ОЙ ТАМШЫЛАР
Айтайын деп айтпаймын...
Сірә, бұл жалғанда бір сәт: «Япырау, мен кім, мына төңірек не?» деп іш пен сыртқа үңілмеген, сол ұғыныстан көңіліне ой түйіп, пікір жинамағанды әсте адам деу бекершілік...
Мал мен пенденің ұқсастығы - қалауларының қарапайымдылығында: қарын тоқтығы, жайлы жатын мен тұқым тарату инстинктері сияқты.
Құрметті оқырман! Көз алдымыздағы дүниенің өзін тек ой арқылы ғана қабылдап отырғанымызды ескеріп, Ой дегенді - жалпы Баршалық және Барлығымыз бен Болғанымыздың айғағы деп түсінейік. Ой барда - біз бармыз...
НАНЫМ ТУРАЛЫ
Жаратушы біреу.
Әркімнің өз құдайы бар.
Тәңір – құдіреттің төркіні.
Бұлардың барлығы аспанда.
Жерде - дін және тағы басқа сенім-нанымдарды басқыш қып көтеріп, соған ұмтылған адамдар. Бір өкініштісі басқыштарды жеке-жеке сүйейтін тірек жоқ, ал бір-біріне сүйеп өрлеуге олардың өрелері жетпейді.
Аспандағылар осы күйкі де нәтижесіз тірлікке мәз болып күліседі. Ол күлкіні жердегілер аспан күркіреп жатыр деп қорқынышқа қалады. Кейде жоғарыдағылар да шарасыздықтан жылайды, адамдардың қылығына. Сонда адамдар қуанады: «Жауын, жауын!» деп, ал негізінде ол көктің құйылған көз жасы. Өмір сол көз жастан жаралған сынды. Көздің жасы тамған жер – таптауға болмайтын Обал. Бірақ, бәріміз де бір күні тапталатын Обалмыз. Тек, аспанда ғана Обал болмас...
* * * * *
Жан - Жаратушының иелігіндегі меншік. Оның мекені шексіз кеңістік. Жанда жастық өлшем мен мерзім деген жоқ. Жаратушы Жанды Санаға орап, Тәнге салады да өмірге жібереді. Жан Санаға рух беріп оны дамытады. Тән де дамиды. Дамудың бір айырмасы - Сана өзін жаратқан Жаратушыны тануға талпынып дамуын өрістетсе, жастық өлшеммен шектелген Тән мерзімді немесе мерзімсіз жойылады. Сонымен әр жолы Жаратушыны тануға талпынған қадам тірсектен қиылады. Ал Жан тағы құрсаудан босап шығып, келесі айналым келгенше шексіздікте шырқай береді...
* * * * *
Алла сараң емес, бірақ сұрамасаң бермеуі де мүмкін
* * * * *
Тағдырға Үкім шығару Тәңірдің құзырында ғана, адамның алдын болжау - пенденің сандырағы.
* * * * *
Жалпы көпшілік арасында, соның ішінде жауапкершілігі аздау яғни жалтаң мен жалқауларға тән бір психология қалыптасқан. Не нәрсе болса да Алланың қалауымен дегендей...
Жақсылық немесе қиянатты сен жасайсың да одан біреу ұтып, екіншісі жапа шексе, бұл - Алланың қалауы дейсің ұялмастан, көзің бақырайып...
Алла өзіне керек міндеттер мен мүмкіндіктерді шектеп, сені де өз жүріс-тұрысыңды реттей алатын әлеуетке ие еткен.
Пенде мен Адам арасындағы бір айырмашылық - біріншісінің жауапкершіліктен қашуы болса, екіншісінің анау үшін сол жүкті арқалауы.
Сондықтан Жер Соты мен Аспан Сотының әділдігі де әр басқа...
* * * * *
Мезгілсіз шақырған тауықты жұлмақ болар деген бар, сол сияқты уақыты келмеген уақиғаға сұрақ салып, жауабын күту де ерсілік сынды... Тіпті, кейбір сәуегейлер Құдіретке ие болып, Жаратуышының Жазуын ұрлап оқығандай қылық та танытады... Бұның бәрі - әр пенденің өзі естігісі келгенін естуге тырысқанынан туындайтын әрекет қана...
* * * * *
Жаратушы сондай кең пейілді, қылмағанды қылып, артынан өкінсең Ол кеше салады-мыс деген түсінік талайларды жігерлендіріп жүрген сыңайлы.
Ол егер: Күнәңді да жуасың, жазаңды да тартасың!!! деп ойын өзгертсе, Адамзат қалай қабылдар еді...
* * * * *
Адамды Алла топырақтан жаратыпты-мыс, негізінде барар мәңгі бесігімізде сол ғой, қазіргі мекеніміз де сол топырақ беті, өткен заманымыз да сол топырақ астында... топыраққа араласпайтын тек Рух қана, ол Білім, Өнер, Ғылым, Мәдениет тағы тағысын соның ішінде жұдырықтай жұмыр Жердің еркесі Адамды ажалдан арашалаушы Шипагерлікті қасиетті кәсібі еткен Жандардың еңбегі ерекше. Өйткені, Жаратушы өзінен қалған шаруаны соларға жүктеген...
* * * * *
Кісінің жаны шыбынға айналып, әлдеқайда ұшып кететін сыңайлы... Тән ағып, жерге сіңгенмен жанды мәңгілік санау ежелден қалыптасқан пікір. Расында, бұл фәниде ең құрмаса шыбынға ұқсас бір тал нәрсе мәңгілік болмаса, мән қалмас еді... Бұл жолы адам, келесі жолы мал, ары шыбын-шіркей... кете берер. Дегенмен, ол айналымдардың да өз заңдылығы болуы тиіс, осы өміріңде есек болып адал термен күн көрсең, келесі жолы да сол тосып тұр десе қайтер едік?..
* * * * *
Алланың жаратқанда берген жан болмысын талай жерге сүйреп, ласқа да құлатып, одан да тазарып, бірақ ешқашан да сол Сыйды сатпай, Аманаттай Алланың өзіне қайта алып жете алған адам ғана Бақытты. Ал оны көріп, таныған Адам да Бақыттың шарпуына бөленер...
* * * * *
Бір оралғыдан құтылу үшін, күш алуға екінші біріне жармасу - мәңгілік шырмалумен бірдей. Ешқандай ілімнің өз ақырын ашқан соңғы беті жоқ. Бәрі сол құдық түбіндегі тұңғиықтан өзін көруге дәмеленген қаракет. Сыры ашылған сайын, сұрағы екі есе ұлғая түскен шексіздік.
Бүгінгі дәлелің ертең кері дәлел... Сенімге үміт артсаң - төңірегіңе тастан қамал салғаның. Бір ғана амал ол - егер Құдірет көкірегіңе ұя қаласа, өзіңдікіндей көрінетін ішкі түйсікке құлақ салу.
* * * * *
Ей, адамның баласы, МЕН саған таңның атуы мен күннің батуын ғана қадағала деп ғұмыр берген жоқпын. Жеткен кешің ертеңіңе жоспар болсын, сен тоспаған «Қызыр сыйларға» әзірлік болсын деп таңыңды атырдым. Сен өзің айтпақшы «Дайын асқа тік қасық» деп МЕНЕН ғана сілтеу тосасың. Сенің маңдайыңа МЕН ештеңе жазған жоқпын, керісінше сен жазып, оны МЕН оқығанды жөн көріп едім. Қанша ғалам тудырдым, бірақ соның бір де бірі өз ойымен жүріп кете алмады. Бәрі әлденеге жалтақтап, МЕНІҢ құптағанымды тосты. Сендер өз күнәлеріңді МЕНЕН көрдіңдер. Иә, рас, тек - МЕН күнәлі емес кінәлімін, себебі сендердей ұмтылыссыз туындыны туғаныма...
* * * * *
Алақан жайып Алладан тілек тілеуші адамның әруақытта өз себебі болар. Әсте, адам тек өзінде жоқты ғана тілер. Адамға соншалықты көп нәрсе керек пе, өзі? «Денсаулық, он саулық және ақ жаулық» деген ата байлығы енді азшылық ете ме, қазір? Әрине, әркімнің өз ойы мен бойына шақ өз қалауы да болар, сірә...
Тілеу мен тілемсектіктің ара-жігін ажырата аламыз ба деген сұрақ та туындар. Мүмкін біздің басымызда бір пендеге жетерлік рахаттың ертеден тұнып тұрмасына кім кепіл? Мүмкін соны өзіміздің тойымсыз, тоғышар әрекетімізден байқап, бағалай алмай жүрген де шығармыз. Осыдан барып: үсті-үстіне төпелей үйіп, берекесін көре алмайтын артық тілектерді тілгенше – сол барымызды сақтай гөр, қанағатымнан қайыр көрсет деп неге жалбарынбасқа?!
Алладан тілеу тілеп, алақан жайғанда – сол алақанымызға осы жарықтың шуақты нұрын ұялатып, жан кемтарлығынан сақтай гөр десек, дүниелік бұғаттан ада болып, мейірім мен береке сәулесіне бөленеріміз хақ деп ойлаймын, ағайын.
Бөлісу: