Қаныш Сәтбаев

03.04.2019 52687

 

Қаныш Сәтпаевтың туғанына биыл 120

                                     

Қаныш Сәтбаевтың балалық шағы мен бүкіл өмірбаяны қазақ елінің 20-ғасырда жүріп өткен жолын еске салады. Ауыл молдасы мен өз отбасы төңірегінде хат танып сауаттанған Қаныш өмірге керек тәрбиені айналасы мен  әулетінен алады. Хат танығаннан бастап алғаш елден ұзап шыққандағы оқуы Семей қаласындағы оқытушылар семинариясы. Ағасы Әбікей Сәтпаев осы семинарияда оқытушы бола жүріп інісінің оқуы мен жақсы азамат болып өсуіне барынша жағдай жасап көмектеседі. Әбікей заманына сай көзі ашық, Баянауылдағы оқыған қазақ ішіндегі елге көрнекті азаматтардың бірі еді. Кейін Семей өңірінде де осы өлкенің белгілі адамдары арасында беделді қызметтер атқарған. Губерниялық оқу бөлімінің басшысы, педтехникум директоры сияқты жауапты орындарда ұйымдастыру, халық ағарту, білім беру ісін талапқа сай жүрізеді.   

 

Қаныштың қоғамдық қызметте таныла бастауы семинарияда өткен түрлі ойын-сауық кештерінен басталады. Мұнда оқитын студенттер арасында өнерге жақсын Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Ә.Марғұлан сияқты талапты жастар мол еді. Баспасөзде көп айтылып жүрген Абайға арналған 1914 жылғы  кеште Қаныш та сахнаға шығып өлең оқиды. Мандолин тартып, ән айтады. Семейде өткен түрлі кештерде өнер көрсете жүріп, қоғамдық ортамен кең танысады.
 

Осы кездегі қазақтың болашақ ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовпен таныстық өмір бойы жалғасқан. Қаныштың Семейден кейінгі оқуы Омбыда жалғасады. Жас Мұхтар 1924-25 жылдары Әбікей Сәтпаев басшылық еткен педтехникумда оқытушы қызметін атқарады. Губерниялық оқу бөлімінің шақыруымен Ленинградтан қайта оралған жазушы «Таң» журналында техникалық редактор қызметін қоса істейді.
 

 

data-cke-saved-src=/upload/318/2019/04/03/bb6c3e74e2202ab789ba3f91b9ddbc61.jpg

 

 

Қаныш Сәтбаевтің таңдаған мамандығы кен барлаушы, геолог болса да осы оқу, қызметте жүру оны өнер мен әдебиеттен ешқашан алыстатқан емес. 1926 жылы М.Әуезовтің қазақтың соңғы ханы Кенесары туралы пьеса жазып жүргенін естіп, хат арқылы оған өзінде бар көптеген тарихи мәліметтерді жазып жібереді. Ел ішінде айтылып жүретін хатқа түспеген тарихи жырларды, аңыздарды хатқа түсіреді. Жер қойнындағы кен барлау жұмысын бұрынғы тарихпен байланыстырып, ежелгі қазба орындарын, жер астындағы қирап кеткен, көмілген мекендердің археологиялық жағдайы туралы да мақалалар жазады.

 

Театр өнерінің алғашқы дами бастаған кезінде оған да көрермен ретінде  әсер еткен жайларын баспасөзде білдіреді. Ұзақ жыл кен барлау, өндіріс саласында жүріп шыңдалған болашақ ғалым кейін Ғылым академиясын ұйымдастыру қызметіне келгенде де олардың жолы тағы түйіседі. Қазақ ғылым академиясы Мәскеу академиясының бөлімшесі есебінде құрылады. Оның бөлімдері де санаулы, кадрлық мүмкіндігі де кезінде шектеулі болған еді. Уақыт өте келе Қ.Сәтпаев  сол кездегі Қазақ кеңестік республикасы Ғылым академиясын одақтық дәрежедегі ірі ғылым ордасына айналдыруда мол еңбек сіңіреді.

 

М.Әуезов те осы ғылым академиясының алғашқы академигінің бірі ретінде әдебиет пен өнердің дамуына үлес қосты. Ұлы Отан соғысы жылдарынан кейін Ғылым академиясының бірталай бөлімдері кеңейтілді. Бұрын тіл білімі, тарих сияқты салалар бірігіп қызмет етсе, кейін олар өз алдына жоспары бар кеңейтілген жеке зерттеу институттары болып құрылды. Кен барлау, игеру саласы бойынша геология институты жолға қойылды.

 

Сол уақыттағы елдегі жағдай да бір қалыпты болып тұрмайтын. 1927-32 жылдар Сәтбаев әулеті қиыншылыққа ұшырайды. Алаш қайраткері, ұстаз Әбікей Сәтбаев ұлтшыл азамат ретінде қуғандалып шетке кетті. 1937 жылы халық жауы деген жалған айыппен репрессияға түседі. Осы себеппен елдегі Сәтбаевтар әулеті қуғын-сүргін, кәмпеске сияқты саяси науқанға ілікті.  

 

 

data-cke-saved-src=/upload/318/2019/04/03/4da128e7912a2f01e3cc3b81e9765a71.jpg

 

 

Қазақстанға бұл кезде жер-жерден қуғын-сүргінге ұшырағандар келе бастайды. Бұл Отан соғысы кезінде де тоқтамайды.

 

Партияның түрлі идеологиялық тазалау жұмысы бұдан кейін де жүрді. М.Әуезов пен Қ.Сәтбаев сияқты ұлтшыл азаматтарды бұл сынақ кейін де жайына қалдырмай 1946-52 жылдарда өткен саяси науқан кезінде ұлтшыл ретінде қуғынға түсіреді. Мұхтардың қудалануына «Абай» романы мен жалпы әдебиеттегі ұлтшылдық бағытты жүйелі жүргізді деп айыпталған зерттеулері себеп болса, Қанышқа «Едіге» жырын бастырып, ескілікті насихаттады деген айып тағылады.

 

Әдебиеттегі ұлтшылдықпен күрес туралы партияның бұл қаулысына қазақ халқының бірталай тарихшы, әдебиетші ғалымдары ілікті. Алды 15-20 жыл арқалап түрлі мерзімге жер аударылып, түрмеге қамалды. М.Әуезов бірнеше жылға елден жырақтап, жағдай орныққанша Мәскеу университетіне оқытушы болып орналасты.

 

М.Әуезовтің «Абай» романының шығу тарихы мен оның талқылануы, партиялық тарап пен қалың оқырманның көзқарастарының біркелкі болмауы бірталай кездесу, талқылау ұйымдастыруға, романның келесі томдарының тоқталып қалмай халыққа жетуіне керек қолдауды алу үшін қажет еді. Осы талқылауда түрлі сүзгі сияқты айыптаулары мол, сыни пікірлер естілуіне тосқауыл қою мүмкін емес болатын. Бүгінде сол талқы кезінде кітапқа дұрыс баға бере алған бірнеше авторлардың еңбектері аталады. Ғ.Мүсрепов, І. Омаров, З.Шашкин, Қ.Сәтпаев айтқан пікірлер өзінің тарихи тұрғыдан дұрыс екендігін уақыт алдында дәлелдеп шықты.

 

Қ.Сәтпаевтың «Абай жолы» романы халық өмірінің энциклопедиясы,–деп бағалауы сол уақыт үшін тамаша баға болатын. Оның қазақ әдебиеті мен мәдениетінің білгір жанашыры болғанын академик Әлкей Марғұлан да ерекше сипаттап жазған. Қаныштың әдебиетке деген сүйіспеншілігі оның туған қызы Шәмшиябану Сәтпаеваға беріледі. Орыс әдебиетімен әдеби байланыстарды зерттеген ғалым әке арманын орындап көп томдық зерттеу еңбектерін жазып қалдырған.

 

 

data-cke-saved-src=/upload/318/2019/04/03/f4d4aefeb3916462754ceba22bc26af4.jpg

 

 

Қаныш Сәтпаевтың бойында бұрынғы қазақтың есте сақтау қабылетінің күштілігі бар. Оның атақты музыка зерттеушісі Затаевичке 25-ке жуық халық әнін айтып, жаздырып қалдыруы ғалымның шын мәніндегі халық өнерін бағалай білген өнерпаздығын көрсетеді.

 

Қазақ КСР-і Ғылым академиясының тұңғыш президенті, ірі академик ғалым, Жоғарғы Кеңес депутаты, барлық сала бойынша ғылыми-зерттеу институттарының ашылып, кадрлармен толығуына, қазақ ғылымының дамуына зор үлес қосқан ғалымның 100 жылдығы кезінде оның еңбегі аталып өтуі өте орынды. Біз тек оның әдебиет пен өнер саласына қатысты еңбектерін ғана айтып отырмыз. Оның кенші, геолог, ғалым есебіндегі еңбектері көп томдық болып шыққан.

 

М.Әуезовтің Қанекең туралы жүрекжарды пікірі «Қазақ халқының зор ғалымы», «Академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 60-жылдығы» деген мақалаларында айтылған. Ұлы адамдар достығы әрқашан бір-біріне деген құрметпен, елге қызмет етумен қымбат болса керек.

 

1963 жылы М.Әуезовтің мемориалдық музейі ашылғанда Қ.Сәтбаев оның салтанатына қатысып, өзінің пікірін білдіреді. Жазушының туған қызы Ләйлә Мұхтарқызы Әуезоваға осы музейді ұйымдастыруда көмек көрсетеді. Ұлы адамдар ұрпағы әке аманатын адал атқарды. Шәмшиябану мен Ләйлә да ғылым жолында ағалар салған жолмен ұрпаққа үлгі боларлық тамаша еңбектер жазып қалдырды.
                                                                                              

 

2019-жыл

Бөлісу: