Көріпкел

28.11.2021 7763

 

Шашубай ШАЙМЕРДЕН

       (новелла)            

 

  Телефоным дір ете қалды. Экранда «Келден» деген сөздерді көріп, қосу түймесін баса бердім:

— Ия, тыңдап тұрмын.

— Мен, Келденмін.
— Анықталды, — дедім.

— Көңіл-күйің жоқ па?

— Үйде ұмытып кетіппін.

— Түсінікті. Ендеше келмесем болмас.

         Біраздан соң мұғалімдер бөлмесінің есігі ашылып, ар жағынан Келден көздерімен «шығып кет», —  деп белгі берді. Келден дәрігер. Мектепке қарсы ауруханада хирург. Екеуміз мектеп ауласынан шығып, аурухана мен мектеп арасындағы саябақтағы орындыққа отырдық.

—Ия, — деді досым, темекісін бұрқыратып, — Сәулемен кездесулер қалай өтіп жатыр? — Жуырда Сәуле есімді қызбен таныстырған болатын.

— Жақсы қыз сияқты. Бір-екі жұма кездесіп жүрдік. — Келден бетіме қарап:

— Кездесіп жүрдік дегенің қалай? — деді.

— Екі-үш күн көрмедім, — дедім.

— Неге? — Мен алақанымды бетімнен алып ерінімді көрсеттім. Келден шошып кетті:
— Үй, мынауың не? — Ісіп кеткен еріндерімді мұқият қарап болып:

— Бірдеме жыртқан ба? — деп сұрады.

— Ия, сабақта жаралап алдым. — Мен мектепте еңбек сабағын жүргізіп жүрмін. Негізгі мамандығым физика пәнінің мұғалімі. Директорым «әзірше істей тұр» деген соң келіскемін.

— Мен ендеше сені ашулы екен ғой деп ойласам, сөйлей алмай отыр екенсің ғой, — деп Келден қарқылдап бір күліп алды. Сосын: — Әй, Әділбек, Сәуле ернінен сүйгізді ме өзі, — деп бағанағы тақырыпқа қайта оралды.

— Ия, — дедім, — бірнеше рет. — Келден ауызыма тағы бір тесіліп қарап алып:

— Еріндерің тура бұзаудың еріндеріндей болыпты ғой, — ыңырсып күле алмай отырған түрімді көріп одан бетер қарқылдады.

— Ничего, — деді ол қортынды жасап, — до свадьбы заживет!

         Содан бері екі жұма уақыт өтіпті. Сәулемен келісіп екеуміз киноға бардық. Сеанстан соң әдетімізше бақшаға кіріп серуендедік. Нәзік белінен тартып құшағыма алдым. Ерінене ерінімді тигізе бергенім сол еді, еріндерім тыз ете қалып көздерім қарауыта берді. Көз алдымда қайдағы бір силуэттер пайда бола бастады. Бір сәтте жоғары жақта жатқан мәйітті көрдім. Маған Сәуле болып көрінді. Шошып кетсем керек Сәуле де селк етіп:
— Не болды, Әділбек? — деп дауысы қаттырақ шықты. Өзімді-өзім қолыма алдым. Міңгірлеп алып, өңім екенін тексермек болып Сәулені құшақтап тағы да ерінінен сүйдім. Сол ақ екен, әлгі суреттер қайта шыға келді! Айғай салып, шошып жүгіре жөнелгенім есімде. Шешем мені көріп есі кетті:

— Әділжан, не болды, түсің қашып кетіпті ғой?

— Ештеңе, мама! — Қайта бұрылып үйден шығып кеттім. Түк түсінбей анам қалды. Тездетіп Келденнің нөмірін тердім. Болған жәйді айтып бердім. Біраз үнсіз тұрып:
— Үйге кел, Гүлнәр тамақ істеп жатыр, — деді.

         Келден биыл әке болған. Ұлы алты айға толды. Мені жатырқамайды. Сәбиді қолыма алып, Келден екеуміз есік алдына шықтық. Тағы да бәрін тәптіштеп сұрап:
— Бұл сенің еріндеріңнің жарақатының салдарынан, — деп түйді. Мен бетіне қарадым.
— Ия, — деді ол, менің сенбей тұрғанымды көріп. — Еріндеріңнің жүйке нүктелері ашылып, сезімталдығы артқан. Ал жүйкенің бір талшығы мидың адамдар әлі білмейтін бір функциясымен байланыс орнатқан.
— Сонда не, адам диафильм көре ме? —  дедім мен мысқылдап — Адамдарды ерінінен сүйсем, олардың келешегі туралы кино бастала ма? — Келден кенет бетіме жалт қарап:
— Тұра тұр, тұра тұр!  —деді. — Сен сонда Сәуле туралы болжам көрдім деп айтқың кеп тұр ма?

— Ендіше, серейіп өліп жатыр деп тұрмын ғой, — дедім ашулы түрде.
— Сәулеге телефон соқтың ба? Сөйлестің бе?
— Жоқ, батылым жетпей жүр.

— «Звонда», сөйлесіп қой!  — деді Келден. Тап бір менің әкем сияқты.

         Арада бір екі күн өтті. Ойланып-толғанып Сәуленің телефонын тердім. Гуілдер бара бастады. Бір кезде әрең дегенде алды-ау:

— Алло! — Дауыс бөтен.
— Сәуле...

— Жоқ, Сәуле емес. Мен мамасымын. Ол ауырып қалды — Телефонның нүктесін баса қойдым. Ертеңінде Келденге:

— Сен телефон соқшы — дедім. Ол:
— Жо–оқ, өзің соқ. — Оның да батылы бармады. Осылайша сен соқ, мен соқпен жүріп бір-екі жұма өтіп кетті.

         Суық хабар екеумізді де есеңгіретіп жіберді. Сәуле қайтыс болыпты. Мен есімді бір ай жия алмадым. Ешкіммен кездеспедім. Жұмысқа қана барып,  қайтып жүрдім.

Бір күні телефоным шыр етті.

— Ия, тыңдап тұрмын.

— Мен, Келденмін.
— Анықталды, — дедім. Екеуміз бильярдта кездестік.

— Осылай жүреміз бе?

— Не істеуіміз керек? — Келденнің бетіне бажырайдым.
— Давай, сенің еріндеріңді тексерейік, тағы бір.

— Солай айтарыңды білгенмін.

— Қайдан?

— Үйткені өзімді де осындай ой түрткілеп жүр. Бірақ, қалайша?

— Менде бір жоспар бар.

— Айта бер.

— Менің кәсіпкер жолдасымды білесің ғой?

— Мұратты ма?

— Ия! Ол жеңілтек қыздарды тез тауып алады. Біреуін алдырайық, сүйіп көресің. Үйленбеген жігітсің, нең кетеді.

         Келденнің жоспары мықты сияқты көрінді маған. Келістім. Келесі күні  Келден телефон соғып, қай жерде, нешеде кездесетінімізді айтып берді.

— Ақшасы төленген, тек қана сүй, көр. Бар-ақ рет емес, неше қайтара анықтап, әбден тексер өзіңді, — деп қадағалап жатыр.

         Саябақтың ішінде кездесіп, таныстық. Лақап есімі Лола. Ауылда туып, қалаға келген қыз екен. Өнер институтында студент. Ата-анасы қолы қысқа адамдар көрінеді. Ақшалай көмек бере алмаған. Сондықтан осындайға барып жүргенін айтты. Актриса болғысы келеді. Ұялып тұрған сияқты. Бірден еріндеріне бас салудан тайынып бетінен сүйдім. Батылдана бастап, неде болса еріндеріне еріндерімді тигіздім. Сол-ақ екен, картиналар көзімнің алдында тізіліп қоя берді. Тағы да шошынып, тартына қалдым. Лола бірдеме сезді ме, бетімнен сипап уатқандай болды. Келденнің нұсқаулары есіме түсіп, өз-өзіме келдім. Лоланы құшағыма алып сүйе бастадым. Суреттер ағыла бастады. Үлкен қалада, үлкен сахнада жүрміз. Лола керемет актриса! Жұрт дуылдап қол соғуда! Бес рет, он рет сүйіп әбден тексеріп алдым. Біраздан соң:

— Лола, сен үлкен актриса боласың! Ата-анаң қасыңда болады. Қай қала екенін білмеймін, үлкен қалада еңбек етесің! — дедім. Лола:
— Ой, рахмет, — деп сықылықтап көп күлді. Мен де күлдім. Сосын:
— Лола, көп рахмет саған. Жүр, шығарып салайын, — дедім. Ол түк түсінбей:
— Қайтамыз ба? — деп сұрады, көзі дөңгеленіп.
— Ия, — дедім. — Шұғыл жұмыс болып тұр.

         Ертеңінде Келден хабардар болды.

— Демек, — деді ол — сенде көріпкелдік қасиет пайда болды. Бұл өте жақсы!

— Несі жақсы?! — мен ашуландым.

— Мен диссертация жазамын. — Келденнің беті бүлк етпейді. Ызыланып тұрғанымды көріп:

— Жоқ, диссертацияны қоя тұр, — деді, өзіне өзі. Біраз үнсіздіктен кейін:
— Көріпкелдікпен айналысасың! — Мен мырс еттім. — Ия, бір офис табамыз. Адамдарды қабылдайсың.

— Сонда не, мен жұрттың бәрін сүюім керек пе?

— Онда тұрған не бер. Заңды түрде рұқсат алып, офис ашасың. Алаңдамашы, мен өзім істеп беремін. Мұрат аман болсын, — деп шешім қабылдап жіберді. Түбінде менің келісетінімді әбден біліп алған. Екеуміз бес жасымыздан доспыз. Егіз балалар сияқтымыз деп айтуға болады. Келден досым мен қанша ашуланып, ренжіп кетсемде көңіліне алмайды, ондайға пысқырып та қарамайды. Таңертең нешеде телефон шалатынын біліп отырамын.

         Осылайша мен көріпкел боп шыға келдім. Мұрат бәрін істеп берді. Офис тауып, жарнамасын қатырып жаздыртты. Келден бар аялдамаларға шақыру жапсырып тастады. Алғаш рет жұмысқа да шықтым. Ең бірінші клиентім екінші күні ғана есік қақты.

— Сәлеметсізбе!
— Сәлеметсізбе. Отырыңыз. — қобалжып тұрмын. Білдірмеуге тырыстым. Бөлмемнің ішінде тағы бір бөлме бар. Оның есігін жауып алып Келден отыр. Кешке қарай бірге шығып жүр менімен. Қашып кетеді деп ойлайды ғой деймін.
— Тыңдап тұрмын сізді? — Жасы менен үлкендеу, қыз ба әлде келіншек пе, белгісіз. Ыңғайсызданып, дауысын ақырын шығарды:
— Мен ауырыңқырап жүр едім, — деді.
— Сіз түсінбегенсіз ғой, мен дәрігер емеспін. Денсаулығыңызды анықтай алмаймын. Көрікпелмін. Келешегіңізді болжап бере аламын. — Келіншек тағы да ыңғайсызданып:
— Кешіріңіз. Ұқпағанмын ғой. Ондай болса...келешегімді болжап беріңіз, — деді қызараңдап.

— Әрине, — дедім, — менің болжау әдістемем өзгешелеу басқалардан. Мен ерін арқылы болжаймын. Сіздің еріндеріңізге өзімнің еріндерімді тигізуім керек. Келісім берсеңіз ғана болжай аламын. — Келіншек аң-таң болып отырып қалды. Біраздан соң:
— Жақсы, — деді өте ақырын. Орнымнан тұрып, клиентімді де тұрғызып, еріндерін арнайы қосындымен сүртіп, өзімнің де еріндерімді сүрттім. Жанына жақындап еріндеріне еріндерімді тигіздім. Бір-екі секундтан соң суреттер көз алдымда билей жөнелді. Бәрі ойдағыдай болды. Еріндерін тағы да сүртіп, отырғызып, келешегін тап-тұйнақтай қылып айтып бердім. Келіншек риза болды. Үш мың теңге тастап, рахметін айтып шығып кетті. Сол мезетте Келден атып шықты арғы бөлмеден. Қуанып жатыр мен үшін. Құшақтап жатыр. Не керек, күндер өтіп, клиенттерім көбейе бастады. Ақша таба бастадым. Өзім әбден ысылдым. Еріндерге мән бермейтін болдым. Жұмысым деп қабылдауды үйрендім. Мектептегі жұмысымды да тастаған жоқпын. Жаңада келген мұғалім қызбен таныстым. Кездесе бастадық. Есімі Гүлнәзік. Құдайдың берген қасиеті арқасында Гүлнәзіктің болашағының жақсы болатынына көзім жеткен. Мінезі өте биязы. Күннен-күнге ынтығым артып, ғашық болып бара жатқанымды сездім. Ол да мені көрсе өте қуанады.

         

Кешке қосымша жұмысыма ертерек келдім. Сабағым ерте біткен. Шешініп отыра бергенде есік қағылды.

— Кіріңіз, — дедім дауысымды қаттырақ шығарып. Есік ашылып бір ақсақал кіріп келмесі бар ма! Бетім ду ете қалды. Ер адам келіп көрген емес. Ер адам келеді-ау деген ой да келмепті ғой пақыр басыма! Енді не істедім?!

— Балам, қал жақсы ма?

— Ассалау-ма...жақсы-ы-ы... — Не айтқаным есімде жоқ. Ақсақал:

— Балам, мен қаланың шетіндегі ауылдан келдім. Он жылқым жоғалып кетті. Көріп берші. Сені дәл болжайды деп жүр ғой. — Біраз есімді жиып, қандай қимыл жасап, не айтатынымды ойланып барып:
— Ақсақал, менің көріпкелдік жасау тәсілім ұнаса ғана көріп бере аламын. Өзіңіз шешіңіз, — деп тәсілімді айтып бердім.
— Не дейді, мына бала, — деп ақсақал орынынан атып тұрды да есікті ашып шығып кетті. Дел-сал боп тұрып қалдым. Осы кезде тағы да есік ашылып, бір қыз кіре берді. Артынан іле бағанағы қария кірді.
— Ағай, мына кісі менің атам. Мен бәрін түсіндіріп айттым, келісім берді. Мен жандарыңызда болсам қалай қарайсыз? Өткенде сізде болғаным бар.

— Жақсы,  —дедім. Бар қимылымды өз ретімен атқарып, ақсақалға:
— Ата, малдарыңыз аман. Жақын бір ауылда, жасылмен боялған қақпасы бар үлкен базда қамалып тұр. Айналасында көп тракторлар тұр. Сол үйде бір аяғы жоқ шал тұрады, — деуім мұң екен, қария атып тұрып:
— Көрші ауылда, Бөкеннің ұлдары екен ғой, оңбағандар! — деп тұра жүгірді. Маңдайымның терін сүртіп отыра кеттім. Қасындағы қыз ақшасын бере сала ол да кетті жүгіріп.

— Үф, — дедім күрсініп. — Сүймегенім шалдардың еріндері еді! — Келденге айтып беріп едім, ол үш күн мені мазақ қылды:

— Арманың жоқ сенің, Әділбек, — деп қойып қарқылдайды.

         Содан не керек, бір жылдай уақыт өтті. Тойға дайындық басталды. Анамның қуанышында шек жоқ. Гүлнәзік оған өте ұнайды!

         ...Кешке клиенттер көп болған жоқ. Жалғыз қыз келіп есік қақты. Тұрғызып, еріндерін сүртіп, өз еріндерімді тигізе бастағанда кенеттен есік ашылып, Гүлнәзік кіріп келмесі барма! Шошып кеткені сондай, қақиып қалды. Бет-әлпеті өзгере келе есікке қарай тұра ұмтылып, шыға жөнелді. Мен артынан бірге шығып, қуып жетіп:

— Жаным, бұл менің сондай болжау әдісім...—Түсіндірейін десем тыңдамайды. Құшағыма қысып ұстап алдым:
— Гүлім, сенбесең Келденді шақырайын, — еріндерінен сүйе бастадым. Ойда жоқта кірш еткізіп аузымнан тістеп-кеп алды! Ойбай салып құшағымды ашып жібердім. Қан сау ете түсті. Көзім қарауытып, кабинетке кірдім. Қолда бар қосындыларымды жағып, «пластырмен» жапсырып, есімді жиып, Келденге телефон соқтым. Ол тез келді. Болған жайға қанық болған ол:
— Ничего, — деді, — до свадьбы заживет! Қиыны — Гүлнәзікке мұны түсіндіру. Жарайды, оны мен өз мойныма аламын.

         Мектепте екі-үш күн Гүлнәзіктің көзіне түспеуге тырыстым. Ол менің көзіме түспеуге тырысты. Кештерде жұмысқа барған жоқпын. Еріндерім ісіп кеткен. Үйге келе жатқан бетім. Телефоным сайрап:

— Әділбек, қайдасың? Мен келе жатырмын мектепке.
— Саябаққа бұрыл, — дедім. Досым менің түріме қарап:

— Тағы да бұзаудың ерініндей болып кетіпті ғой, — деп қарқылдап алды. — Қысқасы, Гүлнәзік ақылды қыз болып шықты, — деді. — Сенің бір-екі  клиентіңмен жүздестіріп, әдіс-техникаңның солай екенін дәлелдедім. Өз ауыздарынан естіді. Олардың біреуі — атасымен келген қыз. Так что, қазыр барып кешірім сұра, — деді. Дәл бір менің әкем іспетті! Сол сәтте телефоным безектеп қоя берді. Гүлнәзік:
— Әділбек, мен сағындым сені... — ол сөзін айтып бітпей жатып мен де:
— Гүлім, жаным, кешірші мені...қазыр келемін, — деп жүгіре жөнелдім.

Еріндерім ісіп бір-екі жұма жүрдім. Кешкі жұмысыма келесі жұмада шықпақпын. Гүлнәзікті алып киноға бардым. Сеанстан соң біраз серуендеп, құшағыма алып құшырлана иіскедім. Тәтті еріндерінен сүйдім. Тағы да сүйдім... Тағы да сүйдім... Тағы да....Суреттер жоқ! Түрім бұзылған болу керек, Гүлнәзік:
— Әділбек, бір жерің ауырып тұр ма? — деді.
— Жо–жоқ!..Ия, басым...

— Дем ал, Әділжан. Үйге қайтайық.

— Ия...жақсы... — Үйге тез жетіп, Келденге қоңырау соқтым.

         Таңертең ерте досым екеуміз саябақта отырдық. Келден:
— Досым-ау, не боп қалды тағы?

— Еріндерім істен шықты!

— Істен шыққаны несі?

— Түк сезбейді. Гүлнәзікті бірнеше қайтара сүйдім. Бірде-бір сурет шықпай қойды көздерімнен. Бүгін мектепте ешкім жоқ кезді  пайдаланып тағы да сүйдім. Нәтижесі нөл!

         Досымның екі көзі менің ауызымда. Күбір-күбір етеді:
— Қап, кеш қалдым...

— Неден!?
— Диссертация жазбақшы едім. Значит, — деді досым шалқиып — жүйке талшықтарының ұштары сезімталдығын жоғалтты. Дәл сол жерден тістегенін қарашы, әй, Гүлнәзік-ай!— Кешеден қабағым ашылмай жүрген мен күліп жібердім.
— Әділбек, сен бұған қатты ренжіме. Тәңірің берді, Тәңірің алды қасиетіңді. Біраз талтаңдадық екеуміз. Сен ептеп тойға ақша жинап алдың. Осыған қанағат. Осымен доғарайық. Мен офисті өзім жабамын. Жұмысыңды атқарып, тойыңа дайындала бер. Ең бастысы, Әділбек, — деп дәл бір әкем іспетті, саусағын шошайтып жалғастырды сөздерін, — сен керемет жанмен тұрмыс құрайын деп жатырсың. Мен кешеден бері осыған қуаныштымын! Так что, — деді орысшалап , — ренжіме. Қайта сен, қанша қыз-келіншектердің еріндерінің дәмін таттың, — деп әзілдей бергенде, менің бүйірін көздеген жұдырығымды көріп қаша жөнелді жұмысына. Әдетінше қарқылдап күліп барады...

         Менің ойларым Келденнің ойларымен сәйкес түсті. «Қосымша жұмысымызды жабайық» деп айтқанымша ол бұрын доғарып қойды. Бұдан кейін уақыт та болмайтынын, физиканы еңбекпен қоса жүргізетін болғанымды айтуға мұрша бермеді.

Ия, Келден досым осындай тез. Осы сәтте мен көңіліме екі қуаныш бірден ұялағанын сездім. Бір қуаныштың аты Гүлнәзік болса, екіншісінің аты — менің ішімнің алай-дүлейін айтқызбай түсінетін Келден болатын...

2010

Бөлісу: