Қазақ дубляж өнерінің болашағы жарқын
«Мәңгілік ел» ұлттық жоспарының отансүйгіштікке толы қағидаларын ескере отырып, елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетімізді бәсекеге қабілетті дамыған отыз елдің қатарына қосу мақсатында «Рухани жаңғыру» стратегиялық бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Ал руханияттың іргетастарының бірегейі – өнер. Әсіресе, оның ішіндегі кино саласы және анимациялық фильмдер жанры аса маңызды өнер түрі. Және осы тақырыпта ой өрбітсек...
Қазақ дубляж өнері әлем бойынша кенже дамып келе жатқаны құпия емес. Егер Дисней студисының классикалық мультфильмдерінің Ресейдегі дубляжы осыдан 25-30 жыл бұрын қолға алынса, бізде АҚШ студиясының сапалы әрі толыққанды қазақ тілді дубляжы енді-енді ғана қолға алынып жатыр. Дегенмен, халық даналығы айтады ештен кеш жақсы...
Жағымды жаңалықпен таныстырайын. 2019 жылдың 13 наурызында Орталық Коммуникациялар қызметі алаңында «Болашақ» Корпоротивтік Қорымен «Өзіңнен баста» жобасы аясында қазақ тіліне дубляждалған Disney компаниясының 5 жаңа фильмінің тұсаукесері өтті. Аталмыш іс-шара қатардағы іс-шаралардың бірі емес, сондықтан тұсаукесердің ашылуына «Болашақ» ҚҚ директоры Динара Чайжунусова, ВI Group холдингының PR директоры Гаухар Керимова Меломан компаниясының ұлттық жобалар бөлімінің басқарушысы Низами Мамедов және дубляжда басты рөлдерді сомдаған актерлер Нұрлан Әлімжанов пен Дәурен Серғазин.
Ауқымды әрі күрделі жобаның тәжірибелі және білімді жетекшілері болғаны жөн. Сондай жетекшілердің бірі «Болашақ» ҚҚ директоры Динара Чайжунусова айтқандай «Біздің жобамыздың негізгі мақсаты – әлемдік студияның отбасымен көруге арналған қазақ тіліндегі сапалы контентін шығару және оны қолжетімді ету. Және аталған мақсатты тиімді жүзеге асыру аясында отандық кинематография әртістерімен белсенді қарым-қатынас орнатып, алғашқы кастингтерге оннан астам танымал актер сынақтан өтуге шақырылды». Ал актер Дәурен Серғазин (Дисней фильмінінің басты дубляж актеры): «Актерлік жолында мені біздің кинотетрларда қазақ тіліндегі фильмдердің қашан көрсетілетіндігі қызықтыратын. Және менің бұл ойыммен қазақ театры мен кинематографиясының барша қауымы келіседі деп ойлаймын.» деді. Жалпы дүйім қазақ халқы да солай ойласа керек.
Ал енді қызықтысына көшейік, қазақ көрермендердің көбісі және сыншылардың басым бөлігі Қазақстанда дубляж мүлде дамымаған деп дабыл қағып жүр. Дегенмен, 2011 жылдан бері «Болашақ» ҚҚ мен Меломан компаниясы 27 голливудтық кинокартинаның қазақ тіліндегі дубляжын жүзеге асырды. Қордың директоры Динара Чайжунусованың айтуынша, осы жылы кішкентай көрермендер назарына қазақ тіліне аударылған 5 фильмнің тұсаукесері дайындалуда: 28 наурызда – «Дамбо», 12 мамырда – «Алладин», 20 маусымда – «Ойыншықтар хикаясы 4», 19 шілдеде – «Арыстан патша» және 28 қарашада – «Мұзды өлке».
Мақаланың басында атап өткендей, көршілес Ресей халқы жалпы дубляж өнерін өткен ғасырдың ортасында-ақ дамытқан еді. Бұған біз Үндістанның Чарли Чаплині аталған Радж Капурдың орыс тіліне дубляждалған 50 жыл бұрын орыс тіліне дубляждалған фильмдері арқылы көз жеткіземіз. Бұл жалпы көркем фильмд жанрына қатысты жағдаят. Ал енді анимациялық фильм жанрына келетін болсақ, 1980 жылдары Кеңес одағында шетел анимациялық туындыларын біртіндеп дубляждау үрдісі жүре бастады. Бұған дәлел ретінде келесі мультфильмдерін мысалға келтіре аламыз: жапондық режиссер Кимио Ябуки 1969 жылы түсірген «Кот в сапогах» және американдық режиссер Тед Берман 1981 жылы түсірген «Лис и пес» мультфильдері. Әлбетте, Дисней студиясының туындыларының басым көпшілігі тек 1991 жылдан кейін ТМД елдеріне келе бастады. Ресейде дубляж мектебінің іргесі берік болғандықтан, олар дубляж ісін бірден қолға алып кетті. Ал қазақ кино саласында тіпті Ресейлік көркем фильмдерін дубляждау кешірек дамыды. Біз бұл «кешігіп даму» үрдісінің ащысы мен тұщысын Корей, Түрік телесериалдарының дубляждалуынан-ақ соңғы 15 жылдың ішінде айқын аңғардық. Әлбетте, осындай жағдайда сынның көп болуы заңды. Ал шетелдік анимациялық фильмдерді дубляждау ісі бұған дейін мүшкіл еді. Маман мүлде жетістпеуші еді.
Алайда «Көш жүре түзіледі» демекші, бұл тұстағы мәселелер алда шешімін табатын сыңайы бар. Бұның бір нышаны іспеттес біздің актерлердің өздері бұл мәселенің маңыздылығының тереңдігін ұғынып жатқандығы мені айрықша қуантты. Мәселен, басты рөлді дубляждаушы актер Нұрлан Әлімжанов былай дейді: «Дубляж жасау – күрделі іс. Өз кейіпкеріңді түсіну, оның даусын салу және бет қимылдарын келтіру үлкен еңбекті талап етеді және оның нәтижесі өз жемісін әкеледі... ...«Болашақ» ҚҚ біз бен Голливуд арасында көпір болу арқылы үлкен жұмыстар жүргізуде».
Бұл жобаның тек өнерді дамыту міндетін ғана емес, әлеуметтік міндеті бар екенін де айта өткеніміз абзал болар. Себебі, жобаны ұйымдастырушылар қазақ тілінде дубляждалған туындыларды халыққа кеңінен тарату мақсатында ivi.ru онлайн-кинотеатрымен бірлесіп, ауқымды қайырымдылық кинофестивалін өткізуді жоспарлап отыр. Осы алдағы жадыраған жаз мезгілінің басында аталмыш қормен дубляждалған фильмдер бірнеше күн бойы Алматы тұрғындары үшін ашық аспан астында көрсетілетін болады.
Мысалы 2019 жылдың көктем мезгілінде режиссер Тим Бертонмен фантастика стильінде түсірілген «Дамбо» отбасылық кинофильмінен басталады. 1941 жылғы танымал фультфильмінің ремейкі бізге үлкен құлағы бар кішкентай пілдің, жануарлардың қорлығы мен мазағынан шаршап, ұшуға үйренген оқиғасын баяндайды.
Қазақ дубляж өнерінің келешегі жарқын болуы үшін біз отандық өнер тарихын және түйіткіл мәселелерін жан-жақты әрі толыққанды білгеніміз жөн. Мақаламның басын қайте еске түсірсек, біздің дубляж саласының бұған дейін кенжелеп қалғандығы турасында айттық. Жоғарыда көрсетілгендей жобалардың арқасында Қазақстан Республикасы дубляж өнері жылдамырақ дами түсетініне деген сенімді арттырады. Менің ойымша, мейлінше көбірек шетел мультхикаяларын дубляждап қана қоймай, сонымен қатар актерлердің саны мен олардың кәсіби деңгейіне де көңіл бөлу маңызды. Айтпақшы, осы жобаның арқасында қазіргі таңда Қазақстанда дубляж бойынша Алматыда «Cinematone» және Астанада «Арай Медиа Груп» атты екі лицензиялық студия ашылды. Диснейдің студия стандарттарына сәйкес фильмдерді дубляждау бойынша 200-ге жуық шығармашлық және техникалық мамандар оқытылды, 100-ден астам қазақстандық актерлер Дисней студиясының базасында тұр. Жоба Елбасының жоғары бағасына ие болды. Бұның себебі екеу: біріншісі, жобаның халықаралық аренада қазақ тілінің имиджін насихаттауға ықпал ететіндігі, екіншіден бұл жоба «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыруға үлес қоса алатындығы.
Белгілі кинотанушы Бауыржан Нөгербек (ұзақ жылдар бойы қазақ анимациясын зерттеген) айтқандай: «Қазақ анимация өнерінің бірден-бір іргетасы - ұлттық фольклор.» Демек, тіпті өзге елдердің анимациялық (және кез келген жанрдағы) туындыларын қазақ тіліне тәржімалау және дубляждау кезінде тек сауаттылықты ғана емес, сонымен қатар ұлттық нақышқа да көңіл бөлген дұрыс. Жиырма бірінші ғасырда тек ғана әрі әлемдік тәжірибені бойымызға сіңіре отырып, әрі төл ұлттық болмысымызды сақтай отырып, қазақ өнерін Әлем сахнасында бәсекеге қабілетті ете аламыз! Әйткенмен, қазақ мультфильмдерін жасау – заман талабы, сонымен қатар шетелдік мультфильмдерді де қазақ тіліне дубляждау қажет. Бұл бір шетінен өскелең ұрпақ алдында қазақ тілінің аясын кеңейтсе, екінші жағынан жалпы ұлттық дубляж саласын дамытуға серпін берері сөзсіз!
Бөлісу: