Көңілсіздеу кештерде күбірлесіп...

16.02.2019 5095

Сыр...

Досым!
Бүгін жасар жұмысыңның бәрін ретте,
Сосын,
тыңда мені.
Мен түкірдім лағынетке.
Қызыл қанмен жазылар жырларымның
Көк сия боп қалуы әділет пе?

 

Досым!
Бақ пен сордың лайын тең ішкенмен,
Қуанышпен мұңайып көріскенмен.
Жеңілістен тұратын жеңістерден,
Шегіністен тұратын еңістерден-
Өтуге саған уәде.

 

Досым!
Аңсағанмен көктемді қауыз жарған,
Мен қорқамын аңыз болған абыздардан,
Қабырғамда тықылдаған жауыздардан.
Темекіге құшырланған ауыздардан...

 

Досым!
Сыр аша алман күнде саған,
Күнді қойшы, келеді кімге шамам.
Жарықтары сөнбеген сығырайып-
Таңы атпас түнде қалам.

 

Досым!
Ызыңдайды ырғалып шыбық-талдар
(Қызық жандар...оларға қызықпаңдар).
Өлеңімді оқып тұрып, өзім жайлы-
Өзің жайлы ойлауды ұмытпаңдар...

 

 

Сыбырлап оқы...

Бұл өлеңімді сыбырлап оқы,
Сыбырлап оқы ішіңнен.
Жан болсаң мені түсінген.
Самал жел болып, жапырақтармен тербеліп,
Оятам түнде түсіңнен.

 

Бұл өлеңімді сыбырлап оқв, сыбырлап оқы жай ғана,
Көрсетпе тіпті айға да.
Тағдардан берген тамаша қызық сәттерді,
Тастап кетуді ойлама.

 

Бұл өлеңімді сыбырлап оқы, үніңді іштен шығармай,
Жаныңда сақта тұмардай.
Білсең ғой досым, бұл өлеңімді сен түгіл,
Өзім де жүрмін ұға алмай.

 

Бұл өлеңімді сыбырлап оқы, сыбырлап оқы жатарда,
Жарығы айдың батарда.
Қияметтерден жер бетіндегі аулақ боп,
Қиялың жетпес кетесің алыс сапарға.

 

Бұл өлеңімді сыбырлап оқы,
Сыбырлап оқы ішіңнен.
Жан болсаң мені түсінген.
Еңсеңді басып, езіліп бара жатқанда,
Оятып кетем түсіңнен.

 

 

 

Мен де...

Мен де жақсы көргенмін сендей бәрін,
Күңіренген кеудемде сөнбей жалын.
Табыстырып,
қайтадан талыс еткен,
Тағдырыңда нендей күш,
Нендей дарын?
 

Мен де жақсы дейтінмін барлық адам,
(Жақсы ойлау да еді ғой мәнді қадам).
Аяз түнде сан соғып адасқанға,
Айна ішінде айқайлап, шам жылаған.
 

Мен де жақсы едім ғой өзің сынды,
Ал, содан соң,
Күш көніп, төзім сынды.
Барлық ғұмыр өтеді бақытты боп,
Барлығы да бақытсыз кезің сынды.
 

*******************

Өмірдің миуалы бағына қонақтап,
Үзілген бағытқа адымды мол аттап.
Шығыста туылып,
Жұмыстан келемін.
Артымда-көк түнек, алдымда- жол аппақ.

 

Қарқылдап қарға күз, қарғайсың несіне,
Түлкіде кетті ғой сендегі несібе.
Мендегі - бір жүрек және де бір өлең.
Алмаймын көсіле, алмаймын шешіле.

 

Тысқары тебетін, қысқалау еңсені,
Алматы қалайша ұнатқам мен сені?!
Қасаңдау қабақтан, жасаңдық байқаса,
Анашым күлімдеп, «жасыма» деуші еді.

 

Жерінген айнала, қасынан досынан,
Қайыршы көшелер күйіне қосып ән.
Тұрады өгейсіп, өзінше бөлектеп,
Айтшы енді асылым,
қалайша жасыман?

 

Өлшеніп қойғанда, өмірдің өлшемі,
Алматы қалайша сүйгенмін мен сені?!
Мұнар күн ашылса, тағы да анашым:
«Өмірдің өзіндей өтпелі» деуші еді.

 

Бозөкпе көңілде тұтанса білте мұң,
Әп-сәтте өкпешіл жүректен үркемін.
Артымнан таяғын көрсеткен тірліктің,
Алдына шықтым да, қолымда сілтедім.

 

Р.S. Мен жұмыстан шығып қалдым...

 

 

Қимастық
(әпкеме)

Жаным-ау,

 

Қайтіп нала көңіліңе медет болам,
Бой бермейді дегеніме бөлек қоғам.
Сәл өзіме өкпелеп қалған кезде,
Дәл өзіңдей жанашыр керек маған.

 

Ізім-ғайым балалық жылдарымыз,
Ізге түсті тағдырлық сындарымыз.
Бәріміз де уақыттың жауларымыз,
Бәріміз де бақыттың құрбанымыз.

 

Сеземін деп басқаның айтар әнін,
Кеземін деп омалған ой торабын.
Сүремін деп мағынасыз бұл өмірді,
Көп тағдырдың біреуін қайталадым.

 

Көңілсіздеу кештерде күбірлесіп,
Үміт іздеп, өлместің күнін кешіп.
Арманым жоқ деймін мен арман ғылып:
Сен Бақытты жүрсең ғой ғұмыр кешіп кешіп.

 

Жаным,ау!

 

Жар бермей жүр айтқаныма сараң қоғам,
Түк керек жоқ, түсінсең маған одан,
Бағытынан адасқан жұлдыздардай,
Түнде шықсам, сені ойлап, алаң болам.

 

Абай болшы өзіңе!

 

***************

 
Тесіле қараймын төбеге,
Аспанда жұлдыздар самсайды.
Жүрегім күмілжіп немене?
Жалғаннан мұңлығын аңсайды.


Жұлдыздар-секілді жайсаң ой.
Қыз тіккен орамал кестелі.
Алдымнан құшағын жайса ғой,
Армандай ескі күн естегі.
 
 
Болмайды жұлдыздар сөнуге,
Жарқыра аспанның шырағы.
Бір ару келгенде өмірге,
Бір ақын ғашық боп туады.
 
 
Шығармай даусымды қардыққан,
Сүйем деп айтуға шыдам жоқ.
Жалғыздық-ұлылық,
Сондықтан-
Әлемде әзірге сыңар жоқ.

Бөлісу: