Тұсауымды кесіңдер өмір менің
О, Дүние,
Сұрағым бар, сұрар менің,
(Түбі біреу сырымды ұғар менің)
Метеориттей аспаннан тасталған боп,
Өмір сүрсем...
Қайтадан басталған боп,
Сонда маған мойныңды бұрар ма едің?!
Сұрағым бар қоятын, сұрар менің,
(Ұғатындар түбінде шығар дедім.)
Тас талқан боп дәл қазір күйіп кетсем,
Сонда маған мойныңды бұрар ма едің?!
Демесем де,
Дүние, жалықтым-ау,
Кейбір жерде осалдық таныттым-ау.
Келетін де, кететін біздер екен,
Өмір жатыр бір күйі ағып мынау.
Өгейсініп,
Бұл өмір тастамасын,
Соны ойлап қатады қасқа басым.
Аяқтау да өмірді керек шығар,
Жаңа өмір қайтадан -
Бастағасын!
Әр нәрсені бір ойлап, түңілгенім,
Жеңістерім, тағы да сүрінгенім.
Қайраттанып қайтадан бастайыншы,
Тұсауымды кесіңдер,
Өмір, менің!
Абыл ақын
Түркпеннің классигі Мақтымқұлы: «Түсімде Абыл
және қарақалпақ, қаңлы руынан шыққын Ақтәжі
ақын қыз үшеуміз бір жерден кесемен ас іштік.
Қызбен екеуміз кесенің ішіндегі асты іштік те,
Абыл кесені асымен жұтып қойып еді.
Абыл бізден кейінгі ақын болар, бірақ, ақындығы
басым болар» - деген екен.
II
Өзі дүр-ді,
Басқа әлем,
Ашпаған,
Дерек аз ба?..
Жыр жазуға жасқанам.
Қағазсыз–ақ домбырамен Абылым,
«Қырық том» жазып тастаған.
Өлең-жырдың дариясы ағылған,
Көлем жырдың ариясы лағылдан.
Біз білетін,
«Қырымның қырық батыры»,
Бастау алған Абылдан.
Адай дейді-ау.
Адайлығын жасаған,
Ас пен бірге кесені де асаған.
Абыл бастар,
«Бес жүйрігін адайдың»,
Нұрым, Ақтан, Аралбай мен Қашаған.
Басылмады көңілімнің құмары,
Ой – санамда Абыл ақын тұнады.
Барымызды бағаламай келеміз,
Мойындаған,
Мақтымқұлы пырағы!
2
...Абыл геліп аддан дүшди,
Анча Бек гелип гөрушди...
...Абыл келіп аттан түсті,
Қанша Бек келіп көрісті...
Хатам (түркпен ақыны)
Күтудей-ақ күтуде ауыл бүгін,
Сағындырған естуге жағымды үнін.
Маңайдағы кең қазақ жиналуда,
Жыр-жырлайды дегесін Абыл дүрің.
Осы ауылға келері көп естіліп,
Абыл келді,
Керуен – жыр ілестіріп.
Сап түзеген алдында Бектер тұрды,
Шыққан болып бір үйден кеңес құрып.
Осы емес пе?
Ел-жұрттың қалағаны,
Абыл жырдың қадепті қара нары!
Бұл Бектердің Абылды күтуі шын,
Күтпеуіне жетпейді шамалары.
Ай жырласа жиналмай жыр етегі,
Түнді түнге әкеліп, түнетеді.
Бір сәтінен ақынның үзінді бұл,
Осы шығар Абылдың ірі екені!
Нұрым ақын
Бірде, Мұрын жырау ұстазы Нұрымға сұрақ қойыпты:
-Абыл сізден қаншалықты алдағы ақын?- деп.
Сонда Нұрым қарсы сұрақ қойып
-Бұхара осы арадан қанша жер?-депті.
-Екі айлық.
Нұрым сол кезде Мұрынға:
-Менің алдымда Абыл да дәл сондай қашық-
деген екен.
Жаныңды бір аяз-ой қарығасын,
Адалдықты шынымен сағынасың.
Сондай сәтте сұрапты Мұрын жырау,
Сізден қанша алда деп,
Абыл ақын?
Алыстарға кеткенде шығып атың,
Мәрттік демей не дейін,
Мұныңашын?!.
«Абыл бізден алысы Бұхарадай,
Екі айлық жер» - депті ғой,
Нұрым ақын.
Бірі басым ақын-ды,
Бірі жасын,
Кішірейтіп тұрғаны ұлы басын!
Мықтылықты мойындау осалдық па?
Ірісің ғой өзің де,
Нұрым ақын.
Бірі Абылым болғанда,
Бірі Нұрым,
Бірі сазым болғанда,
Бірі жырым.
Сіздерменен көрінер адалдығым,
Сіздерменен білінер ірілігім!
Бөлісу: