Егіздер

22.10.2019 5370

Сұрағанда,

Айтып жүр ғой білгендер,
Жанның ешбір өлмесін.
Қайтып келу бар шығар деп жүрмеңдер,
Денең шықпас қара жерге көмгесін.

 

Уақыттың аяқталып өлшемі...
Шыбын жаның кеткен кезде аспандап.
Тәнің болса туған жердің бөлшегі,
Жаның үшін басқа өмір басталмақ.

 

 

***

 


...Ой көзімен қарағанда өткенге,
Жер екен ғой мәңгі тұрақ болатын.
Қимасыңды қимай  жерлеп кеткеде,
Біздер екен жылап, қалып қоятын.

 

Үйің болса, уақытша ол – баспанаң,
Қорқынышты қабір суық  – көр деген.
Өлгендер ғой, бізді ертпей тастаған,
Біз емеспіз ермеген.

 

 

***

 


Түн күтеді...
Болмағандай дым қызық,
Мен отырам жалғыздықпен бетпе-бет.
Қағаз отыр жазбайсың деп, жүргізіп,
Қалам жатыр сын айттың деп, өкпелеп.

 

Жүйкем шаршап, түн асып...
Жыр туса бір барлық дерттен сауығам.
Отырмын басты қасып, мый ашып,
Екеуінің дауынан.

 

 

***

 


Сыйғызам деп маңдайым жылы күнді,
Маңдайыма тер қатыпты...
Бірі күлкі, бірі мұңлы,
Жүректе шер жатыпты…

 

Сыйғыза алмай уысқа келте күнді,
Уақыт сығып алады шырыныңды.
Бүгінгі күн ойлайды ертеңімді,
Ал ертеңім іздер-ау... бүгініңді.

 

 

***

 


Мен басқан мұң бар әр ізде...
Болмасын сенде, тары мұң.
Өмірдей терең теңізге,
Не дегің келді жарығым?!

 

Шыға алмай тұрған шеңберден,
Өмір мен теңіз, бір ұғым.
Теңізге қарап тербелген,
Не ойлап тұрсың, құлыным?!.

 

 

***

 


Сен қайдасың, қайда... мен?!
Соны ойлап... күрсіндім...
Айдың аппақ ақ сәулесін айнамен,
Келді барып... терезеңен түсіргім.

 

Өткен күдер ойға ғана өтімді...
Келгенімен жүрегіңнен өшіргің!..
Шойын жолдың қос сызығы секілді,
Дүрсілі бар, қосылмасын түсіндім...

 

 

***

 


Дәмімен жайылар,
Ізі бар өкпеңде.
Түтінмен шығып билейді ойлар,
Темекі шеккенде.

 

Бекерден-бекер,
Тұрақсыз қылық.
Түтінге еріп, ойлар да кетер,
Жалын боп кіріп, күл болып шығып.

Бөлісу: