Мен туған көз сал күзге сен
Сен мені бір күн іздесең,
Ойға алып жақындығымды.
Мен туған көз сал күзге сен,
Мойында ақындығымды.
Сырғалы күзді сүй мендей,
Сыңғырлы сырлы баққа бар.
Сүй , сосын мені сүйгендей,
Сезімді сонау ақтап ал.
Ақтап ал , сұлу шақтарды,
Кеудеңнің тында лүпілін.
Періште пейіл ақ таңды,
Сүй мендей , жырла, үкілім.
Шарқ ұрып шарла күз елін,
Ақтап ал күйін қараша.
Жанымнан жапырақ үзермін,
Сонда мен күзге таласа...
***
Алмасып, таппайды екен күн дамылың ,
Кеудемде тыншымайды мұң дауылым .
Сызылта салып әнге сағынышты,
Тұсынан өтіп барам құмды ауылдың.
Топ үйрек дарияны айналады,
Кез қайда серттесіп , сөз байлағалы.
Неше күз кеуіп көңіл кенезесі ,
Оралып неше көктем жайнағалы...
Өмір солай дегенін алады да,
Өкініш жанға батып барады ма,
Жақын кеп, жалт бұрылған қайран қалқам,
Өкпе айтар жайың бар ма налалыға ...
***
Кеуілдің де кеміп арманы,
Көшіне ілестім күйбеннің.
Күндерде не бар алдағы,
Бәрі өткен - қалап, сүйгенім.
Толқындар менің егізім,
Тулап та толқып ағады –ай...
Күңгірт ой кештім теңізің,
Жарқабақтарды жағалай...
Тілегі тозды- ау жүректің,
Әуелеп ұшпай арманы.
Кеміді -ау күші білектің,
Не күтем күннен алдағы?
Сайрандап жүрген дәуренім,
Сарыала мұңды күздейін
Сәлемі сүйген сәулемнің,
Сағымға сінген іздейін.
***
Таң ата.... шөп – шөп деп бір дыбыс...
Жастықтан жұлып ап басымды,
Таңғала тындадым... үр сүйіс,
Моншақтар, моншақтар шашылды.
Бадана – бадана тамшылар,
Шатырлар шатырлап үндесті.
Бір – бірін қуалап, қамшылап,
Ел де сел шығарды күллі есті.
Құдай – ау, күй ғой бұл, күй жаңа,
Домбыра дала ғой , шалқыма.
Осылай шертілер күй ғана,
Осылай шалқып та алқына.
Бөлісу: