Жаңа жыл түні
Мекен мен Сауытбек тәштиген тоқал тамнан қас қарая шықты. Шамды сөндіріп, есікке құлып салып, біржола шыққан. Бүгін ескі жыл бітіп жаңа жыл сағат санап жақындап табалдырыққа тіреліп тұр. Ауыл жұрты соны бір ерекше боп қарсы алмаққа дайындалып жатыр. Балалар қысқы қаникулға шығып кеткен. Мектепте жаңа жылды, аяз атаны қарсы аламыз деп бірінші қамданған солар еді. Неше күн абыр-сабыр болып жүріп олар да тынышталды. Көптен күткен жасыл шырша қызығы аяқталған соң енді әр үйде, клубтағы жастар кешіне дайындық бүгін соңғы кезіне жетіп, қыза түскен. Ауыл адамдарын көретін әртүрлі қызықтар тосып, оның үстіне каникулдың қол бостығы қосылып, балалар да желіктері басылмай жүр. Көшеде ызғырық жел. Үскірген қызыл шұнақ аяз бетке келіп жаланып-ақ тұр.
Сауытбектің келіншегі қазір Құлатайдыкінде. Қатындармен бірге бауырсақ пісіріп, жаңа жылға дастарқан дайындап неше күннен бері қатты әзірленіп жатыр. Бұлар жиырма алтыға келіп қалған, көбі жаңадан үйленген ауыл жастары еді. Көпшілігі қысы-жазы совхоздың жұмысында. Анда-санда осында мерекеде болмаса бастары қосыла да бермейді. Бүгінгі бас қосуға бар күшін салып әзірленіп жатқаны сол еді. Кісі басы ақша жиып, арақ-шарапты да мол ғып алды. Сельсовет Мақаш бұлардың жәшігімен арақ алып жатқанын көріп, сатушыға жақтырмай қарап, басқа ел мыналардың аузын жалай ма, тең бөліп, аз-аздан сат дегенім қайда деп түрі бұзылып ренжіді. Сауытбектің қатыны тіс қаққандығын қылып, біз бір-екіден неше үй бөліп аламыз,– деп жуып-шайды.
– Ешкім жоқта кешкілікте келіп ал деп едім, жетпеген ел әңгіме қылатын болды, – деп сатушы да көп-көрім сөйлеп қалды. Бұлар әлгіндей сөздерді естігенде арақты сатушы мен сельсовет босқа, жанынан беріп тұрғандай еді де, сөмке көтеріп дүкеннен шыққан екі қатынның түрі ұрлық жасап келе жатқан адамның түріндей еді. Сонымен жаңа жылға жасаған дайындықтарының ішіндегі ең мәнді жері, ауыз толтырып айтарлығы арақ-шарап жағының молдығы болған соң, оны өздері алдын ала ойластырып, қалай қамтып қалғандарын сөз бола қалса әңгімелеп те қояды. Бірге оқыған, мектепті бірге бітірген, кішкентайынан жұбы жазылмай өскендіктен Мекен мен Сауытбектің достығы, бұрынғы татулығы әлі бала кездегідей. Үлкендер бұлардың істеген қылықтарына қарап, үйленсе де әлі бала сияқты деп сөз ғып отырады.
Бүгін де Сауытбек Мекенді қасынан тастамай ертіп алған. Мекен бойдақ. Жағы сопиған, адырақ көз сида жігітке Сауытбек не айтса да құп. Екеуінің аласа пешке от жағып, қуырдақ қуырып жеп, клубқа барып бильярд ойнап, сыры кеткен ескі сандықтың артына келіншегі тығып қойған шарапты тауып ішіп, клубтағы жастардың ішінде ән айтып ансамбльге қатысып, соның бәрінде бірге жүруі қызық еді. Жұртты үйіріп айналасына топырлатып ертіп алатын Сауытбектің аузы әзілден бір босамайды. Өзі жаннан асқан палуан. Әнді домбырамен де, гитарамен де қосылып айта білген соң қонаққа барса, концерт болса жиналған ел шулап ортаға шығармай қоймайды. Көңіл күйім болмады, дауысым келмеді деп бәлсіну жоқ, сұраған тілегін орнына келтіріп өзі де көптен ойлағанына қолы енді жеткендей көңілі жайлау керім боп жүрген бір ер.
Жаңа жылымыз көңілді өтсін деп мереке басталмай жатып әлгі тығулы тұрған қызылды шығарып ішіп алған соң көптен ойлағаны орнына келгендей болып екі дос клубқа жиналды. Сауытбектің орындайтын нөмірі бар, Мекендікі қолпаштап қасында жүру. Ойда жоқта өздерінің тапқырлықтарына риза болып күліп, бірдеңесі қалғандай сипалақтап жүріп екеуі далаға шықты. Үй тастан қаланған қырық жылғы ескі үй. Бұл маңай ауылдың шеті. Тұрғындары да ескіден келе жатқан кәрі құртаң, шал-кемпірлер. Сауытбектің әкесі осы үйде туып өскен. Қартаймай елуден асып барып тосын дерттен қайтқанда да осы үйден шыққан. Оны жаңартуға күші жетсе де бұның құнты жетпей жүр.
* * *
Ай жап-жарық. Түнгі аяз қатайып барады. Әскертай терезедегі жарықты аңдып үй сыртындағы жартасқа келіп жантайды. Батыстан ызғырық жел тұрды. Кала жақтан жарық көрініп, екі бірдей жеңіл көлік тура жолдан жайлап бұрылып, Шошақбайдың қақпасының алдына келіп тоқтады. Көліктен көп адам түсіп, көңілді дауыспен дабырласып ішке кіре бастады. Аулада балалардың дабырлап шулағаны, ары-бері жүгіріп қуанған дауыстары жиі шығып жатыр. Түнгі дауыстар зорайып, қатайып естіледі. Әскертай іштей біліп отыр. Бұл келгендер Шошақбайдың қаладағы ұлдары. Шетінен қызметкер. Өздері әлді тұрады. Шошекеңнің өзі де көп жыл колхозда басқарма болған әлді шал. Көзі сығырайып алып амалға да жүйрік. Дүниенің есебін жатса-тұрса есінен шығармай ойлайды.
Әскертай соны есіне алса өзінің мына қылығы өрескел боп тұрады. Өрескел көрмейін десе әлгі Сауытбек құрғыр аузының суын құртып қойды. Жарықты аңдып отырып қалғып кетіпті. Селк етіп тоңып оянса жарық сөніп қалыпты. Әскертай орнынан атып тұрды. Үй жаққа құлақ тігіп еді қақпа ашылып, біреудің кіріп-шығып жүрген дабыры естілді. Буын-буынын жазып, тың тыңдап үйге жақындағаны сол еді, бұрыштан арс етіп тайыншадай төбет атып шықты. – Кет, – деді жанұшырған үрейлі дауыспен. Арбаңдап сайға қарай қашты. Төбет арсылдап қалың шалбардан екі рет жұлқи қауып түсті. Омбы қардан тұра бергенде ар етіп шынтағынан жұлып түсті. Қалай қашарын білмей жүргенде үйдің иесі келіп зорға айырып алды. Шошақбай селкілдей күліп, – Сен бұл жақтан не іздеп жүрсің? – деді.
– Осының сұрағы қалай осы. Не іздеп жүргені несі? Сайдағы жолмен үйіне қайтпақ болған шығар. Осы итті байлаудан босатпа десе бір болмайсыңдар, – деді бәйбішесі жақтырмай. Қонақ күтіп жүргендердің ішінде Қатипа көрінбейді. Күйеу жігіт өзінің алданғанын енді сезгендей. Сонда да кеудесіндегі әлсіз үміт далаға жетеледі. Мына көңілді кешке ыңғайсыз жағдайда тап болса да, отырғандар мұның не ойлап отырғанын біліп қоятындай қуыстанды. Бұрынғыша емін-еркін қылжақ қылуға бір жағы кінәлі болған соң, бір жағы сыйлы қонақтардан ұялып, ешкім мазаламады. Ол далаға шыққан соң қайтадан Мекен мен Сауытбек отырған үйді іздеп тапты.
* * *
– Әй, Әсаға-ай. Соны да сөз деп. Қолдағы бала емес пе, – деп бастырмалатқан соң Әскертай суылдаған жүрегін тоқтатып, ойындағысы орнына келгендей айдалаға жүгіріп кетіп, тағы бір бағананың түбін тепкілей бастаған. Қуанышы қойнына сыймады. Жаны жадырап, құрыстаған арқасы, буын-буыны жазылып терлеп кетті. Түнгі аязды да сезбей арақтың күшімен буы бұрқырап жүр. Тіпті өзінің осы күнге дейін қалай үйленбей бойдақ жүргеніне таң. Екінші бөтелкені ашып іше бастағанда езуі көпіріп жайшы-лықтағыдан көбірек сөйлеп отырғанын сезді. Ана екеуі үнсіз. Бәрінің есебін білетін адамша ашылған бөтелкені бірте-бірте босатып, айтылған жайды да ұмытпады.
* * *
Шошақбайдың үйі дөң астында. Терең сайдың аузындағы қақпасы биік еңселі үй. Түнгі аяз шатынап қатая түсті. Көшеде жүргіншілер азайған. Ана екеуі күбірлесіп алдыға түскенде, Әскертайдың ойына тағы да күдік кірді. Аналардың не айтқанын естігісі келіп ентелей жақындап, құлағын тікті. Қардың сықыры мен алқына, қарды омбылай жүрген аяқ дыбысынан түк естілмеді. Шошақбайдың үйіне жақындаған сайын аналардың не ойлағанын, қызбен қалай таныстырмақ ойларын білгісі келіп, қалай сұрарын білмей ыңғайсызданды. Қораның артына келгенде Сауытбек төбеден түскендей қылып:
– Қазір қызды шығарып береміз. Айтқаныңа көнеді. Бірақ тілін өзің тап, – деді.
Қыз жеңіл киінген екен жүгіре басып келген бойы Мекенді құшақтай алып, бетінен сүйіп, қолтығына тығылды. Дауысын көтере сыңғырлай күліп, бұлардың кешіккеніне өкпе айтып, сөйлеп кетті. Ана екеуі де біресе ақталып, біресе күле түсіп, кезек-кезек бірдеңе айтып жатыр. Әскертай отынның артынан білдірмей басын шығарып сығалап қояды. Қыз жүгіре басып қайта қақпаға кіріп кетті. Сауытбек есіне енді түскендей: – Әсаға, бітті шаруа. Қыз қарсы емес. Өзің де қусың-ау, білдірмей қырындап жүріпсің ғой. Қазір қыз киініп шығады. Төргі үйдің шамы сөнгеде қақпа алдына келіп қарсы аласың. Содан кейін бітті емес пе, қыз өзіңдікі, – деді.
Бүгінгі осы істі өзі де асығыс көріп сенбей тұр еді. Шикі жері көбін де іші сезеді. Бірақ іштей тәуекел деп аналармен амалсыз қоштасты. Бағана аузынан қағынып, – Әсаға, жаңа жылды атайық, – деген Сауытбек. Бұл да елп етіп:
– Атасақ-атайық. Бір жағы көршім, бір жағы жақын інімсің, сенен немді аяйын, – деп түсіп тұрғасын, ішінен шынында мына байғұстың ниеті ашылайын деген екен деп бастабында дұрыс естімей қалдым ба деп сенбей де тұрды. Сөйткенше болмай Әскертай бұларды бастай жөнелді. Етігі сықырлап жүріп келеді. Басындағы ескі малақайдың жүні сиреп, былғарысы қалыпты. Үстінде жеңі қыршылған қара күпәйке, кеңбалақ шалбар. Кәдімгі тракторшы, құрылысшы тәрізді совхоз жұмысшыларына берілетін кәсіби киім. Осы киімді жиналысқа барса да, көшеге шықса да, әлдебір жұмыспен ауданға барса да үстінен тастамай киіп жүреді.
Былайғы ел Әскертайды әумесер әпенді, дүниеқоңыз көргенімен бұл өзін етек-жеңі жинақы, бас пайдасын білетін көшелі жігіт санайды. Соған көңілі кәдімгідей тоқ. Үйге келсе ермегі мал. Таңертең ауыл қалың ұйқыдан оянып, малын өріске айдағанда Әскертайдың да үйінен түтін шығып, қорасынан төрт-бес сиыр сауылып, он-он бес ұсақ мал табынға қосылады. Малы жоқтар ''Япырай, мына жаман Әскертай да қыруар мал жиыпты-ау. Осы ғұрлы болмай мен не қара басып жүргем'', – деп намысы оянар еді. Бала кезде мектепте жап-жақсы оқып, кейін түрлі себеппен оқуын жалғап үлкейте алмағандар Әскертайдың совхозда көп-көрім мал маманы болып жүргенін көріп: – Шіркін адамға талап бітсе қоймайды екен ғой дейтін болды. Өз қатарына қосылайын десе достарының қатындары мұның үйленбеген сүрбойдақтығын бетіне басып, істеген қылықтарын тәлкек қылып әбден ажуалап, сайқымазақ қып бітеді.
Мұның қалжыңы дөрекі, доғал болған соң еріккен қатындар бұдан да асып түсіп, өзіне көп болып жабылып, зорлап арақ ішкізіп, жығылғанша билетіп, елге күлкі ғып бітіреді. Сауытбек Әскертайдың мына елпілдеп тұрғанын қызық көріп, қолпаштап көтеріп сөйлесе де Әскертай жайшылықтағы қараулығына басып құтылып кетер, болмайтын сылтау ойлап тауып шығып қалар деген. Бірақ бір түсуі түсіп алып, енді арттарынан қалмай жүр.
– Әсаға, – деді қаттырақ дауыстап. Әскертай жан-жағына қарады. Отынның қалқасына жабысып қалғандай. Мең-зең болып тұрған жерінен зорға шықты. Қазір қызға не демек. Жақсы болды-ау өзінің үйге кіріп кеткені. Шықпай тұра тұрса екен ес жиып алғанша. Қыз алдында сөйлей алмай онысын ертең масқара қылып елге жайып жүрсе қайтпек. Сауытбек жаситын емес, ойындағысы болған адамша жымың-жымың етіп, мұның қолын алып жатыр.
Ақыры итке таланып, адасып жүріп әлгі екеуін қайта іздеп тапқан. Бұлар Әскертай туралы ұмытып кеткендей, – сен қызды қарсы алмапсың, тіпті күтіп отырса да бармапсың, – деп ұялта бастады. Артынан өзін біраз күтіп қонақ қып, күйеуі жоқ өжеттеу бір келіншекке тапсырып қойған. Біраздан соң ол да өкпесін ұмытып кетті
* * *
Таң алагеуімде шөлдеп оянып, басын көтеріп алғанда өзінің көшеде, не басқа жерде емес үйде жатқанына қуанды. Тосын шатаққа басы шатылмай, ешкіммен жағаласпай, тыныш кеп ұйықтағам-ау деген ой келгенде соған қуанды. Кешегі өткен ұзақ күннің үзік-үзік есте қалған әр үзіндісін қайсысын бағалап, қайсысын бастан шығарып тастарын білмей жатқанда, соңғы үйге барғанда танысқан сары келіншек күліп қарап, жақындап келгендей болды. Ол еріксіз күліп екінші жақ қырына аунап жатты.
Бөлісу: