Бұзау таяқ жегізеді...
«Әңгіме бұзау емізеді, бұзау таяқ жегізеді». Мағынасы: әңгімеге айналып отырып маңызды шаруаны ұмыт қалдыру, әлдекімнің берген тапсырмасын орындауды кешіктіру, т.б. жағдайлардың алдын алу немесе болар іс болып, тиісті жазасын тартқан кезде айтылады.
Әу бастағы тура мағынасы – әңгімеге айналып отырып, жайып жүрген бұзауын енесіне жамыратып алған үшін әке-шешесінен таяқ жеген баланың жауапсыздығы тұспалданған.
«Таяқ жеудің» мысалын іздесек, ең әуелі осы жазбаны әлеуметтік желіден оқып отырған сіз уақыттан таяқ жеуде шығарсыз, бәлкім. Себебі, сіз бен біз әлеуметтік желілерге: «Азғана уақыт ашып жаңалықтарды қарайыншы», - деп кіріп алып, бір қарағанда қаншама алтын уақытымызды зая кетіргенімізді байқамай қалатынымыз рас қой. Осыған жұмсаған уақытымызды кітап оқуға немесе өзге бір тірлігімізге жұмсасақ әлдеқайда абзал еді ғой.
Нағыз «таяқ жейтін» адамдардың бір шоғыры – қызыл іңірден ел жатқанша көк жәшікке телмірген сериалқұмарлар болар. «Изаура күң» басталғанда теледидардың алдына отырған қырықтағы келіншек бұл күндері сексеннің сеңгірінде селкілдеп үндінің, әлде кәрістің көпіршік сериалына телмірумен кәрі қойдың жасындай уақытын мүжіп отыр. Көпке топырақ шашпай-ақ қояйық, отбасындағылар оқудан, қызметтен, мал бағудан, егістіктен үйге оралып бірер сағат арқа-жарқа болысар кезде бар ойы сериалдың бүгінгі көрсетілімінде, жәшіктің ішіне кіріп кетердей болып отыратын отағасылар мен отанасылардың қарасы аз емес екені рас қой. Жоғарыда айтқан қырық жыл ішінде ұрпақтар сабақтастығы арқылы берілетін қаншама заттық, рухани құндылықтардан айдың-күннің аманында ажырап жұтаңданғанымыз, жаһанданғанымыз бір Жаратқанға ғана аян.
Қазіргі қоғамның қалпы тіпті таңғаларлық. Көбінесе жасы ілгерілегендер болмаса, кейінгілердің теледидар қарауы сиреп келеді . Жасы да, жасамысы да бір-бір телефонды құшақтап алып, виртуалды әлемге сүңгіп кіріп, әр бұрышта уақыт өлтіріп отыр.
Осы бір томаға-тұйық қалыппен жүріп кілті өзге жасампаз жұрттардың қолындағы озық технологияның тек тұтынушы құлы болып өтсек – ұлтымыздың Ақпараттық атты ұлы дәуірдің көшіне ілесе алмай, шаңдауыт тақырда таяқ жегені емес пе?
Олай болмасын десек, уақыттың қадіріне жеткеніміз, өзге әлемге емес, өз айналамызға көбірек мән беріп үңілгеніміз дұрыс-ау.
Бөлісу: