Жұмекеннің күнделігі. 8-9-тамыз
Кітапханаға бардым. Кітаптардың қойылу, жиналу тәртібі қызық екен: Абай, Ахтанов, Ахметов т.б. тәрізді фамилия мен ат шатыс, бәлкім заңды да шығар. Өйткені, Абайды Құнанбаев деп, /баспадағылар / кітаптарының мұқабасы / болмаса ешкім айтпайды ғой. Сондықтан Сейтжан Омаровтың кітаптарының «С»-да да, «О»-да да жүргенін кешіресің. Бірақ көбіне-көп әріптердің бұзылғаны және «А» тобында «Қ»-ның, т.б. әріптерден басталатын есі - фамилиялардың басқа бір әріп тобында жүргені көзі үйренбеген кісіге ерсі екен. Түк береке жоқ. Кафканы «Переводы с французского» деген жерден таптым: Кафканың аты Франц қой. Содан ол Австриясын тастап, Францияға көшіпті.
Менің бұл жазбаларым күнделік те емес шығар. Бірақ мұндайды жазуға бір дағдыланып алған кісі – қоя алмайтын болуы кәдік. Өйткені әр күннің бір-бір бет ақ парақ сықылды – толтырғың келеді де тұрады екен. Мен де солай болып барам. Мәселен, бүгін – 8 август күні – не болды, не жазам? Ештеңе де болған жоқ. Айтпақшы, маған асханаға өз аяғымен барып тамақ ішуге рұқсат етті. Бұ да әрине мен секілді әр адымын санап алып жүрген кісі үшін, оқиға. Әйткенмен, бұл жазуға татитын оқиға емес. Жазуға тату үшін оқуға тату керек. Менің тамақты қайдан, қалай ішкенім кімге керек дейсіз!
Ж.Нәжімеденов
Бөлісу: