Ақпараттық кеңістік және ұлттық рухани иммунитет

18.10.2020 12420

Мен 2018 жылдың соңында, жаңа 2019 жылдың қарсаңында Ғаламтордан қазақ тіліне қатысты мәлімет іздеп отырып, «Уикипедия»-ға кіріп қалып едім. Бірінші байқағаным, Әлемдік «Whikipedia»-ның қазақ тілді сегментінде ана тілімізге байланысты ақпарат өзім ойлағаннан тым аз болып шықты. Ал салыстырмалы түрде алсақ, орыс тілді сегментінде «Русский язык» туралы мақалалар бәленбай беттен тұрады, әрі мазмұндырақ. Енді ағылшын тілі, демек «English Language» турасындағы ағылшын ақпаратын айтпасақ та болады, тіпті бір емес бірнеше кітапқа татырлық  дүние табасыз...

   

Мақаланың негізгі айтар наразылығы, әрине, бұл емес. Ғаламтор бізге кешеуілдеп келгені онсыза да баршаға мәлім жайт емес пе! Дегенмен, ағылшын тілді Ғаламторды да мен соншама пір тұтуға асықпас едім. Неге десеңіз, тура сол «Уикипедия»-ның ағылшын тілді, яғни әлдеқайда ДАМЫҒАН сегментіне кірсем, қазақ тілі («Kazakh Language» https://en.wikipedia.org/wiki/Kazakh_language ) туралы мәлімет бар екеніне қуандым. Дегенмен, түзетілмеген бірнеше өрескел қателіктерді аңғарып, қуанышым күйінішке сол сәтте ауысты.

    

Жоғарыда көргеніміздей қазақ тіліндегі шақ ережелерінің мысалдарындағы қателіктерді өздеріңіз байқап тұрсыздар. Қазақ тілінің емлесіне сәйкес «балық жүзіп отыр», «балық жүзіп тұр» деп айту барып тұрған қып-қызыл сауатсыздық! Мұны бастауыш сыныптың әр мұғалімінің өзі біледі. Тағы бір қателік жеті септіктің орындарын ауыстырып жіберген, іліктің орнына табысты жазып қойған. Әсіресе қатты көңілді қалдырғаны – Қазақстанның картасындағы «қазақша жақсы сөйлейтін өңірлер» және «қазақша нашар сөйлейтін өңірлер» деп түрлі түспен жік-жікке бөліп тастағаны. Бұны біздің елдің біртұтастығы мен бірлігіне нұқсан келтіру деп бағалауға болады. Өйткені, Қазақстан Республикасы Конституциясысының 5-бабының 3-ші тармағына сәйкес Республиканың тұтастығын бұзуға, мемлекет  қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, нәсіл, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруға, жік салуға бағытталған істерге тыйым салынған. Оның үстіне Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Жоғарыдағы карта осы баптарда көрсетілген қағидаларға қарама-қайшы келіп тұр!

     

Енді бір сәтке елестетейікші, егер біз Американың картасын алып, қазақша «Уикипедия»-ға салып, “ағылшынша жақсырақ сөйлейтін штаттар” және  “ағылшынша нашар сөйлейтін штаттар” деп бөліп тастасақ не болар еді?! Әлбетте, халықаралық скандал туар еді. АҚШ-тың ішкі саясатына қол сұғу деген сынды үлкен-үлкен наразылықтар туар еді. Тіпті бұл мәселе БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінде көтерілген болар! Сондай-ақ біздің басымызға қатаң заңнамалық талаптар, сөгістер жаңбырдай жауар еді. Ал біз өзіміздің орынды ызамызды, өкінішке қарай, ирониясы бар шағын ғана тек осы бір мақаламен шектелейін деп тұрған секілдіміз... Сондықтан, осындай өрескел фактілерге Қазақстандық инетернет  провайдерлері және Ақпарат министрлігі келесіде мұқияттырақ қарайтындарына бек сенемін!

     

Аталмыш мақаланың мақсаты – жоғарыдағы даулы мысалдар мен фотоларға қатысты шу тудыру емес, келесідегідей ауқымды тақырыпты қозғау: Тәуелсіз Қазақстанның өзінің тәуелсіз Ғаламторы болуы қажет пе? Мәселен, Қытайдың ішкі интернеті бар. Ресейде де ru.net ішкі ғаламтор жобасы жайлап-жайлап қолға алына бастады. Себебі, халықаралық саяси жағдай күрт күрделеніп кетті. Ал бұл шиеленіс Ресейдің ақпараттық кеңістігіне және жалпы ұлттық руханиятына пайдалы үрдіс емес. Иранда, Түркменстанда интернетке белгілі бір тыйымдар салған. Мойындау керек – түрлі лаңкестер, саяси провокациялар және көптеген жағымсыз нәрселер қазіргі кезде жоғары ақпараттық озық технологияларды өкінішке қарай белсене пайдалануда. Әрине, Қазақстанда да зиянды сайттарға тыйым салынған. Десек те, жалпы ғаламтордың қазақ тілді сегменті пайыздық өлшеммен алғанда тым кішкентай. 18 миллиондық ел үшін XXI ғасырда бұл аса аздық етеді, оның үстіне біз 30 дамыған мемлекеттердің қатарына кіруге ниеттіміз. Тағы қарқынды цифрландыру үрдісі ел ішінде жүзеге асырылып жатыр. Осыған орай Қазақстанның өзінің ішкі ғаламторын дамыту артық етпес. Иә, сондықтан Уикипедияның қазақ тілді секторын дамыту бір басқа, сонымен қатар Уикипедиядан кем түспейтін отандық өзміздің мәселен, “Cөздік әлем” деп аталатын Уикипедия форматындағы ресурс жасау қажет. Қазақ тілге шетелдік Уикипедияның авторларының мұқият назар аударғаны абзал, алайда жоғарыдағы қателіктер мен олқылықтарға біз дей бей-жай қарамау керекпіз.

     

Әлбетте, Ішкі Істер министрлігі және Ұлттық Қауіпсіздік комитеті түрлі лаңкестік, сектанттық, айлакерлік тағы басқа сайттар мен әлеуметтік желі парақшаларын, басқа да күдікті материалдарды бақылауға алып, олармен күресуде. Әйткенмен, келесі мәселе назардан тыс қалып жатыр: кейбір телеарналарда, бұқаралық ақпарат құралдарында, ғаламтор беттерінде отансүйгіштікке қарсы бағытталған материалдар тұрмақ, этикаға қарама-қайшы келетін материалдар көптеп көрініс табуда. Іш киімін шешкен немесе шеше жаздаған қазақ қыз блогері турасындағы ақпараттық скандал (осы атышулы “мем”-ға қатысты кейбір журналистер байып кеткен шығар), одан қалса телеарнада шегі жоқ Наша правдалар, Қалаулымдар, Кел, келінімдер, Өз ойымдар, Астарлы ақиқаттар және арзанқол ойын-сауық ток-шоулары, төмен сапалы шетел және отандық телесериалдар, әбден азғындаған ютуб-каналдар әрі тағы басқа “ақпаратттық заман кереметтері” өскелең буынның санасын улап, тәрбиесін бұзып, Бекболат Тілеуханұлы айтқандай “рухани мүгедек” етіп жатыр, ал Мұхтар Шаханұлы айтқандай “Мәңгүрт” қылуда. Аталмыш мәселеге барлық қоғам, әсіресе билік назар аударуы керек деп ойлай мын.

    

Әрине, бұл мақаламды оқып, продюсерлер, телеарна басшылары және түрлі күмәнді-күмәнді блогерлер “Риза Ысқақ цинзураны шақырып жатыр” деп айқайлауы ықтимал. Саналы ойлы оқырман түсінгендей, мұным - сөз еркіндігін шектеу емес, көптеген мемлекеттерде бар сауатты әрі салауатты “редакционная полтика”-ға шақыру. Өкінішке қарай, аталмыш термин біздің қоғамға әлі сіңе қойған жоқ, сондықтан қазақ тіліндегі тура баламасын таба алмадым. Ресейдің қоғам қайраткері Никита Михалков осы жылдың басында қатардағы КВН қыз ойыншысының Ұлы Отан соғысының қаһарманы генерал Карбышевқа қатысты ұятсыз әзілді әшкерелеп, оны халық алдында кешірім сұрауға мәжбүрледі және осындай игі істерді Михалков мырза сияқты патриот азаматтар өте көп жасап үлгерді. Ал бізде кім қандай сын айтпаса да, кім қандай мін тақпаса да сөз еркіндігі, демократия және либерализм тым көп екен. 2014 жылы аңыз адам журналында Гитлерге қатысты үлкен ауқымды мақала шыққан кезде ғана әлеумет назар аударды. Ал соған ұқсас тіпті одан да өрескел, сорақы мысалдар қаншама! Кейде ойлаймын: мен ақпарат министрі болғанымда міндетті түрде бұл жағымсыз ақпараттық құралдарына тыйым салар едім немесе мәдени-рухани хал-ахуалды қысқа мерзімде жақсартуға тырысар едім, әрине, шамам келсе. Үлкен өкінішімізге қарай сондай көп келеңсіздіктердің кейбіреулерін анда-саңда Бекболат Тілеуханұлы сықылды азаматтар (Келін фильмін сынау, Борат фильмін сынау, Өз ойымды сынау және т.б.) байқап қалып жатқаны болмаса, әткенмен, жағымсыз ақпараттың дүйім көпшілігі мүлде назардан тыс реттелмей қалып жатыр. Әрі күмәнді-күмәнсіз ақпараттар легі жылдан-жылға тек көбеюде.

    

Қорытынды ретінде мен бір күйінішті салыстырмалы мысал келтірейін. Не десек те, Ресейдің ақпараттық кеңістігінде рухани иммунитет бізден жақсырақ қадағаланып жатыр. Өткенде Ресей арнасын қосып қалсам, Вяземский мырзаның  (асаба емес, МГИМО профессоры!) “Умницы и умники” бағдарламасы жүріп жатты. Тіпті, ең басты іріктеу кезеңіне бүкіл Ресейден тек қана үздік оқитын оқушылар ғана іріктеледі екен. Ойлаңыз, бұл – ең алғашқы һәм бастапқы кезең! Демек, ол бағдарламаның деңгейі аса жоғары және интеллектуалды сайыс салыстырмалы түрде әділетті өтеді. Соған ұқсас Максим Галкиннің “Лучше всех” деп аталатын дарындылар додасы асқан айрықша интелегентті жобасын ауыз толтырып әбден мақтауға тұрарлық. Және осы сынды бағдарламалар оларда жеткілікті. Ал енді сол күні кешке қазақ бағдарламасын яғни қателеспесем атауы - “Қызық екен” (тек бос ыржыңға толы) және тіпті “Миллион кімге бұйырады” бағдарламасын қосқан кезде бір үлкен сәкессіздікті байқадым. Менің ойымша, зияткерлік сайыстарға көбінесе зиялы қоғам өкілдері қатысуы тиіс! Алайда бұл шарт мүлде орындалмай жатқан секілді. Интеллектісі бар қатысушылардың орнына түрлі кафе әншілері, мейрамхана бишілері, әрі кетсе ауданға лайықты парикмахерлер мен көк базарда шемішке сатуға ғана миы бар сахна өкілдері көрініс табуда. Бағдарламаның зияткерлік стилі қайда? Білімді жарыстырсақ, XXI ғасыр көшбасшысы секілді әрі білгір, әрі шешен адамдарды алу керек емес пе? Ақиқатты айтсам, осындай сапасыз, атына затына сай емес тележобалар көбеймесе, азаяр емес. Тағы бір өкінішті, мұңды жайт – біздің жалпы отандық ақпараттық кеңістікте біздің қазақ халқының мәдени имиджіне нұқсан келтіріп жатыр. Қазақ азаматтары Ресей азаматтарынан білімсіздеу, қараңғылау деп ойлағым келмейді. Ендеше, неге жоғарыда мен атап өткен қазақ бағдарламалары дәл сондай ренішті ойды қасақана тудырып жатыр? Оған қоса, нақты Нұр-Сұлтан қаласының елордалық мәдени имиджін қалыптастыруға кедергі болуда. Ал “Астана мәдениеті” үлкен телеарнасын ашуды мен өткен мақаламда ұсынған едім. Бәлкім, болашақта бұл идеям да орындала жатар...

Бөлісу: