Сұрамшақтық психологиядан жомарттық философиясына...

28.01.2019 6778

   

Отыз дамыған елге қосылу... Негізінен, бұл өте жақсы ой. Көкейде бір ғана сауал тұр. Қандай жолмен!? Біз кейбір мемлекеттер сияқты өктем емеспіз, Құдайға шүкір. Біз кейбір мемлекеттер сияқты бірұлттты емеспіз, мұнда да жаман ешнәрсе жоқ — біз сол арқылы әлемге татулықтың үлгісі болып отырмыз. Демек, біз тек қана барынша тату және мейлінше эволюциялық (конфликтсіз) жолмен мақсатқа жету керекпіз. Ол қалай? Ең алдымен, сол өзіміз көксеген отыз дамыған елдің тәжірибесін зерттеп көрейік. Ол мемлекеттер тобын қандай ортақ қасиет біріктіріп тұр? Ойлап қарасақ, ол қасиет — біреу ғана: әр қайсысының өз-өзіне тән патриотизмі бар екен. Түсіндіріп өтейік, мәселен, Ұлыбританияның патриотизмі неде? Олардың патриотизмі ең әуелі фунт стерлинг деген валютасына және конституциялық монархиясына негізделген, тек олар ғана 2000-шы жылы көптеген Еуропа елдеріне ұқсап өз валютасынан бас тарта салып еуроға жүгірген жоқ! Сонымен қатар, ескірген деген сылтаумен Британ коронасынан бас тартпады. Бұл біздің «Ескінің бәрі ерсі емес» халық даналығына сәйкес келіп тұр.  Тәубе дейміз, 1993 жылдан бері біздің төл валютамыз бар — ол теңге. (Әрине, оның құны әлі аздап өсуі керек.) Халықаралық экономикалық жағдай түзеле салысымен, валюта бағамы бірден шешілетіндігіне бек сенеміз. Себебі, біздің экономика — тәуелсіз. Өкінішке орай, біздің кейбір азаматтар, әсіресе кейбір пессимист журналистер және сарапшылар байбалам салып, қаржылық құзіреттілігімізге күмәнмен қарайды. Бұл - бос уайым. Біздің алтын қорымыз - ең үлкен қорлардың бірі әрі біз мұнайды экспорттайтын елдердің алдыңғы қатарындамыз. Демек, келешекке деген потенциалымыз зор. Әйткенмен, экономикалық үнемшілдікке де орын қалуы керек.

     

Келесі мысал, Жапония. Ол жақ, әрине, мықты әрі дербес әскерімен және қазба-байлықтарымен мақтана алмайды. Десе де, олардың интеллектуалды-техникалық базисі әлем бойынша ең жоғарылардың бірі. Тіпті жасыл экономиканы алдыңғылардың бірі болып бастаған еді. Себебі, олар елу жылдан астам тарихи уақытын білім жинауға, технологияны дамытуға барынша жұмсады. Бүгін соның жемісін көріп отыр. Қазір жапондықтар «искусственный интеллектті» практикада жүзеге асыруды ойлап табуына (қандай этикалық және заңнамалық іргетасқа негізделе отырып екен?) бір-екі ғана қадам қалған ең озық елдердің бірегейі. Бұл - солардың мақтанышы, бұл солардың патриотизмі. Айтпақшы, олардың жер кеңістігі тар болғанымен, олар төрткүл дүниедегі ең кішкентай ағаштардың бірі бонсайдың өзін құдды бір ну орманды қастерлегендей қастерлей алатын ұлт. Біздер де сол бір қанағатшылдық, сол бір ысырап қылмаушылыққа дағдылануымыз керек-ақ. Бұл қасиет қазаққа да дарыса, артық болмас.

    

Ресей туралы сөз қозғап кетсек. Иә, жер бетіндегі ең қуатты ядролы қарудың иесі, жер көлемі бойынша нөмір бірінші мемлекет және (ал бұны ескермесек болмайды) халық саны 150 000 000 жуық. Былай қарасақ, олар Америкадан кейінгі екінші мемлекет болуы керек еді. Алайда, Қытай олардың экономикасынан асып түсті. Бұның құпиясы неде? Ең алдымен, Қытай Ресей империясы немес КСРО сияқты оңай ыдырай қоятын ел емес. Екіншіден, Қытайдың төл көне философиясы бойынша ең көп еңбек еткен пенде пейішке бірден кіреді. Осыған қарағанда бұңыңыз тіпті протестантизмнен де үлкен жинақылықты, жүйелілікті  және күнтізбені аса қатаң сақтауды талап етері сөзсіз. Еңбек, әсіресе 1,5 млрд адамның марксисттік көзқараспен біріккен, ұжымдасқан және реттелген еңбегі экономиканы тек қана өсіре алатындығына күмән туғызбайды. Дегенмен, тіпті Қытайдың экономикалық кереметі бізге толыққанды үлгі бола алмайды. Себебі, біздің дүниетанымымызға сай келмейтін бірнеше тұстары бар. Біріншіден, біздің халық саны бар-жоғы 18 млн-ға енді ғана жетті. Екіншіден, бізде ішкі ұлттық нарық соңғы ширек ғасыр ғана енді-енді қалыптасып келе жатыр (орта және кіші бизнесті мемлекет тарапынан белсенді қолдау осыдан туып отыр). Ең бастысы біз коммунистік емес, демократиялық жолды 1991 жылы таңдап едік. Демек, біздің халық КСРО кезіндегідей мемлекетке «мама, сүт бер!» деген толықтай және жаппай инфантилді психологиясын емес, ересек адамның жеке жауапкершілікке толы психологиясын алға қойдық. Бұл Абайдың «ауыр жұмыс істесең де, мал тап» деген аманатына сәйкес келіп тұр. Және тағы біздің заңдар бойынша бизнес саласынан шектен тыс салық жинауға болмайды. Ал Қытайда заң бойынша мемлекет қанша салық жинаса да, өзінің құқығы. Өйткені, басты акционер оларда – мемлекеттің өзі. Ал бізде антимонополиялық, демакратиялық көзқарас басым, сондықтан да жекеменшік шаруашылық еркіндігі, ірі бизнес еркіндігі қоғамда кеңінен тараған құбылыс. Міне сондықтан инвестицияны тарту  жағынан жиырма ең қолайлы елдің қатарында тұрмыз.

    

Енді біздің бейбітсүйгіш Қазақстанға тоқталсақ. Әлбетте, біз әзірше тіпті елу елдің қатарына енді аяқ басып келе жатқан жарқын үміттерге толы жас елміз. Бізде біраз инфрақұрылым әлі де даму үстінде. Әйтсе де, ата-бабамыздан қалған, ертең үлкен қауіпсіздік және тұрақты даму кепілі бола алатындай төл жетістіктеріміз де жоқ емес. Мемлекетіміздің екі тиімді жағы бар. Біріншіден, бізде толеранттылықтың ең қолайлы үлгісі о бастан қалыптасқан, өйткені, Еуразияның жүрегіндеміз, өркениеттердің тоғысқан тұсындамыз. Өзгені құрметтеу — қазаққа және өзге де түркі тілдес елдерге тән! Ал кейбір Еуропа елдері (бұл ешкімге құпия емес)  ”tolerance” деген идеяға тек қана XX – ғасырдың екінші жартысында ғана жете бастады. АҚШ-та қара нәсілділерді кемсіту үрдісі тек 1958 жылы ғана тоқтады. Алайда, олар аса дамыған елдердің бірі, өйткені, нәсілшілдік дағдарысынан шыға алды. Мәселен, Германия, Франция, Голландия және Швеция да толерантты, әйткенмен оларда әлі күнге дейін екі үлкен әлеуметтік мәселе бар — біріншісі миграциялық дағдарыс пен зайырлы этика қарама-қайышылықтары (атеисттердің санының күрт өсуі және жыныстық мәселелердің көбейіп кетуі). Грекия, Польша және Италияда жағдай жеңілдеу. Ертелі-кеш, олар түсінер — басты құндылық тек Еуропадағы ең озық экономика болу либерализмі ғана емес, ең алдымен — халықтың бірлігі және өзара келісімі. Ал бізде халықаралық келісім және отбасылық құндылықтар әлі де өте жоғары деңгейде тұр. Бұл біздің бірлік пен тыныштықтың бірден-бір кепілі. Тек мемлекет тарапынан ішкі нарық пен білімге,мәдениетке көбірек көңіл бөлсек болғаны.

   

Қазақстанның тағы бір жақсы жағы бар. Ол — бізде зайырлылық пен имандылық ұғымдары арасында қарама-қайшылық жоқ. Бұл екі ұғым қазақ даласында бір-біріне кедергі тудырмайды. Себебі, біз бір жағынан Иран немесе Иордания сынды толықтай діни мемлекеттердің қатарына жатпаймыз, дегенмен біз Куба немесе Қытай іспеттес материалисттік философиялық көзқарасты бірінші орынға қойған мемлекет те емеспіз. Яғни, тіпті Кеңес одағы жылдары, оның ішінде сталинизм жылдары үйінде Құранды тығып сақтап жүргендер болды, бес уақыт намазды да жасырын алайда үзбей оқып жүргендер де баршылық еді. Керек десеңіз кейбір зиялы қауым өкілдері Құдай жоқ деп айтса да, іштей сол Құдайдан кешіріп сұрап тұрды.  

      

Біз байырғы заманнан бері ұлттық нақышымыз бен діни нышанымызды тең ұстап келе жатқан елміз. Сондықтан да, кезінде VIII-ғасырда біз ислам дінін бейбіт жолмен қабылдадық. Қазақ халқы үшін діни фанатизм тән емес. Бұл бір жағынан. Ал екінші жағынан, жоғарыда айтып өткеніміздей, біз тіпті Кеңес Одағында (ресми түрде атеисттік қоғам бола тұрсақ та), біз ешуақытта да атеизмді жүрегімізге ешқалай тартпадық. Демек, бізде діншілдік немесе дінсіздік арасында ешқандай айтарлықтай келіспеушіліктер жоқ. Өйткені, басында айтып өткендей, бізге о бастан толеранттылық тән болды.

  

Ал енді Қазақстанның болашағына тоқталайық. Әрине, біз көріпкел емеспіз, дегенмен бір сәтке болса да, елестетіп көрейік. Тәубе, тәуелсіздік алғанмызға 27 жыл болды. Әрине, бүгінгі кейбір қоғам қайраткерлері сананы отарсыздандыру үрдісі тағы ұзаққа созылып кетуі мүмкін деп қауіптеніп жүр. Дегенмен, біздің мемлекет бүгінде аяғына нық тұрды. «Большевистік» пропагандыдан тыс тәрбиеленген бірнеше буын өсіп үлгерді. Әйтсе де, біз Қазақстандық патриотизм идеясын насихаттауды ұмытпауымыз керек.

 

Біздің жер қойнауымызда әлі ашылмаған біраз қазба-байлықтар бар, демек мұны экономикалық кепілдеме деп түсінсек те болады, тек үнемшілдікті ұмыт қалдырмасақ екен. Оның үстіне, біздің қоғамымызда отарсызданған жас буын өсіп келе жатыр, олар ертең  өзге шетелдің қаласына жалтақтамай, тек өзіміздің Астанамызды ойлайтын азаматтар болуы қажет. Мысалы, шетелде білім алып қана қоймай сол білімімен қайтсем де Отаныма пайда тигізсем дейтін жастардың санын көбейтуіміз керек. Десек те, өзміздің ұлттық білім саласын да шетелдегі білім салаларымен бәсекеге қабілетті болатындай етіп дамытқанымыз да жөн болар. Керсінше бізге шетелдің студенттері құлшынып келетіндей жағдай жасауымыз қажет.   

    

Мінекей, сондықтан біздер үшін ең маңызды бүгінгі екі іс бар. Біріншісі, өскелең ұрпаққа тым ысырапшыл той жаман әдетін емес, қазақ  тілінің «ұрпақтан-ұрпаққа» табиғи берілу асыл дәстүрін қалдырып кету керекпіз. Екіншіден, біздің төл мәдениетті және салт-дәстүрлердің, жалпы адамгершілік рухани дүниетанымның өзін тек ескінің жәдігерлері есебінде ғана емес, керсінше ұдайы тірі құбылыс ретінде сақтап тұратын жас буын тәрбиелеп шығу — заман талабы! Оның үстіне қазіргі қарқынды цифрландыру, компьютерлендіру, сан жетпес интернет технологиялар жағдайында өз болмысын жоғалтып алмайтындай орта қалыптастырып үлгеруіміз қажет. Әйтпесе, технологиясы Оңтүстік Корея сықылды дамыған, ал руханияты құлдыраған және азғындаған күйге қоғамның еніп кету қаупі тұр. Содан сақтанбасақ болмайды. Сондықтан адамгершілік пен салт-дәстүрді біздің елдің тірегі ретінде түсінетін ұрпақ тәрбиелеуді мақсат тұтуымыз қажет-ақ. Ол үшін біз ұлттық жүйелердің барлығына, әсіресе отандық білім жүйесінің сапасы мен мазмұнына баса назар аударуға тиіспіз.  Тәрбие компонентін де білім жүйесіне қосуымыз қажет болып тұр.   

       

Қорытындылай келе, келешек турасындағы кейбір ойларыммен бөлісе кетейін: егер сауда орталығынан гөрі ұлттық кітапхананың маңызы артық болса, егер әлемдік тәжірибеден тек жағымды һәм пайдалы үлгілерді ғана қабылдайтын болсақ, егер тарихымызда орын алған айрықша жарқын жетістіктер жайлы көбірек толғанса (қиын күндерді ұмытпай отырып), егер өзімшілдік пен сұрамшақтық психологиядан гөрі ұжымшылдық пен жомарттық философиясына көбірек мән берілсе, сонда ғана біз формальды түрде отыз елдің қатарына қосылып қана қоймай, расында да ең дамыған-ең сауатты-салауатты елдердің біріне айналмақпыз. Лайым солай болғай!                                                                                                                           

Бөлісу: