.
Жүрегіме симады, жаздым бәрін,
Жаңа сездім жанымда жаздың барын.
Хабарсыз кетсем де мен сүйем сені,
Суынып кетесің деп азғырмағын.
Қашықтық бізге қазір ең керегі,
Ғашықтыққа қашықтық ем береді.
Мен сізді сағынамын, сондықтан да,
Ессіз сағынып жүрсің сен де мен.
Оңталап Тілеу - ЖОЛДАСОВ
Бөлісу: