Орынбор күнделігі: Ахмет Байтұрсынұлының ізімен - 2

08.05.2019 6221

 

(Басы «Аңдату һәм іс кесу»)

 

ІІ Қандас бауырлар қамқоры

 

Ресей жұрты - өз тарихына мұқият қарайтын халықтардың бірі. Осы Ы.Алтынсарин мектептік, А.Байтұрсынұлы мұғалімдік білім алған ғимараттың жанына ұстаз қауымына арналған ескерткіш орнатқан. Әрине, олар оны қазақтың ағартушыларына арнаған жоқ, қала тарихындағы алғашқы мұғалімдер дайындайтын оқу орнының көне ғимаратының жанына рәміздік сипатта орнықтырған. Сонымен қатар Орынбор қаласына патша ағзамнның өзінен бастап, әртүрлі мақсаттағы сапарлармен келген белгілі тұлғалардың тоқтаған ғимараты, білім, денсаулық, мәдениет, ғылым саларына елеулі үлес қосқан кісілердің тұрған үйлеріне арнайы қойылған белгілер бар. Ол белгілер – тарихтың, тағылымның зерделік нышаны. Бүгінгі замандағы ақпараттық технологиялар сөзімен айтсақ, «Quick Response (QR) - Шұғыл жауап».

 

 

data-cke-saved-src=/upload/318/2019/05/08/e67c96fa862c6c6383fcb70becb0c395.jpg

Бұрынғы орыс-қазақ мұғалімдер мектебінің қапталына

ұстаздар қауымының құрметіне қойылған ескерткіш

 

Қазақстан тарапынан да біраз тарихи ғимараттарға белгі қойылған. Бірақ әлі де болса белгі қойылатын нысандар баршылық. Алдағы уақытта ондай нысандарға белгіні заманауи технологияларда пайдалана отырып, QR кодтар арқылы қойып отырған да абзал.

 

А.Байтұрсынұлы білім алған мұғалімдік мектеп жанында Орынбор педагогикалық университетінің басты ғимараты бар. Аталмыш оқу орнында ахметтанушы, «Оренбургский путь Ахмета Байтурсынова» атты зерттеу еңбек жазған тарихшы ғалым Татьяна Тугай ұстаздық қызмет жасайды. Ғалым өткен жылы аталмыш кітабын Қазақстанның біраз қалаларында таныстырылымын жасап, зерттеу қазақ оқырмандары тарапынан ыстық ықыласқа, ілтипатқа ие болды.

 

Зерттеушінің А.Байтұрсынұлы туралы кітабын баспа бетінен жариялауға, оны Қазақстан жұртшылыған таныстыруға мұрындық болып жүрген қамқоршылар – біздің Орынборда тұратын қандас бауырларымыз. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» дегендей, біздер барған күндері орынборлық қандастарымыз Т.Тугайдың орысша шыққан кітабын қазақшаға аударып, баспадан шығарыпты. Біздерге кітаптың тұмса нұсқасын  тура баспадан алдыртып, сыйға тартты. Қазақ бауырларымыздың алдағы мақсаты Т. Тугайдың қазақ тілінде шыққан туындысын қазақстандықтарға таныстыру.

 

Орынбор педагогикалық университеттің студенттері мен оқытушыларымен болған арнайы кездесуде экспедицияның мақсаты, Алаш тақырыбы, қазақтың алғашқы астанасы туралы кеңінен қозғалып, өзара пікір алмасу мүмкіндігі туды. Университеттің «Тарих» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы С.В. Любичанковский Ресей империясының оқу-ағарту ісіне қатысты мәселелерді зерттеумен шұғылданады екен. Ол өзінің осы тақырыпты қаузаған кітабын экспедиция мүшелеріне сыйға тартты. Ахметтанушы Т. Тугай Алаш қозғалысына байланысты Орынбор архивіндегі құжаттар туралы ой қозғады. Орынбордағы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жетекшісі Сәуле Тайкешова 2020 жылы ҚАКСР құрылғанына 100 жыл толуына орай Ресей мен Қазақстан арасында мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланып отырғанын хабардар етті. Біздер де оз ойларымызды ортаға салдық. Кездесу соңында филология және тарих мамандығының студент шәкірттері өздерін қызықтырған мәселелерге қатысты сауалдарын қойды.

 

data-cke-saved-src=/upload/318/2019/05/08/c410015bb5c780d7c20bb27348a16352.jpg

Орынбор, педуниверситеттегі кездесулер

 

 

Жалпы, орынборлық бауырлардың қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты жасап жатқан тірліктері көңіл қуантады. Олар А.Байтұрсынұлы тұрған үйді Алаш қозғалысының музейіне айналдыру, Ә.Бөкейхан тұрған үй, «Қазақ» газетінің редакциясы орналасқан, газет басылып тұрған типографияға, А. Байтұрсынұлының 50 жылдық мерейтойы аталып өткен, Құрманғазының «Балбырауын» күйінің шығу тарихына қатысы бар ғимараттарға, Орынбордағы қазақ тарихы мен айтулы тұлғаларына қатысты тарихи нысандарды туристік маршрутқа айналдыру мәселелерімен қызу шұғылданып жүр.

 

data-cke-saved-src=/upload/318/2019/05/08/61bbcd1799cbbba50cdc8d35239083eb.jpgА.Байтұрсынұлы тұрған үй, Чечерин көш., 75

 

data-cke-saved-src=/upload/318/2019/05/08/ba9989450eff6c8b7363ef026e16f5c5.jpg«Қазақ» газетінің редакциясы орналасқан ғимарат, переулок Хлебный, 4

 

Ұлт тарихы, мәдениеті мәселелеріне тікелей араластыру мақсатында Орынборда «Жас қанат» жастар бірлестігі жұмыс жасайды. Жастардың дені Орынборда білім алып жатқан студент шәкірттер. Қазақстаннан экспедиция келді дегенді естіп олар қаланың тарихи нысандарын аралауға көмектесу, тілдесіп жүздесу мақсатында кездесу ұйымдастырды. Бірлестіктің жетекшісі – Руслан Чукеев (Шөкеев) деген қазақ азаматы.

 

data-cke-saved-src=/upload/318/2019/05/08/08c5f9413237f1783d3417872cdffb54.jpgСолдан оңға қарай: Р.Чукеев, Т.Тугай, А,Әбсадық, А.Шөрентаев

 

Орынборлық қандастар Қазақстан жағынан да көмек те, ықылас та күтеді. Кезінде Қазақстанның Ресейдегі елшілігін басқарған Зауыт Тұрысбеков тұсында Ахаң тұрған үйдің фасадына күрделі жөндеу жүргізіліп, 1917 жылы Алаш зиялылары ұйымдастырған жалпықазақ сиездері өткен ғимартқа арнайы белгі қойылады. Ұлт тарихына жанашырлық танытқан З. Тұрсыбековке орынборлық қазақтар да риза екен, естіген біздер де сүйсіндік. Жол үстінде жүріп, «Жақсының жақсылығын айт - нұры тасысын» дегендей, «Елдестірмек елшіден» ұстанымына берік болып, қазақ тарихы мен мәдениетіне қамқор болған ағамыздың аман болғанын, өсіп-өркендегенін тілеген дұғалық сипаттағы тілеуімізді тіл ұшына арқау еттік.

 

Орынборлық бауырлардың қазақ мәдениеті мен руханиятына қатысты тірлігімен танысқаннан кейін біздерге мынадай ойға келді. Ресейдегі Қазақстанның бүгінгі таңдағы елшісі, ұлт мәдениеті мен руханиятының жанашыры Иманғали Тамағамбетов дәнекер болып, Орынбордағы тарихи ғимараттарға Қазақстан үкіметі тарапынан А.Байтұрсынұлы тұрған үйді музейге айналдыру мәселесін тезірек шешу мәселесіне үкіметаралық мәдени байланыстар арқылы ықпал етілсе, Алашорда үкіметінің төрағасы, Алаш партиясының көсемі Ә. Бөкейхан тұрған үйге (фасадына жөндеу жүргізе отырып), А.Байтұрсынұлы оқыған мұғалімдік мектепке, «Қазақ» газетінің редакциясы орналасқан және газет басылған типография ғимараттарына, 1923 жылы А.Байтұрсынұлының 50 жылдық мерейтойы аталып өткен қазіргі мәдениет үйіне, Құрманғазының «Балбырауын» күйінің шығу тарихына қатыса бар  граф Браунның сарайына белгі қою жүзеге асырылса, Тұңғыш Президент, Елбасының бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының нақты бір қадамдары болатыны анық әрі тәуелсіз жұртымыздың елдік қадыр-қасиетінің рәмізі болар еді.

 

Бұл шараға, «Көп түкірсе, көл» деген, Қазақстанның әр аймағы бөліп алып, жұмыла кіріссе, демде бітер іс екені сөзсіз. Алаш зиялыларының табаны тиіп, қызметінің ізі қалған, Қазақ автономиясының алғашқы астанасы болған Орынбор бүгінде көрші елдің территориясында болғанымен, ол біздің жүрегімізде мәңгі сақталуы тиіс.

Жалғасы бар...

Бөлісу: