Уюни
Боливияның оңтүстік-батысында орналасқан Уюни көлінің айналасындағы Тунупа, Куску және Кузина тау жоталарын ертеде алып адамдар болған деседі. Куску Тунупаға үйленеді. Әйтсе де, сұлулығы күнді тамсандырған Кузина Кускудың жанын жаулап алып, өзімен бірге қашуға көндіреді. Куску бойжеткеннің сиқырына қарсы тұра алмай, Тунупа мен жаңа туған балдырғанын тастап кетеді. Тунупаның қайғысында шек болмай, көз жасы ана сүтімен араласып, Уюни ақ сортаңы пайда болады-мыс. Содан бері боливиялықтар үшін бұл көл құдіретті ана Тунупаның есімімен тығыз байланысты әрі қасиетті.
Аспан мен жер тұтасқан Уюни даласында машина зырлап келе жатты. Тунупа ананың көз жасы араласқан көл беті ақсораңдана кілкиді. Жүргізушінің айтуынша қонақүйге жеткенше бірнеше сағат бар. Көкірегіме аппақ даланың суретін салып алғым келіп терезеден жанталаса қарай беремін. Машина гүр етіп тоқтап қалды.
- Не болды?
- Жанармайын толтыра құйған сияқты едім... Таусылып қалғаны қалай енді?!
- Жаяу жүрсек қанша уақытта жетеміз?
- Күн батар шақта бұл маңда аяз болады, жарты жолда үсік шалмайын десең көлікте отырғаның дұрыс. Мен қазір көмекке шақырып көрейін – деп жүргізуші ұялы телефонын алып сыртқа шығып кетті.
Қызара батқан шуақты көргенде көл бетіне күн қонақтады ма деп қаласың. «Ғажап!» деп ойладым ішімнен. Денем тоңазып сырт киімімді кидім. Жол сөмкемнің ішінен фотоаппаратымды алып шексіз даланың әр бүйірінен бірнеше кадр жасап қайта көлікке оралдым. Жүргізуші байланыс орната алмай көліктің үстіне шығып алыпты. Телефонымдағы хабарламаларды қайта-қайта қопарып қарай беремін. Байланыс жоқ.
Ту сыртымнан біреу жылағандай болды. Есікті ашып, жүргізушіні шақыра бастадым, ешкім дыбыс бермеді. Мүмкін байланыс орнатамын деп алысырақ жерге кеткен болар деп ойладым. Бойыма қорқыныш пен белгісіздік сезімі еніп, терезеден жәутеңдеп қарай беремін. Мені осы арада тастап кетуі мүмкін емес!? Әлде өзім жол іздеуге шығайын ба? Бірақ, өлім құшқың келмесе осында отыр деп ескертті емес пе? Шамалы күте тұрайын...
Ақ сортаңнан шеткері ескі пойыздардың «мүрделері» бар. Біздің елде темір жол дәрігер орнына болатын. Пойыз өтіп кеткен соң темір рельстерге ауырған жеріңмен жата қалсаң құлан таза айығып кетесің.
Силеса екеуіміз қуырылған жүгері жеп, рельс бойымен ақырын жүре бердік. Ол түсі кете бастаған көйлегінің жеңімен маңдайын сүртіп қойды. Қанша ыстық болса да сұрлана біткен өңі ажарын сақтап қалатын. Ал менің қит етсе екі бетімнің оты шығып, қызара қалатыны есіме түсіп, ұялып кеттім. Силеса жүгіріп барады. Мен жүгері қалдығын тастап, оның соңынан жүгірдім.
- Тоқта деймін! Қайда барасың?!
- Тезірек жетіп ал! Станциядан қазір пойыз өтеді.
Пойыз зулап барады. Силеса екеуміз барлығынан бұрын жеткенімізге қуанып рельстерге жата қалдық.
- Сенің қай жерің ауырып қалды?
- Білмеймін... Түні бойы ұйқым келмей, тоңып шығамын. Таң ата терлеп, әрең дегенде көз ілемін. Күндіз ештеңе болмағандай...
- Силеса, әкем бұның бәрі алдамшы дейді. Қаладағы дәрігерге көрінсең жақсы болар еді.
- Оған көп ақша керек емес пе? Одан да «тегін, темір дәрігерден» емделгенім дұрыс, - деп ол болмашы жымия салды.
Мен үндемедім.
Әр кеш сайын, соңғы пойыз өткен соң рельс бойына жиналған балалар Иссур қарттың ертегілерін тыңдайтын:
- Жерден мыңдаған жарық жылындай қашықтықта Белерофонт атты ғаламшар бар. Ол өзінің жұлдызын төрт күнде айналып шығады екен, - деп қолындағы шамын бізге төндіре қалатын. Жер Күнді үш жүз алпыс бес күнде айналатыны белгілі, ал, енді Белерофонттың жылдамдығын елестетіп көріңдерші?! Ол тым жылдам жылдам, әрі қатал. Жаңбыры темірден жауады. Ондағы жауыннан әлемдегі ең мықты металлдан жасалынған қолшатыр да көмектеспес еді!
- Бұны сіз қайдан білесіз?
- Барлығы ұйқыға кеткенде жұлдыздар маған әңгіме айтады. Олар өздерінен тым қашықтықта, еш жұлдызы, еш серігі жоқ диуана күй кешіп жүрген планемо-ғаламшарларды аяйтындарын, солардың ішіндегі ақсақалы, Мафусаил ғаламшарына қорған бола алмағандарын өкінішпен айтады. Оның қараңғы түнекте жападан жалғыз ұшып жүргеніне он екі миллиард жыл болыпты. Ешкім де оны өз орбитасына қосқысы келмейді, жас ғаламшарлар өздерінің күші тасып тұрғандықтан ғарыш жолынан ығыстыра шексіз түнекке итеріп жібереді. Кезінде оның да қайраты мол күндері болған. Көлемі біздің Күннің екеуіндей еді дейді...
Көңілім әлденеге құлазып кетті. Силеса Иссур қарттың жүзіне қадала қарап қалыпты. Мен оның білегінен түртіп, көңілін өзіме аударғым келді.
- Құс жолында жүздеген миллиард жұлдыз бар. Ал ғаламда біздің галактикадай тағы миллиардтаған галактикалар бар. Бірақ, солардың ішіндегі ең ерекшесі ЕЁ. Ол Жердің егіз бауырындай. Оған жету үшін адамзаттың бүкіл ғұмырын қосып, super-адамды аттандырсақ та жетпес еді. Оның бетін үш ай теңіз алып жатады, қыс айларында мұз қатып, Арктикаға ұқсап қалады. Жазғытұры еріп, топырағы көрінеді. Жұлдыздар оны біздің Жерге ұқсатады...
Силеса тізесін құшақтап, тозыңқыраған резина аяқ киімін шұқылай береді.
- Не жайлы ойланып отырсың?
- Иссур қарттың айтқандарына сенесің бе?
- Әрине, сенемін. Кейбір сөзі ертегіге ұқсап тұрса да, шындыққа балаймын.
- Оның қайдан, қалай келгенін де білмейміз деп әкем айтып еді. Шынымен де, Құс жолынан тысқары ғаламды көрген жеті ғарышкердің біреуі болып шықса ше?...
- Мына сөзің шынымен ертегіге ұқсап кетті. Олардың барлығы да Андромеда тұмандығына сіңіп кетті емес пе?
- Білмеймін... Күмәнім бар. Олар бізді алдап отырған секілді. Иссурдың ертегілері әсте қиял әңгімелеріне ұқсамайды. Сен, расында, Глиза581-де, не ЕЁ-да адамдар жоқ екеніне сенесің бе?!
Мен не дерімді білмедім.
Силеса теріс қарап жөтеліп алды. Артынша қанды түкірігін байқап, ішімнен бір жамандықты сездім.
«Spotlight, uh, moonlight...» әуені құлаққабымда қосулы. Жол сөмкемдегі коки жапырақтарын көрейінші деп аузыма бір түйірін салдым. Еш дәмі жоқ. Тағы да бірнешеуінің дәмін татып, шай жапырағымен ұқсас екенін байқадым. Тунупа ананың еңкілдеп жылаған дауысы естілгендей болды.
Иссур қарттың пульсар-ғаламшарлары ойыма келді. Қызыл алып жұлдыздардың жарылысынан соң олардың ядросы ғана қалып, ғарыш кеңістігіне радиацияланған сәулесін шаша, өз әлемін құрады-мыс.
Силеса қайтыс болған түні аспаннан үшінші жұлдыздың пульсарын көрген едім.
- Силесаның Мафусаил қарттың жанына кеткеніне сенімдімін, - деді Иссур қарт менің шашымнан сипап.
- Сіз, шынымен, сол жақта да өмір бар екеніне сенесіз бе?! – дедім өксігімді әрең басып.
- Әрине, қарағым. Мені жұлдыздар алдауы мүмкін емес, олар Силесаны да, Мафусаилды да жалғызсыратпай бір орбитаға орналастырғанына күмәнім жоқ. Тунупа ананың жаны да сол тұмандықтардың бірінде болса керек. Сен қасиетті анаға сенесің бе?
- Мен ғалам құпияларын білмеймін, тек Силеса еш ізі қалмай, мүлдем жойылып кетсе ше? Оның жаны да, тәні де бір болып, ғарышқа самғай алмай қалса ше?!...
- Жұлдыздар алдамайды, алдауы мүмкін емес...
Жұбана алмай жылай бердім. Иссур биязы үнімен сөзін жалғады:
- Егер Силесаны көргің келсе, Уюни ақ сортаңына түн ауа жет. Көл бетіне жұлдыздар жамырай қалғанда Силесаны бірден байқайсың. Ол мүлдем басқа кейіпте болуы мүмкін. Әйткенмен, нақ өзі. Тек, оны көру үшін бір шарт бар: сенің жаның бақытқа толы болуы керек. Мына түріңмен сен ештеңені де көре алмайсың.
Иссурдың айтқанын тыңдамай талай рет Уюниге жетіп, көл бетіне қарай беретінмін. Дегенмен, Силесаны еш көре алмадым. Ол кезде төртінші жұлдыздың пульсары енді ғана жарық беріп келе жатыр еді...
Иссур қарттың ғарышқа аттанғанына да жиырма жыл болды. Жетсе егер, солай деп сенсек егер...
«Change» әні аяқталып қалды. Жүргізуші көлік есігін тарс жапты. Мен қалың ұйқыдан оянғандай селк еттім, аяздан жүзі домбығып кетіпті. Біраз жер жүріп келгенге ұқсайды. Жол сөмкемде жатқан коки жапырақтарын ұсындым, ол бас тартты. Мен тағы да бірер түйірін аузыма салып, шайнай бастадым.
- Жиырма минуттан соң көмек келеді. Әзірге осында отырғанымыз жөн.
- Менің сыртқа шығуым керек. Алысқа кетпеймін, уайымдама, - дедім есікті жауып жатып.
- Жарайды.
Көктен Проксима Центавраның әлсіз жарығы шуақ төгіп, жымың қағады.
«Sad» әні басталып кетті. Жақын жердегі төбешіктерге қарай аяңдай бердім. Табан астында жарқыраған айдыннан Силесаны тапқым келіп, тізерлей отырып, ақ сортаңды қаза бастадым. Тырнақ ұшынан қан кетсе де, тоқтағым келмеді. «Мен бақыттымын, Силеса!» деп айқайлағым келді. Көзімді ыстық жас жуып, ештеңені байқамадым.
Ту сыртымнан Тунупа ананың ыстық алақанын сезіп, жерге құлай кеттім. ЕЁ-да бейбіт өмір кешіп жүрген Силеса мен Мафусаилды көрдім, алысырақта Иссур қарт ертегі айтып отыр. Бұндай бақыт болар ма!? Қол бұлғап өзіме шақырғым келді.
«Falling down» әні қосылды. Ерніме жабысқан тұз қиыршықтары ашытып күйдіре бастады. Жүргізуші көтерген күйі көлікке әкелгенше, кокидың соңғы түйірін аузыма салып үлгерген едім...
Бөлісу: