Қытай гүлданы
(әңгіме)
Джалал Але-Ахмад
Жолаушыға лық толы автобус орнынан қозғалып, жолға түсті. Қолына атиқа қытай гүлданын ұстап кірген соңғы жолаушы тепе-теңдігін сақтауға тырысып, абайлай басып, автобустың арт жағына өтті. Жолаушылар жайғасып үлгергендіктен бесінші адамға орын зорға табылды.
Қырықтың қырқасынан асқан ер адам: сырт киімі келісті, басында жаңа қалпағы бар; гүлданды ұстап отырған қолына да былғарыдан жаңа қолғап киіпті.
Автобустың артқы орындығында бұдан басқа тағы төрт адам отыр: әлденеге күліп отырған намаз жаулықты екі әйел; қалған екеудің біреуі – ешкіммен ісі жоқ, өзімен-өзі терең ойға шомған мосқал ер адам болса, екіншісі аңғалдау, киімінің алқам-салқамы шыққан еркек: не жағасы, не оған тағатын галстугы да жоқ. Түймесі түсіп қалған жейдесінің жеңі жалбырап, көзге оғаштау көрінеді. Ескі қалпағының астындағы шашы да дудырап шығып кеткен. Бетіндегі секпілді селдір сақалы көлегейлеп тұр. Қасына қолында гүлданы бар, шыттай киінген адам тізе бүккелі бұл дегбірсізденіп, екі көзін гүлданнан айыра алмай қалды.
Иесі гүлданын тізесіне қойып, түбін қолымен демеп, жайбарақат отыр. Қолғапсыз екінші қолымен бірнеше қара бақырды ермек етуде. Есіл-дерті гүлданға ауған көршісі мазасыз күйге түсті: басын біресе жоғары көтеріп, біресе төмен түсіріп, еңкейіп, әйтеуір қалай болғанда да осы бір әдемі, нәзік бұйымды жақсылап тамашалауға тырысып бақты. Тіпті, өзінің бүкіл ғұмырында әдемілік атаулымен тұңғыш рет бетпе-бет келген бе дерсiң! Жоқ, олай емес... Әлде әдемілікті алғаш рет түйсініп, түсінгені осы сәт пе екен?
Нәзік сомдалған қытайлық бұйым: ұстайтын жіңішке екі құлағына суреттің тамаша бедерленгені сондай, құлақтар гүлданның сурет салынған ішкі жағында көзден тасаланып, тіпті оңайлықпен білінбейді де. Гүлданның нәзік, әрі керемет болғаны соншама, автобустың әйнегінен түскен күн сәулесі оған шағылып, сәулені бойынан өткізіп, қозғалып, дірілдеп тұрған нақыштарының көлеңкесін иесінің қолындағы былғары қолғабының үстіне түсірді.
Үстіне сулық киген адам гүлданның өзі жағынан көрініп тұрған ұсақ-түйегіне дейін тамашалап шықты. Сонда да көңілі жай табар емес. Автобус әр көшенің қиылысында бұрылған сайын жолаушылар бірінің үстіне бірі құлаған оңтайлы сәтті пайдаланып, гүлдан иесінің үстіне барынша еңкеюге тырысты, сірә, сөйтсем гүлданның арғы жағынан бірнәрсе көрініп қалар деп дәмелене ме екен... Барынша талпынды... Бірақ сонда да ризашылық сыңай танытар емес. Соңында, тіпті болмаған соң, бұдан әрі шыдай алмады, білем, екі-үш рет тамағын кенеп, кеудесін көтеріңкіреп, бойын тіктеп, түзеліп алды. Гүлдан иесі көршісінің мазасызданған күйін сезді-ау деген сәтті ұтымды пайдаланып:
– «Мырза, кешіріңіз! Гүлданыңызды көрсем болар ма екен?,- деді.
– Әрине! Мінеки... көріңіз.
Екі қолымен абайлап, гүлданды әлгі адамға ұсынып жатып:
– Бірақ, өтінемін...»
Көршісі оның сөзін аяқтауға мұрсат бермей, бөліп жіберіп: “ Мақұл! Алаң болмаңыз. Маған сене көріңіз... абай боламын...,-деді де гүлданды мұқият тексере бастады: алдын, артын, жанын, төбесін, тіпті, ішін де анықтап қарап шықты. Осы уақыт ішінде гүлдан иесі оның қолынан көз алмады.
Ол автобустың жоғарғы жағында, жүргізушінің жанында ілініп тұрған қола тақтайшадағы «Уа ан-Иакадты» оқыған түр танытып, мән бермеген сыңайлы болғанымен, көзінің астымен гүлдан мен сапарласының қозғалысын бақылаумен болды. Ол болса гүлданның барлық жерін тінткілеп, қарап шықты. Әйнектің алдына әкелді. Қолын гүлданның үстіне қойып, саусағының арғы-бергі жағынан өтіп жатқан алқызыл сәулені, гүлданның ішін көмескілендіріп тұрған өзінің қолының көлеңкесін зерттеуге кірісті. Оны тағы автобустың әйнегіне қарай арлы-берлі апарып, түрлі-түсті сәуле мен көлеңкені біресе көбейтіп, біресе азайтып, әуре-сарсаңға түсті.
Автобус келесі бір көшенің қиылысында күрт бұрылды. Жолаушылар аңдаусызда бірінің үстіне бірі құлады. Ол да қисайып кетті. Қатты қисайды. Қапелімде тепе-теңдігін сақтап қаларлық не тіреу, не ұстанатын нәрсе тапсашы. Шарасыздан қолын гүлданның түбінен қоя берді. Гүлдан құлап, әлсіз дыбыспен үшке бөлініп түсті... Автобус әлі көшенің қилысын айналып өте қоймаған болатын. Гүлдан иесі ышқына:
– «Ах!»,- деді.
Басқа ештеңе демеді. Тек гүлданның сынықтарына мелшиіп қарап қалды.
Тұзы жеңіл адам екі ойлы күйде гүлданның сынықтарын жинастырып жүріп, оқта-текте: Eштеңе емес. Түк болған жоқ”,- деп қояды.
Есін енді жинап, өз-өзіне келген гүлдан иесінің қаны басына теуіп, тепсініп шыға келді:
– Енді қалай болғанын қалап едің?!
– Ештеңе емес, мырза! Бәлендей ештеңе болған жоқ! Бар болғаны гүлдан сынды. Басыңыздың садағасы. Бұйырмай тұрған ғой!
– Не деп тантып тұрсың, ақымақ!
– Өзіңізді сыйласаңызшы, мырза! Бос сөз айтпаңыз!
– Ақымақ, бос мылжыңдап тұрған тап мына сенсің! Неге көзіңе қарамадың? Бақырайып тұрған көзің көр боп қалды ма?
Жұрт істің байыбына ендi барған секілді. Жақын отырған әйелдердің бірі жан ашығансып: “ Әттең, қандай әдемі гүлдан еді. Обал-ай! Әйтсе де, мырза дұрыс айтады. Бұйырмай тұрған ғой! - деп қояды.
Гүлдан иесі оның сөзін бөліп жіберді:
– Не деп тұрсың, ханым! Мен мұны бақандай 75 тұманға сатып алғам.
Кінәлі адам да қарап тұрмай:
– Не істеуге болар екен? Берсеңіз, желімдеп берер, бәлкім?- деді.
Тағы бір келіншектің даусы жаулығының астынан шығып: “Қолыңыз соншама уытты болар ма еді?» - деді.
Ол болса гүлдан иесімен тәжiкелескен күйде басын да бұрмастан:
–«Ханым!... Сіз де бір құйысқанға қыстырылып... болмадыңыз ғой!» деді.
– Ойбай! Қарай гөр өзін! Адамды тарпа бас салып жеп қояр бұл...
Гүлдан иесі одан әрі өршеленіп, қитыға түсті. Қолғабын шешіп, гүлданның сынықтарын ұстап алып, байбалам салды:
– Адамгершілік жасайын десең, осы. Біз, халық, түкке тұрмаймыз. Міне, қазір де сындырып қойып, бұйырмаған ғой дейді. Осылай қоя салады деп ойлап тұрған шығарсың. Соңғы риалыма дейін қайтарып алам. Ақша деген далада жатыр ма?! Мен гүлданды сатып аламын, сен болсаң сындырады екенсің! Ұялмай- қызармай, желімдеп береді дейді тағы. Ақымақ, атиқа сенің не теңің! Тіпті, сен бұған көз салып қарауға да тұрмайсың. Мына мен ақымақты айтсаңшы, бұл жалқауға адамгершілікті ысырап еткен....
Автобус аялдамаға жақындаған сәтте жүргізушіге:
– Мырза тоқтаңызшы. Осы маңда полиция бөлімі болу керек. Істің басын бірден ашып алайық» деді. Орнынан тұрып бара жатып, жүргізушіге тағы бет бұрып:
– Мырза, байқаңызшы. Мен полиция қызметкерін ертіп келгенше ешкім түсіп кетпесін. Барлық жолаушыны куәлікке тартамын» деді.
Есікке жете беріп, қайтып келді. Ортада тұрып, жолаушыларға қарап, өтінішін қайталап, автобустан түспекке ыңғайланды. Жүргізушіден жүріп кетпеуге уәде алып, автобустан шықты. Жолаушылардың кейбіреуі жаңағы оқиға жайында сөйлесіп, бір-екі адам аңысын аңдып, бақылап отырды. Екі әйелдің күлкісі әлі тиылмапты. Бірақ оларға назар аударған жан болған жоқ.
Кінәлі адам өзімен-өзі сөйлеп, күбірлеп отыр:
– Қайтем енді? Қасақана жасаған жоқпын. Бар болғаны түсіріп алдым, сынды да қалды...
Жүргізушінің шәкірті айғайлап, жолаушыларды шақыра бастады. Бұл кезде гүлдан иесі автобустан жиырма қадамдай алыстап кеткен еді.
Бір сәт қимылсыз күйде ойланып отырған жүргізуші қозғалып, кеудесін сәл тіктеп, шәкіртін шақырды да, газды басып жолға түсті. Жүргізушіден мұндай тосын әрекет күтпеген жолаушылардың таңданыстан ауыздары ашылып қалды.
Шәкірті орнына отырып жатып, наразылық білдіргендерге: “ Біздің қанша қатысымыз бар? Біреудің гүлданы сынды екен деп, қол қусырып қарап отырмақпыз ба?» деді.
Полиция бөлімшесіне асығып-аптығып жүгіріп бара жатқан гүлдан иесі не болғанын енді түсінді. Қайтып келіп, екі қолын жайып, автобустың алдын алмаққа ұмтылды. Бірақ, автобус жүріп кеткен еді. Ол жан даусы шығып айғайлады:
– Ей, ұстаңдар! Ұстаңдар! Гүлдан... Сорлы жүргізуші!.. Ей, адъютант!...
Оның мұндай күйін көрген жолаушылар күлкiге көмілді. Маңына полиция қызметкерлері жиналып, не болғанын сұрай бастады. Ол байбалам салып:
– “Ей, ұстаңдар! Жетпіс бес тұман! Нақұрыс! Қытай гүлданы... Кетіп қалғанын қарашы... Автобустың нөмірі қандай еді? Ей, адъютант!..» - деді.
Парсы тілінен аударған Айнаш Қасым
Бөлісу: