Қазақ жастарын қамшылау

03.03.2019 6732

 

 

Қазір сенің денсаулығың, жастығың, уақытың бар. Мүмкін емеске ұмтыл. Тек тоқтап қалма! Бір есік ашылмаса, келесі есікті ашып көр. Келесі есік ашылмаса, тағы басқа бір амалын қарастыр. Қайткенде де, қисынын, шешімін тап. Бəрі тек сенің санаңа, ниетіңе жəне əрекетіңе ғана байланысты. Кім ізденсе, ізгілікке, игілікке ұмтылса, Тəңірдің өзі соны қолдайды. Жетелейді. Жол көрсетеді.

 

Əркімнің жарқырайтын өз сəті келеді. Тек сол сəтке іштей, сырттай дайын бол! Үрейге, күмəнге, жалқаулыққа бой алдырма. Қазір тəуекелге бармағанда, дəл қазір елеулі, ірі істер атқармағанда қашан ойлағаныңды жүзеге асырмақсың?! Əр қазақтың Мұны мен істемегенде, кім істейді? деген жақсы мағынадағы көкірегі болуы керек-ақ. Көкірек көзің ашық болса, тереңнен ойла. Өзгеше ойлау жүйеңмен, қарым-қабілетіңмен, өткірлігіңмен, шынайылығыңмен бұзып-жарып шық! Өзіңді байлап, матап, тежеп тастама. Санаңа азаттық бер! Сынды да қабылдап үйрен. Əрнəрсенің сұрауы бар. Соны да біл.

 

Саған уақытша берілген бақ, дарын, ақыл-парасатың, жинаған білімің неге, кімге қажет? Егер тиісінше пайдалана алмасаң? Өзгелерге, айналаңа, адамзатқа, тіпті керек десең өз-өзіңнің игілігіңе жұмсай алмасаң, нақ өкініш деген осы болмақ. Жалған намыс кімге керек?! Орынсыз ұялшақтық, ұяңдық кімге керек? Ол да - бір шеті тəккəппарлықтан. Тəккəппарлық сені тежейді, бақытсыздыққа жетелейді.

 

Ынжық, рухсыз адам ешқашан ұлы істерге бара алмайды. Ұлы істер кішігірім қадамдардан ғана бастау алады. Сен - мінезге бай, ішкі мазмұнға толы өзіндік ерекшеліктері бар, кемшіліктері бар азаматсың. Аталмыш кемшіліктердің өзін артықшылыққа айналдыру жолында өзгемен емес, əуелден өзіңмен күрес. Сенің жалғыз жауың - ӨЗІҢ. Өзіңді жеңбесең, ұдайы жеңіліс табасың, ұтыласың!

 

Сен қаламасаң, сен талпынбасаң, сен жасамасаң, дəнеңе де болмайды - ісің өнбей, жүрмей, уақыт, күллі тіршілік тоқтап қалғандай күйде болады. Бейне бір үнсіздік орын алғандай берекесіз өмір басталып кетеді. Сен қолыңды бір сілтеп, алға емес, артқа, өткенге қарайлауды доғар. Қолда барыңды бағалап, қанағат ете отырып əрекеттенбесең, күреспесең, шыңырауға түсіп кетесің. Ешкім сені құтқара алмайды. Əлбетте, өзіңнен басқа! Түк істемегеннен жағдайың жақсарып кетпейді, керісінше бұдан бетер нашарлай бермек. Сондықтан, күресуден қашпа, бір бастап кетсең болғаны. Əрі қарай жеңілдігі, қайыры болады. Жеңістің дəмін көрген соң, жеңілмеуді үйрене бастайсың.

 

Бүгінгі қамсыз бір күнмен жүргенің, мəн-мағынасыз ойың-күлкі - бəрі уақытша. Ішер асын болғанға мəз болып, құр босқа жата берме. Сен дүниеге тек ұйықтап, тамақтану үшін келмеген боларсың?!Өзгелерді сөз қылып, ғайбаттап, жазықсыз жала жапқаннан басқа тірлік қылдың ба сен?! Жақсылап ойлан. Алтын уақытыңды жақындарыңды қуантуға жұмсағаның қандай ізгі іс болмақ!

 

Адам мен айуанның айырмашылығы - еңбекте! Не істесең де, бар жаныңды, жүрегіңді, ақыл-қайратыңды салып көсіліп істеп таста. Ол - қайткенде де бағаланады, көрінеді. Еңбегің, адалдығың, əділдігің ғана сені көтереді.
Өзгелер байқамағанды байқа, көр, мəн бер. Тереңге үңіл! Сен əуелі өзіңді толыққанды таны, кейін мақсаттарыңды айқындап ал, тек содан кейін барып амалға көш. Саналы, баянды, ғибратты ғұмыр кешкің келсе, қазірден баста! СЕНІҢ - ТАРИХЫҢ ЖАЗЫЛЫП ЖАТЫР...

 

Бөлісу: