Сағат сыры
Еxx, тықылдай, тықылдай шаршадым. Қайран тілім, қай құлақтың құрышын қандырмадың сен. Талайдың берекетін де қашырдың. Бірақ одан өзгеріп жатқан дүние жоқ, адам да жоқ. Баяғы жартас, бір жартас, міз бақпайды. Осы тұста менің тілімді қазақ тіліне қатты ұқсатамын. Оған бола қазақтар ренжімес.
Біз негізі қазақтарға қатты ұқсаспыз. Мұны тек олар байқай бермейді. Мысалға, бізде үш тіл, оларда да үш тұғырлы тіл. Әрқайсысының өз орыны, өз ұқсастығы бар. Секундтық тіл ағылшын тілі секілді. Әлемдік қозғалыста қарқынды жүріп тұр. Өте тез әрі барлығының қозғаушы күші. Қазақтар үшін көзге көрініп тұрғанымен, түсіп қалса да көп өзгеріс әкелмейтін тіл. Орыс тілі - минуттық тіл. Қажетіне сай жүріп тұр. Қозғалысы қарқынды әрі қалыпты. Ал қазақ тілі - сағаттық тіл. Өте баяу, еріне қозғалады. Дамуы нашар. Соңғы екеуі бір-бірімен тығыз байланысты, біреуі болмаса уақыттың қанша екенін білу мүмкін емес. Демек, біз қажетсіз боламыз. Сол секілді екі тілдің бірін білмесең Қазақстанда көш бастау мүмкін емес.
*-Тағы бір ұқсастық тіліміз тықылдап, тықылдап қуатымыз таусылған күні тоқтаймыз. Бұл жердегі айырмашылық адамдардың барлық ағзасы қатар шаршайды. Ал бізге жүрегімізді ауыстырса жетіп жатыр. Қайта өмір сүре бастаймыз.
*-Бір тіліміз түссе мүгедек адам секілдіміз, қоғамға керексізбіз. Жүрегіміз соғып жатса да, бір бұрышта қала барамыз.
*-Біз де бай, кедей боп бөлінеміз. Қымбат және арзанбыз. Бірақ атқарар міндетіміз бір ғой. Жасағаны үшін уақытын көрсету. Сіздер де солай, жаратқаны үшін құлшылық ету. Тек бізді сатып немесе сыйға беріп жібере алады. Қажетсіз болсақ, қоқысқа лақтыра салады. Сіздерде бұл жоқ. Қандай жақсы... Өй, кешірерсіздер, бұл сіздерде де белең алғалы қашан. Қандай айырмашылық бар өзі сонда...
Ой, жарайды, уақыт күтпейді ғой. Мен достарымды қуып жетіп алайын. Әйтпесе, ием көрген сәтте-ақ керексіз боп қаламын. Сіздер де керексіз болудан сақтаныңыздар. Уақытты құр өткізбеңіздер. Себебі, өздеріңіз айтқандай, мені сатып алғанмен, уақытты сатып ала алмайсыздар.
Бөлісу: