Жоқтау жырларымен әйгіленген ақын

26.01.2019 5572

 

Бүкіл бір тайпа елді тұтастай алып, оның күн көрісі, тіршілік ету қаракетін жалғыз өлеңмен ұтымды айтып тастап, орнықты мінездеу ақын байқампаздығының айқын айғағы десек, қателеспеспіз. Олар аса аянышты халдерден хабар беріп қана қоймай, халық басындағы соншалықты мешеу де мешел тұрмысқа деген ызаны тұтататын, өшпенділікті қоздырады.

 

Еңбекті, еңбек жемісін жырламаған қаламгер халық құрметінен мақұрым қалады. Яғни қалам иесінің қоғамдағы орны еңбекшілер бұқарасының өмір қажеттерін қаншалықты өтейтініне қарай белгіленеді. Бұл тұрғыда алып қарағанда да Майлықожа ақындығы осал жатқан жоқ.

 

Мақсатты істі ойдағыдай орындау жолында қажырлыққа, еңбекқорлыққа шақыратын ақын.

 

«Диқан тоймас – жер десе,

Ер тілеуін береді,

Ерте тұрып еңіресе», – деген қағида ұсынады.

        

Майлықожа Сұлтанқожаұлы – Сырдария өзенінің бойында, қазіргі Қызылқұм ауданына қарасты «Қожатоғай» қаракөл қой совхозы тұрған жерде 1835 жылы туған. Ол алпыс үшке келіп 1898 жылы Арыс ауданының осы күнгі Бадам ауылдық советі тұрған атыраптағы Ақбұлақ деген өзен бойында дүние салған. Ақын он төрт жасында әкесінен айырылады. Бар ауыртпалық өз мойнына түскен ол күн көріс қамын қарастырып, қаралы жандарға жоқтаулар шығарып берумен шұғылданады. Мұны оның өлеңмен қақтығысулары кезінде нағашысы Мәделіден естіген сөзінен көреміз. Майлықожа шығармалары өзіне жұрт назарын ерте-ақ аударған. Ақын еңбектері тіпті Ұлы Октябрь революциясынан бұрын-ақ қазақ халқына дос ниеттегі орыс зиялыларының қамқорлығы арқасында баспа бетін көргені соңғы кезде мәлім болып отыр. Бұған Түркістан мұғалімдік семинариясының оқытушысы Я.Я. Лютш құрастырып, О.В. Базилевский дегеннің жалға алып тұрған баспаханасында 1888 жылы бастыртып шығарған «Қырғыз хрестоматиясы» деп аталатын кітабы айқын дәлел. Түркістан өлкесін мекендеген қазақтардың халық әдебиеті нұсқаларының жинағы болып табылатын бұл кітапта ақын ақынның бес өлеңі бар.

Бөлісу: