Жазушы Ерғазы Рахимов
Әдебиет зерттеумен айналысқан соң тапсырмамен өмірден өткен кейбір адамдар жайлы мәліметтер жинауға тура келеді. Ал, жай ғана тапсырмасыз-ақ бірдеңе жазайын десең жазылуға тиісті нәрсенің көптігін көресің. Көп жайлардың айтылмай, назарға алынбай ұмытылып қалып жатқанын байқайсың. Қазақ әдебиетінің тарихында өшпес із қалдырған тұлғалар жетерлік. Сол тұлғаларды бір-бірімен жалғап жатқан арқау бар. Ол көзге көрінбейді.
Мұқағали ақынның «Аякөз деген аядай өзен деседі...» деп қайырмасымен айтылатын әні бар атақты өлеңін жұрттың бәрі біледі. Оның әні Тұрсынғазы Рахимовтікі деп жүр. Сол ұлы ақын Мұқағали Мақатаев Аякөздік ақын, жазушы Ерғазы Рахимовпен тату дос болып үйінде қонақта болғанын да естіген едім. Ерғазы Тұрсынғазының ағасы болып келеді. Бұл жай ғана сәйкестік емес. Ерғазы көп жыл аудандық «Алға» газетінің әдебиет бөлімін басқарды. Аякөз өңірінен 1950-80 жылдарда шыққан талантты ақын-жазушы, журналистердің көбі сол кісінің батасын алған. Өнердің бақытына орай ол адамда қызғаныш, бақай есеп деген жоқ еді. Алдына келген бала болса да үлкен кісіше қарайтын. Өзі көзі өткір, қарасы қырағы. Бойы кішкене ғана қаршыға тәрізді адам еді.
60-70 жылдар партияның дүрілдеген кезінде де Ерекеңдер айылын жимай қазақ қалпында, столының төменгі жағында тұратын қалайы күрешкесіне шарабын құйып жіберіп тартып алып жүре беретін. Партия тәртібіне сыймай кеткен сол кісілерге бала күнімізден ілесіп жүріп әңгімесін тыңдадық. Өзі 1950 жылдары арғы беттен өткен. Жазу мәнері, көркем тілі жаңа оқу бітірген жазғыштардан бөлек еді. Тұрқы да бөлек болатын. Сол Ерағаңның айналасында аякөздік ақындар көп жүрді. Редакцияға барсаң алды бір босамайды. Бас редактордың кабинетіне де жұрт өйтіп жиналмайды.
Менің алғашқы «Сынық күрек» деген 4 беттік шағын әңгімемді аудандық газетке басып шығарған осы кісі еді. Бүгінде елге танымал осы өңірден шыққан Ж.Кенебай, Ғ.Құлахмет, Т.Әбдірайым, Ж.Кенесарин, К.Тәбей, М.Тоқтағазин, осы естеліктің авторы Ерағаңның әңгімелерін тыңдап, қасына ілесіп жүретін едік. Оған Алматыдан Өскеменге жол тартқан Оралхан Бөкей келіп кететін. Ол кезде біздің жас шағымыз, енді мектеп бітірген үркек кез. «Сүрі қар», «Зейнел күйі» атты кітаптары шығып, Жазушылар одағына мүше де болды. Оны іздеп Аякөз, Семей, Алматыда қызмет істейтін небір танымал тұлғалар келіп жатады. Кеңпейіл өнерлі ағамыздан қазақы жөн-жобаны, ұмытыла бастаған ұлттық болмысты көргендей болатын едік. Осы кішкене адам өзінің іс-әрекетімен келешекке өшпейтін із салып жатқанын ойлады ма екен.
20.05.2015
Бөлісу: