Тауқымет
ТАУҚЫМЕТ
(әңгіме)
Шілденің ми қайнатқан аптапты шағы. Жалын күн жолаушылардың маңдайын шыжғырып, “көнсең де сол, көнбесең де сол, қаныңды қыздырамын” деп, ерегесіп бара жатқандай. Оңтүстіктен соққан ыстық самал да тілді ауызға сыйғызбай, андызды құрғатып барады. Жолға алып шыққан он литрлік ағаш бөшкенің ішіндегі су бір қайнап үлгерген. Асықпай, баппен сөйлейтін Әмен жолсерік ағасы Шәменге бұрыла қарап қояды. Көлеңке басы ұзара күннің көзі қайтар деген үміттегі жолаушыларға қырсыққандай, қымыран да іріп, ыстық тас төбеден түйіліп тұр. Бір Алладан басқаны тыңдамайтын қатаң табиғат бірде мырзалық етсе, бірде қаталдығын кімнен аяған. Мұнысы мырзалығы ма, әлде қаһары ма?!
– Қайтсек те, көз байланбай, Бестерекке жетіп жығылуға тырысайық, – деді Шәмен, – көліктер де мойынын суытсын. Таң сібірлегенше өгіздер де жайылып алсын.
Екінті мезгілінде жолаушылар Бестерекке жете құлады-ау, әйтеуір. “Өгіздерді балалар суарып, қарай тұрар, біз шай-сусын қаузағанша” деген ойын Әменнің бас изегенінен білді серіктері.
...Жас шамасы жарты мүшелдей ғана үлкен болғанымен, Әмен Шәменді аға тұтатын. Қатты айтып көңілін қайтармаған, сөзі жеткенше сыйлайтын, қалі кеткенше қадірлейтін. Тіпті, ағасының ұсыныстары көкейге қонбай жатса да бұзбайтын, үндемей қоя салатын. Онысын Шәмен де бекем түсінетін. Ешқайсысы сөз таластырып, дәлел іздемейтін. Бұл, әрине, өзара түсіністік пен сыйластықтың нышаны-тын.
Әменнің ойы тұңғиыққа батып бара жатқанын Шәмен сезе қойды. Ақырын ғана:
– Қатты ойға шомдыңыз ғой, аға? – деді.
– Өткен күннің кермек дәмі келіп тұр. Ащы запыран секілді, шығармаса болатын түрі жоқ.
Онысы не екен дегендей аң-таң кейіп танытты да, кейінірек анықталатынын сезген Шәмен үнсіз қала берді...
Бұл сапар жолаушылардың Шот /Славгород/ қаласына өгізбен салған алғашқы сара жолы болатын. Ертеректе ат көлікпен қатынасқан. Оның жобасы басқаша-тын. Атпен жүргенде, жолдағы орыс қоныстары Күлшебай /Ключи/, Құлынды /Кулунда/ сияқты елді мекендерге соғып, жолай хуторларға бас сұғып, Терістік қаласынан 110 шақырым жерге ара қонып баратын. Астарына бірер аша шөп, 2-3 шелек ақ сұлы салып алып жүре беруші еді. Ал, өгізбен сапарлағанда ауыл-селоларды баспай, оты мол жазық жазираны жалпағынан кезіп, асықпай-аптықпай, өгіздің мойынын жармақтан босата жүріп, екі-үш қонып, межелеріне жететін. Сондағы олар бет алған Бестеректің қазіргі жағдайы беймәлім. Өткен қыркүйектен бері мұнда ешкім қатынаса қоймаған. Ұзынқұлаққа сенсе, ауыл үдере көшіп кеткенге ұқсайды. Тіпті, бір отау да қалмаған. Сондықтан олардың алдарынан шығар адам болмауға тиіс. Он бес шақты түтін түтетіп жататын жүз қаралы жан тайы-таяғы қалмастан, әркім әр қалай, біреулері өздерінің жекжаттарын паналап, кейбірі жолдас-жораларын жағалап, әйтеуір, тауқымет тепкісінен аман қалып, тіршілік еткісі келгендер тарыдай шашылып кеткен сыңайлы.
Осы шағын ауыл жұртына жолаушылар ымыртта жетті. Ыстық өңмендерінен өтіп, сең соққан балықтай қалжыраған.
Сейсенбіні сәтсіз санайтын қазақ әдеті бойынша, түс аударып шыққан жолаушылар Терістіктен /Северка/ шығып, Бестерекке келсе, ауылдың тек жұрты ғана қалыпты. Кейбір жөні түзу үйлерді бұзып та әкетіпті, анадайдан мұржалары ғана сораяды. Үй орнындағы пештердің ауыздары үңірейіп, кісі жұтардай үрей туғызады. “Өткен жылы келгендеріңізде ақар-шақар болып, жолдас-жораларың, ағайындарың қарсы алып еді, енді міне, тып-типыл” деген сыңай білдіреді. Онсыз да қалжырап келген жолаушыларды мына бір келеңсіз рең тіпті құлазытып тастады.
Сапардың үйі соншама мәнерлеп, сырты сүргіленіп салынбаған. Тек төрт бағанаға ғана қиюластырап қойған, кедей қолды баспана болатын. Төбесін тақтайлап емес-ау, сырғауылды көлденеңінен салып, оның үстіне ұсақ тобылғы төсеп, қалың саз балшықпен баттастырған. Жылулық үшін оның үстіне көң төселіп, сыланған. Еденіне тақтай төселгенімен, оған өмір-бақи сыр жағылып көрген емес. Үйдің сырты қарақожалақ болса, ішінде қара домалақ толы асыр салып өсетін. Үйі тар болғанмен, иесінің пейілі кең еді. Түн кел, күн кел есік ашық, еш реніш жоқ-тын. “Шіркін Сапар-ай, қысқа жіп күрмеуге келмей, шиедей төрт баласы мен әйелін асыраймын деп, жел айдаған қаңбақтай, су айдаған дөңбектей, тағдыр талқысына тәуелді қыр тағысындай болып кеткен екенсің ғой” деген жолаушылар аянышы сезілді. Оған бір сиыр, бес қой, бір бәйге шағыр шабдардан басқа қылқұйрық бітіп көрмеген бейшара еді-ау.
– Менің бар байлығым – төрт бала мен ақ жаулық, – деп, өз күнкөрісіне өзі разы болатын. Шынында да, серінің серігі – етінің тірілігі және өміріндегі қиыншылықтарды бірге көретін, өмір жүгін бірге арқаласатын адал жары, сүйікті зайыбы Қолаңшаш, десе дегендей, ұзын қара қою шашы бар, сұңғақ бойлы, терең ойлы, жылы жүзді, мөлдір көзді, кең мандайлы, қыр мұрынды, ақсары әдеміше келген әйелі болатын. Әрине, әйелдің келбетімен көрікті болуы аз, ол инабаты, жылы шырайы, биязы мінезімен де сымбатты болуы керек. Қолаңшаш – ерінің ойын ернінің емеуірінен-ақ сезетін, қас-қабағын танитын, нендей іс болса да қалтқысыз орындайтын, кішіпейіл де ақжарқын адам. «Екі жақсы қосылса – қоламтадағы шоқ, екі жаман қосылса – аяққа жабысқан боқ» деген ғой халық даналығы. Бұларды көріп, құдай тауып қосқан дерсің.
«Болар бала қонақшыл, солар бала саяқшыл» демекші, осы отбасының балалары да кісі жатырқамайды, кез-келгенге үйіріле кетеді. Ағалап, жағалап тұрады, тіпті. Айтқанды ұйып тыңдайтын. Келер жолы барлығын бұлжытпай қайталап беретін. Өнерге деген құштарлық та бар бойларында. Әсіресе, Әбілі дыңғырлатып домбыра шертеді, ептемелеп ән де айтады. «Көрген көргенін, көсеу түрткенін» дегендей, әкесіне еліктегіш-тін. Ал, оның сыңары Қабылда /екеуі егіз туған/ ондай қасиет жоқ. Оның бағыты басқа – мал, қора-жай, жүйрік ат, құмай тазы, алғыр құс туралы әңгімелер қызықтыратын. Кішісі – екі айлық қыз бала еді. «Адам тілі тас жарады, тас жармаса бас жарады», егіз, одан соң тағы ұл тапқан Қолаңшашты “етегін қақса ұл табады” деп күндеушілер де аз болмады. «Сұқтың көзінен сақта, дұшпанның сөзінен сақта» деп тегін айтпаса керек қазақ атамыз, туғаннан соң 2-3 айлық қызы қайтыс болады. Қызының аты Сұлушаш еді, өзі де жүзіктің көзінен өтердей сұлу болар сыры бар-тын. Сапар “балаларым – басыма қонған бақытым, құшағыма толған байлығым” дейтін. Үш ұл жап-жақсы болып өсіп келетін. Ерлі-зайыпты екеуінің де дендері сау-тын. «Басы аманның – малы түгел».
“Сол сабаз Сапар қазір қандай хал кешіп жүр екен” деген ой жолаушылар санасына орала береді. Бұлай қобалжудың да себебі бар: сол жылдары балалардың шешек, қызылша, сүзек сияқты жұқпалы аурулары етек алып кетуінде шек болмады. Сұм ажал бір үйлі жанды, балаларды айналдырып, біреудің жалғызын да жалмап кетті емес пе? Кімді аяған сұм ажал, кімді зарлатпаған?!
Қаншама жолсоқты болып қалжыраса да, Әменнің көз алдынан Сапар мен Қолаңшаш кетпей қойды. Сапардың өзі әке-шешеден ерте айрылды. Балалығы қозы бағудан басталған. «Жоқтық не жегізбейді, байлық не дегізбейді?». Ішер асқа, киер киімге жарымай өскен жетімнің паналар ағайын-туысы болмады. Өмірі етек-жең жиғызбас жоқшылық пен таршылықтан басталды.
Әкесі Саржан Ерейментаудағы ағайындарына өкпелеп, бір жолаушыларға ілесіп, беті ауған жақ – Тұзқалаға келеді. Бәйбішеден туған ағайыны бұған әкеден қалған малдан үлес те бермейді. Өз шешесі қайтыс болып, билік азулы бәйбішеге, өгей шешеге көшеді. Оны ешкім табан тоздырып іздеп, жолын тосып, жоқтамайды. Жаны ашитын нағашы жұрты да жоқ-тын. Сөйтіп, ол тұзқалалық болып жүре береді. Үйленерге де мал жоқ. Әуре-сарсаңда жүріп, бір жалғыз қызымен отырған жесір кемпірдің қолына күшік күйеу болып кіреді. Амал қайсы?! Жалғыз сиырды жайлап жүрген одан, кемпір өлсе де, күшік күйеу аты соңынан қалмайды. Соған намыстанған ол алты жасар Сапар мен әйелі Сәпиясымен Үшқамыс жеріне қоныс аударады. Бұл әрекет те сәтсіз болады. Бір жыл ішінде өзі кірне жабысып, маңдайын бес елі сор меңдеген әйелі сүзектен қайтыс болады. Сапар көршісі Мұхамадия деген орта шаруаның қолында қалады. Қозысын бағып, отымен кіріп, күлімен шығып күнелтеді. Ол үйдің Қами деген баласы қалада жалдамалы мүғалімнен орысша оқу оқитын. Сол Қамидан Сапар да сауатын ашып, ежелеп хат тани бастайды. Біраз уақыт молда алдын көріп, араб әрпін де игереді. Орысша әріптерді үйренгеннен басқа, құрастырып сөз жаза алмайды, орыс тілін де білмейді. Осылайша, еті тірі Сапар оқу-жазуды меңгереді. Бұл отбасы жандары “кеше әкесін кердік, шешесін көрдік, дәмдес те болдық қой” деп, Сапарды аса жәбірлемеді. Дегенмен, жетімнің аты – жетім, көңілі тасып, мерейі асып көрмеген. Сөйтіп жүріп, 18-ге де толады.
Балалық бастауы болған Тұзқала түсіне еніп, сол жаққа бір күні тартып отырды. “Алты жасқа дейін бірге ойнаған көршінің қызы Қолаңшаш өсіп, бойжетіп қалған шығар, мен де жігіт болып қалдым ғой. Ол қазір қандай болды екен. Көрейінші, барайыншы” деген ой оны бір жыл бойы мазалай берген. Әйтеуір, меңзегеніне жаяулап-жалпылап жетті. Әрине, оны ешкім таныған жоқ. Сұраушыларға “керекулікпін, Қарақалаға бара жатырмын” дей салмақ. Атын, кімнің баласы екенін де әдейі қисық атамақ. Іңір қараңғысын пайдаланып келген бойда Қолаңшашты тауып алыпэ жолықты. Ол да Сапарды ойлайды екен, ұмытпапты. Содан кейін тоғайға барып түнеп, ертеңінде түнде тағы келді. Қыз дайындалып, күтіп отыр екен. Жұрт көзі байланды-ау дегенде, қыздың ардакүреңіне мінгесіп, жүріп берді.
Алғашқы күні екеуі ұзақ әңгімелесті. Қолаңшаш балалық шағын еске алып, боздалада боз інгендей бой жазатын бозбаланы елестетіп отыратын көрінеді. Сол шақтан бері жиі көз алдына келтіріп, ұнатып жүреді екен. Сапар сияқты ол да “қайда жүр екен, қандай жігіт болып өсті екен” деп көруді армандайды екен. Дәмнің жазуы-ай десейші, екеуінің тағдыры ертеден тоғысып жүрсе керек. Сапар туралы ой оның бойын мүлде билеп алыпты. Қыз жеңгесіне: “Мен сүйгеніммен Орта жүз жерінен кеттім. Амандық болып, дәм жазса, 4-5 жыл дересінде жиендеріңмен келерміз. Бізді іздемеңдер, іздегенмен таба алмайсыңдар” деп хат жазып қалдырыпты.
Қолаңшаштың әке-шешесі әріде қайтыс болған. Жалғыз ағасы бар, аузың қайсы десе, мұрнын көрсететін қараңғы, әйтсе де момын адам. Сіңірі шыққан кедей. Бұл елге кірме болғандықтан, сөзін сөйлеп, шашбауын көтерер бір пенде жоқ.
“Алда-жалда іздей қалса, тоғайдан тауып алар” деп, қарағайлы елге тура тартты. Күндіз ойпаңдау жерде, сайын далада дем алып, елсіз-иесізбен жүріп отырып, кешкілік Есілбай қарағайына ат басын тіреді. Соңына түскен қуғыншылар шаңы көрінбеді. Сол кеткеннен мол кетті. Ішке, мұжықтар арасына келіп, кішігірім ауыл көтеріп жатқан адамдарға қосылып, манағы баспананы салып алды. Мынау шабдар ол кезде құнан еді, енді міне, 11-12 жасар сақа ат болған. Бұл – бәйгеден, Сапар серіліктен қалды. Адам өмірінің қызық шағы неге қысқа болады екен? Балдай тәтті балалық шақ сана кіре шегінеді екен. Қыз десе елең етіп, сөйлесе кетсе көңілі есіп, есі кетіп, мәртебесі биіктейтін, думан қуған бозбалалық шақ та үй болған соң, кейін қалатынын дерінде кім білсін...
Он сегізінші ғасырдың екінші жартысынан он тоғызыншы ғасырдың алғашқы кезеңдерінде бұл атырап атам қазақтың жері болған деседі. Бұл сөзде шындық шырағы болса керек. Өйткені, осы Қазақстанмен шектес-шекаралас алты аудан қазақша аталады: Славгород – Шот, Кулунда – Құлынды, Михайловка – Мырзағұл, Николаевка – Тұм – Бостан тағы сол сияқтылар тізе берсе өте көп. Ертеде осы қалалар бабаларымыздың жері болған екен. Осында бірте-бірте көшіп келіп, қоныстана бастаған ел атажұртты ығыстыра берген. Егін егіп, мал өсіріп, қоныстарын бекіте бастаған. Жаз жайлауларынан, қыс қыстауларынан айрылған. Бұл маңай іш деп аталады да, ондағы қалған жұртты жатақтар дейтін. Іштен келдік, ішке барамыз, жатақтар келді, жатақтарға барамыз деп жүретіні, міне, содан.
«Бірлік бар жерде – тірлік бар» демекші, “ұйымдасқан – ұтадының” керіндей, осы ауылға көшіп келушілер алғашында бірінің шаруасына бірі көмектесіп, қора қопсытып, құдық қазысып, үй көтерісіп, бәрі ұйымдаса кететін. Сол шақтарда сары қымыз сапырылып, семіз бағлан сойылып, майлы бауырсақ пісіріліп, кең дастархан жайылатын, оның үстіне құрт, май, қоспа, шекер, ақірімшік, қақтаулы қазы-қарта, сақтаулы жал-жая қойылып, көздің жауын алатын, сезгеннің сілекейін шұбыртатын. Қазағымның қай тамағы тәбет қоздырмаған?! Соның арқасында «біткен істе мін жоқ, істеген кісіге сын жоқ», «жас келсе – іске» дегендей, дүние иесі қуанады, ал мұндай мәжіліске жастар да мәз-мейрам болады. Қора салса, “қора малға толсын”, үй салса, “үй жанға толсын” деген тілектерге толы қайырлы болсын айтушылар көбейеді. Дастархан жиылмайды. Жастар басы қосылса ән салып, би билейді, ойын-думан жасайды. Жусанды, май көделі жазиралы жазда кез-келген жерге жайғаса салып, қыз-бозбаланың сырласар сәті осындайда түсері хақ. Алтыбақан теуіп, айналасын думанға бөлеген осы бір күн, тіпті бір естен кетпей, мәңгі бақи жадыда қалары да сөзсіз. Өнер сайысына түсіп, қыз-жігіт сыр шертіседі. Әке-шеше талабымен сүймегеніне кете баратын түрі барын, жүрек сырын құрбысына жыр қып жеткізетін уақыт қой – бұл. Арғымаққа есекті теңегендей, бір жаманға зар заман “заңымен” қосақтала салынатын әділдіктен ада дәуір-ай десейші. Басында билігі жоқ қыз бейбақ солай өмір тәлкегін кеше берер ме?! Қаншама еліне елеулі, халқына қалаулы, ауызы дуалы зиялы азамат кедейлік тақсыретімен сүйіктісіне қосыла алмай, қысқа жіп күрмеуге жетпей, бармақтарын тістелеп кететіні әркімге аян. Мұндай жігіттер қыздың да асыл арманы болып қала береді. “Шіркін-ай, осы болар ма еді менің қосағым, жан серігім” деп, ол байғұс көз жасын төгіп сала береді. Қыз сорлының, етегін жасқа толтырудан басқа, қолынан не келетін еді? Ал, aйдай ару жаны жаралы жігіттің қолына қонбас бақ құсы іспетті көк төрінде шарықтап жүре бермек пе?! Сол бір арманы орындалса, жігіттің басына келіп қонар еді. Әрине, мұның бәрі тек қиял ғана. Сол түнгі ләззаттан басқа ол ғашықтардың болашақта көрер рахаттары жоқ қой. Сол бір қымбат түн оқта-текте еске түсіп, бағзы бір уақыттарда күрсініс қана тудырады...
...Сарышұнақ қақпанды құрысымен түсе бермейді. Ол қу ертеңінде, таң алдында ғана сыртқа шыққанда қолды болмақ. Одан беріде тек інге су құймаса, оңайлықпен беріле қоймайды.
– Әй, Исатай, Ыбырай, қайтыңдар, шай ішейік, сонсоң тынығамыз, – деген жолаушылар дауысы бұларды кері қайтар соқпақ сүрлеуге түсірді. Қызыл күрең шайларын шығарып, шөлдерін әбден қандырған олар жайғасып, тынығуға кіріскенде, балалар үлкендерден оңашалау тоқтаған арбада тынығады. Бала деген әсте калжырай қояр ма? Әсерлеп, мәнерлеп әңгіме желісін босату керек қой. Сондықтан да ересектерден аулағырағы жақсы. Еркіне жіберсең, тіпті нәр татпай, сол тышқан соңында жүре беруден жалығар емес. Шаршап-шалдығуды білуші ме еді, тәйірі?! Ауызға сықпа құрт сала салса да ас болатын. Олар жол-жөнекей көрген-білгенін, жасамыс жолаушылардан естігендерін есі кетіп сыбырласып жатады. Құдды пьеса қойған тәрізді.
Жолдан қайтқан соң барлық жағдайды балалар Әшкен тәтесіне жырдай етіп айтып береді. Ол да балаларға ертегі, қиссалардан айтып, тіпті кейбір қысқа, қолайлыларын жаттаттыратын, жанындай көріп, бауырына тартатын. Бағзы бірде балалар да сөз кезегіне ие болып қалатын. Өлең жаттаттырғанда оның бір жолын да ауыстырмай, бөтен сөз қостырмайтын. Мұндайда Исатай бір зеректік танытып, естігенін айнытпай, бұлжытпай қайталап беретін-ді. Кейде, жолдан оралғанда, олар «мен айтам, мен айтам» деп, біріне-бірі толықтырулар жасайтын...
Әдетінде құс ұйқы Әмен тез оянып, өгіздерді тұрғызып келді. Мал аяғы көптен тие қоймаған өңірдің шөбі шүйгін келеді ғой, мал атаулы бір орында тұрып-ақ оттап, тез тойынады. Содан кейін ол “бие сауымдай болса да тыныға тұрайын” деп, кішігірім сүр шекпеннің жеңін жастанып, бір өңірін астына төсеніп, екінші өңірін жамыла жантая кетті. Бірнеше бүктеген бишігін қысқан қолын кеудесіне басқан қалпында ұйықтап кетіпті. Шекпен астына бір кез шамасындай терлік-тоқым төседі. Бұлай істеуінің де бір себебі бар.
...Ертеректе пішеншілер арасында естен кетпестей бір оқиға болған екен. Шілденің екінші жарымынан бастап жұрт қолындағы 5-10 қарасына шөп дайындайды. Шөп қолшалғымен шабылады. Бұл – бір ауыр жұмыс. Күн қыздырып тұрады. Одан паналау үшін күрке жасап алу – шарт. Сол қалқаға тығылып, шөпшілер жан шақырады. Күрке қос тәрізді болады. Одан жауын да өте қоймайды. Оның ішінен жер қазып, бөшкеге құйған сусын сақталады. Кейбіреулер балаған қазып алады. Оның қабырғасының жарымы жерден кісі бойына дейін қазылып, жоғарғы жағына сырғауыл сүйеп, шатыр шығарады. Бұл қостан гөрі салқындау, қомақтылау болады.
Шөлдеген Әмен сусын ішпек болып қосқа кірсе, Қоған /шын аты – Қоғабай/ ұйықтап жатыр екен. Басым ауырды деп, түстен кейін жұмысқа бармай қалған. Шалқасынан жатып ұйықтаған оның ауызынан кесірткенің құйрығы сияқты бірдеңе қозғалатын секілденген. Оған мән бере қоймаған Әмен оятып көріп еді, «ту, неге ояттың, жаңа ғана айызым қанып, рахаттанып жатыр едім» деп, Қоған реніш танытқан. Көп кешікпей Қоған ішін басып, мазасыздана бастайды. «Бір нәрсе жүрегімді тырналағандай болып тұр» деп шағынады. Қазақ асқазаны ауырса, «жүрегімді тырналап тұр» демей ме? Мазасыздандырып тұрған жүрек емес, асқазан болар деп те топшылайды. Шөлдегендей болып, бір шара көжені аударып салып, сәл тыныстағандай болғанмен, ішкі құрылысы, ішек-қарыны бүлкілдеп, қозғалып жатқандай сезінеді. Безектеп, тіпті өзін-өзі қоярға жер таппай қалады. Сол кезде баяғы Қоғанның ауызында кесірткенің құйрығы тәрізді бір нәрсені көзі шалғандай болғаны Әменнің есіне түсіп, көрінгені жыланның құйрығы болар деген дүдамал ой сап ете түседі. Жуық маңдағы Маяшапқан деген қоныста осындайларға қол ұшын беріп жүретін бір көзі қарақты адамның бар екендігі бұларға еміс-еміс естілетін-ді. Сонда тұратын Баба Катя есімді дәруіш адамға суық тиген, өкпесі ауыратын науқастар барып жүретін. Ол кезде аурухана, емхана деген болып па еді? Әмен өзінің інісі Ыбырай екеуі дереу Қоғанды сол кісіге алып барады. Науқасты көре сала, бұларға жегіп келген аттарды әбден терлетіп келуді бұйырады. «Науқасқа сол аттардың терін ішкізсе, жыланы түседі» деген кеңес береді. Ыбырай жедел аттарды 5-6 шақырымға айдап жөнеледі. Баба Катя ем қамына кірісіп, монша жақтыра бастайды. Құрғақ бұтақ қойсын ба, аттар қайтып келгенше, монша да әзір болады. Сүмексіп келген аттардың терін тақтай қалақшамен сыпырып алған емші Қоғанды ыстық моншаға енгізіп, терлетіп барып, әлгі жүйріктердің терін ішкізеді. Біраздан соң науқас ағыл-тегіл кұса бастайды. Құсықпен бір түйіншек-түйіншек қара нәрселер түседі. Анықтап қараса, сол түйіншектер үзіліп түсіп жатқан жылан болып шығады. Моншадан шығарып әкеткенмен құсу, лоқсу, ағыл-тегіл тер көпке дейін басылмай, байғұсты ұзақ қинайды. Ақыры суық су ішкізіп көргенде ғана тазарып шыққан суға қарап, емші тікенектен арылдың деп сүйіншілейді. «Енді ашты айран іш, содан соң тақыл-тұқыл сүт ішіп отыр, 3-4 күнге дейін тамақты аса тоя ішпессің» деп ақыл айтты емші Баба Катя.
Сол Қоған бес-алты күндей ауырыңқырап, құсып жүріп, әйтеуір жазылды. Ал, жылан ат тері сіңген тоқым, қайыс, бишік, қамшы сияқтылардан қорқады екен. Сондықтан да жыланды жерде тоқым жастанып, кеудеге бишік қойып жату – сақтанудың бірден-бір әдісі екен...
Шығар күн шапағын жайып, таң сарғая бастады. Жолаушылар ертеңгілік салқынды пайдаланып, өгіз мойынына жармақтарды іле бастады. Бақа жүрісті өгіз аяңы асыққанда мандысын ба, әйтеуір екі тәуліктен аса жол жүріп, Шот қаласына да жетті. Қалада болмашы ғана жауын бар екен. Кешелер батпақ болып езіле бастаған.
Қазақ халық ежелден меймандос халық қой. «Бір күн дәм татқанға қырық күн сәлем» дегендей, олар дәм татысып, үйренісіп қалғандарына үйір келеді. Бара-бара достасып та алады. Көшбасшының бұл қалада Семен Сергеевич есімді бірнеше қаладағы дүкендермен сауда-саттық жүргізетін бір саудагер танысы бар-тұғын. Біздің жақтың адамдары тақтай апарып, елге өздеріне мұқтаж заттарын алып қайтатын. Ауылға керосин, шам, шыны ыдыс, аша-күрек, балта, арқан сияқты күнделікті тұрмысқа қажет нәрселер алып кететін. Әрегідік ат жегіп келгенде бұл, мата-кездеме, киім-кешек алып жүретін.
«Иесін сыйлағанның итіне сүйек тастайды», келген сайын жолаушылар сәлем-сауқыт жасап отырады. Орыс қожайындар да құрақ ұшып, жалбақтап жатады. «Ойбой, су болып қалыпсыңдар ғой, тоңған жоқсыңдар ма?» деп әбігерленуде, әйтеуір. Қожайынның әйелі де оң қабақ танытуда. Жылы лебіз жан сергітеді ғой. Оған не жетсін?! Мұндайда қонақ еркінсиді емес пе? Көңіл де жай табады ғой.
Күн ұясына бара жолаушылар өгіздерінің мойынын жармақтан босатты. Үй иесінің кешкі тамағы да бұларды күтіп отырғандай, жедел әзір болды.
Қонақтар жуынып-шайынып, үстел басына орналасты. Буы бұрқыраған ыстық тамақ қара шойын шөңкеден әркімге жеке ыдыстарға құйыла бастады. Ортаға қалыңдығы қарыс сүйем болып ашып піскен ақ бөлке туралып, әркім керегінше қамтып жатыр. Құйып берген сорпа жетпесе, тағы да еселенеді. Ыстық күрең шай тұрғанда, қай қазақ сорпаны сораптай беруші еді?! Қонақтар алдына картоппен араластыра піскен құс еті де келді. Бірақ, оған ешкім қол салмады. Әсте, қазақтар «бісмілләсіз» бауыздалған мал етін жемейді ғой. Ал, балаларға не жорық, олар құс етін қомағайлана сіңіруде. Семеннің әйелі Надя тағамды өте дәмді пісіреді. Зерек Исатай сол он жасынан бастап орыс тілін әжептәуір үйреніп алған. Үлкендерден жөн-жоба үйренуге құштар, ересектер алдында өзін салмақты ұстауға тырысатын. Осы бір жақсы мінездерімен де көпке ұнайтын. Кездескен адамдармен тез түсінісіп, іші-бауырға тез еніп, әңгімеге араласа кететін ол – әрі, елгезек еді. Сүйкімді болу үшін әуелі үйге, одан соң көршіге, бұдан барып елге жаға білу керек. Сонда ғана жақсы атанбақ. Еліне жақса, ел азаматы болуы – хақ. Сол Исатай кейін ел басқарыпты. Оның негізін танығандар: «Шәмен, сенің осы балаң бара-бара болыс болып, ел басқаратын болар» деуші еді. «Әке – балаға сыншы» дегендей, Шәмен де айтушының сөзіне бір көтеріліп қалатын. Есті бала ерте есейеді ғой. Үш-төрт жасар кезінен-ақ «ол неге олай, бұл неге бұлай» деп, сұрақтың астында қалдыратын. Бәріне мейлінше ынта-назар салатын. Естігенін әбден тәптіштемей, тынар емес-тін. Оны кім айтты, қашан айтты, қай жерде айтты – соның бәрі-бәрі бала назарынан тыс болмаушы еді. Шешеннің сөзі, шебердің өзіне құмар-ақ тым. Ол орыс балаларымен де ойнайтын, соның нәтижесінде орыс сөзін, дәстүрін, салтын да үйреніп алған. Бұл кездерде Шот пен Құлынды сияқты қалаларда болмаса, қазақ ауылдарында мектеп атымен жоқ. Қолы жететіндер жалдап учитель ұстаушы еді. Исатай да сол мұғалімнен үзіп-жұлып хат тани бастады. Ол сабақтан қол үзіп, әкесіне көмектесіп, оқып жүрген балалардан босатып алған сабақтарын жазып алып, тәптіштеп сұрап, дәрісті босатпауға, олқы қалғанның орнын толтырып отыруға тырысатын.
Исатай Демьян деген орыс баласымен достасу арқылы бүкіл село жүгірмектерімен жора болып алған. Ол Әденбектің баласындай жалба-жұлба болып жүрмейтін, киімін таза, ұқыпты киетін. Әрі сыр сақтағыш болды. Естіген-білгенін көрінгенге айтып, көсіле сөйлеп, балпылдай бермейтін. Үйдегіні түзге, түздегіні үйге тасымаушы еді. Тіпті, сұрамасаң, сөйлемес те болар. Кіммен қалай сырласу қажеттігін жетік білетін. Қолына түскен кітапты басынан аяғына дейін беріле оқитын. Тоқығанын жұртқа әңгімелеуден де жалықпайды. Ол кезде кітап дүкені жоқ. Кітаптың әншейінде қолға түсуі де қиын. Әйтеуір, жалғасып, ілінгенін қолдан қолға жүгіртетін еді ғой. Бос уақытында доп ойнайтын. Ол заманда мәшік деген қайдан келсін?! Малдың қиын сулап алып, аязға қатырып, соны қуалап құмартатын. Мұны доп ойнау деп атайтын балалар. Қар үйіп, тау жасап, содан сырғанайды. Кім ұзағырақ сырғанаса, сол – жеңімпаз. Жаз күндерінде сарышұнақ ұстау, торғайға ұя жасау сияқты ермектер тауып алатын. Бәрінен де қыс мезгілі қызықтау сияқты. Тай үйретіп, оларды шанаға жегуде орыс балалары қазақ балаларына тәуелді болатын. Өйткені, қазақтың қанында бар, атқұмар келеді де, балалары тай үйретеді көбінесе. Сөйтіп, орыс балалары қазақ балаларымен үйірлесе береді. Оған ата-аналар да жақсы көңіл білдіретін.
Әменнің әйелі Әшкен қарағайлы елдің қызы болатын. Қарағай маңын көбінесе Уақ руы мекендейді. Одан Жансары, Бұйдалы сияқты аталар тарайды. Әшкен Жансарының Лепес деген атасынан еді. Лепестен Игілік, Жүрсіндер тарайды. Жүрсіннен – Нұрмағамбет, Нұрғали, Нұрмағамбеттен Шахмардан, Нұртаза, Шұғайып деген үш інісі болған. Бұлардың шешесі Қаракесек руынан еді. Сол себептен де Әшкен нағашы деп атайтын. Адам баласы сыйласу, бірін-бірі түсінісу арқылы аралас-қоралас болып кетпей ме? Сөйтіп, олар етене жақындасып, жанашырлыққа дейін барады. Әсіресе, қиыншылыққа кез келген кезінде, ауырып-сырқағанда, үрейленіп қорыққанда, шаттанып қуанғанда, райы қайтпастай ренжігенде, басына іс түскенде қол ұшын беріп, көзге түседі ғой. Әшкеннің Исатайды інісіндей жақсы көретіні сондықтан болар. Шәменнің әйелі апалы-сіңілі боп, Әшкен өз туған жеңгесіндей сыйлайтын, сырласатын, көңілдегілерін жасырмай, ақтара айтысатын. Ерлері жол жүріп кетсе, екеуі отау үйде – Әменнін үйінде қонып қалатын. Ерлері кешіксе, тағат таппай, болжаммен әбігерленетін.
Жолаушылар әлі жоқ. Күн кешіріп барады. Әсіресе дегбірсізденген Құбай /Құбайдолла/ болды. Дегбірсіздіктің себебі де жоқ емес. Әменнің үйінде жас нәрестенің інгәлаған үні естілді. Тұңғыш сәбиді дүниеге әкелген жас ананың аман-есен жаны ғана қалды. Сүйінші сұраушыларға Манар мен Шәмен қатарласа жауап беріп, сүйіншілерін бермек болды. Екі үйлі жан дүниеге шыр етіп келген сәбиге, аман-есен аяқ-қолын бауырына алған анаға шынымен қуанды. Мәз-мәйрам болды да қалды. Көрші-қолаңдар да құтты қуанышқа ортақтасып, қайырлы болсындарын жаудыруда. Сергей Молоков, Кирилл Иванов – жақын араласып, сыпайы сыйласып жүрген көршілері. Әрі олар бірбеткей адамдар болатын. Сондықтан да бірі қыңыр Кирилл атап, ал Сергейдің екі көзін ашып-жұмып, жыпылықтатуға дағдыланып кеткеніне орай, оны жыпық Сергей деп кеткен жұрт.
Көршілер бір-бірін тек өз аттарымен ғана атап, әкесінің аты дегенді білмейтін. Кейде олардың мінез-дағды, әдеттеріне қарай айдар тағатын. Сергейдің әйелі Инна, Кириллдің әйелі Зянаида жатақтардың қызығы мен шыжығында, қуанышы мен ренішінде де бірге жүретін. Көршінің жақсысы ағайыннан кем емес, қайта алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық емес пе?! Бейнет пен зейнетті, ыстық пен суықты бірге көтеретіні және бар. «Араласпасаң алыс боласың, жақындаспасаң жат боласың, ағайын жыласуға, жат сыйласуға жақсы» деп дұрыс айтылған ғой. Сол селоның басқа көшесінде тұратын Көкен /Көкенай/ деген жігіттің қолында қарт шешесі бар. Ол кісінің есімі – Айбала. Оны-мұны мәселеде бәрі де сол бәйбішеге барып жүгінетін. Шаттықта шашу шашқызатын. Қазақтың шашуында қант, кәмпит, сықпа құрт, қызыл ірімшік сияқты тағамдар болатын. Жиналғандар шашуды теріп алып, балаларына апарып беруді ырым ететін. Сүйіншіні Исатайдың шешесі мен жолын қызық үстіне келген құтты қонақ Қабашқа беріп, сол алсын деді жұрт. Сол кезде 12-13 жасар Қабаш тапқыр, сөзге шешен, туа зерек, алдына тұстастарынан ешкімді сала қоймайтын дарынды еді. Ол суырып салма ақын болар ма деп те үміттендіретін. Қисса айтуға тым шебер еді. Тіпті Қорен қалмақтың сөзін аудырмай салатын. Ол әйел, қарт адамдар мен ерлердің, жігіттердің дауыстарын айнытпай келтіретін. Ән салуы да сүйсіндіретін. Сол өнерінің арқасында үнемі төрден орын алатын... Өлең айтып отырғанда, өзі байқамай, төрден жылжып-жылжып ортаға барып қалатын. Тіпті, өлеңді суырып салып та айтатын. Қызық үстіне дөп келген оған «сүйіншіңді ал да, мына сәбиге тілегіңді өлеңмен білдір» деп жұрт үдере қолқа салды. Әмен мен Шәмен сүйіншіге үш сомнан ақша ұстатты. Ол заманда үш сом бұзаудың немеее бір семіз қойдың кұны еді. «Шешен сөзімен, шебер ісімен еленер». Қабаш құдай ауызға салғанын айтуға бел буып, өлеңге ерік берді. Енді жұрт тына қалды. Масаның ызыңы ғана естіледі. Сүйріктей сері жігіт сырылып ортаға шықты. Жиын самалы ескен сары дала төсінде өтіп жатыр. Ақын Қабаш:
Ұлықсат етсең, халайық,
Сүйіншіңді алайық.
Думанды той, шаттықта
Қызыққа бір қанайық, – деп бір тоқтады. Жұрт ризалығын білдіріп, рахметін жаудырып жатты.
Олар «ендігі сөзді апа-жездеңе арна» деп шешті.
Көп кідірместен ол:
Денсаулығыңыз мықты болсын,
Қуаныш қайырлы, құтты болсын.
Тойға той ұлассын жездеке,
Апамыз бір ұлға тағы жүкті болсын, – демесі бар ма?! Айбала бәйбіше бас болып, жиналғандар, «айтқаның келсін, әумин» десіп жатыр. «Талабың құтты, тілің уытты болсын!» деп бәйбіше батасын берді.
«Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер». Ғасырдан ғасырға жалғасып, ұрпақтан ұрпаққа ұласқан дәстүрге Уақыттың өзі тізе бүгіп келеді...
Бөлісу: