Гаврош
Асхад Мухтор. ГАВРОШ
Парижде балалармен танысудың өзі оңай емес. Себебі, бұл қала дүниенің ең үлкен, ең сұлу қалаларының бірі болса да, бұл жерде бала өте аз. Мен сіздерге арнап әңгіме жазуды ойладым, бірақ, мұнда әлдебір баланы кездестіріп, сөйлесу қиын болды. Бұған таң қалмаңыз. Бұл қалада, әсіресе орталық тұрғындарының көпшілігі «рантье» деген тайпадан тұрады. Рантье – еңбек етпейтін, «ақсүйек» деген сөз. Олардың әйелдері балалы болуды мәдениетсіздік деп біледі. Бала жетектеп жүруді ар санайды, өмірлерін мейрамханалар мен кештерде өткізеді екен.
Бір күні опера театрының алдына бір әдемі көлік келіп тоқтады. Мен көлікте отырған ханымның алдынан бір баланы көріп қалдым. Осы алаңға түсіп, ойнай қалса сөйлесермін деп қуанып, шеткі орындыққы жайғастым. Көліктің терезесінен баланың жап-жаңа кәстөмі, гүлді галстугі, әдемі қалпағы көрінді.
Бірақ, ханым оны көліктен түсіріп жерге қойғанда өз көзіме өзім сенбедім. Кейін салым суға кетіп, көңілсіз күйге түстім. «Бала» дегенім күшік екен...
Кейіннен бұған да етім үйреніп кетті. Бұл жердің ханымдары бала орнына күшік алып жүруді жөн санайды екен. Оны баладан артық көреді. Қымбат киімдер кигізіп, бауырына басып, көлікпен алып жүруді, не көшеде жетектеп, мақтанып жүруді ұнатады...
Сөйтіп, Парижде бір бала тауып сөйлесу маған қиын болды. Сол себепті де өмірімде Эмильмен танысқанымдағыдай қуанып көрмеген шығармын.
Біз тұрған қонақүйдің дәлізі жыланның ізіндей өте тар еді. Аяқтың астында жатқан едені де шиқылдап ашуыңа тиетін. Оның үстіне әр есіктің түбінде екі жұп бәтеңке... Аяққа оралып, жолыңа кедергі болады.
Таңертең дәлізді сыпыратын бала бізге қабағын түйе қарап, жүзін кері бұрып әкетеді. Көршілерімізге болса күле қарайды. Бізді неге екенін білмеймін, жақтырмайды. «Ренжітіп қойдық па екен?» деп таңқалдық.
Кейін білсек, мұның мәні басқада екен. Мұнда күнде түнде мейманхана қонақтары бәтеңкелерін есіктерінің алдына шығарып қояды екен. Ал, әлгі дәліз сыпырушы бала түнде оларды жылтыратып тазалайды. Таңертеңгісін бәтеңке иелері баланың ақысына тиын-тебен тастап кетеді. Біздер біріншіден бұл жәйдан бейхабармыз. Екіншіден, аяқкиімімізді өзіміз тазалап үйренгенбіз. Сол үшін де Эмиль есігіміздің түбінен біздің бәтеңкемізді көрмеген соң, бізді «өте сараң адамдар» деп ойлап жүріпті.
Мен Эмильді шақырып мән-жайды түсіндірдім.
– Біз бәтеңкемізді біреуге тазалатуды жаман көреміз. Бұл біреуді кемсітушілік, – дедім мен.
– Неге? Кімді? – дейді ол түсіне алмай.
Француз тілін жақсы білмегенім үшін ғана емес, бұл ұғымды мүлде түсіндіре алмайтынымды аңғардым. Сол үшін де түсінбесе де қуанып қалсын деп қолына ақша бердім.
– Сіздің бәтеңкеңізді тазалағаным жоқ, алмаймын, – деді Эмиль.
– Ала ғой. Бәрінен алдың ғой.
– Бұл көп, – деді ол ақшаны қайтарып беруге көзі қимай.
– Ала ғой,– дедім мен.
Ол қуанып кетті. Дос болып алдық. Қонақүйге келген сайын Эмиль есігіміздің түбінде тұратын болды. Ақша берсек қайтармай алатын.
– Мен сізді өз бәтеңкесін өзі тазалайтын кедей екен деп ойлаппын, – деді ол бірде күліп. Эмиль сірә да тек тұрмайтын бала. Жәй тұрғанның өзінде бір іспен шұғылданып, қимылдап тұратын.
– Сен жақсы бала екенсің, еңбекті жақсы көресің, – дедім мен. Ол маған қарап аз-кем ойланып тұрды да, жәй ғана басын шайқап қойды.
– Жоқ, – деді сосын. – Жұмыс істеген адам жақсы болмайды, кедей болады... Жақсы адам жақсы киініп, көлікте жүреді...
Мен оның «жақсы адам» мен «еңбек» жайындағы түсінігіне таң қалып, бұл екеуін бір-біріне қарсы түсінуіне болмайтынын айттым.
– Эмиль, сен бұл сөзіңмен менің баламды балағаттап жатырсың, – дедім мен.
– Сіздің балаңыз бар ма?
– Иә, ол үйдегі барлық жұмысты істейді, мақта тереді. Өте көп еңбек етеді. Сол үшін де ол жақсы бала болып есептеледі.
– Ол оқымай ма?
– Оқиды. Мектепте де оқиды, музыка сыныбында дәріс алады. Балалар лагеріне барады.
– Сіз байсыз ба?.. – деді Эмиль күлімсіреп.
– Жоқ, мен бай емеспін.
– Онда ұлыңызға мұнша ақшаны қайдан аласыз?
– Бұлардың бәрі тегін. Мектеп те, лагерь де...
Эмиль сенбеді. Күліп атасы жайлы айта бастады. Атасы ертегіні өте жақсы айтады екен. Эмиль оның ертегілерін тыңдайды екен де, бірақ түк сенбейді екен.
– Менің сөзім ертегі емес, Эмиль, – дедім баланы сендіруге тырысып.
– Барлығы тегін болса балаңыз онда неге жұмыс істейді? – деді Эмиль таң қалып.
– Ақша үшін істемейді, колхозға көмек береді.
– Колхоз не?
– Колхоз ба? Колхоз... ауыл...
Жоқ, мен оған колхозды да, ештеңені де түсіндіре алмадым. Бірақ, түсінбесе де Эмиль мені жақсы көріп қалды.
– Әкең бар ма? – деп сұрадым мен.
– Бар, бірақ, ол мені жек көреді, – деді бала мұңайып.
– Е, неге?
– Менің туылуым ол үшін өте қымбатқа түскен. Анам екі рет ауруханаға түсіпті. Ауруханада бір ай жатып, әкемнің барлық ақшасы жұмсалыпты. Сол себепті де әкем мені туылған күнімнен бастап жек көреді. Бірақ, мен өзімді қорлатып қоймаймын. Қонақүйге жақсы жандар көп келеді. Бәрінің бәтеңкесін тазалаймын. Ақшам көбейген соң әкеме апарып беремін.
Мен Эмильді мына сөзінен кейін тіпті жақсы көріп кеттім. Ол шынында да еңбекқор еді, қор болмайтыны анық. Екінші күні біз Коммунарлар зиратына зиярат етуге бардық. Бұл жерге ақша төлеп кіреді екен. Қарасақ, Эмиль де сол жерде жүр.
– Сен қабырғадан асып түстің бе? – деп сұрадым мен таң қалып.
– Жоғ-а. Пер-лашездің қабырғасына аяқ қоюға болмайды. Онда коммунарлардың қаны бар, – деді ол. – Мен сіздердің арттарыңыздан жасырынып кіріп кеттім.
Эмиль біз алып келген гүлдестелерді көтерісіп, коммунарлар қабіріне қоюға көмектесті.
Үшінші күні Наполеон қабіріне барғанымызда да, Пантеонға кіргенімізде де Эмиль қасымыздан табылатын. Бірақ, Лувр деп аталатын үлкен өнер мұражайында Эмильдің жүргенін көріп тіпті таң қалдық. Бұл мұражайдың билеті өте қымбат. Эмиль бізді көріп, сұрағымызды күтпей-ақ өзі жауап берді.
– Мен билет алып кірдім. Әкеме деп жиып жатқан ақшаның жартысын... Ештеңе етпейді, тағы да жинаймын...
Содан кейін біз қайда барсақ та, лып етіп жанымыздан табылатын болып алды. Оның қай жерден қалай кіргенін білмей қаламыз. Оны достарымыз «Гаврош! Гавроштың өзі» деп атайтын болды. Ол Гаврошты оқымаған екен. Қайтатын күніміз Сена жағалауына барып, ол жердегі кітап дүкендерінен «Гаврошты» іздедім. Осы кітапты Эмильге сыйлауға уәде етіп едім, әттең таба алмадым.
Бірақ, Эмильдің «Гаврошты» тауып оқитынына сенемін.
аударған Бақтыгүл Ауданова
Бөлісу: