Жаһандық ырым-тиымдар мен әмбебап әдеп-қағидалардың қайнар көзі киелі кітаптарда

26.08.2020 5791

Көрнекті ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі Әділ Ахметов пен педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Дәуренбекқызының сұхбаты

 

Армысыз аға, Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген екен, жалпы дүниежүзіндегі ұлыстардың басым бөлегіне ортақ адамгершілікті насихаттайтын адами қағидалар ең бірінші кітаптан бастау алмай ма, қалай ойлайсыз?

 

─ Ә­лем халықтарының басым көпшілігіне ортақ байырғы тыйымдар мен бүгінгі заманауи әдеп қағидалар жүйесінің қалыптасу тарихына тереңірек үңілсек, олардың қайнар көздерінің Алла тарапынан адамзатқа аманат етілген Библия  және Құран Кәрім сынды Киелі Кітаптардан және сол кітаптарды өз іргетасына айналдырған жаһандық монотеистік Иудаизм, Христиан және Ислам діндерінен тамыр тартатынына бірден көз жетеді. Өйткені, олай деуге негіз болатын дәйектер мен дәлелдер әлгі аталған дерек көздерінде жетіп артылады.

 

─Яғни, Алла тарапынан түскен Киелі Кітаптар бөліп-жаруға келмейтін бүкіл адамзатқа ортақ адами қасиеттердің жаршысы дейсіз ғой?  

       

─ Әрине, мысалы, әлемдегі ең байырғы монотеистік діндердің бірі әрі еврей халқының ұлттық және этикалық дүние танымдарының негізін құрайтын Яһуди немесе Иудаизм дінінің іргетасы Тәуратта тыйым салынған күнәлардың ішінде мешкейлік, ашкөздік, сары уайымға салыну, ызақорлық, күншілдік, өркөкіректік секілді күнәлар ең алдымен аталады. Сонымен қатар, аталмыш күнәлар таралу кеңістігі жағынан әлемдегі ең іргелі діндердің бірі саналатын Христиан дінінің түпқазығы Библияда да тұр. Сондықтан да Библия оған бас иетін халықтардың өмір сүру салты мен әдет-ғұрыптарының негізі ғана емес, сол халықтардың әдеп-ғұрыптары мен моральдық-этикалық қағидаларының іргетасы саналады. Бұл біріншіден.

 

Екіншіден, Киелі Кітаптар – Жаратқанның адамзатқа аманат еткен мызғымас ережелері мен әдеп қағидаларының ғана емес, Алланың адамзатқа өсиет еткен қатаң тыйымдар жүйесінің де бірегей қоймасы.

 

Үшіншіден, Киелі Кітаптарда Жаратқанның адамзатқа өсиет еткен  әлгіндей тыйымдық ережелері мен әдеп қағидалары адамдар тарапынан бұзылатын болса, оларды бұзған күнәһарлардың аяусыз жазаланатыны да сан мәрте ескертілген.

 

Төртіншіден, Киелі Кітаптарда адамзатқа өсиет етілген негізгі моральдық-этикалық ережелер мен әдеп қағидаларының жүйесі Жаратқаннан Мұса Пайғамбарға түскен Тәуратта да, Иса Пайғамбарға түскен Інжіл шәрифте де, Мұхаммед Пайғамбарға түскен Құран Кәрімде де бір-біріне өте ұқсас келеді.

 

Мәселен, Христиан дінінде адамдардың Құдай алдындағы парыз-борышын адал атқаруға бағытталған және міндетті түрде сақталуға тиісті әдеп-тыйым қағидалары мен күнәлардың бір парасы төмендегідей:

 

  • Құдайдан  басқаға сыйынуға болмайды;
  • жасанды құдай бейнесін жасауға болмайды және бұл тыйымды бұзған күнәһарларды Құдай үшінші немесе төртінші ұрпақтарына дейін жазалайды, ал Жаратқан алдындағы борыш-парызын адал атқарғандарды мыңыншы ұрпақтарына дейін жарылқайды;
  • Құдайдың атын орынсыз атауға болмайды, өйткені Жаратқанды жөнсіз атағандар жазасыз қалмайды, т.с.с.

 

Мұсылман әлемінің Киелі Кітабы – Құранның өнбойында да Алла тарапынан адам баласына өсиет етілген қатаң тыйымдар мен кешірілмес күнә саналатын іс-әрекеттердің ондаған атауы кездеседі. Сосын, Құранда әлгіндей күнәларға жол беріп, Алла тыйымдарын бұзғандардың Алла тарапынан қаһарлы жазаға ұшырайтыны да айтылған.

 

 ─ Дәл бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда, адами құндылықтардың әлсіреп, азғындықтың күш ала бастаған тұсында адамзатты дұрыс жолға бастайтын бірден-бір темірқазық сіз айтып отырған Киелі Кітаптар емес пе?

 

─ Әрине, айтылмаса сөз жетім демекші, Библияда да, Құранда да Адам ата мен Хауа ананың Алланың қатал тыйымын бұзып, Эдем бағында Жаратқан тыйым салған алма дарағынан шайтанның азғыруымен дәм татып, кешірілмес күнәға батқаны да, артынша, сол күнәларының өтеуі ретінде олардың Алланың қаһарына ұшырап, жұмақтан қуылғаны да жайдан-жай жазылмағаны анық. Өйткені Киелі Кітаптардың бәрінде де, оның ішінде, Құранның өн бойында да, Алланың ұлы есепші екені және Жаратқанның назарынан адамзаттың жақсы амалдарымен қатар, жасаған күнәсінің ешбірі де тыс қалмайтыны сан мәрте екертілген.

 

Ендеше, дәл осы тұста жоғарыда аталған Киелі кітаптардың жаһандық монотеистік үшбу діннің іргетасы ғана емес, сонымен қатар олардың жер бетіндегі адамзаттың басым көпшілігіне Жаратқанның Иса, Мұса және Мұхаммед пайғамбарлар арқылы аманат етілген моральдық-этикалық, діни, азаматтық, саяси және құқықтық әдеп нормалары мен ақыл-ой парасатының киелі сандығы екенін де айту  парыз. Демек, бұл тұрғыдан келгенде, сәт сайын өзгеріп жатқан, аумалы-төкпелі мына заманда Алла тыйымдарын өрескел бұзып отырған адамзаттың әй дейтін ажасы да, қой дейтін қожасы да, яғни мәңгі бақи рухани діңгегі де сол Киелі Кітаптардағы Алла ілімі десек, артық айтқандық емес.

 

─ «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп жырлаған ұлы ойшыл Абай атамыздың шығармаларының өзі халқымызды Құдай мен Құран Кітапты құрметтеуге шақыр май ма?

 

─ Алла мен Киелі Құранды шексіз сүйген хәкім Абайдың поэтикалық жолдарының толық нұсқасын оқырман қауымның назарына қайта ұсынуды парыз деп санаймын:

 

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас,

Рас сөз ешуақытта жалған болмас.

Көп кітап келді Алладан, оның төрті

Алланы танытуға сөз айырмас…

Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,

Жарлық берді ол сіздерге, сөзді ұғарға.

Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді,

Оларға кез-кезімен нәби келді.

Қағида шариғаты өзгерсе де,

Тағриф алла еш жерде өзгермейді.

Күллі махлұқ өзгерер, Алла өзгермес,

Адам нәпсі, өзімшіл мінезбенен

Бос сөзбенен қастаспай, түзу келмес.

Махаббатпен жаратқана дамзатты,

 Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті.

Осы үш сүю болады иманигүл...

      

Қазақ халқының данышпан абызы Абайдың КиеліКітаптардың қыр-сырынтерең  түйсінгендігі жоғарғышумақпен ғана шектелмейді, тағылымы мен ғибраты мол ондай құндылықтар ақиық ақынның өзге поэтикалық туындыларынан да, қара сөздерінен де менмұндалап тұр. Олардың ішінде өз ұлтымыздың кем-кетігін түзетуге бағытталған әдеп қағидалары да, терең мәнді тыйымдар тізбегі де, көкейге тоқып алатын ескертпелер де тұнып тұр әрі бұл пайымның өміршеңдігіне данышпан абаздың төменгі шумақтары нақты дәлел:

 

«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек.

Жеке-жеке біреуі жарытпайды,

Жол да жоқ жарыместі жақсы демек...

 

Осы тұста сөз қадірін білетін дана халқымыздың “Өнер алды – қызыл тіл”дейтін даналығының қайнар көзі де Киелі Кітаптардан бастау алатынын еске салғым келеді. Өйткені бұл пайымның нақты дәлелі  Інжіл шәрифтің бастапқы жолындағы: “В начале было Слово, и Сово было с Богом, и Слово есть Бог” деген тұғырнамада тайға таңба басқандай, айқын көрініп тұр. Демек, хәкім Абайдың:

 

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас,

Рас сөз ешуақытта жалған болмас.

Көп кітап келді Алладан, оның төрті

Алланы танытуға сөз айырмас” - 

 

деген поэтикалық жолдарының іргетасы да жоғарыда аталған Киелі Кітаптар мен сол кітаптардың құрамдас бөлігі болып табылатын Інжіл шәриф екені еш күмән тудырмайды.

 

─ Кейінгі кезде «Құранның түпнұсқа тілі - араб тілі. Сондықтан да, бұл Киелі Кітап тек арабтарға ғана бағышталған» деушілер төбе көрсете бастады. Бұл туралы не айтар едіңіз?

 

─ Олардың көздегені - мұсылмандардың қасиетті діні мен киелі кітабы Құранға, Мұхаммед Пайғамбарға күйе жағып, әлеуметтік желілер арқылы мемлекетіміздің мұсылман қауымын Алла ілімінен ажыратып, елдің рухани діңгегі мен бірлігіне сызат түсіру. Алайда мұндай арам пиғылдағылардың көксегендері бола қоймасы анық. Өйткені бұлай түйіндеуе негіз болатын іргелі себептер бар.

 

Біріншіден, Құран - тек араб халқына ғана емес, Алланың күллі адамзат баласына өсиет еткен өміршең ілімі. Сондықтан да, бұл ілімді  тек мұсылмандар ғана емес, өзге діни конфессиялардың өкілдері де тең құрметтейді.

 

Екіншіден, ұлтына қарамастан, киелі Құранды әлемнің ғұлама ақын-жазушылары да, озық ойлы ғалымдары да зор құрмет тұтады. Олардың ішінде тек неміс халқының ғана емес, күллі әлемнің ғұлама ақыны саналатын Иоган Вольфганг фон Гете де, орыс халқының ұлы ақындары А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, И.А.Бунин де, сондай-ақ, әлемнің ең ұлы жазушыларының бірі саналатын Л.Н.Толстой да терең құрметтеген.

 

Үшіншіден, қолжетімді ақпарат құралдарына қарағанда, Құран алғаш рет латын тіліне 1443-жылы аударылса, неміс тіліне 1540-жылы тәржімеленген.

 

Төртіншіден, VII ғасырдан бермен қарай, бұл кітап парсы, грек, француз, ағылшын, испан, түрік, урду, хинди, жапон, қытай, индонезия, орыс және ондаған өзге тілдерге де тәржімеленген.

 

Бесіншіден, Қазақ даласына Ислам діні VIII ғасырда араб мәдениетімен бірге енгендіктен, Құран да араб тілінде еніп, күні бүгінге дейін түпнұсқа тілінде оқылып келеді. Дей тұрғанмен, Құранның қазақ тіліндегі нұсқалары 1960-жылдан бастап айналымға ене бастады.

 

Алтыншыдан, Алла ілімі де, Ислам тарихы да,  Мұхаммед Пайғамбардың өмір жолы да әлем ғалымдарының назарынан еш уақытта тыс қалмаған, терең зерттелген және іргелі ғылыми жұмыстарға өзек болған. Мәселен,  әйгілі ағылшын ғалымы, дін тарихшысы Карен Армстроңның Құдай тарихы  мен Мұхаммед Пайғамбардың биграфиясына бағышталған [Karen Armstrong: “Muhammad. A Biography of the Prophet”, (1991); “A History of God” (1993)] ғылыми еңбектері әлемнің 40 тіліне аударылған.

 

Жетіншіден, киелі Құранды араб тілінен тікелей ағылшын, қазақ және орыс тілдеріне аударған ғұлама ғалымдар баршылық.  Олардың қатарында түпкі тегі индия/британдық заңгер ғалым Абдулла Юсуф Али, атақты теолог-жазушы Халифа Алтай, ресейлік академиктер Игна́тий Юлиа́нович Крачковский, Валерия (Иман) Михайловна Порохова, әзербайжандық философ Эльмир Рафаэль оглы Кулиев және Ислам ілімін зерттеуші отандастарымыздың шіінен Әбсаттар қажы Дербісәлі, Серікбай қажы Ораз, Наурызбай қажы Тағанұлы сынды муфтилер  тобымен қатар Қайрат Жолдыбай,  Досай Кенжетай секілді жоғары діни білімі мен тәжірибесі мол  теолог-ғалымдар тобын атауға болады.

 

─ Тағылымды да тартымды, рухани әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу: