Қаламы жүйрік қайраткер

08.01.2020 5552

Биыл сексен жасқа толғалы отырған жазушы М.Мағауин есімі бүгінде әдебиетке өзін жақын санайтын күллі алаш баласына іштей жақын, рухани аға, жаны туыс жанашыр десе болатындай. Оның қаламынан туған оннан астам роман, жүздеген повесть, екі жүзден аса әңгіме, мыңдаған танымдық-зерттеу мақаланың қалың қауымға күнде бірге жүрген жақсы таныстай болатыны қаламгердің халық рухымен біте қайнасқан жақын туыстығында. Жүрек төрінен орын алар тамаша көркем шығармалар жазуында.

 

Ұзақ жылдар бойы неше буын оқырманның қолынан қолынан өткен оның кітаптары бүгінде 20-том болып төрдегі сөреде тұр. М.Мағауин есімі әр қазақтың көңіл төрінде дегенде оның қазақтың өзіндей дарқан талантын, озық ойларын, кең даладай мол пайымын, ел алдындағы парызына адалдығын бағалап, еске ала көтермелеп, сүйсіне, дәлелді жақсы ойларға арқа сүйей, марқая түсіп айтамыз.

 

Мұқаң бүгінде бүкіл ел танитын Ел ағасы. Жазушы еңбегін айтқанда оның том-том еңбегі өзінен-өзі жазылып жатқандай көретініміз бар. Бірақ оның әр бетінде қаламгердің өмір жолы, шеккен азабы, кешкен мұңы, көрген мехнатты тұрғанын ұмытып кетеміз. Әйтсе де Мұқаң еңбегі тиісті орындар тарапынан бағасын алған, мәдениет сатысының жоғарғы баспалдағында тұратын, талқылау, саралаудың небір өткелегін татқан, мыңдардың көңіл сүзгісінен өткен еңбек.
 

М.Мағауин қаламы ішіне сыр бүккен дүние тарихының небір жұмбақ беттерін оқырманның алдына кино суретіндей көркем тілмен тасқа ойғандай әдемі етіп бедерлейді. Өткен жайлы ой қорытып, сыр түйеді. Ел тарихын оқырман алдына жайып салып мынау сенің кешегі аталарың, өзің қандайсың, одан қылдай пәс болуға қақың жоқ, солардай бол дегендей жігер қайрап алға шақырады.

 

Алғаш қазақ тарихи романын биікке көтерген Мұхтар Әуезовтің бүгінгі жалғасы бар болса соның бірегейі осы –  Мұхтар Мағауин. Кешегі М.Әуезовтің кеңестік жүйенің қыспағында жүріп «Абай» романын жазса, М.Мағауин кеңестік жүйенің өз төрінде отырып-ақ тоталитарлық қоғамның халыққа жасалған зәбір-нәубеттерін, қалың қиянатын көркем шығармаларымен өрнектеп берді. М.Әуезов еңбегін тарих рухани ерлікке баласа, оның шәкірті М.Мағауин шығармалары да сол дәстүрді айнытпай қайталайды.

 

Көптен аты озған, тұғыры биік жазушы өз дәуірінің ғана перзенті емес, сонымен бірге елу жыл алдағыны болжап көре алатын шынайы талант иесі, ғылым майданында шыңдалған күрескер тұлға, биік талғам иесі.

 

Жай жазушы таланты арқылы қоғамды, айналасын мойындатса, ірі таланттар көпшілікке әдебиет деген өнердің құдіреті бәрінен де жоғары екенін танытады. Олар бір ғана кезеңнің, немесе дәуірдің ғана перзенті емес, сол уақыттың келешекке, барлық уақытқа баратын елшісі сияқты. Заманның сөзін, шындығын, ақиқатын білдіретін ірі ойшылы сол. Мұндай сипат М.Мағауин еңбектерінен көптеп кездеседі.

 

Біздің қазіргі, кейінгі қалам ұстаған неше ұрпақ інілері М. Мағауиннен жазу өнерінің қыр-сырын, құпиясын үйреніп, оның ұстаздық, ағалық, үлкендік сөзінен көп тәлім алды. Қазақ әдебиетінің ірі қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ғұлама ғалым, тамаша жазушы Мұхтар Мағауиннің мерейлі мерекесі келіп отыр. Қаламгер мерекесі елімізде кеңінен тойланып, еңбектері кеңірек насихатталса ұрпақ тәрбиесіне ұлттық, мәдени тұрғыдан зор  ықпалы тиері сөзсіз.
Қаламы жүйрік қайраткер ағаның мерейі әрдайым үстем болсын!

    
                                                                                       08.01.2020

Бөлісу: