Ақ пен қара
Қара шаңырақтың ішінде терең ойға батып, бір қара кемпір отыр. Алдындағы шайы да суып қалған сияқты. Оны қайта газға қойып, терезеге қарағаны сол еді, қайтадан естеліктердің жетегінде кете берді. Ол кезде сондай жас еді ғой. Тұла бойы тұнған күш, біреуге көмектескісі келіп, қолынан келгенше адамдарға жәрдемін аямайтын. Өзі дәрігер бола жүріп, ем қабылдап жүрген шалдың баласымен танысты. Кейін келе екеуі отау құруға бел буысты. Жолдасының мінезі ашық, қолындағы барын шашып жіберетін, өте ақкөңіл жан еді. Екеуі шаңырақ көтерген соң, бәрі өз ретімен дөңгеленіп кете берді. Жұмысты істеп жүріп, бұл да жарық дүниеге екі ұл мен екі қыз әкелді.
Сірә, шіркін адамның мінезі өзгермейді екен ғой. Жолдасы баяғы қаз-қалпы, қолында болса барын шашып, тасып жүретін. Қасында жолдастары да көп болатын. Екеуінің жастары шамалас тұғын. Жастары отыздан асқан тұста бұл жолдасының бойынан бір өзгеріс байқады. Баяғыдай емес жолдасының мінезі өзгеріп, тұйықталып шыға келді. Бірде бұл балаларын алып, төркіндеп келуге кеткен. Төрт баласы барған жерінде сыймай, сол үйдің ұл-қыздарымен шоқысып қалып жатты. Сөйтіп ол үйіне ерте қайтып кетті. Сол мезет оның көз алдында мәңгі қалып кетті. Үйіне келгенде жолдасының басқа біреудің құшағында ұйықтап жатқандығына куә болды. Ең сорақысы, жанына батқаны өздерінің қара шаңырақтарында, ақ төсектерінде жатуы еді. Бұдан артық сезімді, махаббатты, намысты таптауға бола ма? Екеуі ұзақ керісе келе, ол балаларын алып төркініне кетіп қалды.
Кейін жолдасының сол әйелге үйленгенін естігенде одан бетер зығырданы қайнады. Аз ғана уақыттың ішінде ол әйелде бір қызды дүниеге әкеп үлгерді. Шиттей бала-шағамен қалған бұл мойымады. Қайта соған ерегісе, намысқа тырыса ұл-қыздарын ең мықты деген мектептерге беріп, бәрін аяқтандырып шығарды.
Бәрін көріп, теңестіріп, таразыға салып отыратын бір – Алла. Көп ұзамай жолдасы жаман ауруға шалдығып қайтыс болды. Оның артынша сол әйел екеуінің қыздары да жазатайым оқиғадан қайтыс болды. Заңғардай тамда сол әйел жалғыз өзі тұрып жатыр деп ұзынқұлақтан еститін. Өкінішті, әрине. Ал, ол алақандай болса да іші қуаныш пен шаттыққа толы үйде өмір сүріп келеді.
Бөлісу: