Нұрлан Сейітжаппаров: «Асқаровқа қарап елімізді танитын»
Асанбай Асқаровтың шәкірттері арасынан білікті кадрлар, мықты басқарушылар өсіп шыққаны белгілі. Біз солардың бірі, облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Сарыағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған, кейінгі кезде бірнеше ауданның әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған, осы күні айтулы кәсіпкерлердің бірі Нұрлан Сейітқұлұлы Сейітжаппаровпен сұхбаттастық.
– Асанбай Асқаровтың аса білімді адам болғаны туралы әркім әр қырынан айтып жатады. Бұл жағынан сізде қалған әсерлер қандай?
– Ол халықаралық, қазақ, орыс әдебиеттерін өте жақсы білетін, Шымкенттің жазушыларымен және өнер адамдарымен тығыз байланыста болды. Ресейден келгендер басында ықылас танытпағандарымен, жарты сағат-бір сағат сөйлескеннен кейін Асекеңе ғашық болатын. Олар алдындағы адамның тереңдігі мен биіктігіне тәнті болғанын талай рет көргенбіз.
1981 жылы, облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы кезімде мынадай бір оқиғаның куәсі болдым. Орталық комитеттен екінші хатшы Сергей Дьяченко телефон соғып, Шымкентке Василий Дмитриевич Захарченко келетінін айтты. В. Захарченко «Техника молодежи» журналының бас редакторы. Бұл сол кезде дүниежүзіндегі ең таралымы көп журнал еді. 1 миллион 750 мың данамен тарайды, соның 50 мыңын АҚШ алады. В. Захарченконың өзі бес тілді біледі. Африкада 4 жыл орыс әдебиетін француз тілінде оқытумен айналысқан, әлемге танымал адам. Шымкентке онымен бірге орынбасары, сондай-ақ Алматыдағы «Білім және еңбек» журналының бас редакторы мен орынбасары бірге шығып, Түркістанға өтеді екен. Бұл жайлы Асанбай Асқаровқа айтып едім, ол кісі: «Кездесейік» деді.
«Алатау» пойызы таңғы сағат 7.00-келіп тоқтады. Вагонға кірсем, төртеуі де ұйықтап жатыр. Олардың жоспарында болмаса да В. Захарченконы оятып: «Осы жерден түсесіздер» дедім. Ол түсінбей, Түркістанға баратынын айтып жанындағыларға қарады. Не керек, оларды Шымкенттен түсіріп, қонақүйге жайғастырып, шай бердік. Содан кейін жеңіл көлікпен Түркістанға алып бардық. Отырар ауданын көрсетіп, Шәуілдірде қондырдық. Мен В. Захарченкоға Асанбай Асқаровпен кездесу туралы айттым. «Бізде осындай дәстүр бар. Сізді біледі, комсомолда істеген» дедім. Екеуінің 1,5 сағат әңгімелесуі кезінде жанында болдық. Әңгімелері бір-біріне сай болды. Кейін В. Захарченко: «Какая величина! Поражен его энциклопедическими знаниями! Глубоко знает литературу научных направлений. Очень заинтересован!» деді мейманымыз.
Соңынан ол Шымкент қалалық партия комитетінде жас ғалымдармен кездесті. Жоспар бойынша 1,5 сағаттық кездесу 4 сағатқа созылды. Шымкент қаласын аралатып жүргенімізде Қазақстанға, соның ішінде Шымкентке журналдың бір нөмірін арнау туралы ойын айтты. Ал бұл жөнінде Асанбай Асқаровты хабардар еткенімде ол кісі толық қолдады. «Арнасын, біз өз тарапымыздан бәрін ұйымдастырамыз» деді Асекең.
Кейін фототілшілері мен тілшілері Алматыда, Қарағандыда, тағы басқа қалаларында болды. Шымкентке 1-2 ай уақыт бөлді. Журналдың бірінші бетін Дінмұхамед Қонаевтың суретімен және сөзімен ашты. Ал Шымкент туралы төрт мақала басты. Олар: балалар теміржолы, Отырардағы археологиялық қазба жұмыстары, Дендросаябақ және сыра зауыты туралы мақалалар. Мұндай кең мақала әлемдік үлкен басылымда бірінші және соңғы рет жарық көрді. Журналдың сол нөмірі үйімде сақтаулы. Василий Дмитриевич Захарченконың өзі қолтаңбасын қалдырып, тілек жазып берген.
Мұны айтып отырғандағы мәселе – Асанбай Асқаровпен кездескен сырттағы адамдардың мұндағы халық пен ел, жер туралы көзқарасы мүлде өзгеретін. Оңтүстікті таныту үшін сондай тұлғалар болуы керек.
– Сіз өзге жас кадрлар қатарында Асанбай Асқаровтың шәкірті болдыңыз. Айтыңызшы, ол кісінің жастарға деген ықыласы қандай еді?
– Асанбай Асқаров жастарға көп көңіл аударатын. Жақсы кадрды ерте бастан байқап, соның шыңдалуына жағдай жасайтын. Мысалы, шәкірті Рашид Ибраев 1978 жылы, 30 жасында Түркістан қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Сергей Терещенконы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып жүрген кезінде көріп: «Мына алқапта қанша астық бар?» деп сұраған екен. Жас маман мүдірмей, қанша астық барын бір қарап дәл шамалаған. Тағы бір-екі сұрақ қоғаннан кейін Асекең оның білікті кадр екенін таныған. Содан кейін, 30 жасында С. Терещенконы Бөген аудандық партия комитетінің екінші хатшысы етіп жоғарылатты. Артынша Төле би аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Мен өзім де 33 жасымда, 1982 жылы Сарыағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болдым. Асекеңінің шәкірттері қатарында Исмат Тұрсынқұлов, Қуаныш Төлеметов, тағы басқа жастар болды. Бәріміз де жақсы тәрбие алып, басшы ретінде елге қызмет атқардық.
– Нұрлан Сейітқұлұлы, Асанбай Асқаровтың туғанына 90 жыл толу құрметіне қандай да бір сый дайындаған боларсыз?
– Асекеңнің әруағын құрметтей отырып, Сергей Терещенко екеуміз фильм түсіруге тапсырыс бердік. Нәтижесінде «Испытание судьбой» атты фильм түсіріліп, дайын болды. Ол 15 қыркүйек күні «Қазақстан-1» арнасынан көрсетіледі. Режиссері – Сергей Азимов. Режиссер Шымкентке 3-4 рет келіп, Асанбай Асқаровты көрген кісілермен кездесті, елді аралады.
2012 жыл.
Бөлісу: