Баланың сөзі
«Әке, мен сені жек көремін. Қалтама пышақ салып алып, сені өлтіремін» деп бес жасар бала әкесіне айтып жатыр. Осы сөзді естігенде әкесін қайдам, өзімнің денем түршігіп кетті. Қасымда тұрған оны аяп кеттім, оның жан дүниесі қайнап жатқан болар. Қаршадай балаға осындай сөзді айтқызып отырған ол қандай ана десеңші? Бала кезімізде әкеміз арақ ішіп келіп, шешеміздің мазасын алып жатқанда, әкеге деген назың болады ғой. Сонда артынша шешеміз «әкеңді байқа, бірнәрсеге ұрынып қалмасын!» деп артынан жібергенде, салбырап барып өкпемізді де ұмытатынбыз.
Әрине, ол кезбен қазіргі заманды салыстыруға келмейтін шығар. Бірақ, ажырасамыз деп шешкен әке мен шешенің ортасында баланың жазығы не десеңізші? Үлкендер айқайласып, ұрысып эмоцияларын сыртқа шығарып жатса, кіп-кішкентай жүрегі бар балақайға бұның бәрі ауыр тиеді емес пе. Сол үшін ең алдымен, ажырасамын деген ата-ана бірінші орынға баласын қойып, соны ойласа етті. Ал олар өз бастарының қамымен, басқа шаңырақтан бақыттарын іздейді.
Адамдардың тағдыры да әр түрлі болады ғой. Біреулер қу дүние жетпеушілігінен, ал бәз біреулер тым асыра жеткендіктен де ажырасатындар бар. Тізбектей берсең, әркімнің өзінің себебі табыла береді ғой. Бірақ, отбасын құрған екі адамның мойнында үлкен жауапкершілік болу керек. Дегенмен, менің пікірімше, ошақтың түтінін түтететін әйел заты болған соң, ең алдымен өзінің отбасының қамын әйел заты ойлау керек. Қазіргі таңда қай үйге барсаң да, үйінің іргесінде отырған қызы немесе ажырасқан ұлы болады. Ал, әкенің немесе шешенің мейіріміне қанағаттанбай қанша бала жүр.
Менің ойымша, қазіргі таңдағы ажырасу процесінің басты себебі-екі жастың ата-ана алдында жауапсыздығы, өмірге әкелген сәбилерінің алдындағы жауапсыздықтары.
Елімізде осы отбасылық мәселелер жыл өткен сайын ушығып барады. Әсіресе ажырасуда шектен шыққан мемлекеттердің қатарынан ойып тұрып орын алатын жағдайға да жеттік.
Егер де біздер мемлекетіміздің іргесі берік, шаңырағы шайқалмасын десек, әркім өз отбасына ие болып, тату-тәтті өмір сүруі қажет. Өйткені, Отан – отбасынан басталады...
Бөлісу: