М.Мағауин - әдебиет тарихын зерттеуші

12.01.2020 9872

М.Мағауин – әдебиет тарихын зерттеуші

  

Жазушы Мұхтар Мағауиннің көркем шығармалар жазумен бірге әдебиет тарихын зерттеуші ғалым ретіндегі еңбегі де жемісті ізденістермен талай жылдарға созылып келе жатқан салиқалы жол екені бүгінде жұртшылыққа кеңінен мәлім. Бұл өткен шақтағы нәрсе сияқты, қаламгердің сонау аспирант кезіндегі жылдарда басынан кешкен, жүріп өткен қиын-қыстау жолдары еді. Ғылымның қиын жұмыс екенін, оның сарыла оқу, ұзақ тоқи отырып ізденістермен арада жылдар салып беретін жемісін күтудің қиыншылығын одан хабары жоқ адамдар біле бермейді.

 

Жас қаламгер М.Мағауинге әу баста әдебиет тарихының бұрын көмескі, белгісіздеу болып келген хандық дәуірін, жыраулар поэзиясын зерттеу тақырыбы ерте кезде сеніп тапсырылды. Кеңес жылдарында мектеп, жоғары оқу орнын тауысқан әр бала Дулат, Шортанбай, Мұрат, Бұхар жырау еңбектерін шет жағалап білгенімен, М.Әуезов «Әдебиет тарихы» еңбегінде «зар заман ақындары» деп ерекше бағалаған ақындардың еңбегін көпшілік онша білмейтін. Осы қиын тақырыпты кеңейте қарастыруға жас ғалымның ұйқысыз түндері, архивті сарыла ақтарған талай жылғы ізденістері, өзінше бір жүйе болып, халық әдебиетінің ойсырап толмай тұрған тұсын толтыруға дер уағында мүмкіндік берді.

 

Бұрын әдебиет тарихында бұрын жиі айтыла бермейтін, ұмыт бола бастаған Жиембет, Шалгиіз, Қазтуған, Доспамбет, Шал сияқты көптеген ақын-жыраулар есімі ел жадына алғаш рет жас ғалымның еңбектері арқылы қайта оралады. Ғалым бұл еңбектерінің қорытындысы есебінде 1968 жылы «Қобыз сарыны» атты кітабын баспадан шығарады. Қазақтың хандық дәуір әдебиеті деп аталатын бұл жаңа бағыттың авторы жас ғалым осылайша әдебиет пен ғылым әлеміне өзінің тұтастай әдебиет тарихшысы есебіндегі ой-пайымдарын, ұсыныс, жаңалықтарын ала келді.

 

Әдебиет тарихын зерттеу тек ақын-жыраулардың еңбегін жарыққа шығарып, олардың айтқан ойларын қайталап қоя салу емес. Сол дәуірдегі өмір суреттерін, ақын ойларының ішкі қайшылықтарын ашу, тұтас қоғамның келбетін, әлеуметтік өмірін, халық тұрмысының қандай болғанын таныту жағы да осы зерттеуге тән болуға тиісті еді. Ақын-жыраулар өмірін, олардың қоғамдық ойларын, өмір сүрген дәуірін таныту үшін ғалым қазақ тарихының 15-16 ғасырдағы тыныс-тіршілігін терең білуге тиісті болды. Жас ғылымның бағына қарай ондай бай зердені жетекшісі Б. Кенжебаев жас шәкірт бойынан ерте аңғарып, талабына сенім көрсетіп қолдау білдіреді.

 

Бұдан кейінгі жылдарда ғалым М.Мағауин тынып жатпайды. Қазақ хандарының арғы тұсындағы кешегі Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабайұлы, М.Әуезұлы сияқты алыптар қарастырған қазақ әдебиетінің алтын орда дәуіріне де бірталай мақалалар арнайды. Бірақ кеңестік кезде оны терең пайымдап айту, кеңейті сілтеп жазу мүмкін болмады, сөйтсе де ғылым жүзіндегі өзге ғалымдардың еңбегіне сүйене отырып, әдебиет тарихына терең барлау жасауын сақайған шағында да ғалым М.Мағауин тоқтатпайды.

 

Еліміз егемендік алып қазақ тарихын ұлттық тұрғыдан қайта зерттеу басталған тұста ғалым «Қазақ тарихының әліппесі» атты кітабын жарыққа шығарды. Кеңестік жүйеден босап, енді арқасы кеңи бастаған қазақ ғылымы мен терең тамырлы мәдениеті үшін бұл да болашаққа серпін берген айта қаларлықтай елеулі оқиға еді.

 

Еліміз егемендік алумен бірге кеңестік қасаң жүйенің көбесі сөгілген сәттен бастап, айтулы ғалым алаш қайраткерлерін ақтау, олардың еңбектерін насихаттау, журналдық нұсқаларын дайындау ісінде көптеген жаңа істер тындырады. Бұрын «халық жауы» деген жалған жаламен нәубетке ұшыраған ақын-жазушыларға арналған бірталай зерттеу мақалалар да жариялайды. Абайдың ақын ұрпақтары, Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы жазған, ұлы ақынның шығармашылығына жаңа уақыттың көзқарасы есебінде зерттеу еңбектері қаламгердің осы салада тынбай еткен ұзақ жылғы еңбектерінің жемісіндей болып зерттеу кітаптарында басылып шығады.

 

Қарымды қаламгердің ғалымдық ойлары оның жазушылық қиял, ұшқыр сезімдерімен рухани әлемінде бірігеді, мол байлықты жан-жүрегімен тербей отырып табиғат жаратылысындай тамаша суретті қаламгер қағаз бетіне мөлдірете түсіреді, түскен ерекше жазбаларын бөле-жармай, біртұтас қарастыра келе одан М.Мағауиннің тарихшы, жазушы, ғалымдық болмысын айқын аңғаруға болады.

 

Иә, кеңестік әдебиет сол дәуірдің өзіндік сипатын көрсетті. Бірақ одан бұрын да қазақ ел болғанын, талай ғасыр мәдениет тудырып, басқа халықтармен аралас-құралас өмір кешкенін айту ғалым Мұхтар Мағауинге осы кеңестік дәуірде айтуға, сол саяси ортамен күресе жүріп жазуға мәжбүр етті.

 

Оқырман қауым оны қаламгердің «Мен» атты естелік-мемуарлық кітабынан оқи алады. «Мен» атты кітап тек мемуарлық шығарма ғана емес, әлемге ата-баба, өткен ұлылардың көзіндей болған ақиқат көзімен қарау десе болады. Осы кітапты оқығанда оқырманның көз алдына орта ғасырдағы Бабыр, М.Х.Дулати, Қ.Халид, Қ.Жалайыр, Шоқан жазбалары сияқты атақты дүниелер еске түседі. Бұл еңбектердегі жазылған ақиқат өмір, қазақтың өткен дәуірі әлі жаңғырып тұрса, соның жаңғырығы сияқты ұмытыла бастаған дәстүрдің келбеті Мұқаң еңбектерінде әдебиетіміздің жаңа беті болып халқымыздың рухани өміріне, сарқылмас қазынасына айналды.

 

Кейінгі жылдары ғұлама М.Мағауин қазақ даласында билік құрып, көрші елдерді бағындырған, ұлы дала төсінде ерлік істерімен із қалдырған Шыңғыс хан туралы төрт томдық, көлемді тарихи кітап жазып шықты. Мұндай дәрежедегі жойқын еңбекті жазып шығуға бір адам түгілі, жүздеген адам қатысқан тұтастай институттың да шамасы келмес еді. Шет елде егер бірер ғалым халықтың өміріндегі әлдебір кезең туралы жаңалық боларлық кітап жазса оны төбесіне көтере марапаттап, басқа тілге аударып дәріптер еді. Бірақ қазақ әдебиетінде небір ұлы істер тындырып жүрген қанша абзал ғалымдар өмірінде жылы сөз естуге зәру екенін көріп жүрміз.

 

Әдебиет тарихын зерттеуші ғалым, тамаша сөз зергері Мұхтар Мағауин ғылым мен әдебиетте өзі қатарлас небір марғасқа тамаша ғалымдармен қатарлас еңбек етті. Мұқаңның ғылым жолында шыңдалып өсуіне, тамаша ғалым болып тарих сахнасына енуіне, оның талантты қатарластары, белгілі ғалымдар шоғыры, аға буын ағалардың қолдауы да өз әсерін тигізді.

 

Бүгінде талантты ғалымның еңбектеріне шын сүйінген оқырман қауым, қаламгердің қатарластары, әдебиет сүйетін жас ғалымдар Мұқаңның еңбектерін оқи келіп, оның тарихи еңбегі жайында, оның тарихқа қосқан, қазақ ғылымы мен мәдениетіне қосқан қомақты үлесі жайында жан-жақты толғанып кеңейте айтуы керек. Сол арқылы біз халқымыздың өткен өмір жолын бүгінгіден де жақын тани білетін боламыз.
                                                                                             

12.01.2020

Бөлісу: