Пікір-сайыс қай бағытта дамуы қажет?
Ықылым заманнан бері пікір таластыру әрі өмірлік қажеттілік те болды әрі үлкен өнер деңгейіне де көтеріле алды. Бізге қатып қалған қағида ретінде шешендік көне грек мектебі, шешендік көне рим мектептері, кейінірек алғашқы Британ парламентінің қабырғаларында бастау алған ағылшын шешендік пікірталасының бай тәжірибелік мұрасы мен АҚШ-тың алғашқы конгрессмендері жалғастырған бұл дәстүр өзінің саяси-мәдени жалғасын тапты. Ал өзіміздің қазақ даласына сөз өнері, шешендік өнер тіпті жат емес. Керек десеңіз қанына туа біткен болмыс, қасиет! Бұған дәлел өзіндік ерекшеліктерімен, асқан тереңдіктерімен айрықшаланған айтыс өнері, жыраулық өнер, ақындық өнері, одан кейін Асан қайғы, Жиренше шешен, Майқы би, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Абай Құнанбайұлы іспеттес біртуар майталмандар болды.
Қазіргі заманда кез келген елдің мәдениетінің ішінде қарама-қарсы екі бағыт үстемдік етіп жатыр: біреуі – жаһандану үрдісі, ал екіншісі - ұлттық нақышты сақтауға бағытталған мәдени күштер. Бұндай күрделі жағдайда пікір-талас және оның сапалық деңгейі аса маңызды рөлге ие. Бұл тұста бір емес, мыңдаған пікір-таласқа жетерліктей сан алуан пікірлер баршылық. Мен өзімнің пікірімді айта кетейін. Тақырып қандай болса да, күрделілігі қаншалықты жоғары болса да, пікірталас жүргізудің әмбебап ішкі ережелері болуы тиісті. Өйткені, пікір-таластардың көп бөлігі шындыққа жету мақсатын орындай алмай, көптеген аса маңызды және асқан құнды пікір-таластар нәтижесіз қалып жатыр.
Сондықтан, кез келген пікір-таласты негізгі 3 кезеңге бөліп жүргізу керек. Бірінші кезең “Мәселе айтылсын” деп аталады. Мұнда 2 қатысушы өзінің бүкіл пікірін айтып шығуы қажет. Бұл монолог арқылы немесе диспут, аралас түрде ме оны өзара не өздері шешеді. Осы кезеңде олар көбінесе сөйлейді, мысал келтіреді, фактілермен, құжаттармен дәлел келтіреді. Екі жақ та мәселені толықтай айтып шығады, әсіресе нақты дәлелдер келтірсе тіпті тамаша.
Екінші кезең - “Мәселені сараптау”. Негізгі қатысушы – сарапшылар алқасы. Бұл кезеңде сарапшылар көбірек сөйлейді, екі сайыскерге сұрақтар қояды. Тақырып ортақ. Мұнда сарапшылар кіші қорытынды жасайды.
Үшінші кезең - “Ол мәселенің куәсі”. Бұнда әр сайыскерге қосымша дәлел немесе қосымша заттық дәлел әкеліп әрі кеңейтілген құраммен бір-екі куәгермен (тәуелсіз сарапшылар, сол саланың мамандары, ғалымдар, тарихшылар секілді т.б.) келеді. Сарапшылар сайыскерлерді бағаламайды, сайыскерлер алып келген сарапшыларды бағалайды. Осы арқылы үлкен қорытынды шығарады.
Менің аталмыш идеямның демократиялық сипаты осында болып тұр. Егер екі қорытынды бір-біріне қарама-қарсы келіп қалса, қазылар алқасы алдыңғы қортындыны жоққа шығаруы мүмкін. Өйткені, жаңа фактілер табылуы, жаңаша ақиқаттар ашылуы ықтимал. Яғни бұлыңғыр, күңгірт мәселенің басқа қырына сәуле түспек! Бұл әдіс пікір-таластың әділетті өтуінің, шыншылдығының қосымша кепілі болар еді.
Бөлісу: