Жазушы Рамазан

16.05.2020 4929

Семей өңіріне белгілі журналист Рамазан Белдеубаев өзінің бірнеше повес жазғанын, оны ешкімге көрсетпей сақтап қойғанын осыдан аттай 36 жыл бұрын 1984 жылы екеуара әңгімеде айтқан еді. Басқалар ол жайына білді ме, білмеді ме хабарым жоқ. Мен мұны «е, әуесқойлық шығар»,–деп қоя салғам. Рекең ол кезде Шар аудандық газетінің жауапты хатшысы. КазГУ-ге сырттай түскен екі группа, 60 адамның ішінде көбі шіли галстук таққан аудан, облыс, қала берді республикалық баспасөзде қызмет істейтін ересек адамдар. Мен болсам әскерден енді келгем. Әлі қызметтің бетін көре қоймағам. Мына курстастардың оқуы, әдебиетті білуі, екпіні қатты еді.

 

Со жылы Семей жақтан келген Аманғали Жақсыбаев, Омарбек Байуақов, әлгі Рамазан, тағы бірер Ақсуаттың жігіті бәріміз алғашқыда бұл өміріміз қызық көрініп бірге жүретін едік. Аманғалидың мойнынан галстук түспейді. Шалбардың қыры пышақтай. Алып соғып үтектеп жатқаны. Омарбек көп ұзамай бір группаға староста болды да ол басқармалығын оқу біткенше жалықпай атқарды. Қазір облыстық газеттің редакторы, медиа холдингтің танымал басшысы.

 

Аманғалидың лидерлігі күшті, кірмейтін, әңгімелеспейтін адамы жоқ. Өзі Үржардың аудандық атқару комитетінде басшылық қызметте. Кейін бас редактор болды. Рекең екеуі бойы сорайып бірге жүреді де сабаққа келгенде Аманғалидың көшеде, асханада, үйде істеген қылықтарын Рекең күле отырып маған айта бастайды.

 

–Әй, Келіс, мына Аманғали сөйтті, ей қызық-ей мынау,–деп хикаяларын тынбай шертеді. Оған жасып жатқан Аманғали жоқ. Қосыла кетіп әңгімені одан сайын қыздырады.

 

–Бұған дауа жоқ, дауа жоқ,–дейді Рекең. Екеуміздің әңгімеміз қосылып кетсе –екеуің де мылжыңсың,–дейді Аманғали. Онысы біздің әдебиет оқып, түртінектеп біздеңе жазғанымызды меңзегені. Оқу да өмір сияқты. Білінбей, ақырындап өтеді екен. Сол алты жыл қазір қарасақ алты күндей. Жылына бірер ай сессияда емтихан тапсырып, тапсырма алып, лекция тыңдап талай адам жұмыстан келген екі айда кәдімгідей дем алып қалады. Көбі қызмет адамы болған соң, оқытушылар мамандығымен жүр ғой деп сабақ жағына қинай қоймайды. Білім талап ететін қатал оқытушылар да бар.

 

Рамазанның әлгі повес туралы айтқаны ойымда сақталып қалыпты. Ойлап қоямын, оны неге жарыққа шығармайды газете істейді ғой деп. Ол туралы сұрамаппын. Оқу біткен соң әркім өз өмірімен болып кетті де бірде Семейден келе жатып Шарға келгенде Рақаңа звондадым. Поездан түсіп қалып, кішкене қалада бірер күн әңгімелесіп бірге болдық.

 

–Үйлендің бе?–деп сұрап қояды. Ешкім жоқ оңаша жерде,– үйленсең өзіңді тыңдайтын, адам сыйлай білетін кішпейіл қыз ал, –деп қояды. Үйдегі жеңгей де өзі сияқты, Рақаңды сыйлай біледі екен.

 

Рамазан отбасында тыныш, қақ-соқта шаруасы жоқ адам болғанымен өзінің қолға алған ісіне берік. Мотоциклі бар, аздаған шаруасы да бар. Қайтар жолда поезға мінгізіп шығарып салды. Бұдан соң тағы үзіліс басталды. Ол уақта кәзіргіден қолда тұрған телефон жоқ. Ызылдап-дызылдаған үлкен телефон, бір жаққа хабарласу үшін жарты күн поштаны күзетесің. Сөйтіп байланыс үзіліп қалды.

 

Байланыс жетіліп, әлеуметтік желі шыққалы бірін-бірі ұзақ көрмегендер табысып, хат-хабар күшейді. Бір күні қол телефонға біреу звондайды.

 

–Келіс, таныдың ба, мен Рамазан ғой,–дейді.

 

–Қай Рамазан?–деймін.

 

–Курстас Рамазан,–дейді,–не ұмытып қалғансың ба? Сенің телефоныңды тауып звондап тұрмын. Қалың қалай, үй-іш аман ба?–деп әдеттегі сұрақты бір-бірімізге қойып жатырмыз.

 

Байланыс құралы алыста тұрсаң да айтатыныңды жеткізеді. Өткен-кеткенді айтып әбден болдық. Ең соңында –Рақа, баяғыда повес жаздым деп едіңіз сол бар ма?–деп сұрадым.

 

–Бар болғанда қандай мен оны кітап қып шығардым. Саған салып жіберейін,–деді. Сөйтіп ойда жоқта Рақаңның бірнеше кітабы қолыма тиді. Алдымен прозасын оқып шығайын деп қолға алдым. Бастабында шолып қарайтын әдетіммен әр жерін ашып көз жүгірттім. Кітап ұнады.

 

Ауыл өмірі, қарапайым тіршілік иелерінің күнбе-күнгі әрекеті, өмір жолы көңілде сайрап тұр. Рақаң журналист бола жүріп прозамен де мықтап айналысқаны көрінеді. Байқағыштығы, адам мінезін білуі, оқиға желісін құрып дамыта әңгімелеуі кәнігі прозашаға тән. Жинақты құрастырып, оны арнайы оқырманға ұсынып дайындау жағына келгенде әдеби тәжірибе әлі де керек болғанға ұқсайды. Әрине, бұл кітап Алматыда мемлекеттік баспадан шығарылған кітап сияқты сапа жағынан биік деңгейге жетпеуі мүмкін. Бірақ кітап мазмұны оның бағасын олармен бір деңгейге көтеріп тұр. Тақырыбы өзекті. Жазушы өз кітабын аудандық жерде шығарып, оны арнайы редактордың сарабына өткізуге де мүмкіндігі болмаған. Әу, баста өз бойында жас күнінен бар жазушылық, үнемі ұшталып отыратын әдеби еңбек, көп ізденіс әр кезде қылаң беріп, жазушының бойында одан кейін ұйықтап, еске алып жазу жазған уақта болмаса сол тыныш, таза қалпында толық шықпай жасырынып келіп, ақыр сыртқа шыққанға ұқсайды.  

 

Жазушы таланты әрдайым өмір тезіне салып, оқырман талқысына түсу арқылы шыңдалып, өсу жолына түседі. Міне, жазушы Рамазан Белдеубаев та өзінің баяғыда жазған әңгіме-повестерін көпшілікке шығарды. Оқырманға жетпесе өзімінің таныстарым, ұрпағыма рухани азық,– деп жазған екен алғашқы бетінде. Қырмызы туралы әңгімесі мен бірнеше повесін оқып шыққан кім де Рақаңның жазушылығын еріксіз мойындар еді. Осыдан отыз жыл бұрын онда-мұнда бұрылмай жазушылық жолға түскенде қазір қазақ әдебиетінде қазір тағы бір ірі қаламгер оқырманға танымал боп жүрер еді. Алайда ештен кеш жақсы. Жазушы Рамазан осы жазғандарымен де артында із қалдырған кәнігі, тәжірибелі қаламгер. Мен оның өз оқырманы боларына сенемін.

                                                                                                        

24.04.2020  

Бөлісу: