Қосымның қылықтары
(әңгіме)
Қыркүйектің ортасы. Таңертең жауын жауған. Ауада сыз бар. Ауыл кеші қоюланып, түн орнай бастады. Жеңіл мәшине ішінде үш жігіт әңгімелесіп отыр. Үшеуі де денелі, қол аяғы балғадай. Үстерінде жұмысшы киімі.
– Е,-е, сөйтіп таксист боп кеттім де, – деді Жарас көзін сығырайта күліп.
– Жан бағыс қой, қайтесің. Заман солай, – деді Әли, – Қазір кімнің шекесі қызып тұр дейсің.
– Бұрын да совхоздың шопыры едік. Қызмет таңдағанмен кім береді оны. Ол кезде жаңа мәшине алсам, көбірек ақша тапсам деуші ек. Совхоздан күзде жем алып, шөп алып, керекті түгендеп жүруші ек. Енді міне, совхоз да жоқ, табыс та жоқ.
Бұрынғыдай зорлап жұмысқа айдайтын қожайын жоқ.
– Сол жұмысқа зар болдық емес пе? – деді Әли тақиялы жігітке.
– Рас, рас, – деді ол басын изеп. Құрман мен Жарас баяғыдан үзеңгі жолдас. Ауылда ескіден шопыр. Әли малшы болған. Жастары биыл отыз бестен асты.
– Ал, Жарас көшем дейсің, бәрі дайын дейсің. Не дейін, өзің бәрін шешіп, пісіріп қойсаң. Жол болсын, шығарып саламыз. Келіп тұратын шығарсың.
– Көшпегенде не қалды. Совхоз жоқ. Табыс жоқ бұрынғыдай. Бес баланы қалай асырамақпын. Кететін болдым рудникке.
– Біздікін өзің білесің, орныққан шаруа. Қолда үйренген азын-аулақ мал бар, үлкендер бар дегендей. Қозғала алмаймыз. Жүрісіміз осы, қала мен екі ортада такси боп мәшине айдап…
– Бірдеңе әкелдің бе? – деді Әли.
– Әрине, – деді Құрман – бұл ағаң бос жүре ме? – Орындық астынан бөтелке суырды. Үшеуі бірер жарты шарапты жеңіл мәшине ішінде отырып кесеге құйып, бөліп ішті. Оны-мұны айтып, рудник жайын сұрасты. Жарас аяғы сыймай екі бүктеліп ыңғайсыз отыр. Қызара түсіп, толық денесін қозғап қояды:
– Е, несі бар. Үлкен мәшине береді. ''Кам-Аз'', ''Бел-Аз'' деген. Соған келістім. Жатаққанасы кең көрінеді. Бірақ мал асырауға келмейді. Қора деген болмайтын көрінеді. Қора салуға рұқсат етпейді. Өздеріңде не жаңалық, – деп Смағұл мен Берғазыны сұрады. Алғашында бұл сұрақты бірер рет жауапсыз қалдырған екеуі қайта-қайта сұрай берген соң, бір-біріне қарап алып, Берғазының жағдайын айтты. О да мәшине алып, совхоздан бөлініп шыққан. Азын-аулақ малын Қосының отарына қосып, соған шөп шауып көмекші болыпты. Әйелі саудада. Берғазы ішкілікке ұрынған. Бас алмай, айықпай ішеді. Әйелі де, көлігі де Қосымдікі тәрізді. Ауылдағы жұрт шулап, шарасыз ызамен әңгіме қылатыны осы. Мұны естігенде Жарас намыстанды.
– Қойыңдар. Әшейін сөз болар. Сенбей отырмын, – деді.
– Әлгінде мен барғам үйіне. Балалары отыр. Үйде ешкім жоқ. Тракторы тұр. Өзі қызу, ұйықтап жатыр.
– Қап ит-ай, – деді Жарас.
– Не ойлағаныңды біліп тұрмын. Алғаш естігенде біз де не шара қыларымызды білмей ыза боп, Қосымды сабамақ та болдық. ''Қойыңдар, бұларың не'' деп өзімізді күдікті қылды. Берғазыға айта алмай сендік Қосымға. Бірақ сөз тиылмай тұр. Әйелдердің басы қосылса-ақ ''айырып алыңдар, Берғазы шықсын Қосымнан'' деп безер болады. Білмедік не істеуді, – деді. Сол дағдарған бетінде мәшинені от алдырып, жылжып көшеге кірді. Ауылда түн. Сіркіреп жауын жауып тұр. Түн суыта бастады. Құрман пешті қосты. Мәшине жарығымен ұзын көшені бойлап келіп, солға бұрылғанда ке-дір-бұдыр жолға түсті. Жаңбыр мен судан тереңдеп ойылып кеткен шұңқыр көп жерлермен баяу жылжып, моншаның қасындағы бөлек тұрған үйге келіп тоқтады. Қараңғыда терезеде сығырайған жарық болмаса, жапан даладағы меңіреу үй тәрізді. Әлгінде табалдырықтан сопаң етіп тұрған көк ит мәшине жарығынан сүмеңдеп қора жаққа кетті. Дауыс беріп үрген де жоқ.
* * *
Қосым бүгін үйге қайтпақ. Бармағалы неше күн. Кеше де Берғазымен күзеттен кеш қайтып, осында қалған. Бүгін түс қайта Айшаны қаладан әкеле жатып, ел көзіне түсуден тайсақтап, сескене берген. Бір түрлі Берғазымен ортадағы достығын сатып, опасыздық қылып жүргендей, ішінде бықсыған шала сезім пайда болды. Айша болса баяғыша жұрт көзінен жасырынбайды. Күйеуіне де аяушылығы жоқ. – Жүре берсін арағын ішіп, – дейді. Сау болған күндері – нағып сау жүрсің? Ішіп ал, мен ақша берейін, – дейді кекетіп. Аздап қызу болса, аз ішіпсің ғой, тағы ішпедің бе, – дейді айызы қана. Берғазы: Ақшам болмады тоя ішуге, әкелсеңші болса, – деп, бұ да кекетеді. Бұдан артық сөз жоқ. Саудаға келгелі мал түгендеп қолға да ұстай бастаған. Қосымның әлгі сөздерінен кейін: – Жұрт менің осы жүрісімді де көре алмайды ғой, – деп ойлады. Қосым болмаса бүйтіп те жүре алмас еді. Ішкіш байдан тамтығы да қалмай отырар ма еді қайыршының кебін киіп. Егер әлгі айтқандай алда-жалда шу шығып, екі айрылар күн туса, отбасын бұздың деп жатса, ол әңгімені еркектер көтерді деп айтады. Одан әрі ойлау қорқынышты.
Өстіп ұйықтай алмай жатқанда, шатырдың тесігіне жаңбыр ақпасын деп шегелеген қыңылтыр қаңғыр ете қалды. Далада жел соғып тұр. Терезе түбінен гүжілдеген, екпіндеген жел дыбысы зорайып барады. Әлгі даңғыр тағы бір шыққанда Қосым селк етіп оянып алды. Басын көтеріп, айнала қарады. Теріс қарап, жылап жатқан Айшаны көрді.
– Қой жаман ырым бастама. Таңертең отарға кетеміз, айт Берғазыға, ертерек оят. Мен бүгін үйде болайын. Іздеп те жатқан шығар, – деп киіне бастады. Тарсылдап есік қағылды. Екеуі бір-біріне қарады. Айша да тұрып киіне бастады. Пеште шәугім ызылдап тұр. Үй жылы. Қолын жуып келіп, Қосым дөңгелек дастарқанға тізе бүгіп, – Аша бер, шай ішкен болып отыра берейік, – деді.
* * *
Есік қаққан жастар еді. Есікті Айша ашқанына үшеуі бірдей таңырқағандай болып ішке кірді. Төрде жастықты құшақтап, етпеттеп Берғазы жатыр. Малдас құрып шай ішіп отырған Қосым көтеріліп, келгендермен қол алысты.
– Қайдан жүрсіңдер, – деді.
– Берғазыны көрмегелі көп болды. Амандасайын деп келіп ем, – деді Жарас. Рудник жайлы, сол жаққа көшпек болғанын айтып тоқтады. Жай сұрасқанда Әли мен Құрман да елеусіз ғана ''ел қатарлы'' деп бас изесті.
– Досың жатыр әне. Бір стақан ішсе бір күн мас. Біз де жаңа кеп отырмыз. Отын-шөп деп, қыстың қамы баяғы, – Айша сөйлей жүріп шай шығармақ еді, жігіттер кетпек болды.
– Мәшинемен жүрсеңдер мен де жетіп алайын, – деп Қосым да бірге шықты. Айша түк болмағандай есігін іліп алып, ұйқыға жатып қалса да көпке дейін әлгілердің келісі біртүрлі тосын көрініп, елегізіп әрнені ойлап, таң ағарғанша ұйықтай алмады.
* * *
Қосым әлді жігіт. Өзін қай жерде де нық ұстайды. Ішкі ойы, айласы мол. Үйден қараңғыға шыққанда “осылар мені аңдып жүр-ау'' деп ойлады. Не күтсе Жарастан күтеді. Ойлағанындай анау келеке қылып:
– Сен өзі Берғазыныкіне көшіп алғанбысың. Отырсың ғой есікті іштен іліп-ап. Жұрттың не айтатынын білмейсің, арамызда түк жоқ деп танатын көрінесің. Түк болмаса жеті түнде не істеп жүрсің бұл үйде айтшы ал… – деді.
– Дені сау ма мынаның. Әлде бірдеңе ішіп алғанбысың. Қалжыңдасаң да орнымен айтпаймысың. Нені көздеп айтып тұрсың? – деп Қосым араша түссеңдерші дегендей екеуіне қарады.
– Жоқ сен жортақтамай жауап бер. Берғазы мас, балалар ұйықтап жатыр, далада түн. Неғып отырсың біреудің үйінде, – деді Жарас. Қосым мырс етіп күлді.
– Қайтер екен десем үдеп барады ғой мынау. Келгеніміз әлгінде. Берғазының да құлағаны сол. Әйтпесе не, жаны ашымайды деймісің. Естіп жүрміз елдің не айтқанын. Көлденең жұрт не айтпайды. Доспыз дейсіңдер, достық етсеңдер біреу қой деп жүр ме сендерге. Намысын жыртам дейсіңдер неғылған намыс жоқтың күнінде. Бүгін көмірін түсіртіп бердім. Екі ұлын он бес мыңға бір тайыншамды сатып киіндірдім. Доспыз деп сырттан мүсіркейсіңдер. Жасасаңдар осы жақсылықты қой деді ме біреу сендерге, – дегенде Жарас үндей алмай қалды. Соны пайдаланып Қосым – Айтсаңдаршы мынаған осы да адамдық па. Жақсылықтан басқа не жазығым бар. Дәл осы сөзді Жарас сенен күтпеп ем. Әй, бірдеңе ішкенсің-ау. Әйтпесе айтпауың керек еді, мұндай ауыр сөзді маған, – деп Қосым дауысын жұмсарта сөйлед.
– Ептеп шарап ішкеніміз рас енді – деді Жарас жұмсарып. Сырттан ел сөйлеп жатқан соң, шын дос тура айтар болар деп айтып жатқаным ғой, – деді Жарас машинаға қарай беттеп.
– Одан да соны айтсаңдаршы. Дем алып жүрміз, – деп. Бірер шишаға теріс болмассыңдар, кикілжіңді қайтеміз. Одан да әңгімелесіп дем алайық та, – деп Қосым біраз жүріп төрт бөтелке шарап тауып әкелді. – Кешкі тамақ ішпеп едік, бұл ауыр болар дегенге қарамай шарапты өзі ашып, ескі кесеге бөліп құя бастады.
– Шынымды айтсам басқа біреу әлгі сөзді айтса, сол жерде өз орнына қоятын едім. Сендердің жанашарлықпен айтатындарыңды білем ғой. Өткенде шет жағасын айтқан Әли мен Құрман, елдің сөзі қажытады адамды өстіп, біреумен жақын боп ел қатарлы жүргеніңді де әр саққа жүгіртетіндер бар, – деп ренішті жуып-шая сөйледі. Дәмді шарапты сыздықтата ішіп:
– Әй жортақтауыңа қарағанда бірдеңең бар-ау. Бір кінәң, – деді Жарас. Екеуі енді қайтер екен дегендей Қосымға қарады. Қосым:
– Әзілмен түйе жығасың-ау. Жарға жығатыныңды түсінбейсің, – деп күйінгендей болды. Күрсініп қойды. Әли мен Құрманға да құйды.
– Расында сендер айтқандай Берғазымен достықпен үзбесем болмас. Қаңқу сөздің кесірі бәрі. Әйтпесе не жамандық көрді ол менен. Өткенде осындай сөз шыққанын біліп айтып ем оған да. Қояйық, Берғазы, сен басқа кәсіп ізде, малыңды өзің бақ деп. Тас кенеше жабысып айырылды ма. Енді міне бар ауыртпалыққа мені қалдырып отыр. Өзіме де обал жоқ, – деп Қосым ренжіді.
– Егер жазығың болмаса обал екені рас, – деп оған Құрманның жаны ашыды.
– Дәл осы Қосымның біреуге жанашырлықпен жақсылық жасадым дегеніне ешкім сенбес, – деді Жарас. Машина іші көктүтін. Шарап бойын балқытып төртеуі де қызды.
– Басқа әңгімеге көшейікші, құрысын, – деді Қосым.
– Жоқ бүгінгі әңгіме сенсің, – деді Жарас.
– Сонда неғыл дейсің, – деді Қосым.
– Мойында, – деді Жарас – елдің бәрін лаңдаған ит…
Ойламаған жерден төбелес басталды.
* * *
Дәмеш пешке таяу жерде, мөшекке сүзілген құрттың аузын ашып қойып, құрт жасап отыр. Суы ағып, қатық боп кеберсіп жатқан құртқа тұз сеуіп, илеп-илеп алып, дөңгелектеп, қойып жатыр. Жеңін түріп алыпты. Үстінде шибарқыттан тігілген көнетоз халат. Сыртынан кеудеше киіп, ұзын орамалмен белін буып алған. Пеште сүт пісіп, шай қайнап жатыр. Таңертеңгі суық енді басылғандай. Күн көтеріліп, терезеден жылу түсті. Дәмештің қолы-қолына жұқпайды. Көз ілеспей тізіліп қалған құрттар есік алдындағы өреге барып орналасып жатыр. Мөшектегі құрт мол. Бітер емес. Дәмеш қимылдай түсті. Басындағы қызыл орамалын білегімен түзеп қояды. Ұзын шашын төбесіне түйіп қойған. Қасы керілген, қабағы биік. Көзінде от, өжеттік бар. Ширақ қимылдап шаруасын тындырып жүр. Қора жақтан ит үрді. Есік сықырлап, теңселіп Берғазы кірді.
– Аманбысың, Дәмеш? – деді бөгеліп.
– Үй-іштерің аман ба? – деді Дәмеш істеп жатқан шаруасын қойып.
– Мәгезінге жете алмай тұрғаным. Дәмешжан өлтірмесең бірдеңе тауып бер. Басталған болса да. Ақшасын төлермін. Айшадан әперем ғой, – деп жалбарына қарады. Шашы өсіп, екі жағы суалып, өңі бозарып кеткен. Киімі олпы-солпы. Үстіндегі күртешенің алды ашық, иығы салбырап, теңселіп есікке сүйенді. “Шаруаңды білем'' дегендей, бұған қарамай жұмысын істей берген Дәмештен үмітін үзіп – жарайды. Ренжи көрме. Қаблан марқұммен дос ек. Сен түсінесің ғой, – деп есікке бұрылды.
Дәмеш шығып бара жатқан Қосымға жаны ашып, қайта шақырып алды:
– Кел отыр, – деді таяу жердегі орындыққа отырғызып. Есігін сықырлатып кілетке кірді, қырлы стақанға орталай құйып арақ алып келді. Берғазының алдына қойып.
–Сонша несіне ішесіңдер осы құрғырды, – деді жақтырмай. Берғазы лоқсып, тыжырынып отырып, арақты зорға ішті. Құрт иіскеп ашырқанып, ішкеннен кейін де әрі-бері қозғалақтап әуре болды. Түйіліп, мәңгіріп отыр.
– Өзіңді-өзің осынша қинағаның не? Арақты қойып, ана үйіңді тәртіпке келтірмеймісің. Жасыңда қандай жігіт едің. Өң десе өң, ақыл десе ақыл бар. Ауыл жігітінің алды ең. Жисаңшы есіңді. Қатын құрлы намысың жоқ па? Байсыз қалған мен де отырмын ғой үш баланы асырап…
Берғазы басын көтеріп алды. Бозарған өңіне ептеп қан жүгірді. Өлеусіреген көзінде от пайда болып:
– Сен маған тиіспе, – деді. – Тиіспе маған.
– Ал қолыңа мал-жаныңды қайтып, Қосымға жолдас болған не теңің. Тапап-тапап тастап кетер жолға. Жи есіңді. Еркек емес ез неме, – деді Дәмеш өңі қарайып.
– Не жазығым бар, – деді Берғазы. – Тиіспеңдер маған…
Өреге құрт жаюға шыққан Дәмеш қайтып келсе, Берғазы кетіп қалған екен.
– Байғұс, – деді ішінен, – Өзін-өзі қор еткен байғұс…
* * *
Қалаға сүт сатуға барған бір топ қатын жиылып, түс ауа ауыл әкімі Қисметтің кабинетіне келді. Айтатыны Берғазының жағдайы.
– Бұл жаман ырым. Байы тіріде Қосымның заңды тоқалынша қасына еріп жүреді. Кеше қалаға, бүгін жайлауға, ертең күзекке деп. Берғазының мастығын пайдаланып. Соның жұмысын істейтін көрінеді. Жұмыс емес қатынның ойы. Үйіндегі сиырын уақытында саумайтын тотай қатынның жұмыс басты бола қалуын білеміз. Білеміз бәрін, тыйып беріңіз. Ауылдың басы, ел ағасысыз. Баламыз бар бәріміздің. Жамандық бастап отыр. Мұқым ел шулайды. Берғазының екі ағасы бар, әке-шешесі бар, қайда олар, туыстарын жиып тәртіпке шақыртып беріңіз, – десті.
Қисмет дағдарып, не істерің білмей отыр. – Біз сот емеспіз, заң орны емеспіз. Біреудің өміріне қалай араласамыз, – деп еді әйелдер одан сайын шулады. Қосымда туыс дейтін туыс та жоқ. Бұл елде ауылға күйеу, өзі бөтен елден, әйелінің туыстары намысты адамдар, қойғызса солар қойғызар деп Жармұқан ақсақалға кісі салуға көндірді. Сонымен қасына бір-екі есті адамды алып, кешке таяу Қисмет Жармұқан ақсақалға барып болған жайды бастан-аяқ айтып толық білдіріп еді.
* * *
Жармұқан осы ауылдың үлкені. Жасы сексеннің ішінде. Үй шаруасына араласпайды. Жасы келген соң бөгет болмайын деп бәрін балаларына тапсырып, тек отырған адым. Шақырған жерге барып келіп, тәуба деп қана жүреді. Жармұқан отырған жерде үлкенді-кіші етек-жеңін жиып отырады. Осы елден шыққан шеттегі қызметкер, не мықты дегендер ауылға келгенде үлкендерге сәлем бермей кеткен емес. Үлкен дегендер ауылға келгенде бірінші Жармұқанға келеді. Келген-кеткен бастықтар да ақылдаспақ болса Жармұқан бастатқан шалдарды жинап ақылдасады. Мұның аздаған ескіше оқыған молдалығы бар. Бар оқуы сол. Кезінде колхозда бастық, мектепте мұғалім болдым деп оқығанын бұлдайтын сатымсақ шалдардан Жармұқан елге әлдеқайда қадірлі. – Жармұқан шақырады – дегенде Қосым алғаш күннен қашқалақ салды. Туысы болған соң әңгіме не жайында екенін білейін деп ертеңінде әйелі Күлиманды жіберген, қызындай боп сәлем беріп Күлиман келгенде Жармұқан не айтарын білмей ұзақ отырды.
– Ата Қосым жұмыс басты боп жүр. Қыруар мал бір өзіне қарайды. Егер қиын бір шаруа болмаса маған айтсаңыз жеткізейін айтқаныңызды, – дегенде қарындасының тілегіне орынды боп:
– Қарағым күйеу бала баяғы жастық буымен қылған ескі әдетін бастады ғып сөз түсіріп отыр үлкендер. Менің алдыма кеп арылсын, не мүлде қойып сөз болмайтын қылсын қыла алса. Болмаса шара бар. Бөтеннің ісі емес, жақынның ісі деп қарап отырмын. Өзің де, шешесіне айта бар. Көшелі, түзу жігіт пе деуші ем, көрсетпейтін қылықпен жерге қаратып отырғанына бүкіл ауыл наразы. Елдің қарғысы, теріс батасы келешектеріңе ауыр тиеді, айта бар қызым күйеуіңе. Арылсын, – деген.
Ақсұр жүзі оттай қызарып Күлиман ақсақалдың алдынан Алтынкүл әжейдің сүйемелдеуімен әрең шықты. ''Қап мұным бекер болды-ау, екі ортаға от тастағандай ғып'' деп Жармұқан ақсақал алғашында өкініп қалса да, ''е, бұлардыкі бірінші рет деймісің, бұрын да өстіп еді ғой'' деп өзін-өзі жұбатты.
* * *
Күн еңкейіп барады. Ауыл маңы тақырланып, сарғайып қалған. Күзгі салқын алдағы қыстың белгісін білдіреді. Бұл күнде ел шөп, отын қамында. Қосым кешеден күзектегі ауылда. Малшының қатар тігілген екі-үш қоңырқай киіз үйінде күрп-күрп іркіт пісіліп, май шайқалып, құрт қайнап жатыр. Қайшыны шақылдатып екі-үш жігіт қозы қырқуда. Марқа қозылар тыпырлап, асау боп алған. Қосым бұрынғының байларынша жантайып біраз жатты. Жігіттердің олақтығына ренжіп, қайшы кескен қозыларға дәрі жаққызды. Бүкшеңдеген екі әйел тулақ үстінде жіп есіп отыр. Ер балаша киінген бойжеткен сабаумен тулақ үстіндегі жүнді түте ғып ұрғылап жатыр. Бұның бәрі – Қосымның шаруасы. Айналасы алты-жеті жылда малды көбейтіп, жайылымды ұзартып, мал өнімін ақша қылуды үйренді. Екі кезең астында Қосымның шөпшілері жатыр.
Олар да бес-алты адам. Істері өнімсіз. Тамақ шақ келтірмейді. Қосым алдағы қыстың қамын ойлап мазасызданады. Қыс қалай болады? Қазір Қосымда мыңға тарта қой, екі жүз сиыр, неше үйір жылқы бар. Абұйыр болғанда малшылары жуас. Мал дүниеге өзінен бетер ұстамды. Сөйтсе де Қосым қыстауға қонғанша маза көрмейді. Жеңіл мәшинемен шөпшілерге келе жатып қыс туралы, шөп, мал туралы ойлайды. Шөпші ауылы үнсіз. Ағаш көлеңкесінде ескі там тұр. Жақындай бергенде есіктен шашы жалбырап Есімхан көрінді. От жағып тамақ әзірлеп жүр. Алдында алжапқыш. Келіп сәлем берді. Мәшинаны үйге жақын қойып екеуі күріш, қой етін, бір қап ұн, шекілдеуік майы тәрізді тамақтарды үйге кіргізді. Қосым үстін қағып, есік алдына шыққан соң:
– Шабын қалай, жиын ше? Не жоқ? Қанша тасыдыңдар, – деп өзіне керекті мәліметтерді алды. – Шәріп қыстауға шөп апарса ауылға келіп маған жолықсын, – деп тапсырды. Қосым машинаға беттегенде Есімхан бар шаруадан құтылғандай:
– Сау болыңыз, – деп үйге кірді.
* * *
Қатар-қатар төрт-бес қазанға кезек-кезек от жағып, қара кемпір күйбеңдеп жүр. Бұл Қосымның шешесі. Қосым оған тартпаған. Бойы сәл аласа, орта бойлы. Көзінің адырақтығы, қасының қаралығы, екі жаққа қиралаңдап епетейсіз жүруі әкесіне тартқан. Әкесі малшы еді. Елуінші жылы қытайдан келіп, осы ауылда тұрасыңдар деп көшіріп әкеп тастағанда ешкімді танымайтын кірме еді. Содан мал бағып он-он бес жылда ес жиды. Ел боп қатарға қосылды. Қыздары шаруаға пысық, оқып ерте орын тапты. Кейін жалғыз ұлды үйлендіргенде өзіне сеп болды. Соларды көрсем арман жоқ дейтін немерелерін көріп, әкесі де алпыстан асқанда ісік ауруынан дүние салды. Қосым болса сол баяғы осы ауылға күйеу қалпында қалды. ''Кәндек иттің қартайса да күшік аты қалмайды'' деп қырыққа келгенше мұны күйеу деп елдің қағыта беруі шымбайына батса да шыдап жүре береді. Қылар амал жоқ. Қалың Сыбанның Бәйгөбегіне не қылсын. Бақытына қарай жиі ауысып жататын кеңшардың деректері, көп бастықтың бірі – Уақ боп шықты. Мұның Уақ екенін білген соң:
– Көп ішінде жалғызсырамай жүр, – деп шаруашылық меңгерушісі қылып бекітті. Өзі де пысық еді. Содан қанша бастық ауысты, бірақ Қосым мызғымады. Қызметте он бес жыл тұрып дүние жиды. Кеңшар тараған кезде Қосымның ұпайы түгел, төрт құбыласы тең еді. Кейіннен ел жекешеленгенде ың-шыңсыз, жұп-жұмыр, дөңгеленген шаруа болып бөлінді. Қосымның өзі осындай болғанда, шешесі қолынан ештеңе шығармайтын сараң. Ауылдың үлкендері соғым сойғанда, өлім-жетім болғанда, бірін-бірі шақырып, құран оқытып, дастарқан жайып жатса, Патсайы кемпірдің алақаны тарылып бір жазылмайды. Сөзі өтетін адамдардың қузауымен анда-санда қонақ шақырса дастарқаны бар, бай адамдыкіндей төгіліп, ерекше боп тұрмайды. Содан ба көтермелегісі келгендер Қосымды бай деп қолпаштап жатса, қостаушының орнына – Несі бай оның. Дастарқаны бір жарымайды, – деп мұқатып тастайтындар көп. Сол себепті де Қосымның жақсы, бай аты шықпаушы еді. Оның үстіне бұқпантай, амалшыл, пайда түсер жерде обал-сауап демей ала қойғыштығы әр жерде көрініп тұрады. Сол тартпалығы әйелі Күлиманға да бөгет боп о да адымын жазып, бар болса да жарқылдап, жұрт алдында көрініп, жазылып жүре алмаушы еді. Ел ішінде шағын дәулетпен қадыры артып, әлдекімдердің көңілі биіктеп тұрғанда, өздерінің басыңқы, жадау тірлігіне көп разы болмайтын. Бұл міннің өздеріндей тұрмысы ауқатты адамдарға кәдімгідей үлкен кемшілік екенін білсе де, айналадағы жүдеу, орташа үйлермен ғана салыстырып тәубе деп жүре беруші еді. Оқта-текте солар өздерінен тәрбие-өнегесі озып тұрса отсыз бір қызғаныш көрініп қалатын. Әсіресе сол қызғаныш балаларының оқуына келгенде еріксіз оянады. Алғашқы екі ұлы Қосымға тартып бұқпа болды ма оқуға қаражаяу еді. Қанша қузағанмен орташадан аспады. Мектеп бітірген соң, түсірген оқуды оқымай бұлталақтады. Патсайы кемпір оны елеп жатқан жоқ: – Е, тірі болсын, – дейді. Қосым болса ыржиып күледі. Жай күнде де көп нәрсені ұната бермейтін Күлиман Қосымның жігітшілік қылып, жүріске салынғанын қарадай естігісі келмейді. Адамшылықтан туған таза сүйіспеншілік пен ерекше мұрат көздеген кісіліктен ада ішпісу, әшейін ет пен терінің арасындағы желіктің аз күндік әурешілігі екенін білгендіктен шын көңіл бөлмеуші еді. Сондықтан да күйеуіне деген асқан бір қызғаныш, басқа біреу пайдаланып дақ салып былғай қоятын қасиет, қадірі бар деп қарамаушы еді. Қайта күйеуінің босқа кеткен уақытына, адал мен арамды араластырғанына аяушылық қылушы еді. Сексенге келсе де бүкшеңдеп қазан-ошақта жүретін енесі де, өзінен туған балалары да, бір шаңырақтың астында жиырма жылдай тұрып жатқан күйеуі Қосым да өз бастарының көп міндеттерін осыған әкеп жүктейтіндей. Күлиман енесін демалуға көндіріп, ұршығын беріп үйге зорға кіргізді. Кешкі малға шығып, ауыл үсті азан-қазан боп жатқанда Қосым келді. Түк болмағандай малын түгендеп, сиыр сауғызып, қоймадағы саймандарын ақтарып, мәшинесін жөндеп қараңғы түскенше үйге кірген жоқ.
* * *
Күні бойы базарда сауда жасап Айша үйге кеш қайтты. Берғазы үйде екен. Есік алдында күркілдеп жөтеліп отыр. Қолында шылым. Көк түтінді сорған сайын күрк-күрк етіп, қаттырақ жөтеледі. – Тамақ істедім, – деді Айшаны көріп. Берғазының сау болып, есік алдында өзін тосып отырғаны бір түрлі көрінді.
– Киіміңді кисеңші, – деді күйеуінің тоңып отырғанына. – Балалар қайда?
– Доп ойнап жүр.
– Сиырымды сауып алайын, – деп Айша шелегін даңғырлатып қайта шықты. Ауыл үсті шаңытып тұр. Мөңіреген сиыр, ойнақтаған бұзау, үрген ит, үріккен қозылар, шулаған бала кешкі ауылды басына көтеріп, азан-қазан қылуда. Айша күрпілдетіп сиыр сауды. Берғазы бұзау байлады. Айша от жағып, сүт пісірді. Ошақта от жылт-жылт етеді. Шөп қора аңғай-саңғай. Ішкі қораның төбесі шіріп, тіреумен тұр. Берғазы қауырт жұмыстар тұрғанына қынжылды. Қораны ашып-жауып, көмір қора, шөп қораны кезінде жөндесе ендігі бітіп те тұратын еді. Амал не, күнде ертеңмен, міне күз келді. Енді қауырт қимылдамаса бітпейді. Берғазының қауырт жұмысты жаны сүймейтін. Жастай шопыр болғанда үйренген әдеті күнделікті бір тетігін болса ауыстырып, ескі нәрсені жаңалап бұрай беру, жөндеп пайдалана беру. Соңғы кезде ол әдеттен жаңылып қалып еді. Кешкі тамақ үстінде:
– Неғып бүгін сау жүрсің, – деді әйелі.
– Ауырып жүрмін, – деді Берғазы көңілсіз.
– Іш, ауырып жүрсең!
– Табаламасаң болмай ма, – деді Берғазы өңі бұзылып. – Сен осы не істеп жүрсің. Жұрттың бәрі Қосымнан шық , бөлін, – деп бір менің қамым соларға керек кісіше айта беретіні несі. Әлде Қосымның ақшасы көп соның арағын ішіп, ішкіш боп кетті дей ме?
– Қашаннан бері жұрттың ақылын тыңдайтын болғансың. Тыңдағыш, ұққыш болсаң айтудай айттық емес пе, арақ ішпе, жұмыс істе. Жан бақ , мал бақ – деп. Жаныңа қас көргендей өзеурей бердің арақтан басқа түк көрмей.
– Содан өзге әңгіме таусылды ма? – деп Берғазы әйеліне ренжіді.
– Өзің емеспісің, – деді Айша көңілі қайтып.
– Бағана көкем келіп кетті. Көшіріп алам. Сөзді қой, бір жұма уақыт берем, дайын отыр деді. Не істейміз, – деп Айшаға қарады. Айша түк түсінбей үн-түнсіз отырып қалды.
* * *
Бірер жұмада шаруасын қамдап, ескі әңгімеден біраз алыстағанмен Қосымға қайтадан Берғазының үйіне барып оған жұмысқа бар деп айту, Айшаны көріп бұрынғыдай аралас-құралас болып жүру, енді орындалмайтын шаруа сияқты болып көрінді. Қолынан не келеді дейсің сырттан сөз айтқаннан басқа дейтін ауыл әйелдерінің Қисметке, Жармұқан ақсақалға барып шағым айтқаны, Жарас пен Құрмандардың бұған кектеніп, жабылып ұрмақ болуы, Қосымға қатты ой салмағанымен, біршама сескендіріп еді. Сол төбелес болған түні Қосым мол шарапты жігіттердің жанжал іздегенін біліп әдейі алды. Сөйтсе де төбелес шығады деп ойламаған. Керісінше бұлар қанша күдіктеніп, біреудің намысын жыртып тұрса да шарап ішкен соң көңілденіп дос боп тарқар деп ойлаған. Сөз аяғы ушығып, жанжалға ұласқанда үш бірдей жігіттен тайсалмай қарсы келуі есептің мықтылығы еді. Шарап әлгілерді әлсіретіп тастаған. Төбелес деген аты болмаса бос шуылдақ, доңайбат. Қорқытып, айбындыратын қимыл болмаған. Өздері таяқ жеп тынды. Ертеңінде таң атпай үйге тағы іздеп келді. Қосым ендігі жерде бұлармен кінәләсудың пайдасыз екенін біліп, сол күні тоқты сойып, үшеуін бірдей күтіп, мәшиненің сынған терезесін салғызып беріп, разы қылып қайта бет жыртыспайтын болып татуласып еді. Қосымға керегі де сол. Ең бастысы ауылдың намысқой деген біраз бас көтерер жігіттерінің беті қайтты. Өзі таяқтан аман. Көлденең ауыздар жабылмақ болған үшеуін бірдей Қосым сабапты деп қызыға әңгімелеп жырлай қып айтып жүрді. Осылайша өзін жұртқа жария болып масқараға ұшырадым деп емес, қулығымды асырып бір тойтардым деп тынышталып жүргенде қатындардың жиылып, ауыл әкіміне арыз айтуы Қосымды ыза қылды. Бұ жолы шын күйінді. Жармұқан ақсақал шақырғанда да түк білмеген, мән бермеген адамсып келіншегін жіберуінде өзінше “маған не істейсіңдер'' деген доңайбат жатыр еді. Бірақ әйелінің түк сыр бермей “Жармұқан ата уақыты болса жолығып кетсін'' деп шақырып жатыр, реті келгенде кіріп шық – дегені тым бейбіт, алаңсыз көрінді. Жармұқан ақсақал да бұ жолы асықпап еді. Қосым кешіккен сайын ішкі сырын біле түскендей сыңай танытып, енді қайталап шақыртқан жоқ. “Аман болса бір келер деп'' өз амалын ойлап еді. Берғазы да, Айша да ауылға қарағанда қаланың тірлігіне бейім. Әлі жас. Балалары өсіп келеді. Ойлана келе Жармұқан ақсақал Берғазының қаладағы ағасын шақыртты. Уақыты аз қызметкер адамның намысына келмейтіндей ғып бар жағдайды туыстық тілекпен, екі жаққа тең жанашырлықпен асықпай отырып түсіндірді. Серғазы әңгіме ауанына түсінген мезгілде ақ шамы оң қабағына түсіп, түнеріп бірталай отырды. Сонсоң мұндай күтпеген жағдайда ақсақалдың ақылын, шешімін сұрады.
– Қарағым ақылға көнсең, ініңді қасыңа көшіріп ал, – деді Жармұқан ақсақал өзіне салмақ салып. – Бұл осы күйінде қалдыруға, кешіктіруге келмейтін жағдай. Көріп, біліп айтқан шаруа. Әйтпесе сенің ініңнен құтыла алмағандық емес. Қосым көше алмайды. Көше алмайтыны кәрі шешесі бар. Малы көп. Екі жаққа да тиімдісі осы. Інің қалаға барса өзіңе серік болады, көзі ашылып басқадай өмір көреді. Сөйт қарағым. Ойлана кеп бүкіл ауыл боп тапқан амалымыз осы болды. Ал алда-жалда мұныңыз қате екен, қабылдамаймын десеңдер ерік өздеріңде. Менің үлкен ретінде де айтарым осы, – деді.
Мұндай шешуі қиын, намысқа тиетін кінәмшіл әңгімеден кейін ұзақ отырып, серпіліп басқа да сөз айту, бөгелу ыңғайсыз көрініп Серғазы інісінің үйіне апақ-сапақта кіріп шығып, қалаға тез аттанып кетті.
* * *
Базардың маңы ығы-жығы халық. Бір жағында кілем, мата сататын орын. Енді бір шетінде үйілген қап-қап ұн, қант, күріш. Демалыс болған соң киім сататын қатар қаптаған адам. Қысылысып, кептеліп, таласып өте алмай, ығы-жығы. Қосым Күлиманды алдыға салып, алатын затты соған таңдатып, ақшасын өзі төлеп соңында жүр. Күлиманның таңдайды деген аты болмаса, алу-алмау Қосымның еркінде. Қалтасында уыс-уыс ақша тұрса да саудаласып, ақшасын көпсітіп, бұ да арзанды іздейді. Күлиман ыза боп “Бес-он теңге айырма ұзаса 50-100 теңге, қайта-қайта айналып жүреміз бе? – деп керегін зорға алғызады. Балаларға, өзіне деп қыстық-күздік жылы киімдер алып, базардан шыға бергенде Қосымның алдынан бұрынғы заготконтордың бастығы Қосубай жолықты. Қызарып, жып-жылтыр боп семіріп апты:
– Ой, өзің жүдеусің ғой, – деп Қосымды иығынан қағып күлді. Бойы биік, адамдардың төбесінен қарап тұратын денелі кісі. Елді қызықтағандай айнала қарап тұр. Осы базарда әйелі сауда қылады. Өзбекстан, Қытаймен қалың саудада.
– Кенжеміз үйленіп еді. “Асуда'' кешке тойы болады. Келінді ертіп тойға кел, – деп шақыру қағазын берді. Қосым балаша мәз болып құттықтап жатыр.
– Жолаушы жүр ем. Мына базарда сізге таңсық не бар дейсің. Бір келгенде семіз ат қойыңызды әкеп тастармын, – деп бұ да кішірейіп еді: –Иә, кел, кел, – деп Қосубай басын изеді. Ана жақтан – Қосеке, – деп біреу шақырып қолын бұлғады. Қосым осы бір өмірі үйінен дәулет үзілмеген адамға қызығып қарап қалып еді.
– Жүрмейсің бе енді, – деп біреу тартқандай болды. Қараса Күлиман екен.
* * *
“Асу'' рестораны қаланың дәл ортасында. Қалада ең қымбат жер осы, мұнда ең бай адамдар отырады. Қосубайдың шақырғаны Қосымға қызық көрінді. – Барсақ-барайық, айында-жылында үйден бір шыққанда сен де бүгін адам көріп, дем алып, тамашалап қал. Осы елдің небір саудагер, іскер адамдары жиналады. Қосекең біледі ғой кімді шақыруды, – деп Күлиманға көтеріліп, мақтанып та қойды. Қыстан шығуға жарамас деп екі-үш бас ірі қараны бүгін ет базарына әкеліп тапсырып еді. Қалай шығарар екен асыраған, әкелген шығынымды өтер ме екен деп күдіктеніп еді, онысы бекер боп малы қымбатқа өтіп, мұны Қосым іштей жақсылыққа жорыған. Көңілденіп базарға кіруі де, Күлиманның алам дегенінен қолын қақпай алғызуы да содан.
* * *
Бұлардың қонған үйі қала шетіндегі аласа там еді. Қонақтан кеш қайтқан Қосым түске таяу оянды. Үйде ешкім жоқ. Бәрі жұмыста. Күлиман тұрып, ауыз үйде бірдеңе істеп жүр. Қалаға бірер күнге деп шықса “пәлі мал-жан, үй не боп жатыр'' деп сол бірер күн өтпей жатып, ауылға асығатын әдеті. Өзінің осылай ел сияқты жайбарақат жүре алмайтынына кейде шын ренжиді. Ауылға келіп, үй-іш, мал-жан бәрі аман екенін көрген соң несіне асықтым екен деп ойлайды. Кешегіден қалған керек заттарын алуға базарға соғып, барын түгендеп болған соң түс ауа мәшинемен жолға шықты. Астында зулаған жаңа “Жигули''. Еркін жіберсең арыңдап әкете береді. Бағанадан тегіс жолда дыбысы білінбей тербеліп қана отырған мәшине, тас жол біткен соң арыны бәсеңдеп, ақырындап, тұсала бастады. Жолдың бұзылып кеткен табанымен он шақырым жылжыған соң, қайта түзу жолға шықты. Қара жол иреңдеп алға тартып, созылып табан астына қайыстай боп төселіп алған. Күзгі дала, көз ұшындағы таулар жол шетіндегі қараған, қалың шилер зымырап кейін қалып жатыр.
Алдыдан көш көрінді. Көш алдында жүк тиеген биік қызыл мәшине. Одан кейінде мал тиеген екі мәшине іркес-тіркес созылады. Оның артында шетелдік көлік. Жай ілесіп келеді. Тағы бір екі көлік бар, ішінде төрттен-бестен бала-шаға, адамдар отыр.
Қосым жолдың оң жағын ала шеткерірек алып, көштің қасына таянғанда сәл ақырындап өте шықты.
– Біздің ауылдан емес. Кім болды екен, – деді Күлиманға.
– Ауылға көшетін ешкім жоқ сияқты еді, білмеймін, – деді ол да елеусіз. Ауылға жете бергенде жолдан төмен бұлақ басында бүгін жолаушылар әдеттегіден көп тәрізденді. Адамдар таныс көрініп, Қосым солай бұрылды. Анадайда есіктерін ашып тастаған екі-үш жеңіл мәшине тұр. Көлігін тастап, Қосым жаяу келді. Күлиман түскен жоқ. Қосым таяп кеп шөп үстінде қоралай отырған көп жігітке сәлем берді. Өздері көңілді. Төменірек барып, бұлақ суымен бетін жуып, шөлмекпен су алды. Жігіттер “дәм тат'' деп шақырды. Таяп келіп ''бұл не той'' деп күлді.
– Көш көлікті болсын демейсің бе? – деп Сембай жантайып жатқан бойы Қосымның бетіне қарап күлді.
– Ол не көш? – деді Қосым.
– Сізге қарсы жолыққан сол көш Берғазыныкі, – деді шеткері жігіт – шығарып сап отырмыз. Келсеңізші дастарқанға.
– Байқұс кеткісі келмей жылағандай болып, зорлықпен кетті әлгі Берғазы – деді Сембай.
– Ағасы бірақ күнде көшіріп әкеткенге ұқсайды ғой.
– Сонша несіне асықты екен, – деп отырғандар өзді-өзі сөйлесе берді. Сөзге ұйығандай бозарып тұрып қалған Қосым ештеңе естімеген адамдай өзінің бұл қылығын сөлекет көріп, су құйған бөтелкені бауырына қысқан бойы мәшинеге аяңдады. Мәшинеге отырған соң қолындағысын Күлиманға беріп, жылжып үлкен жолға шыққанша үндемеді.
– Жаңағы көш Айшалардыкі екен, – деді аздан соң. Даусы көңілсіз шықты.
– Неге өйтті екен, – деді Күлиман елеусіз – көшеді деп сөз болмап еді.
– Кім біледі – деді Қосым – менімен ақылдасып па?
Бұл жолы даусы қатқыл шықты.
Сурет ғаламтордан алынды
Бөлісу: