Әкем дүние жинамаған кісі еді
Зәмзәгүл Кенжеахметова: Әкем дүние жинамаған кісі еді
Қазақтың сайын даласында туып, дүйім жұртына қызмет ететін ұлы жүрек иелері болады. Таланты, дарыны туған жұртының кәдесіне жарап, елінің игілігіне қызмет еткен бірегейдің бірегейі этнограф-жазушы, сатирик Cейіт Кенжеахметұлы еді. Биыл қайраткер ғалымның, сөзі уытты жазушының туғанына мерейлі 80 жыл! Жер басып, арамызда тірі жүргенінде, бұл қуанышын халқымен бірге атап өтер еді. Амал нешік... Соңына өшпес, өлмес мұра қалдырған халық ұлының мерейлі жылы аясында арда азаматтың қызы, «асылдың сынығы» – Зәмзәгүл Сейітқызы Кенжеахметованың әңгімесін назарларыңызға ұсынамыз...
РИЗА ЫСҚАҚ: Зәмзәгүл ханым, сіздің әкеңіз – ұлысына танымал Сейіт Кенжеахметұлының тұлға болып қалыптасуына кімдер және нендей оқиғалар әсер етті деп ойлайсыз?
ЗӘМЗӘГҮЛ СЕЙІТҚЫЗЫ: Рақмет! Енді әке туралы айтатын адам толғанатыны белгілі. Кейбір бала кезден бері жүрегіңнің түкпірінде сақтап жүрген әкеңнің бейнесі, қайталанбас тұлғасы ерекше болады. Сіздің не әсер етті деген сауалыңызға Ахмет пен Міржақыптың, Ыбырай Алтынсариннің ең алғаш мектеп ашып, “дала қоңырауы” атанып, білім нәрімен сусындаған туған жері – Торғайдың киелі топырағының әсері болды деп жауап берер ем. Оның үстіне өзінің табиғатынан берілген таланты мен дарыны дер едім.
Соғыстан кейін жетім өскен бала белгілі ғой, тіпті әкесі Кенжеахметтің баласы емес, Сәлиманың баласы деп айтатын. Біз әжеміздің тәрбиесінде болдық қой. Әжем оқыған Сәлима Құтыгелдіқызы ерекше бір көкірегі ояу, сауатты адам еді. Араб, латын, парсы, орыс тілдерін меңгерген болатын. Жалпы адамның қалыптасуына бірінші қаны, ортасы әсер етеді. Оның бала кезден бойына құндылық қылып сақтағаны. Әкесі соғыста хабарсыз кеткеннен кейін қиын уақытта жоқшылық, ауыр сәттерде, білім аламын деп ұмтылғанда әжемнің айтқан ақылын, нақыл сөздерін әкем жиі айтып отыратын. Ол кісі қайтқан соң да ылғи еске алатын. Әкем анасын керемет құрметтейтін. Бәрімізге үлгі етіп қоятын. Сонда бала кездегі бәрімізді жылатқан бір әңгімесі бар. Ауыл күз болғанда күзеуге көшеді ғой. Ауыл көшкен кезде әжеміз науқастып, ауруханада жатады. Сол уақытта ауыл көшіп кетеді. Әкемді туыстары көшке тастап кетіпті. Он жасар бала қай жаққа баратынын білмейді. «Қайда баратынын білмеймін, қасымда апам жоқ» дейді. «Сосын ауыл осы тұста шығар деп бір жіпті байлап кетіп, қамысты опыра-жапыра тұра жүгірдім», дейді. Қызбел өзі қопының ішінде орналасқан. Келесі күні тағы да күн қараңғы күз болған соң белгілі ғой, бақаның, үкінің дауыстарынан да қорыққан ғой. Бірінші, екінші күні де солай болған. Бірінші қамысты тіліп өтіп, екінші қопаны тіліп өтсе алдында тағы қопа тұр. Содан не істерін білмей, қайтып келіп жылапты. Бірақ күн бата берген уақытта қарап қалса аттың тұяғының дүбірі естіліпті. «Өзім білдім», дейді апам келе жатқанын. «Апа деп ұшып тұрдым» дейді. Әжеме ауылдасы барғанда, немересін сұрағанда “әй сол Сейітті ауылдан көрмедім” деген ғой. Сәлима әжем атып тұрып келген адамның атына отырып, тұра шапқан. Келсе расында да Сейіт жалғыз қалыпты. Құлынын құшақтап, бауырына қысып, екеуі де жылап, мауқын басып жатқанда, қараса жанында әбден мүжілген, кебек болып қалған асықты тауып алады. Жылап жатқан әкеме құлыным, сен жылама депті. Батып бара жатқан күнге қарап, «Е, Алла, осы менің тілегімді қабыл ететін болсаң, менің осы жалғызым маңдайыма басқан азамат болсын десең, балам екеуміздің көз жасымызды иетін болатың болсаң, бүкіл елге сыйлы, танымал қылатың болсаң, осы тілегімді қабыл ет» деп, асықты иіріп қалғанда асық алшысынан түсіпті. Сол кезде әжем айтыпты: «Көрдің бе, Алла Тағала біздің тілегімізді қабыл етеді, сен ертең үлкен азамат боласың, ел-жұрт сені сыйлайтын болады. Жылама, көз жасыңды сүрт, жүр ауылға барайық!». Ол кісінің ауызы дуалы еді. Біздің шаңырақты үлкендер «албасты қашқан шаңырақ» деп атайтын. Бәрі де үйімізге жуынып, шайынып, тазарынып келетін. Арақ-шарап, темекі деген басқа да жат қылықтар болмайтын. Біздің үйде кілең кітап болатын, басқа дүние жоқ. Әкемнің замандастары күлетін: «Сейіттің байлығы сондай үйіне барсаң, он түрлі орындық береді» деп. Дүние жинамаған кісі болған соң, солай айтатын. Ол Торғайдың топырағында аунап өскен қария кісілердің сөздерін құлағына құйып, зердесіне тоқып өскен. Сондай ортадан шыққаны әсер етпей қоймады-ау.
РИЗА ЫСҚАҚ: Әкеңізге «Қазақ ырымдары», «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» атты кітаптарды жазу туралы идеялар қалай келді?
ЗӘМЗӘГҮЛ СЕЙІТҚЫЗЫ: Идеяның тууы мына оқиғаға қатысты болды. Ол уақытта әкем сатира жазып жүрген кезі. Бір күні қасына келіп “Әке, сатираны қойсаңыз. Жанр өзгертсеңіз қалай болады осы?” деп айттым. Институт бітірдік, азамат болдық. Бір үйде алты бала өстік. Күндердің күнінде алдымыздан шығады ғой деп. Сонда әкем керемет ойланды. Ондай ой тастауға орта әсер етті. Өйткені, көлеңкелі тұстары да болды. Сол сәттерде өмірді енді бастап жатқан риясыз, тазамыз ғой. Бізде қисық пейіл болған жоқ. Байқаймын әкеммен қатарлы үлкен кісілер сатирадан өздерін танып қалып, талай келеңсіздіктер болды. Сатираны оған тіреп жазбағанымен, “Ұрының арты қуыс” дегендей. Ашып айпағанмен болды. Рухани жағынан әкемізге жақын болдық. Сондықтан, өзіме қатты әсер етті. Әкем менен жанын аямайтын. Мына кітаптарды аударғанда, тергенде де, жүйелегенде де басы-қасында өзім болдым. Ол уақытта компьютер енді енген еді.
Әкемнің “Жеті қазына” деген еңбегі бар ғой, соның негізінде мектепте ұлттық педогогика бағдарламасын жасадым. “Жеті қазына” кітабынан бағдарлама 1-11 сыныптағы оқушыларға арналған тәрбие жұмыстарының бағыттарын алғанбыз. Оны қазір Астана көлемінде пайдаланып жүрміз. Ы. Алтынсарин атындағы Білім академиясына ұсынғанда қолдамады. Қазақ тілі, әдебиеті зертханасына апардық, бірақ ешқайда енген жоқ. Олардың өз ойлары болған шығар. Артынан қалалық білім бөлімінің қасынан авторлық бағдарламалардың байқауы ашылған, содан бірінші жылы, екінші жылы да өтпеген. Тек былтыр ғана өтті. Қала көлемінде емес, республикалық деңгейде деп бекітілген. Солай таралуға ұсыныс алдық. Қуандық! Өйткені, әкеміздің қаншама еңбегі бар. 34 жылдық ұстаздық тәжірибемнің де түйіні, үлесі бар деп есептеймін. Біраз мектептер алды. Мысалы, енгендер ішінде Астана қаласындағы №4 мектептің директоры - Базаркүл Сағындыққызы. Ол кісі өзі сондай қазақы, жүрген жерінде ізденетін, орынбасарлары да шығармашыл, таза қазақы мектеп қой енді. Аралас мектептерде мүлде басқа. Онда қиындау. Көбінесе ресми тілге басымдық береді. Өзіміздің мемлекеттік тіл көлеңкеде қалып қояды. Осындағы № 50 мектеп сұратты. Қостанай, Атырау, Қызылорда қаласы мектебі сұратып алды. Оларға рақмет айтамын! Қалай дегенмен, менің бір білетінім, біз ұлттық педагогикаға өте зәруміз. Балаларымыз кердеңдеген, аузына келгенін сөйлейтін, ойланып барып айтуды білмейтін, үлкендерге қалай болса солай көзқараспен қарайтын, алды-артын болжамайтын, не нәрсеге болса да жүрдім-бардым қарайтын сондай болып бара жатыр. Осыған жаным ауырады. Бірақ, соған там-тұмдап, тамшылап болса да септігімді тигізуге тырысып жүрміз.
РИЗА ЫСҚАҚ: Сіздің әкеңіз қазақтың игі жақсыларымен етене араласқаны белгілі. Сол жайсаң жандардың достықтары туралы айта кетсеңіз?
ЗӘМЗӘГҮЛ СЕЙІТҚЫЗЫ: Біздің үйге әкемнің арқасында сол замандағы «мен!» деген жазушылардың бәрі келген. Бәрінің қолына су құйып, шай жасап, жүгіріп жүріп киімдерін алып беріп жүрген ұрпақпыз. Оның ішінде Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Төлен Әбдіков, Серікбай Оспанов, Тұрсын Жұртбай, Қасым Қайсенов, Рақымжан Қошқарбаев сынды алпауыттар болды. Ол кезде біз пионерміз, галстук бергеніне балаша мәз болғанмын. Соны балалық санамен, ақ көңілмен көздің қарашығындай сақтап, мақтан көріп, шаттанатынмын. Соның бәрін көріп рухани жағынан жоғары болдым деп есептеймін. Әкемдердің отырып алып, гүр етіп өлең оқығандары. Қойшығара Салғараұлы, Сабыржан Шүкіровтер бәрі құрдастар ғой, олардың өзара әзілдері ерекше болатын. Сонда құрдастық қалжыңның не екенін білдім. Олардың бір-біріне ренжемейтіні, әңгімелерін іліп алып жалғастырып айта беретіндері, қалай қолдап жүретіндерін көрдім. Бала болсам да, санамда барлығы жатталып қалды. Үлкен үлгі екен ғой сөйтсе. Біріне-бірі “Сен төрге отыр, менен екі күн болса да үлкенсің ғой” немесе “Сенің кітабың менің жіңішке кітабыма қарағанда қомақты ғой” деген әңгімелері көңілдің көкжиегін кеңейтіп, еріксіз езу тартқызатын. Жолдастарының арасында әсіресе, Қойшығара Салғараұлы екеуі айрықша мұңдас, сырлас, замандас, қаламдас болды. Соғыстан кейінгі уақыттарда бірге өскен. Жазушылық, ғылым жолында да қатар өсті. Торғайда, Қостанайда тұрғанда да үйіміз қатар тұрды ғой. Ол кісі әкем сияқты әзілге онша жүйрік емес еді. Тиіп кеткен кезде, бұйра-бұйра шаштарын қайырып жіберіп, маңдайынан кейін қарай тарап жіберіп “Әй, Сейіт-ай, не деп тұрсың?” дейтін. Сондай әдемі сыйластық болатын. Бірақ, бір-бірін ешқашан сатпайтын. Біреуге бір ауыз сөз ғайбат айту деген болмайтын. Нағыз достықтың шынайы үлгісі, көрінісі сол кісілер болды
РИЗА ЫСҚАҚ: Сейіт Кенжеахметұлының ойының жүйріктігі, ұшқырлығы кімнен дарыған екен?
ЗӘМЗӘГҮЛ СЕЙІТҚЫЗЫ: Әкемнің өз әкесі Кенжеахмет шешен, ділмәр кісі болыпты. Соғысқа кетіп хабарсыз кетті ғой. Одан кейін Сәлима анасы өте-мөте сауатты жан еді.
Соған қарағанда әкесі мен анасынан дарыған қасиет. Қанмен келеді ғой бәрі де. Әйтсе де, әкем өзінің тегі туралы айтқанды, дәріптеп, мақтағанды ұнатпайтын. Мен енді ғана айта бастадым. Айту керектігін тек қазір түсіндім. Әжем иманды, тақуа кісі болатын. Сол заманда имандылық, діни сенім туралы айтылмайтын. Өзі намаз оқитын. Бәріміз білетінбіз, бірақ жарияламайтын. Үзбей оқитын. Оны қаза қылу ол үшін күнә болып көрінетін. Әжемнің әр сөзі, өсиеті әкем үшін ерекше бағалы болатын. Қолдаушысы, демеушісі, бойтұмары да бір өзі еді.
РИЗА ЫСҚАҚ: Әкеңіздің «Әттеген-ай» дейтіндей-ақ аяқтай алмай қалған еңбектері бар шығар?! Осы жағын ашып айтсаңыз...
ЗӘМЗӘГҮЛ СЕЙІТҚЫЗЫ: Болды. Өте көп еді. Терең энциклопедиялық білімі бар әкем қанатын толық керіп, көкірегіндегі жауһарларын жұртқа ұсына алмады. Әкемнің қазақ зиялыларының тағдыры туралы кітап шығарсам деген үлкен мұраты, арманы болатын. Тірі кезінде соны қоймай-қоймай айтатын. Ол үшін нағыз қазақ зиялыларының үлгісі –Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы. Олардың түр-тұлғасы, ұлтқа, тіл мәселесіне деген жанашырлығы, тереңдігі сынды қасиеттерінің бәрі де әкемнің бойында қалып қойды. Бала кезінен Алаш жайында үлкендердің айтқандарының барлығын естіп өсті. Мен де Ахмет пен Міржақыптан бастар едім. «Толқынды толқын басады» дегендей, біз қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі ретінде ақын-жазушыларға жақынбыз. Неше ғасыр өтсе де, алтынды тот баспайтындай, алтынға шаң жұқпайтындай, өзінің жарқырауын жоғалтпайтын, қанша тығып қойсаң да, жарқыраған қалпында келесі ұрпақ тауып алғанша, сол қалпынша сақталатын саф алтынның бастауын сол кісілерден бастар едім.
Әкем көз жұмарының алдында «Торғай» энциклопедиясын жазып жатты. Аяқталмады. Сол қолжазба күйінде қалды. Біз қаншама материал жинақтадық. Торғай, Арқалық өңіріндегі барлық ұлт өкілдері арасынан спортшылар, зілтемір көтеретіндер, ішінде тіпті палуандар да бар тұғын. Осы бөлімін мен жинақтадым. Әкем «Торғай. Тұңғыш» деген айдар негізінде көп материал жинақтап еді.
РИЗА ЫСҚАҚ: Қазіргі таңда Сейіт Кенжеахметұлының шығармаларына «жиендік» жасап жүрген авторлар көбейді. Екінің бірі «этнограф» атанып, Сейіт ағаның «сөзімен» қазақтың дәстүрі туралы ой толғайтын болыпты ғой...
ЗӘМЗӘГҮЛ СЕЙІТҚЫЗЫ: Бізде бір қалыптасқан жершілдік мәселесі әлі бар. Жер-жерге бөліну, мойындамау, бәсекелестік деген сияқты. Өкінішке қарай қазақтың қанында, болмысында бар. Енді-енді қыртысы жазылып келе жатыр. Әркім өзінің жерін, елін насихаттау дегенде дұрыс шығар. Бірақ, ұлтқа ортақ дүниелер де болуы керек қой. Мысалы, әкем тек қана Торғай өңірінің ғана емес, ол Әлихан сияқты, Міржақып сияқты түтас ұлт мүддесін көздеген еді. Барлық қазақ халқының асыл перзенті.
Өнер жолында кедергілер өте көп. Мысалы, «Алматы кітап» баспасының заңгері «Ол кісі тек жинақтады» деп, әкемнің еңбегін «мойындағысы» келмейді. Мен сол әкем жазған еңбектердің орысша нұсқасын дайындаған автормын. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігімен заңды түрде бекітілген. Куәлігі де бар. Баспа өкілі: «Ол кісінің кітабын шығарамыз, бірақ бізден басқа ешкім басып шығаруға құқығы жоқ», деді. Әкем заң жағынан ақсайтын, құқық саласына тереңдемейтін. Келісімшартқа 70 жылға қол қойып берген ғой. «Батыр аңғал келеді» дейді емес пе? Тіпті менің де шығаруға құқығым жоқ екен. Олар соны ұстанып алған. Енді тістеп айрылмайды. Әрине шығарсын, оған тек қуанамын. «Өздеріңіз құнды кітаптар деп жатырсыздар, қаламақысы қайда?» деп сұрасам. «Жоқ, төленбейді!» деп жауап берді. Ешқашан төленген емес. Дұрыс айтасыз, сұрауы болмаса қадірсіз болады. Насихаттауға өзім де кейде қорқамын. Өйткені, қазір Қытайда, Маңғолияда әкемнің осы кітаптарын ұрлап басып жатыр. Тура осындай кітаптар, тек авторы басқа. «Жеті қазына», «Қазақ салт-дәстүрлері» кітаптарын өз атынан шығарып жүрген адамды білетіндер бар екен. Бірақ, оны әуелі Қытайдан алу керек, сосын оған сараптамалық талдау жасау қажет. Сотқа беретін болсақ, оған қытай тілін білетін мамандар куә болуы шарт. Азамат Мәлжанбай, Мұқият Қойшыбай, Аятжан Ахметжан сияқты көмектескісі келетін сауатты, ұлтжанды жанашыр азаматтар да бар. Әкемнің жиған, терген қазынасы – халықтың мұрасы.
РИЗА ЫСҚАҚ: Әңгімеңізге көп рахмет! Әкеңіздің еңбегін насихатауға зор күш-қуат тілейміз!
Бөлісу: