Мұхтар Шерім. Жүр үйге, жексұрын!

31.03.2019 6983

 

«Адам сияқты айлаң жоқ, көк тиын пайдаң жоқ!» –деп әйелім күнде миымды жей берген соң, кетіп қалғанмын. Жо–жоқ, әйелім қуып жіберген екен ғой? Жасым жетпісті жалай бастағанада, жұрт мүсіркей қарай бастағанда, көше кезіп, қайыршы деген «қызметке» тұрғалы, «Құдайым–ай, мұндай өмірі құрысын!» деп басымды қос–қолдап ұрғалы қашын!
Өзімнен он бес жас кіші әйелім бір күні көшеде көлбеңдеп келе жатқанымда, қолымнан ұстай тартты.


–Жүр үйге, жексұрын! – деді салған жерден.


–Ойбай, не болып қалды? –деп сұрадым мен.


–Бала туғым келеді!


–Қартайғаныңда қағынып тұрғаның не?


–Қартайғанда сағынып тұрмын!


–Бармаймын! Өзің қуып жібергенсің!


–Жүр деймін үйге, жексұрын! Баланы басқадан тауып, өсекке қалатын жағдайым жоқ!


Әйелім такси ұстап, үйге алып келді. Ет асты. Маңдайымнан сүйді. Мұрнымнан сипалады. Түсіне алмай, тілімді тістеп тұрмын. Сорпа ішіп болған соң сұрадым, құлағын әбден бұрадым:


–Кенеттен, оқыстан, төтеншеден бала туамының не?


–Әй, сүмелек! Естімедің бе? Жүкті әйелдерге 425 мың теңге берілейін деп жатыр!


–Менің бұған қатысым қанша?


–Как, қатысым қанша? Еркек емессің бе?


–Жоқ.


–Енді кімсің?


–Қайыршымын.


–Біз әлі заңды ажырасқан жоқпыз! Давай, бала жаса! 


–Сен өзі бір түрлі қатын болып кетіпсің! Мен жетпісте, сен елуде, не мен станокпын ба?


–Балалы болсам, ай сайын берілетін 21 мың теңге жәрдемақысы тағы бар!


–Үкімет жарылқап жатыр десеңші? Баяғылы бері қайда қалған бұл үкімет? Мен қырықта қызып, елуде сызып, алпыста арыстан болып жүрген кезімде? Шынымен береді ме өзі, әлде, кезекті уәде ме?


–Береді екен! Құдайым–ай, қартайып қалғанымды қарашы? Енді қайттім, а? –деген әйелім жылап қалды.Тиын санап жүрген әйеліме шынымен жаным ашып кетті. Ол үшін, Құдай рұхсат берсе, өзім туғым келіп кетті! Онсыз да, шашылып жатқан байлығымызды осылай шайлығымызға беріп тұрса, еліміз еңселі болып шықпайды ма? Бір кезде тізерлеп отыра кеттім де, көкке қолымды жайдым:


–О, Құдай! Көңіліме шуақ бер, жас жігіттей қуат бер! Жаратқан ием, көрпемді көңілшек ете гөр! Жылдар бойы қаңғыдым, көше кездім, ішерге сорпа, жерге нан таппай қиналған едім! О, 450 плюс 21 мың теңге! Әйеліме қайта қосқан, саған рахмет, аналардың зарын тыңдаған үкімет, саған да рахмет!


–Әй, не істеп жатырсың? –деп сұрады әйелім иығымнан түртіп. Мен пақырың былай дедім, көз жасымды сүртіп:
–Бұйыртса, нәрестеміз ұл болсын ба, қыз болсын ба?


–Құрып кет әрі! Елуден асқанда балалы болған әйелді көрген емеспін! Жүдә, қайтер екен десем, бүгін бірінші сәуір–Күлкі күні екенін ұмыттың ба? Алдайтын күн! Жоғал әрмен!


Ышқырымды ышқына көтеріп қойып, көйлегімді шешіп қойған екенмін, ырсиған қабырғаларымды тыр–тыр қасып алып, қайта киініп, көшеге шықтым... Көз алдымда 450 мың теңге, әйелім екеуміз таласып жатырмыз!

Бөлісу: