«БАЛА ДОҒДЫР»

01.05.2017 7730

  

 

  • Сүйінші! Ұл туды! – деп босандырысып жатқан әйелдердің бірі сыртқа

шығып, қуаныш бөлісіп жатты. Есік алдында тосырқай үрпиіскен бір топ еркек, мына жағымды хабардан соң арқа-жарқа болып, шеткерек томсырайған етженді кісіні арқадан қағыса бастады.

Толғақ ұзаққа созылмады. Ол бірнеше бала көтерген сақа әйел еді. Көпшілік бала аман-есен туса болды, істің біткені деп ойлайды. Ал іс жүзінде баланың жолдасы да дінаман және уақытында түсуі маңызды. Енді болмаса дастарқанға жиналып, тойды бастап кетпекші болған жұртты Мұрат кідіртті. Жолдасы түспей, ешқандай дастарқан жайылмасын деп.  Мана іңірде арқа-жарқа болған малшы жұрт тосылып, тағы бір хабарды тосқандарына бірнеше сағат болды. «Бала доғдыр» атанған Мұрат салт атпен етектегі шекара бекетіне рация арқылы санавиация шақыртуға кеткен-ді. Бірер сағаттан соң салы суға кетіп, қайта оралды. Оған жапырлай сұрақ қоя бастады. Мұрат өзіне түскен үлкен жауапкершіліктің салмағынан аса әңгімелесуге құлқы болмай:

  •  Бүйірден қатты жел соғып тұр. Ұшақ қона алмайды екен. – деді де

ішке енді. Қоңсылас қоныстанған үш-төрт шопанның әйелдері ұмар-жұмар бір-біріне сүйенісе қалғып-мүлгіп отыр екен. Мұрат кіргенде құс ұйқылары пыр-пыр дүркіреп, бастарын көтеріп алды. Арасындағы егделеуі:

  •  Қарағым, сәмөлет келетін болды ма? – деп жалбарына сұрады.
  • Келе алмайтын сияқты... Сіздер көрші бөлмеге кішкентайды алып, бара

тұрыңыздар.

  • Мақұл, қарағым. Әй қатындар тұрыңдар! Не болды сиырдың

жапасындай иленіп! Кеттік! «Бала доғыр» балам біледі не жасайтынын. Е жасаған, өзің жебеп, жанын сақтай гөр! Мына нәрестенің періштесі қақсын деп тілейік!

    Аудандық бас дәрігер бұған ешқандай амал қалмаса, жолдасын қол салып алуға рұқсат берген-ді. Не бір қазақы емдерді де жасап көрді. Дәрі-дәрмектің де әсері болмады. Иә. Енді қолмен көсіп шығарудан өзге лаж жоқ.

* * *

Мұраттың әкесінен «Балаңыз қандай оқу оқып жатыр?» деп сұраса, «Елдің балалары дені түзік оқу оқып, мал қарап, егін сеуіп жатса... менікі үңілетін жерді тауыпты!» деп жарықтық бұлқан-талқан болатын. Мұрат жастайынан дәрігер болуды арман етті. Онжылдықтан соң медицина институтына қолма-қол түсе алмай, бос жүрмейін деп училищесіне барған-ды. Оны үздік аяқтап, жұмыстың ең бір қиын саласы – малшылар ортасында қызмет етуді қалаған. Аудан орталығынан тым шалғай жатқан қыстау мен жайлауды мекендеген бір қауым елдің бала-шағасына ем-дом көрсету осы Мұраттың мойнында. Екі жыл тәжірибе жинақтаған соң, қалайда білімін жалғау оның көздеген басты мақсаты еді. 

* * *

  • Шылапшынға орталап су құйып әкеліңізші. – деп Мұрат ауызғы

бөлмеде естілер-естілмес күбірлесіп отырған әйелдерге дауыстады. Олар да тұншығып әрең отыр екен, бір-бірін қаға-соға салдырлата жөнелді.  Мұрат талықсып жатқан жас босанған әйелдің бөксе тұсындағы дәкеге ораған түйіншекті ашып, ішінен баланың жолдасын алып, шылапшындағы суға салды. Әйелдер «бала доғдырдың» желке тұсынан ентелесе қарасты. Мұрат табаға ұқсаған қып-қызыл нәрсені суға салып аударыстырып, мұқият тексерді.  Сосын өзінше күбірледі.

  • Островоктар жоқ екен...
  • Қарағым, тағы несі табылмай жатыр? – деп манағы егде әйел

таңырқады.

  • Апа, бәрі дұрыс! Енді үх деп дем қайтаруға болады! – деп Мұрат

орнынан көтерілді. «Бала доғдырдың» жайланған шырайын байқаған егде әйел, ентелесіп тұрған жастау келіншекке: - Мынаны алып сыртқа бар, еркектердің біреуі адам аяғы баспайтын бір жерге апарып көмсін! – деп тапсырма берді.

Сыртқа шыққан Мұратты зарыға күткен туыстарындай тосқан азаматтар жан-жақтан қоршап, алғыстарын айтып жатыр.

  • Енді шілдехананы бастай беруге болатын шығар? – деп елден бұрын

тықыршыған біреуі рұқсат сұрады.  

  • Енді бастай беріңіздер! – деп Мұрат көңілдерін орнына түсірді.

Таң да қылаң беріп, жон-жоталардың шығыс арқалары ағара бастаған-ды. Қарауыты сейіле қоймаған ойдауыттағы малшы үйінің терезелері самаладай жарқырап, жағымды абыр-сабырға бөленді.

Мұратты жасына қарамай төрдің төбесіне отырғызды. Алдыға ас келді. Кешкісін әзір болған тоқтының қалжалық еті сорпасымен қайта ысытылып, ауыздарына нәр тигізуге дәттері бармай, ашығып қалған ағайындардың ортасына қойылды. Тамаққа соза берген Мұраттың қолын қасында отырған отағасы шап беріп ұстап алды да: - Айналайын, қасықпен жеші! – деді. Отырған жұрттың бәрі Мұраттың қолына қарады. Иодпен майланған саусақтары расында қанға былғанғандай жүректі тіксінтеді екен. Алғашқыда аңырып қалған жұрт, естері кіргендей қарқылдаса күлді. Әйелдер жағы да жырқылдасып жатыр. Еркектердің қу тілді біреуі: - «Бала доғдыр» інішекте арман жоқ! – деп қояды. Отағасы шырт ете қалды.

  • Иә! Сонда не дегің келеді?
  • Не деуші едім, неғып, әлгі біз көрмеген...
  • Ауыз өзіңдікі болса, тый! Тамақ үстінде былжырамай!       

Егде әйел де сөзге араласты.

  • Жаны қалғанына шүкір дегеннің орнына не жыртақ!? «Біреуге мал

қайғы, біреуге жан қайғы»... Барлығыңның шыққан жерің сол! «Бала доғдыр» баламның қалай қиналғанын көрсеңдер! Ойын ойнап шыққандай сөздерін қарашы!

  • Апа, ренжімеңізші! Мен артық кетіп қаппын!
  • Е бәсе, сөйтіп тәубаңа түссей...
  • Нәресте туа салып, дау естісе өскенде даукес болады! Онанда той

басталық! – деп жас келіншектердің бірі құйқылжыта ән сала жөнелді.

Жаңағы келеңсіздіктің шіркейдей елесі де қалмады. Ас қайыру батасы жасалған соң, ер-азаматтар тысқа ауды. Олар қуаныштың арқасында біраз көсілітіп те алған еді. Бұндай шырайлы күндер жиі келе бермейтін малшы қауым басына. Бір күн той - жүз күн бейнетпен астасқан тынымсыз еңбек нәубетін арқалаған оларға сын тағуға да болмайды. Ауылда жүргенде Мұраттың естіген бір әңгімесі есіне түсіп:

- Сіздердің еңбектеріңіз ерен ғой, ағалар! Бір жолы механизатор мен шопан екеуі дауласып қалыпты-мыс. Механизатор: «Біздің жұмыс ауыр, күн-түн демей науқан кезінде жер жыртып, егін себесің, пішен шабасың! Сендердікі не? Малды жайып қойып, төбенің үстінде қалғып-мүлгіп отыру ғана!»  Оған шопан айтқан екен: «Жұмыстарың ауыр екеніне дауым жоқ. Тек, сендер күн жауып, боран соқса техникаларыңды қаңтарып тастап, тайып тұрасыңдар! Ал біз өйте алмаймыз.» деп.

  • Мынауың ұлы сөз екен!
  • Жарайды, біздікі жұмыс делік. Ал әйелдерді қарап жатқанда не

ойлайсың? Рас, шыныңды айтшы!

  • Не ойлаушы едім? Менікі де өздеріңіздікі секілді жұмыс. Күрекпен жер

қазғанмен бірдей. Айырмашылығы бар, әрине...   

  • Бәсе! Мүлдем ештеңе ойламау мүмкін емес, анадайды көріп тұрып!?
  • Ағалар! Қате түсініпсіздер! Күрек ұстаумен бірдей дегеніммен оның

жауапкершілігі жер мен көктей! Адамның аман қалуы сенің қолыңда тұрғандай сезінесің! Сол кезде еш бөтен ой басыңа келмейді. Құдайға іштей жалбарынып, біліміңе үміт артасың. Басқадай ой да пиғыл да жоқ!

  • Сонда да қызық қой, ә!? Әйелдер туралы айтшы... – деп сөзуар еркек

қыр соңынан қалмады. Мұрат ауыр жүк арқасынан түскенін енді ғана сезініп, керіле тыныстады да: - Ағалар, ол жайлы жеңгелерден сұраңыздар. – деп қайта қайырылмастан ішке кіріп кетті. Төсегі әзір екен. Басы жастыққа тиер-тиместен  бұны талықси тосқан қалың ұйқы бас салды.  

Бөлісу: