Қазіргі драма

20.02.2019 7427

 


Драматург Серік Асылбекұлы шығармалары туралы сөз болғанда жазушының шығарма жазу барысында алған тақырыбын игеруге көп дайындық жасайтынын, көрсеткен оқиғасын іштей әбден жетілдіре жүріп, өмір ағымын терең зерттей келе қолына қалам алатынын байқауға болады. Бұған қаламгердің соңғы жылдары жазған бірнеше пьесасы дәлел. Мұнда шығармаға арқау болған оқиғалар өмірде айналамызда болып жатқан, қазіргі қоғамның даму барысында пайда болған қарым-қатынастан туып отырады. Жазушы өмірді зерттей жүріп қоғамның даму барысынан, оның ағымынан қалып қоймай сол уақыт көтерген мәселелерді дәл байқап, елеп-екшеп, оқырманға ойландырарлық оқиғалар арқылы қызықты етіп ұсынады.

 

Қазіргі драмалардың көпшілігі шағын көлемді, онда суреттелетін оқиғалар да осы шағын көлемге лайықталған. Мұндай шарттылық С.Асылбековтің пьесаларында да сақталған. Қаламгердің әрбір пьесасында оның өз айналасындағы өмір сүріп жатқан замандастар жайындағы толғанысы сөз болады. Қоғамның өзгеруімен бірге адамның рухани өмірі қаншалықты өзгеріске түсетінін оқырман осы пьесалардың қамтыған  тақырыптарынан жіті аңғарады. Бұл тақырыптан қызықты болатындай не шығар дейсің деген тұстың өзінен жазушы түрлі оқиғаларды тауып, сол кіші-гірім нәрседен әлеуметтік мәні бар ой түйерліктей мән-мағына шығарып алады.

 

Ең алғашқы пьсасында мектеп оқушысын кейіпкер етіп, оның алғашқы сезім шырғалаңына түсуін, ақыры бұғанасы қатпаған жасөспірім қыздың  балалықпен өмірмен қоштасу оқиғасын көрсеткен жазушы сол арқылы бірталай әлеуметтік мәселе көтерген болатын. Бұл туралы кезінде баспасөзде де терең талқыланып, ол жайлы мұғалімдер мен тәрбиеші ұстаздар, жастар ой қозғап осы төңіректе баспасөзде  бірталай пікір білдірілген. Осы алғашқы «Рабиғаның махаббаты» пьесасы жасөспірімдер театрында біраз жыл сәтті  қойылым болды.

 

Жазушы тәуелсіздік кездің алғашқы кезіндегі өзгерістерді де жіті зерттей келіп бірнеше пьсалар жазды. Соның бірі «Күзгі романс» пьсасы. Шығарма әдеби бәйгеде арнайы сыйлыққа ие болды. Енді пьсаның тақырыбы нені қозғайды, несімен тартымды, бүгінгі өмірге, қазіргі оқырманға қандай азық береді деген сұрауларға жауап іздеп көрейік. Пьесаның М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында қойылуы оның табысты шығарма болғандығын айғақтайды. Көрермен тарапынан оң пікір алған шығарма жайлы мақалалар да шықты. Онда жазушының қазіргі күн тақырыбына  бойлай білген шеберлігі туралы да сөз болады.

 

«Күзгі романс» пьсасының кейіпкерлері санаулы ғана. Былай айтқанда екі отбасының тағдыры көрсетілген. Жазушы мұнда елеусіз нәрседен оқиға тудырып, оны өзіне тән психологиялық шеберлікпен өрбітеді. Пьесаның бас кейіпкері Сайлау деген театр режиссеры. Оның әйелі Назым кәсіпкер, іскер әйел. Сайлауға Назымнан гөрі Сюзанна жақын. Ойда жоқта стадионға достарымен барғанда танысқан оқытушы әйелдің өмірі оған қызықты. Өзін осы танысымен әңгімелескенде жайлы сезінеді.
Сюзаннаның күйеуі– кәсіпкер. Ол да әйелінің мұғалім болғанына, байлық, мол табысқа ұмтылмай қоңыртөбел өмір сүруіне көңілі толмай жас әйелге үйленіп кеткен. Арада неше жыл өтіп, Сайлау мен Сюзанна көңіл қосқан шақта әйелін қайта іздеп келеді. Өзінің өткендегі қателігін түсініп, әйелінің алдында кешірім сұрап арылмақ. Сөйтіп, өмірді қайта бастамақшы. Бұл шешімі әйелінің де енді Сайлаумен жарасып, тұрмысын өзгертейін деп жатқан тұсқа дәл келеді. Сөйтіп, Әлібектің бұрынғы пәтерінде үшеуі ойда жоқта кезігіп түйіседі. Бұл кездесу адасып, енді есі кірген адамдардың көзін ашқандай болады.

 

Әлгінде Сайлаудың көңіл білдіргеніне қуанып отырған Сюзанна күйеуі келіп араға киліккен соң екі еркектің арасындағы кекесін, қақтығыс, ерегістен қорқып қалады. Екі оттың арасында қалған әйел ойда жоқта жолы түйіскен жігіттерді үйлеріне қайтарумен пьеса оқиғасы аяқталады. Мұның алдында ғана күйеуінің бөтен әйелмен басқа подьезге кіріп бара жатқанын көріп, үйге келген соң тергеуге алып, ақыры қолына чемоданын ұстатып, үйден қуып жіберген шалт мінезді Назым қан қысымы көтеріліп бұл кезде ауруханада жатқан. Оның жайын айтып, үйіне звондаған қыздың дауысында мұң мен шарасыздық бар. Бұл Сюзаннаның жүрегіндегі аяушылық сезімін оятып, ол Сайлауға үйіңе қайт деп жалынады. Балаларына баруын сұрайды. Бұдан бірер сағат бұрын «үйге қайтпаймын, енді сенімен болғым келеді», –деп шешкен Сайлау жағдайдың қалай өзгеріп кеткенін өзі де байқамай қалады.

 

Сайлау ақкөңіл, қулығы жоқ сезім адамы. Пьеса басталғанда күз уағы. Даладан тоңып келген ол әйеліне сөйлей кіріп, киімін шешкен соң қарны ашқанын айтады. Бұл кезде ашулы Назым жарылардай болып тұрған. Оның бірінші сөзі «Ух, жулик, а, жулик!.. Еще ұялмай тамақ сұрайды бұл, ә?!»–деп ызамен қарсы алады. Бұл жағдайға себеп болған Назымның күйеуін басқа әйелмен бірге бөтен подьезге кіріп бара жатқанын көріп қалуы.

 

Бірақ Назымның кекесін толы, улы сөздеріне Сайлау назар аударып жатқан жоқ оған еті үйреніп кеткен сияқты. Негізінде осы жерде шынында да бүлініп кеткендей ештеңе де жоқ еді. Өзі де айтып бермекші болып Сюзанна екеуінің арасындағы қарым-қатынас жайлы әңгімелей бастағанда Назымның төбе шашы тік тұрады. Ал, Сайлау үшін бұл әшейін достық қатынас, кәдімгі сыйласым ғана. Бірақ соның астарынан әлдене іздеген Назым әңгімені ушықтыра келіп ақыры, күйеуінің намысына тиеді.

 

Оның қолынан түк келмейтін, бос сөзден өзге ештеңені білмейтін, әйелінің арқасында дайын өмірге үйреніп алған босбелбеулігін барынша ащы тілмен шенеп, әшкерелеп бағады. Бұның тіпті, шындығы да бар сияқты. Кәсіпкер әйел қаржыны өзі тауып үй алуға, отбасын асырап, екі баланы аяғынан тұрғызуға еңбегін сіңіріп бағады. Өзі осыдан шаршаған да сияқты. Ал осы уақытта күйеуінің тым болмаса көзге түсерлік пьеса қойып, мандытып қаржы табуға мүмкіндігі болмаған дәрменсіздігін шыжғырып-ақ жатыр. Сайлауың да берісетін емес. Ішті адам. Ештеңені мойындап, өзін титтей де кінәлі сезініп тұрған жоқ.

 

Екі адамның сөзіне қарап тұрып, шынында күйеуінің осынша дәрменсіздігінен ұялмағаны қалай, қызарып тым құрмағанда рас сенің еңбегіңнің жемісі ғой деп қолдамағаны былай тұрсын, бос сөз сияқты жауапсыз қалдыруы таң қалдырады. Бұл жерде Сайлауды намыссыз, әйелге масыл болып, тыныш өмірге дағдыланып кеткен ез деуге болады. Оның жазасын ащы тілмен беріп жатқан Назым, ақыры чемоданды қолына ұстатып, үйден қуып шығады.

 

Бұл қалай болды деп ойланып жатпай-ақ Сайлау чемоданын көтеріп манағы Сюзаннаның үйіне келеді. Осы жерде тамаша үйлесімді жұптың бір-біріне деген сезімі жарасып-ақ тұр. Жасы қырықтың ар жақ бер жағындағы жас әйел бейне түлеп, нұрланып кеткендей Сайлаудың сөздеріне сүттей ұйып оны қуана қабылдайды. Қанша уақ таныс болса да олардың қарым-қатынасы сыйластықтан әрі аспағаны, бірақ бірге болса жарасымды жұп болып өмір сүріп кететіні анық-ақ. Екеуі оңаша әбден жарасып, келешекке жоспар құрып отырғанда қоңырау соғылады. Сөз арасында Сюзаннаның да ер жетіп қалған ұлы бар екені, оның шешесіне «Сайлау аға сияқты біреуге тұрмысқа шығып алыңыз, енді әкем келмейтін шығар»,–деген сөздерінен бұл отбасы жарасымды, бір-біріне лайық адамдар екенін байқалады.

 

Жалпы, Сайлау мен Сюзанна бір типтің адамы. Екеуі де романтик. Дүние ойламай бәрін біреуге сеніп тапсырып қойып жүре беруге бейіл. Сайлау өз шаруасын әйелінің мойнына артып қойса, Сюзанна бар тіршілігін күйеуі билетіп, ақыры мұны бойына шақ көрмей басқа біреумен тұрмыс құрып кетеді. Ал, Сайлаудың әйелі болса басқаға тұрмысқа шығып кете қоймағанмен өзінің тұрмысына қожа болатындай пысық әйел. Күйеуінің мына әрекеті оған шектен шыққан опасыздық боп көрінеді. Оның күйеуіне сеніп келгені соншалық, олай-былай бұрылып кетуінің өзі көзіне қылмыс сияқты көрініп, сол үшін ұрыс-керіске барады. Ақыры одан өзі зардап шегіп ауырып тынды. «Күзгі романс» өмірде жиі кездесетін отбасылық драма. Мұндай оқиғадан кейін кей отбасылар ажырасып, жаңадан отау құрып жатады.

 

Пьесада жазушы орта жастағы адамдар өмірін бірталай белестен өткізіп келіп, тұрмыс дағдысымен жасайтын түрлі әрекеттерін шынайы көрсеткен. Мұнда мұң да, күлкі де, қуаныш та, ыза да, түсіну де, топас кещелік те бәрі араласып жатыр. Ең бастысы жазушы көрерменді тартып, қызықты диалогтармен оқиғаны аяғына дейін алып шыққан. Алғаш оқиға басталып Назым күйеуін қыспаққа ала бастағанда оқырман Сайлауды жақтап отырады. Оның мызғымас орнықты сабыры, әдемі жауаптары, әйелінің тергеуіне түсіп артық сөздер естіп жатса да ашу білдірмеуі еріксіз назар аударады. Осы мінезге төтеп беріп жүрген нар жігіт екен дегізгендей. Екеуара кикілжің бітіп, қолына чемоданын алып ойланбастан Сюзаннаның үйіне келгенде оқушы көкейінде «мынау қызық болды-ау, байғұс енді қайтер екен»–деген  қызығушылық оянады. Оқушы әлі де Сайлауды жақтай түседі. Асыра сілтеп жіберген, бар намысты аяққа тастап, күйеуінің жазасын сөзбен берген Назымға әлі жіби қоятын емес. Өзіне сол керек деп, енді Сайлаудың Сюзаннамен табысып кетуіне тілектес болуға айналады.

 

Расында екеуі үйлесімді-ақ жұп. Сөздері де, әрекет, мінез-құлықтары да жарасымды. Ең бастысы өнерді түсініп, бір-бірін жақын тұтады, сағаттап сөйлессе әңгімелері де жарасады. Араларында ешқандай кикілжің орын алған емес. Осы жарасымды тағы да қоңырау үні бұзады. Бұ жолы бірінші жағдайда үйлесімді Назым бұзса, екінші жағдайда Әлібек келіп килігеді. Бұл да сөздері мен әрекеті кесек, жолына ешкім тұрғанын қаламайды. Ең бастысы қимылы батыл. Өзіне ешкімді шақ қоймайды. Бірден бойын шақтап алып, адамды төмендете сөйлеуге дағдыланған.

 

Әлібек жаңа қоғам тудырған ешкімнің, ешбір кедергінің алдында тоқтауды білмейтін, өзіне не ұнамаса, бөгет болса оны қалайда айналып өтіп, не сындырып жолынан алып тастап үйренген. Ол да Назым сияқты адамға өктем сөйлейді. Сөздері адамның өңменінен өтердей зәрлі. Өзіне бөгет қылған, қарсы келгенді төмендетіп тастағысы келіп тұрады. Әйелі Сюзаннаға да батыл. Бірақ екінші әйелі өзінен өткен алдамшы болу себепті біраз жайды басынан өткеріп, ақыры бұрынғы әйеліне опық жеп келіп тұрған беті. Соның өзінде әлі туы жығылмаған, беті қайтып біраз таяқ жесе де көкірегі басылмаған өктем.

 

Ол өзінің материалдық игілік жасаушы ролін ақша тауып жақсы тұрмысқа жетуді білумен шектеп тастаған. Бұл оның ең осал тұсы. Осы осал тұсын тағы да мықты жағынан көрсеткісі келіп, «мен ақша тауып табысқа кенелемін, өмірдің қайта бастайық» дегенді батыл айтып жатыр. Бұрын да күйеуінің мұндай қылықтарын көрген Сюзаннаға бұл жаңалық емес. Оған да өзінің жаңа танысын көрсетіп, жаңа өмір бастай алатынын дәлелдеудің сәті түсіп тұр. Өзінше аянып қалмай Сайлауды көтермелеп жатыр.

 

–Мынауың кім?!!–дейді Әлібек оны көргенде. Сөзбен кемсітіп, түйреп бағады. Тіпті көзге ілгісі келіп тұрған жоқ. Оның мұншалықты сенімдігі таң қалдырады. Бірақ жаңа танысы да қалысып жатқан жоқ. Оған тиісінше жауап қатып, қарыздар болып қалмауға тырысады. Екеуі сілтесіп, ұстасып, кіжінісіп алады. Ақыры 15 минутқа бұрынғы ерлі-зайыптыны сөйлесуге қалдырып, Сайлау таза ауаға шығып кетеді.

 

Енді Сюзанна мен Әлібектің арасындағы әңгіме шиеленісе түседі. Әйел не айтсын. Жоқ боп кеткен күйеу ойда жоқта оралды. Молшылық, бақыт әкелем деп серт беруде. Әйел екі ойда. Әлібек барлық шеберлігін салып оны өзіне қаратып алудың амалын жасап-ақ жатыр. Өте ыңғайсыз, күлкілі де, аянышты да емес шарасыздық күйдегі сөз алмасулар. Немен бітерін кім білер еді әңгіме бітпей Сайлау кіріп келмесе. Осы жердегі «15 минут уақыт берем деген»–азғана сөзге жазушы бірталай детальды сыйғызып жібереді.

 

Ойда жоқта жолы түйіскен екі азамат әйел үшін, отбасы үшін, келешек өмірлері сарапқа түсіп жатқан сәтте жанталаса әрекет етеді. Әрқайсы әйелді өз жағына қаратып алуға тырысады. Оның ертеңі не болатынын ойлап жатқан жоқ. Сөздің шешімін әйел айтады. Бұдан ары шиеленіспей тарқаудың жалғыз жолы бәрін сәл кейінге, ертеңгі күннің еншісіне қалдыру, «ойлану мұрсат бер» –деп уақыт алып оқиға финалды өзінің шешімін табады.

 

Бұдан оқушы қандай ой түйеді, қаламгер нені мақсат етіп осынша сезім сергелдеңіне салып кейіпкерлерін тартысты бәсекеге салды. Жауап біреу ғана. Шығарма арқылы өмірлік мәселелерді, адамдардың өзара қарым-қатынасын көрсету, олардың ойларын тазарту, оқырманға сезім тәрбиесін беру, өмірді түсіне білуге үйрету сияқты театр өнерінің мызғымас көркемдік-эстетикалық мақсаттары оқиға барысында өзінің қойған межесіне жетіп, алға қойған міндетін артығымен орындап шыққандай көрінеді.

 

Осы оқиғаларға қазақ баласының бойына сіңген ұлттық мінез-құлық тұрғысынан келетін болсақ, оқырман ойында қалыптасқан жағымды жайттардан гөрі көзге ұрып тұрған бөтен әрекет, жүре келе жұққан жат қылықтар кейіпкерлердің бойында баршылық екен. Әдетте, отбасында бір-бірімен түс шайыспайтын, үнемі тату тұратын жандар жетерлік. Тіпті кейбір отбасында бұдан да өткір оқиғалар орын алып жатады. Алайда бұрынғы ата қазақтан қалған жөн-жорада отбасында мұндай кіші-гірім оқиғаларды шыныаяқ шылдырамай тұрмайды деп қараған.

 

Мына жердегі кейіпкеріміз болса маңына адам баласын жолатпай, ұшып аспанға шығып, ұшып жерге түсіп жүр. Ешкіммен ақылдасып та жатқан жоқ. Мынауым қалай болды деп ойланып жатпайды. Басына келген ойларын күйеуіне айтып салды да оның бар мінін тергіштер мойнына қамыт ілгендей  алды артына қаратпай қуып шығады. Бұл жерде әрдайым тоқтамды, әр нәрсеге байыппен қарайтын қазақ әйелінің сабыр, кішілік мінезі туралы айтып та үлгірмейсің. Иә, екі кейіпкер де қала адамы болып, жаттанып кеткен. Олардың тіпті, мына оқиғадан кейін баратын жері де жоқ. Пьесада бірер досын атайды. Ал, туыс атаулыдан екі жақтан да ешкім байқалмайды. Екі отбасы да ортасынан, туыстарынан, достарынан жырақтап кеткен.

 

Олардың жалғыздығы бір күні болмаған, біраз жылға созыла келіп, екі адам арасын жалғап тұрған жіп үзіліп барып қайта жалғанады. Жазушы мұны жіті байқайды. Туыс, достар туралы да тіс жармайды. Өз әлінше мен деп өмір сүріп жүрген отбасына білгенін істеп күн көруге мүмкіндік береді. Пьесаға қатысқан кейіпкерлердің сөздеріне, қарым-қатынастарында оқыған дерлік білімді, мәдениетті адамға тән белгілер жеткілікті. Бірақ істеп жүрген әрекеті әлгіндей.

 

Иә, бұл отбасылық драма. Өмірде болып жататын, адамдардың өзінің мінез-құлқына, іс-әрекетіне басқаша қарау керек екенін оңашада сезінуге мұрша беретін, соған итермелеп әкелетін әдеттегі жағдайлар. Бірақ мұндай шарттылықты олар қажет етіп тұрған жоқ. Қолындағы барын бағалай алмай жатып, басқа бақыт құсын алақанына қондыра қойғысы келеді. Осы сәтсіз тірліктерінен сабақ та алып жүрген жоқ.

 

Оңаша ойланғысы-ақ келеді. Ең соңында тағы да соған уақыт алады. Бірақ бәрі ақыры бұрынғыша қалады. Олар өздеріне бірдеңе жетпей тұрғанын біледі. Әйтсе де оның не нәрсе екенін таба алмай жүр. Пьесаның ең соңынан да сол іздеген мейірім, жас қыздың жыламсыраған дауысы болып естіледі. Манадан бергі айқай да, талас-тартыс та жеңбеген тас жүрек менмендікті әкесін іздеп телефон соққан қыздың дауысы жібіткендей болады. Пьеса соңында бәрі орнына келеді.

 

Адамдар қатынасы шайқалып барып, бұзыла жаздап, қирап-шатынап барып орнына келгендей. Енді бұдан ары олардың қатынасы қалай болары әлі белгісіз. Бірақ дәл бұрынғыдай болмасы анық. Бұл драмалық тартыстан кейін түйген ой. Көрермен де солай ойлары хақ. Осындай драманы көрген соң талай көрермен өзінің бастан кешкен сезімдерін осы мінез, оқиғалармен салыстырып байқайды. Жазушы қоғамды орын алған талай бір қарағанда елеусіз нәрселерді алып шығу арқылы көрерменді толғанысқа салады. Бұл өнер парызының орындалғаны, оның алға қойған мақсатын абыроймен жүзеге асыра алғаны.

 

Театр сахнасында көбіне небір тарихи оқиғаларға қатысты үлкен драма, трагедия толы шығармалар қойылып жатады. Сол оқиғалар ішінде адам сезімдері алға шығу орнына оқиға, әрекет, түрлі сахналық көрініс тасасында тығылып көрінбей қалатыны өкінішті. Драматург С.Асылбековтің үлкен әлеуметтік оқиғаларды көтеріп жатпай-ақ күнбе-күнгі қатардағы қызмет адамдарының тыныс-тіршілігі арқылы талай психологиялық тартысты, өз бойында тығылып жатқан өзімшілдікті жеңе алмай, сол қылықтарынан зардап шегіп жүрген адамдардың қылығын шығармаға арқау еткен.

 

Өмір ағысын тынбай бақылап, айналаға жіті зер салып қараған шығарма адамына не жазса да, оны қандай оқиға үстінде суреттеп қөрсетсе де мүмкіндік атаулы жеткілікті. Бұл жерде тек талант қана емес, қаламгер үшін қоғам өмірін, адамдардың тіршілік күйін зерттеп соны түсіне алатын, оларды толғандырған мәселелерге назар аудара білетін өміршең көзқарас қажет. Драматург үшін ешкім де «сен мынадай тақырыпқа шығарма жаз»,–деп бұйрық бере алмайды. Бірақ түрлі тақырыптарды ұсына отырып уақыт өзі қаламгерден кейде қоғамға керек нәрселерді талап етіп жататын уақыттар кезігеді.
Түрлі конкурстар, әлдебір тарихи даталарға байланысты өткізіліп жататын фестивальдер кезінде осы уақыт ұсынып отырған тақырыптардың өтімді болатыны бар. Кейде қаламгерге қоғамда пайда болған жаңа өзгеріс көптеген кейіпкерлерді белгілеп алға шығарып, мынаны жаз деп ұсынып көрсеткендей болады. «Түнгі романстағы» Назым, Әлібек сияқты іскер адамдар осындай уақыт тудырған кейіпкерлер. Кейін осы кейіпкерлердің қатары жазушының «Империядағы кеш», «Қазақша ашылып сайрау» атты пьесаларында кеңейе дамып, қимыл-әрекеттері де бұрынғыдан  ширай түседі.
 

Демек жазушы уақыт тудырған кейіпкерлердің мінез-құлқын зерттеуді жалғастырып келеді дегенді қайталап қоюдың артықтығы жоқ. Себебі көптеген қаламгерлер біз жаңа пайда болған адамдардың арасына барған жоқпыз, олардың өмірі біз үшін беймәлім. Сол себепті оларды жазуға уақыт керек дейтін дәлел айтады. Бірақ суреткерге ешкім «сен мынаны жаз» деп оларды белгілі қоғамдық ортаға жетеліп апарып, зертте деп сол ортаға енгізіп қоймайтыны анық. Қай елде де қандай таланттар болсын сол қоғамның ең керекті, маңызды мәселелерін өздері тауып көтереді. Сол үшін ізденіс жасап, әдебиет тарихынан рухани ұқсастықтар тауып, өздері көрмеген нәрсені шығарма адамына тән қиялмен толықтырып деректер табады.

 

Міне, драматург С.Асылбековтің пьесаларында пайда бола бастаған кәсіпкер, өз еңбегімен шылқып табыс табушы адамдар бейнесі өздерінің түрлі мінез-құлқымен әдебиетіміздің қатардағы кейіпкеріне айналып отыр. Бұл үшін қаламгерге оқырман риза. Себебі театрға барған көрермен болсын, кітап оқыған оқырман болсын сол көрген, оқыған нәрсенің күнделікті өмірмен байланысты болғанын қалайды. Өмірде кездеспейтін, шындыққа жанаспайтын оқиғаларды суреттеп, жасанды кейіпкер әрекетін көрсетуді драматург те, режиссер де қаламайды және оны өнер сүйер қауымнан талап ете алмайды.

 

Қай заманда да театр сахнасы, көркем әдебиет суреттері әрдайым өмірдің қайнаған оқиғаларын берумен өміршең шығарма тудырады. Осы суреткерлік көзқараспен өмірлік оқиғаларға терең бойлау арқылы ізденіс жасап келе жатқан қаламгер осы тақырыптарға бірден келе қалған жоқ. Оның көркем әңгімелерінде де өмірдің әр қиырына көз жүгіртіп, еңбегімнің жемісін қалай көрсем деген кейіпкердің рухани ізденістері үнемі көрініс тауып отырады.

 

Демек бұл жазушы үшін бір күнде бола қалған, ойға келе қалып жаза салған нәрсе емес. Жазушы оны жылдар бойы ойында сақтап, өмірден көрген-білгенін, оқыған-тоқығанын зерделеп, елеп-екшеп толықтыра жүріп еңбек еткен деген сөз. Кейіпкер дегенде жаңа заман адамдары көзімізге жылы ұшырай кетеді.

 

Осы әмияны ақшаға толы, зәулім үйлерде қоныс тепкен, шетелдік небір қымбат көлік мініп, қымбат мейрамханадан ас ішетін жаңа қоғам адамдары әдебиет, кино, театр үшін осыдан 15-20 жыл бұрын жаңалық еді. Оның небір көріністерін орыс кино сериалдарынан көріп, біздің теле сериал жасаушылар да ұзақ сонар сериалдар түсіргендері есімізде. Дәл осы кезде кәсіпкер, жаңа адамдар бейнесін әдебиетте бейнелеу деген мәселе көтерілгені бар. Бірақ оған үн қосып, осы туралы көркем шығарма жазғандар сирек. Болса бірен-саран ғана.

 

Әдебиет жүзінде алғаш көрінген кәсіпкерлер көбіне елді алдап байыған, оларды жұмыс берем деп ақыры барынан қағып, қазына байлығын шашып жүрген қоғамға жат мінезді, обыр, рухани жағы жұтаң болып келетін. Мұндай жағдай көбейе бастаған кезде кәсіпкер адамның жағымды бейнесін жасау да қоғамдық мәселеге айналып, олар жайлы түрлі конкурстар ұйымдастырылғаны есімізде. Бұл тақырыпқа тіпті мемлекеттік тапсырыспен сериалдар да түсірілгені белгілі.

 

Жаңа заман адамдары туралы бейнеленген оқиғалар арасында драматург С.Асылбековтің «Империядағы кеш» атты драмасы да көрнекті орын алады. Мұнда да жазушы санаулы кейіпкер арасындағы қарым-қатынасты суреттеу арқылы бірталай жайттардың бетін ашқан. Өз ортасында алғашқы боп кәсіппен айналысып, кейін ресторан иесі болған ауқатты адамның енді сол ортаның ауа-райына әсер ете бастаған мінез-құлқы әшкере болады. Драматург кәсіпкердің бұрын немен айналысқанын, оның кейбір қылмыстық әрекетін шегіністер арқылы береді, көрермен оны тартысты диалог үстінде басқа кейіпкер аузынан естиді.
 

Қазіргі кейіпкеріміз байлық, дәреже иесі. Қонақтар гүл алып келіп құттықтап жатыр. Туған күн иесіне ықыласы шексіз. Ең бақытты күн осы сияқты. Бұл пьесадағы ең көтеріңкі сәт. Көңілді кеш қызу басталады. Мол дастарқан үстінде кәсіпкердің бұрынғы жетекшісі, ғылым докторы сөз сөйлейді. Оның қасында әйелінен өзге шашбауын көтеріп жүрген аспирант қыз, жас шамасы бас кейпкермен шамалас әйелін ерткен жылпос көмекші жас ғалым бар.

 

Бұрын ғылыми ортада, бір кафедрада қызмет еткен достар енді ресторанда отырып, өздерінің бұрынғы қызметтестерімен туған күн кешін өткізуде. Ауылдан бауыры да құттықтап келіп отыр. Осы арада өткен бірнеше сағатта кеш үстіндегінің бәрі өздерін бақытты сезінеді. Оқиға арасындағы қарым-қатынаста өзара сыпайылық, мәдениетті сөздер, туған күн иесіне деген қошемет мереке үстіндегідей жоғары көңіл-күйде суреттеледі. Бәрі бар бірақ бірдеңе жетпей-ақ тұр. Жұрт көңілді. Әлі ешкім аңғарып жатқан жоқ не жетпейтінін. Тек кәсіпкердің әйелінің қабағында сәл әлденеге алаңдаушылық бар. Бірақ ол да қуаныш үстінде онша білініп тұрған жоқ.

 

Осы мерекелік көңіл күй үстінде кәсіпкердің оқыс іс-әрекеті көңілді отырған қонақтардың назарын бірден өзіне аударады. Кәсіп иесі ғылым докторы, кешегі бастығының қасында жүрген аспирант қызды биге шақырады. Шақырып қана қоймайды. Қызу билеп еркін жүріспен өзіне баурап үйіріп алғандай болады. Осындай қызу сәтте ол әйеліне де, бұрынғы бастығына да, отырғандардың да көңіліне келерлік нәрсе істедім деп ойламайды. Қуаныш, күлкі үстінде биден кейін қызды столдың үстіне көтеріп шығарып оның сұлулығына мақтау айтады.

 

Оған алғашында онша түсініп қоймаған бұрынғы бастығы кейістік танытады. Өзі бәріне үлгеріп жүрсе де басқаның қас-қабағын аңдып үйренген жылпос көмекші кәсіпкерге бұл қылығын қостамайтынын, басекеңнің көңіл күйін бұзбау керек екенін ескертеді. Ыңғайсыз жағдайдың ушықпауына әркім де барын салып жатыр. Бұл ахуал да кәсіпкерді тоқтата алмайды. Ол өзінің әрекетін жалғастыра береді.

 

Бұған наразылар қатары көбейе беріп туған күн иесі кеш соңында мүлде жалғыз қалады. Бұрынғы бастығы қызып қалған кәсіпкердің көп жыл арыда арақ сатып байыған қылмыстық әрекеттерін бетіне басады. Ал, айылын жимаған кәсіпкер болса алдынан шығып дұрыс қабақ танытпағандардың талайына өзінің ащы тілін қадап, қолынан келгенше мұқатып бағады. Ең соңында бағана қуанып келген қонақтар оттан қашқандай болып, қылмыс істеген жандай рестораннан қаша шығып бұл жерден аман-есен құтылғанына қуанғандай жылдамдата тарап кетеді.

 

Кеш соңы көңілсіз тарап, кәсіпкердің ресторанда күзетшімен бірге арақ ішіп отыруымен пьеса аяқталады. Шамамен пьесаға арқау болған оқиғаның ұзын-ырғасы осындай. Осы оқиға үстінде әркім өзін қилы мінез иесі ретінде танытып үлгіреді. Жылпос жігіт ерегіскен екі жақты жарастыруға тырысады. Кафедра бастығы сөмкесін ұмытып кетіп, оны алуға келгенде тағы біраз жайдың куәгері болады. Пьесада қоғамдағы адамдардың өз орнын табуға жанталасып, қалайда айналаға ұнау үшін, көпшіліктің көңіл күй аңысын аңдап күн кешетін мінез-құлқы біршама сәтті көрсетілген.

 

Енді пьесадағы басты оқиға мен осы маңда туған тартыстың айналасына келейік. Пьесадағы тартысқа себепші болып тұрған аспирант қыз. Нақтырақ айтқанда оны кәсіпкердің ұнатып қалуы мен оған деген кафедра бастығының қызғанышы. Кафедра меңгерушісінің қызғанышы ағалық тұрғыдан алғанда орынды. Тұрмысқа шықпаған қызды көптің көзінше осынша көтермелеп, оған қызығушылығын білдіріп, төбесіне көтеруі, оның қасындағы қонақтар мен тіпті заңды некедегі әйелінің қабағына қарамай өзін тым еркін ұстауы қандай наразылыққа да лайықты.

 

Бірақ кафедра бастығы мұны дұрыс жеткізе алмайды. Сөзіне қарағанда оның алдында мұндай оқиғалар орын алмауы керек. Бұл масқара! Ал, кәсіпкердің ойынша «бүлінген не бар». «Бәрі орнында». Осы екі көзқарас ақыры ымыраға келе алмай екі жақтың да менмендігін ұстатып, бір-бірімен айтысып, таласып, ақыры айрылысып тынуға себеп болды.

 

Кәсіпкер мұндай әрекетке қалай барды және оған итермелеген қандай күш дегенге жауап іздесек оның түп-төркіні әдепкі адамдарда болатын жалған қызығушылықта жатыр. Мұны махаббат дей алмайсыз. Сүйген адам, жүрегінде махаббаттың дәні бар адам бұлай істемейді. Демек жұрт мақтап жатқан кәсіпкеріміз әдеттегі санасын қаражат билеген, өз менмендігінен аспайтын көп өзімшіл адамның бірі. Ақыр соңында ол бар достарынан айырылып, абыройсыз күйде жалғыз қалды. 

 

Бас кейіпкер ақшасы бар адам. Ол ештеңеге мұқтаж емес. Со жолы үндемей-ақ кетіп ертеңінде ұнатқан қызды іздеп тапса да оның көздеген мақсатқа қол жеткізуіне болар еді. Бірақ оның көздеген мақсаты қызды өзіне қаратып алу емес. Оның басында қалаған нәрсе менікі, менің қалауыма ешкім қарсы тұрмауы керек деген ой бар. Соған қарсы, мұның ойлаған ойын қостамаған адамдардың пейілі оған ұнап тұрған жоқ. Бұл көзге көрінбейтін нәрсе. Адам менмендігі. Менің қасымда жүрген, дос болған адамдар не істесем де мені қолдауы тиіс деген ой санасына сіңіп қалған.

 

Осы әуенмен келіп, өзін жақтамай теріс көзқарас білдірген адамдарға наразылық танытады. Өзінікі дұрыс болмаса да қостауын қалайды. Бұның екінші жағында оның арақ ішкен қызулығы, өзінің де қызуқандылығы тұр. Оның үстіне әйелі де бұның көп мінездерін бұрыннан білетін тәрізді. Әртүрлі қауіп ойлайтыны сөзінен байқалады. Туған інісі де ағасымен кәдімгі аға мен бауыр сияқты сөйлесе алмайды. Арасында кедергі бірдеңе тұрғандай.

 

Жалпы, кәсіпкер азаматтың мына мінезі бірден пайда болып бой көтерген қылық емес. Айнала жұрттың қолпаштауымен, орынды-орынсыз марапатымен, қалың қаржының буымен пайда болған қияс, жасанды мінез оның бойына жарасып тұрған жоқ. Оны өзінің де іші сезеді, бірақ өзінің жат қылығын жеңіп шығуға бойындағы өзімшілдігі бой бермей жүр. Бұны ол өзінің бойындағы мін деп санау орнына, қайта басқалар қостап мойындауға тиіс басқаларда бола қоймайтын өрлік, ерлік, ерекшелік санайтын тәрізді. Есерлікті ерлік деп ұғу бар. Мұндай жалған мінез бен қылық аспирант қыздың бойында да баршылық. Тұрмыс құрмаған бойжеткен жетекші ағаймен оның отбасына қосылып, қызметтес есебінде тойға келіп отыр.

 

Сезім десе бойы от боп жанып тұрған кәсіпкерге керегі де осы. Өзі жөнді танымайтын, әйелі қасында отырған, қызу қанды еркектің қолпашына еріп жүре беруі оның да осы ортаның мінез-құлқына, кейбір жалған әдеттеріне еріп өзгеріп кеткенінен хабар береді. Әлі тұрмыс құрмаған қыз баланы ертіп жүру, олардың қызмет алуына, ғылыми дәрежеге жетуіне көмектесу арқылы  өз дегенін істету де бұл арада орын алуға таяу сияқты. Осы ортадағы өзінің адамшылыққа лайықсыз дәрежесін жетекші де, қыз да ұят көрмейді. Егер тұрмысқа шықпаған қыз бен отбасылы ер адамның қарым-қатынасы тұрғысынан алып қарасақ аға мен қарындас, жас пен жасамыс адамдар арасындағы қатынас бұл арадағы өзінің лайықты өлшеміне сыйып тұрған жоқ.

 

Терең үңіліп қараған адамға пьесаның алған тақырыбы тек жаңа адамдар төңірегінде ғана емес. Бұл ортаның ойын түсіну үшін бүгінгі күннің моралін, адамгершілік есеп, қарым-қатынас ережелерін білу керек. Бірақ қоғамдық мораль, адамшылық қағидалары бұл ортада өрескел бұзылып бұрмаланған. Сол себепті де мына қонақтар ұялатын нәрседен ұяла қоймайды, кейбір қате, орынсыз қылықтарды дұрыс деп түсінеді. Олардың әрқайсының түпкі ойлары, көңіл түпкірінде жасырынған өз есептері бар. Бұл жалған есепті тек өзіміз ғана білеміз деп ойлайды.  Оны кәсіпкер байқап қойған.

 

Сол себепті де ол бұрынғы бастығым ашуланып қалар демейді. Оған тіпті соның ашуланып тулағаны, ертоқымын бауырына алып мөңкігені керек боп тұр. Жетекшіге ілесіп келіп жүрген бойжеткеннің де есебі ретін тауып тұрмысқа шығу, ғылыми атақ қорғап бірдеңенің құлағын ұстап билікке ие болу деген ойды көңіліне түйіп қояды. Өйткені осы жолдарды бір кезде өзі де басынан өткерген. Оған ештеңе таңсық емес.

 

Бірақ бұлай болмауы да мүмкін еді. Әлдебір жерде істейтінін мөлшерден асырып алып, кейде жетпей қап жатса да бұрынғы бастығы шалымды адам екенін білдіріп, кәсіпкерді орта жолдан қайтармақ болады. Бастық адамға бұрынғы қызметшінің жолын қиғаны ұнамайды. Кеудесін басқызғысы келіп тұрған жоқ. Оның үстіне қаржы жағынан көмек беріп жүргені де бар деп тартыншақтаса да жалған көкірек оған маза таптырмай ақыры кәсіпкермен ат құйрығын кесіп айрылысады.

 

Осы ортаға толық түсінісіп кете алмай шет жағалап келіп отырған бөтен адам кәсіпкердің інісі. Бұл көңілі таза, рухани дүниесі әлі кірлемеген, өз еңбегімен күн көруге дағдыланған еңбек адамы. Сол себепті оған ағасының қылықтары өрескел көрінеді. Ал, басқа қонақтардың бәрі де талайды көрген, бірі-біріне сай ысқаяқ, қулығы ішіне жасырынған әккі адамдар. Заманың түлкі болса тазы болып шал деген қағиданы меңгеруді әсіресе жылпос көмекші жақсы меңгеріп алған.

 

Пьесада қоғамдағы адамдардың әлеуметтік қызметіне қарай жіктелуі, табысына қарай құрмет көрсетуге дағдылануы байқалады. Адамгершілік қағидаларын сырттай болса да меңгеріп кішіпейіл, мәдениетті болып отырған қонақтардың әрқайсы-ақ айтыса кетсе кәсіпкердің шалымына келмей қалар еді. Алғаш дау шыққанда-ақ сонша үрпимей қалыпты жағдайды өз ретімен жаймашуақтап жіберуге ешқайсының күш-қуаты жетпейді. Әрқайсы өз бойын билеген қорқыныштан етек-жеңін жинай алмай қалады. Екінші бір жағынан алғанда кәсіпкер оларға сабақ үйреткендей, кімді сыйлау керек екенін көрсеткендей, соған көзін ашып, қарсы келгендей болады.

 

Жалпы, мұндай қоғамға жаңадан енген кейіпкерлердің бет-бейнесі өткен ғасырдағы орыс драмаларында, прозалық шығармаларында көп кездеседі. Кәсіппен байығандар бұрынғы ірі дворяндарды қоғамнан ығыстыру барысында көптеген рухани, моральдық қақтығыстарға барғаны сәтті суреттеліп, ол туралы орыс әдебиетінің белгілі сыни еңбектерінде барынша мол жазылған. Қазақ әдебиеті бұл жағынан алғанда капиталистік қатынасқа терең еніп үлгермеген қоғамды суреттеумен айтылған жайларды жан-жақты көрсетіп үлгермеген болатын. Енді міне осы жайлардың суреттелуі қаламгер алдынан ғасырға жуық уақыт салып тағы да шығып отыр.

 

Пьесадағы шағын оқиғаны драматург туған күн кешіндегі қақтығыс арқылы көрсетіп берді. Сол арқылы көрерменге ойлануға, қоғам туралы пікір түюге мүмкіндік жасады. Енді осы тартыс драмалық бітіспес, ымырасыз тартыс па, жоқ жай әдеттегі адамдар арасында болатын түсініспеушілік салдарынан орын алатын ұсақ кикілжің болып қана қалатын жағдай ма деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Драматург ұсақ кикілжіңнен кәдімгі әлеуметтік ой түйетіндей рухани қақтығыс, тартыс жасай алған. Сол тартыс арқылы адам мінезін сомдап, характер жасап шығарған.

 

Иә, пьесаны көре отырып көрермен түрлі ойларға беріледі. Адамдардың түрлі мінез өзгерістеріне, қарым-қатынас әрекеттеріне көз жібереді. Күнде кезігіп, арамызда жүрген түрлі адамдардың тосыннан ашылған мінез-құлқына қанығады. Бірде риза болады, кейбір орынсыз әрекетке бұл қалай дегендей ыңғайсызданып қалады, кей тұста енді не болар екен деп кейіпкер әрекетіне елігіп қарап отырады. Пьесада қозғалыс, тартыс, оқиғаның дамуы бар. Оқиға ширақ дамиды.

 

Тартысқа түскен адамдар да дүмді, ішін аша қоймайтын нығыз. Егер әлгіндей оқиға болмайтын болса бұл шығармадағы драмалық мінездер ашылмай қалар еді. Драматург оқиғаның тартыс арқылы дамуын дұрыс қиыстыра алған. Пьесада күлкілі, ренішті, тосын, төбеден түскендей оқыс жағдайлар алмасып жатыр. Оның бәрі кейіпкер әрекетіне сай. Драматург оқырманның ой-сезіміне көркемдік-эстетикалық тұрғыдан әсер етудің тиімді қызықты жолдарын характерлерді дұрыс беру арқылы тапқан.

 

Пьесадағы әрбір характердің іс-әрекеті оқушыға түрлі ой салады. Оның сөзі мен ісіне қарап қандай адам екенін ажыратуды драматург оқырманға қалдырып отырады. Пьсаның тілі жеңіл, әсерлі диалогтар, қатқыл текетірестер, сөзбен тартысқан айтысып қалу сәттерінде кейіпкердің ішкі дүниесі ашылып қалып жатады.

 

«Империядағы кеш» арқылы драматург қоғамдағы жаңа кәсіп иелерінің өмірге араласып, айналамен қарым-қатынаста өздерін қалай көрсетіп жатқанын жақсы дәрежеде суреттеп берді. Әрине, бұл жердегі кейіпкер басында күлкілі, толымсыз, асылық, ақсап жатқан жағдайлар көп. Бұны көрсетуде жазушы тартыс пен қоса ащы мысқыл, ажуа, асқақтыққа қоса бетімен кетушілік, төмендеу, еркін жүрем деп шектен шығу сияқты мінездердің сөзбен сомдалуын рухани сергектікпен алып шыққан.

 

Осы пьесадағы кәсіпкер адамдар өмірін жазуды «Қазақша ашылып сайрау» пьсасында қаламгер одан ары жалғастырады. Бар ынтасын сала кәсіппен айналысып, оның жемісін көру үшін әділетсіздікке бой бермей күресіп жүрген ауыл еңбеккерінің жан айқайы осы пьесада жақсы көрсетілген. Жазушы оқиғаны тағы да өмірдің өзінен алып суреттейді. Ауылдағы кәсіпкер азамат жаздай өсіріп жерден алған түсімін, қалаға жиі барып өнім өткізудің жолын білетін бұрынғы танысы арқылы өткізіп пұлдауды жөн көреді. Өнім өткен соң танысы мардымсыз ақы беріп, азғана ақшаға қаратып қояды. Еңбегі еш кеткен кәсіпкер ақысын даулап ала алмай іштей күйзеліске түседі. Мұны кімге айтарын білмей ішкілікке үйір болып өзімен-өзі сөйлесіп, ақыр соңында полиция бөліміне түседі. Осы жерде ол ішіне түйіп жүрген ойларын ашық айтуға мәжбүр болады.

 

Полицияға берген жауабында ол өзін қаматып қойған адамның ақысын бермей қандай әуреге салып, алдап кеткенін айтып береді. Онымен қоймай тиісті деп жала жауып, қаматып қойғанын айта келіп, енді полицияның ақ қараны ажыратуын талап ете бастайды. Алғашында бұны біреуді балағаттап кеткен бұзақы көріп сөйлесіп отырған полиция қызметкері әңгімелесе келе мәселенің мүлде басқаша екеніне көзі жеткендей болады. Заң орнынан әлгі кәсіпкерді әйелі барып алып шығады. Сөйтіп еңбегін даулаймын деп басы пәлеге қалған адамның әділет үшін жеккен зәбірі мен өз еңбегін біреуге жегізбей күн көру жолындағы жүріп өткен жолын жазушы шағын оқиға арқылы баяндап береді.

 

Бір қарағанда күлкілі сияқты көрінетін кішкене оқиға арқылы жазушы ауыл адамның басындағы қиындықты дұрыс көрсеткен. Осы арқылы еңбек адамының заң тұрғысынан қорғалмағанын, біреудің еңбегін жеп кететін кез-келген алаяқтың табысқа кенеліп, әділет іздеген адамды қалай шатастыратын алаяқтығын жазушы батыл әшкерелеген. Осы пьесаны жазар алдында жазушы бұл оқиғаны әңгіме етіп жазған болатын. Осы әңгіме барысын үлкейте, дамыта келіп пьеса жазғанда қаламгер тағы да бірталай эпизодтар, қосымша әңгімелерді кірістіріп, әлгі оқиғана бірталай әлеуметтік мән бере, ұлғайта суреттейді.

 

«Қазақша ашылып сайрау» пьасасы бұрынғы бұйығы еңбек адамының енді жаңаша ойлап, еңбегінің жемісін көру жолында аянбай жұмыс істеумен бірге, заңмен, адал жолмен оның жемісін көру жолында күресіп, іздене бастаған оянуын орынды көрсете алған. Пьеса тақырыбы өмірге жақын. Күнде ел арасында болып жататын оқиғалардың адамдардың әлеуметтік жағдайына қалай әсер ететінен, адамдардың қандай нәрсеге мұқтаж екенін оқырман осындай шығармалар арқылы көріп біледі.

 

Пьеса ауыл адамының ертеңіне сенген адал еңбекпен күн көруін, түрлі алдау, бұра тартуға көнбей ойша әділет іздеп шарқұруын шынайы берген. Мұндай оқиғаның әр жерде кездесіп жататыны, ондағы еңбекшілердің заңдық тұрғыдан көмек ала алмай қиналатын кедергілердің әлі де бар екені өмір шындығы ретінде мойындаған қаламгер сол арқылы қоғамдық ой қозғауды мақсат еткен. Сол арқылы сәл де болса ауыл адамына рухани қолдау боларлық ойларды қозғаумен жазушы қоғамда орын алған әділетсіз әрекеттердің түп-тамыры қайда екенін де көрсетіп, заңсыз баю, біреудің есебінен күн көру сияқты әділетсіздіктерді әшкере еткен.

 

Драматург С.Асылбеков жаңа заман талабына арналған пьесалармен бірге елдік, қоғамдық ойды оятатын жастар тақырыбындағы «Желтоқсан желі» драмасында тәуелсіздік жолындағы күрес сияқты күрделі мәселелерді де қозғайды. Тақырыбы айтып тұрғандай елінің тәуелсіздігі жолында жеке басының мүддесін қоя тұрып осы жолда күрескен жастардың ерлігін, жазушы пьесада барынша қоғамдық рухани тұрғыда биік сезімдер арқылы бейнелейді.

 

Оқиға желісі желтоқсан күндері бұрынғы алаш идеясы үшін күрескен адамның пәтерінде, соның балалары мен ұрпағының айналадағы оқиғаны қалай қабылдағанын көрсету барысында дамиды. Осы күндерде көшедегі бірер жастар ұрып-соққан жендеттерден қашып әлгі пәтерді паналайды. Бұл пәтерге тосын адамдар пайда болғанын біліп көршісі дәрі сұраған болып жиі келе бастайды.

 

Әлеуметтік жағдайдың ушыққанын көріп түрлі адамдар одан өзіне  пайдалы бірдеңе іздеуге тырысады. Тек отаншыл, еркіндік сезімі бар батыл жатыр ғана өздерінің алған бетінен айнмайды. Жазушы осы арқылы жастардың бойындағы өз отанын сүйетін ұлттық, патриоттық сезімнің жарқын үлгісін көрсете алған.

Бөлісу: