Әлімғазы

05.09.2020 6060

(Хикаят)

 

Түс оңалмай, іс оңалмайды.

Халық даналығы.

 

Қалтаң-құлтаң еткен жұдырықтай сар шал қос қабатты катеж терзесінен Алатауға тағы көз салады... тәні тас қабырғаның ішінде қамалғанмен, рухы алысқа ұшты....   

 

1955 жыл. Бейжің. Алтын күз, сарала жапырақтар бір-бірлеп жерге құлайды. Кезекті жиналыстан соң Сейфудин Азизов пен Иминов Мау Зыдұңның өздерін қабылдауын қиыла өтінді. Екі қоянды бір оқпен атқан Маузыдұң Шыңжаң мен ішкі Монғолия басшыларын Хуайжэньтян залында Чжоу Эньлай екеуі бірге қабылдады. Сейфудин Азизов: «сіздің нұсқауыңыз  бойынша жер иесі помщиктердің жерін алып қара халыққа бердік, енді ірі буржуазия мен байларды не істейміз деп, бір жағы мадақ күте бір жағы  сұрағына жауап алғысы келіп алға ұмсынды. Дөң айбат көрсетіп жонданып отырған Мау Зыдұң тершіген сиыр мұрнын сүртті. Салалы саусақтарын жоғары көтеріп, кереқарыс маңдайын сипай, шашын тарады. Монғолдың халық көмитетінің бірінші секретары Уланьфуға нарау қарап«сендер қалай шештіңдер» айтып бер дегендей сыңай танытып, қысқа мойнын қалыпсыз қозғап сөзінің артын жұтты. Анау астына су шыққандай қопалақтап сөз бастады.

 

- Сіздің тапсырмаңыз бойынша буржуазия мен байларға қатысты мемлекеттік сектор мен жеке меншік секторды біріктіру саясатын қолданып жатырмыз. Мау Зыдұң Шыңжаңның қос басшысына барлай қарап «сендерде солай істеңдер» дегендей орнынан тұрып темексін тұтата кездесуді бітірді.

 

Аспаны ыс қаптаған Үрімжі қабағы салбыраған күрттердей күпті, қою мұнардың арасында көкке бой созған тас үйлер қатарласа сап түзейді, көше уда-шу, хунвэйбиңдер айқайлай арлы-бері ұрандата кетіп барады. Күні де түні де тынышсыз күй кешкен бейбақ қала амалсыз мүлгиді.               

 

1967 жылдың ит қатырар суығы, азынаған 31 желтоқсан. Маоистердің тапсырмасымен «екінші қызыл штаб»-тың басшылары Ху Луаньчуань мен Ху Далуань төтенше шұғыл кеңес ашты. 7335-ші әскери бөлімше бастығы Лю өз өкілдерімен келді. Үлкенді кішілі Үрімжідегі бұқаралық ұйымдардың басшылары қатысты. Барлығы 37 адам. Оның 30 ға жуығы ұсақ ұлт. Бажайлай қараған Ху Луаьчуань ішінен «бұл ұймдарды тезден тарату және қытайласытру керек» деп тістенді. Маоның үзінділерін оқып, қай елде тұрғандарны естеріне мықтап салған ол, сөздің кезегін бөлімше бастығы Люға берді. Ол жөткіріне орнынан қиқаңдай тұрып, елдің ішкі-сыртқы жағыдай туралы ұзақ сөйледі. Бірдеңе айта алмай тұрғаны байқалып қалды. Шекесіндегі терін тез сүртіп, Америка мен Совет ривизионистері тұтандырған өртті лаулатқысы келетін ішкі жаулар арамызда бар. Соларды шұғыл тұтқындау бұйырғы келді деп ақыры ішін ақтарды, отырғандардың жүрегі тоқтап қала жаздады. Залдың іші сілтідей тынып, үнсіздік басты, әр кім өзін іштей тексерді... Олар Сейфудин Азизов пен Иминов. Тынысы тоқтай жаздағандар зорға дем алды. 37 адамның 29 «иа олар біздің жауымыз» деп қол қойды. Айтан, Әлімғазы бастаған 8 адам бас тартып, қағыс қалды. Ендігі жиналыс сендерге бағытталады дегендей Ху оларды оқыты көзімен атып, жүрегінің комерасына түсірді.  

 

Жарым түн, Айтан қалың ойдың ішінде қамалып дөңбекшіп жатыр,   тастай қараңғыны жарып телефон бебеуледі. Аржағында Ху Луаьчуаньның өкетмсіген даусы естілді. Тез жет, жиналыс. Тропканы  тастай салды. Құлағының дабыл жарғағы жарыла жаздады. Асығыс жарықты қосты. Сағат тілі екіден төмен салақтапты. Астыға түскен Айтанның алдын қару асынған екі адам тосты. Анадайда басқалардың да қарсы байқалды. Қаупті тез сезген Айтан өзін таныстырып «екінші қызыл штаб»-тың жиналысына кетіп бара жатқанын айтты. Суық қару асынғанның біреуі алдына салып айдап, кеңес болатын жерге жеткізді. Бәрі жиналып отыр, оңтүстік Шыңжаң әскери округінің бұрыны бастығы Ұлатаев та келіпті. Ол кейінгі кезде Ху Луаьчуаньның сенімді серігі болып, Бурхан мен Иминовке қарсы күйе жағып жүргенін естіген. Айтан құдды шұбар жалан қойнына кіріп келе жатқандай ұйқысы шайдай ашылды. Жоу Эньлайдан шұғыл телефон келді деп қоразданған Ху: «Иминовты ұстап, қамаңдар деді» деп, жерден жеті қоян тапқандай қуана сөйледі. Шаттығын бірден қуып сұрланған Ху Луаьчуань бүгін түнде, дәл қазір бұйрықты орындауымыз керек деп, столды тақылдата отырғандарға ажырая қарады. Жарты сағаттан кейін Иминов ұсталды деген хабар келді, сол күні күн шықпай ШУАР халық комитетіндегі Қами Асылханов, Юсуп Муминов және Қали Абақовтарды да қамауға алғанын дұйым жұрт білді. Кезек енді кімге келеді деп, аз ұлттардан шыққан атқа мінген серкелер етегін жинап, есік қоңырауы мен телефоннан ажалдың үні естілердей шошынды... Айналасы бір жетінің ішінде Омарғазы Айтанұлы, Рахметолла Әпшеұлы, Аширдин Татлық, Тұрғын Алмас сынды көптеген ақын-жазушылар із-түссіз жоғалды.

 

Суықта ызғарлы мұнар күн Үрімжі тұнжырайды.

 

Болмсыз бұлдыр тұман қалаға шөгіп тұр. Таңғы суық өңменінен өтіп, бүрсеңдеген Айтан тағы жиналыс залына асығыс келе жатты. Залым ойларға табан тіреген Маоистердің көсемі Ху Луаьчуань бұл жиналысты Айтанға арнады. Сен, Айтан өздігіңнен «екінші қызыл штаб»-тың тұрақты мүшелігінін шығуға өтініш жаз, сонымен бірге «ұшқынан жалын қаулайды» атты бұхаралық ұймның басшылық қызметінен бас тарт. Өзіңнің кінаңды толық мойындап, түсініктеме жаз. «Міндетті түрде Иминов жөніндегі айптауларды растап жаз, үш қызыл ту арқылы жүргізіп отырған ұлыхандық шовинизімді әшкерлеу қозғалысының бастығы Иминов деп көрсет» деп атан түйе көтере алмас сөз айтты. Айтан «екінші қызыл штаб»-тың тұрақты мүшелігінін шығуға өтініш жазды. «Ұшқынан жалын қаулайды» атты бұхаралық ұймның басшылық қызметінен бас тартты. Сол аралықта Хуға телефон келіп, әлде кімдермен ұзақ сөйлесіп кетті, дауыстары қатты шыға бастады... Түсініктеме жазып отырған Айтан жалған айптауды, өтірік тағылған кінаны мойындамаймын деп басқаша жазды. Залдың іші абыр-сабыр күй кешіп, тынышсызданып жиналыс мерзімінен бұрын бітті.

 

 

***

 

 

Аспаны ыс қаптаған Үрімжі қабағы салбыраған күрттердей күпті, қою мұнардың арасында көкке бой созған тас үйлер қатарласа сап түзейді, көше уда-шу, хунвэйбиңдер айқайлай арлы-бері ұрандата кетіп барады. Күні де түні де тынышсыз күй кешкен бейбақ қала амалсыз мүлгиді. «Үш қызыл ту» ұйымының тең төрағасы Әлімғазы кеңсесінде халықты қабылдап отыр.

 

Елде болып жатқан анархияны пайдаланып, Шыңжаңды басқарып отырған Ваң Эньмаодың «ұлықытай шовинизмін» нақтылы дәлелдермен әшкерелеу үшін әр қалада бөлімшелер құрып, қара халықтан ұрылған-соғылғандарды қабылдап, материал жинады. Оны ақпарт көзінде жариялады. Ваң Эньмао  бұл ісінің Мау Зыдұң саясатына қарсы екенін жаппай әшкерелеумен болды. Бүкіл Шыңжаңнан «үш қызыл туды» қолдаушылар күн санап көбейді. Жалпы халықтық үлкен күшке, алып ұймға айналды. Ұйғыр-қазақ, моңғол т.б студент, жұмысшы, зиялысы осы ұймның төңірегіне топтала бастады.

 

- Ассалаумағалайкум...аға мына хұңқызылардан көрдік... аптыға сөз бастады екі жағы шіне кірген, ұзын бойлы, шүңірек көз, сопақ бас, бүкшірейген арық қара жігіт.

 

- Уағалайкумассалам, иә, не болды, асықпай айтыңыз.

 

- Түнде, үйіме бір топ қытай есігімді шағып, басып кірді, мені ұрып, қызым мен екі қабат әйелімді көзімше қорлап, үйдің ішінде қолына ілінген ақшаға жарайтынды алып кетті. Қалш-қалш етіп тістене жер тепкілеп...екі бетін шапалақтады.... долдана шыңғырды....

 

- Ой, арсыздар, сұмдық болған екен, бұлар құтырды.

 

- Сен Үрімжінің қай ауданы, қай көшесінде тұрасың?

 

- Мен Наньлян ауданы Яньанлу көшесінде тұрамын.

 

- Біз оларды білеміз, сенің үйіңе келгендер маоистер ұйымының қолдауындағы Гаожүн орта мектебінің содрлары.

 

- Не істейміз, қалай кек аламын бұл оңбағандардан.

 

- Жалғыз өзіңнің шамаң келмейді, сен сабыр қыл, кегіңді толық алмасақта, біз ақылдасып бұл арсыздыққа жауап береміз. Бізбен байланыста бол.

 

- Ассалаумағалайкум. Өлеусіреп тартыншақтаған бұзаудай семізше қызыл бет, тайқы маңдай сар жігіт кірді.

 

- Иа, не болды жігітім.

 

- Түнде досымыз екеуміз көшеде келе жатсақ, бір топ қытай бассалып төпелеп, досымның басын жарды, мен ауыр соққыдан талып қалыптым, кимімізді сыпырып алып тырдай жалаңаш етіп тастап кетіпті.

 

- Досың қайда?

 

- Оның басын таңып бердім, үйде жатыр. Басын көтер алмайды, төбем солқылдап ауырып тұр дейді.

 

Басқа барар жер басар тауы жоқ қара халықтың жалғыз жанашыры, арызын тыңдап, жұбатушысы осы Әлімғазы құрған «үш қызыл ту» ұйымы болды. Айтанда екі ұйымнан бас тартып, Әлімғазының жанына келді. Маоистер оларды тартуға көп күш салып «бұлар Ұлыхандық шовинизімге емес, жалпы қытай ұлтына қарсы деп, тек аз ұлттардан құралған ұйым екенін желеу етіп көп соқтықты, бірақ олардың артында тұрған бүкіл Шыңжаңның  халықын ойлап сескенді.

 

Маоистер енді «Шыңжаңда Шығыс Түркістан тұрған кезде кеткен есеңді қайтар» деп қытайлар содрларына астыртын дем берді. Түн баласы елді үрей жайлады. Жаппай бассыздық, басы жарылған, көзі шыққандар үйреншікті әдетке айналды. Күніге жүзден жоғары адам Әлімғазы мен Айтанға келіп ішінің күйігін өшірді. Келген елді листовкалар мен дацзыбаоларды тартуға шақырды. Кек қайтарар күн алда деп қуантты.

 

Шыңжаң унверситетіндегі үш жеңіл машинаның біреуі Әлімғазыда.  Жоғары оқу орнының қақпасына сырттан енді кіре бергені сол, бір қара шал мен шұбар кемпір алдын тоса, басындағы жаулығын жұлып алып көліктің алдына лақтырды. Кілт тоқтаған Әлімғазы тізерлеп отырған екі қартты қолтықтап тұрғызды. Көлігіне отырғызып, кеңсесіне апарып сөйлесті. Қадір деген өзінің гуппаласының әке-шешесі екен. Хотан қаласынан келіпті. Ұлы бір жетінің алдына Маоистер жағынан жасырын қолға алынып, түрмеде жатыр екен. Соны шығарып берсең жаным балам деп шешесі еңіреп қоя берді. Жалғыз ұлым еді жақсылығың Алладан қайтын балам деп әкесі сақалын сулады.

 

Өз әке-шешесі көз алдына келген Әлімғазы бірден шал-кемпірді алып,  Шынжаң бірінші түрмесіне барды. Куәлігін көрсетіп кедергісіз ішке ініп, Қадірді босатуды талап етті. Бір сағаттан соң Қадір босап шықтты. Шыға сала Әлімғазының аяғын құшақтап «құлың болайын, бұл жақсылығыңды ұмытпаймын» деп шын жылады. Әлімғазы өзін оны босатуға итермелеген Ұлы күшке сүйінді.

 

                                                         

***

 

 

1968 ж. Маужыраған көктемнің күні. Тамылжыған 17 мамырдың тыныштығын бұзып, азанмен аз ұлт жұмысшылары, студенттер мен интеллгеция өкілдері қолдарына «Ұлыхандық шовинизім жойылсын!», «Ваң Эньмао жойылсын!», «Чжан Сицинь жойылсын!» деген ұрандармен плакаттар көтеріп, топ- тобымен Шыңжаң университтіне жинала бастады. Бәрі ашулы. Мемлекеттік ет комбинатына апара жатқан үш мың қойды жолдан бұрып, Шыңжаң унверситетіне айдап келіп сойып алды.   

 

Жаңа туған бұзау арыстаннан қорықпайды. Әлімғазы, Қалибек, Амет, Юсуп Айтан, Ташмабет, Әлімбек бастаған студенттер амалсыз қызыл туды көтеріп, қызыл туға қарсы тұруға бел буды. Үлкен залда жиналыс өткізіп, 29 мамырда Ваң Эньмаодың «ұлы қытай шовинизіміне»қарсылық тантуға көшеге шығып, митингі өткізу шешімі қабылдады. Қаладағы қытай содрлары ең көп жиналған Гаожун орта мекебінің алдында өткізуді жоспарлады. Комисся құрылып, қызу дайындық жұмыстары басталды. Сол күннен бастап бүкіл Үрімжіде листовкалар мен дацзыбаолар қаптады. Отбасының амандығы үшін бастарын бәйгіге тіккен жұрт шындап кірісті. Кек қайтарудың алды деп білді.

 

Маоистер Чжоу Эньлайға «Советке байланған, қос жүрек, Отан тұтастығын бүлдірушілер 1962 жылғы 29 мамырда Құлжа және Шауешекте болған қанды уақиғаның 5 жылдығын еске алғалы жатыр» деп, жеткізді.  

 

Бұлар уақытын 26 мамырға өзгертті. Ресми Бейжіңнің «митингіге рұқсат жоқ» деген телеграмасын алып Шыңжаң әскери басқармасының үш полквнигі келді.

 

- Таптық күрес барынша шиеленіскен, тынышсыз қоғамда бұларың не? Митингі өткізулеріңе рұқсат жоқ.

 

- Сендер Чжоу Эньлайдың атын сатып отырсыңдар, Ваң Эньмаоды әшкерелеуге Бейжің қарсы болмайды. Біздің бұл ісіміз таптық күреспен еш қатысы жоқ. Біз халыққа уәде беріп қойдық, митингіге шығуды тоқтатпаймыз, егер күшпен таратсаңдар арты үлкен көтеріліс болады деп, үш әскри  шендіге сес көрсетті. Ал бұл ереуілден бүлік шықса өзіміз жауап береміз.

 

Ертесі түстен кейін олар қайта келді.

 

- Сендерді Бейжіңмен сөйлестірсек сенесіңдер ме?

 

-Жалғаңдар қанеки, өз шындығымызды айтайық.

 

-Уай, уай...

 

-Иа, біз «үш қызыл тушылармыз».

 

-Мен тікелей Чжоу Эньлайдың тапсырмасымен, көмекшісі Жоу Фың. Сіздер митингіні тоқтатыңыздар.

 

- Бізді Жоу Зұңли қолдайды. Сіз Чжоу Эньлай  емессіз.

 

1966 жылы бүкіл қытайда мәдениет революциясы бұрық ете түсті. Белсенділер барлық елді тегін аралады. Сол кезде Әлімғазы жанында екі жігіті бар мәдениет реформасына басшылық жасап отырған осы Жоу Фыңның қабылдауында болған.

 

Бүкіл қытайда жүргізілген «оңшылдарға қарсы күрес» Шынжаңға келгенде неге «жергілікті ұлтшылдарға қарсы күрес» болады?! Шынмен оңшыл қытайлар неге ақталып, аз ұлттардан ондаған мың адам ұлтшыл болып, масқара телпегін киеді, қамауға алынады?! осындай әпербақандыққа жол берудің себебін сұрап, Шыңжаңдағы асыра сілтеген дарақылықтарды тоқтатуға өтініш жасаған. Жалпы 19 сұрақ қойып сұхбаттасқан. Айтқан сөзінің бәрін қағазға түсіріп, өзіне қол қою өтініш жасағанда ат тонын ала қашқан қорқақ осы болатын, онысына қоймай сен айттың ба, қолыңды қой деп, тастай қатып зорға қол қойдырып, мәдениет реформасы басқармасының мөрін бастырған. Жоу Фыңды білетін бұлар «біз Чжоу Эньлайдың өзімен сөйлесеміз» деп шорт кесті.

 

Митингіні тоқтатыңдар деп, үш полковник бастапқы сөздерін қайталай бастады. Бұларда өз сөздерін қайталады. Жиналғандар «ұрамыз, соғамыз» деп, олардың үрейін ұшырды.

 

-Сендер Чжоу Эньлайдың өзімен сөйлестіріңдер. Екі сағаттай уақыттан соң қытай Премьері Чжоу Эньлай  телефонға шықты.

 

-Сендер ел реформасына көп еңбек сіңірдіңдер, Мао саясатын қолдадыңдар, бірақ осы жолы Совет ревизионистері мен Америка империалистері әзірлеп жатқан сыртқы күштерге азғырылып отырсыңдар, митингіге шықсаңдар, арты жаппай тәртіпсіздікке ұласып, қан төгіске апарады, Шыңжаң қаупсіздігіне үлкен қатер төнеді, сендерге сол керек пе? Митингіні тоқтатыңдар.

 

-Ал Жоу зұңлиды тыңдадыңдар деп, үш әскери шенді қоқилана қалды. Әлімғазы, Айтандар оңашаланып аз-кем ақылдасты.

 

-Ертең Жоу зұңлидың сөзін көшеге шығып халыққа жеткіземіз. Барлық іске өзіміз жауап береміз, тәртіпсіздік болмайды деп, аттан түссе де, үзеңгіден түспеді көздерінен от шашқан жас бөрілер.

 

Кеш бата телефонда тыным болмады. «Көшеге шықпаңдар!» - деп ақыл айтушылар көбейді.   

 

Қас қарая қалаға кіріп, шығатын жолдар жабылды, барық транспорт тоқтады. Көшеге халықтың шығуына тиым салынды. Биік үйлердің төбесінде автомат арқалаған әскерлердің қарасы көрінді, от оқ төгетін суық қарудың ұңғысы әр жерден үңірейе бұларды қас қақпай бақылады, бүкіл қала қоршауға алынды, титтей тәртіп бұзса түгелдей жамсатып салмаққа дайын тұр.

 

26 мамыр. Күнде табақтай болып көкжиектен көтерілді, азанмен қаладағы аз ұлт жұмысшылары, студенттер мен интеллгеция өкілдері, алыс-алыс аймақтардан келген ұзақ жолға жүк таситын палуан денелі көлік жүргізуші жігіттер қолдарына «Ұлыхандық шовинизім жойылсын!», «Ваң Эньмао жойылсын!», «Чжан Сицинь жойылсын!» деген ұрандармен плакаттар көтеріп, топ тобымен Шыңжаң университтіне тағы жинала бастады. Сақтықты күшейтіп, әр он адамға басшы қойып, «сырттан бөтен адам қосынға кіргізбеңдер қосынға, өз ұранымыздан басқа қандай да бір бөтен сөзге ермеңдер» деп, қатты шегеледі. Төбеде төніп тұрған әскерлер бізді атып ойнауға бір сылтау таппай тұрғаны шындық. Тәртіп бұзатын адамды бұлардың өзі айдап салуы да мүмкін, қатты сақ болайық деп Әлімғазы тоқтағанда, сөзді жалғаған Айтан қандайда бір тәртіп бұзушы болса, сол жерде ұстап байлап тастаңдар деп шегеледі.

 

Жүрістерін бір пысықтап, митингіні бастап кетті, екі жүк машинасының үстінде «үш қызыл ту» ұйымынның басшылары Әлімғазы, Қалибек, Амет, Юсуп Айтан, Ташмабет, Әлімбек ұрандап жүріп отырды, қалған ел түгелдей жаяулап айқайлай ерді. Көшенің әр жерінде бірнеше бұзғыншылар қосылды, сол сәтте оларды байлап-матап тастады, аса үлкен жауапкершілікпен Нанмін көшесіне барып алаңда Чжоу Эньлайдың сөзін халыққа жеткізіп қайтты. Қатты дайындалған қарулы топ тиісерге қара таппай тісін қайрап төбеден түсті. Күнде қиғаш қарап төбеде тұрды.

  

                                                          

***

 

 

Күнделікті «үш қызыл тудың» қабыдау кеңсесіне келіп көз-жасын төгіп, ботадай боздаған қара халық пен жұмысшылардың легі бір сәтке  толастамады. Қара нөпір адам.....Әлімғазы екі иығын қомдап ұшатын қарғаша, жұмсақ орындықтың үстінде мазасызданады, қысқа саусақтары мен қайртты шашын салалай қайта-қайта тарайды. Есіктен алып денелі, ақ сақалы кеудесіне түскен, қаря кіріп келді, жүзінен нұр тамады, құдды көктен түскендей....Бөлменің іші жарықтанды.

 

-Балам, жағыдайларың қалай?

 

-Ата, қазақша айтсақ жақсы, қытайша айтсақ жаман.

 

- Сендер өзі не істемексіңдер, мақсаттарың не?

 

-Бізде басқа жоспар жоқ, «Төрт көнені жою» деп қазақтың домбырасы, ұйғырдың дуттарын шақты, ұлттық аспаптардың барлығы «сары дыбыс шығарады» деп жаппай жинап өртеуде, ал қытайдың ұлттық аспабы арһу, пипа төрт көнеге жатпай аман қалды. Аз санды ұлттардың барлық ұлттық киімдері, ұлттық тұрмыстық құрал-жабдықтары дерлік өртелді, ақсақалдардың сақалын күшпен қырып тастады. Советтен келген кітаптардың барлығын тау-тау етіп өртеді. «Төртті анықтау» деп, таптық күрес ол ұлттық күрес деп аз санды ұлттарды күштеп қытайластыру өрістетілді, зор қытайшылдық ашық көрінді, зорлау, тонау, ату-шабу жергілікті атқа мінерлердің қолдауымен дағдылы әдетке айналды. Ваң Эньмаодың зор қытайшылдығы- аз санды ұлттарды найзаның ұшына шаншыды, жоспарлы түрде қытай емес ұлттарды ұлт ретінде жою. Осыған аз болсада қарсы тұру. Ваң Эньмаоды құлатсақ, басқа бір ұлық келсе, одан сабақ алып, елдің жағыдайы жақсара ма деген ой....

 

-Мақұл, Ваң Эньмаоды құлатасыңдар, тағы бір туысы келеді, сонда не өзгерді...

 

Балам, менің сендерге, халыққа жаным ашып келді. Біз азды-көпті дүние бастан өткердік. Темір, Қожя Нияз, Шығыстүркістан, Оспан көтерілісін көрдік  бәрінің соңғы тағдыры не болды. Қызыл қытай келгеннен кейін Шыңжаңның жағдайы бәрі көз алдымызда өзгерді. Басқа мақсаттарың бар-ау шамасы? Сөйлеген тек тілің ғана болды, мен жүрегіңнің соғысын байқадым.

 

Сендер айтпайсыңдар білем. Әлімғазынң жабық жанары жарық етіп, бойына ток жүре бастады.

 

Сен жастарға қазір бәрі оңай сияқты көрінеді, шын мәнінде оңай дүние жоқ, мына Үрімжі қазанның шұңқыры сияқты қала, айналасы тақыр тау, еш қайда қашып құтыла алмайсыңдар. Бұндағы қытай әскерін көрдіңдер, қыбыр етсең еш аямайды. Халықты арандатып, құртасыңдар. Сендер «отанды құтқару радиосы», «Совет одағы» қолдайды деп ойлайсыңдар, оларың бос қиял. Еш уақытта арғы ақ орыс, бүгінгі қызыл орыс қазаққа, Шығыс Түкістанға шын пейілімен көметкескен емес, көметспейді де, оған сенбеңдер. Олардың өз есебі өзінде, сендерді керек кезде пайдаланады, керек емес кезінде лақтырып кете береді.

 

1945 жылғы ақпандағы Ялта келісімінен соң Сталин Шыңжаңды кімге қалдыруды қатты ойланды...қырсықтау, өз айтары бар, Американың итаршысы Жан Кайшиге қарағанда Маузыдұңды қолдау өте тиімді деп түйді. Сызған сызығымен жүретін қызыл қытай өзінің отар еліндей болады, оның үстіне социалистік лагер жарты миллиард қытаймен толығады.

 

Шығыс Түкістан үкіметін Сталин кезінде қара қытайға қарсы қойып, барлық базасын өзі жабдықтасада енді Шығыс Түркістанды, үш аймақ армиясын бейбіт түрде тарату үшін қызыл қытаймен сұмдық залым ойларға табан тіреп, Ахметжан Қасыми бастаған Шығыс Түркістан көсемдерінің көзін жойды.

 

Сталин Шыңжаңдағы әскері мен ауыр қару-жарағын бір түнде алып кетті. Шыңжаңның бос қалғанына бүкіл әлем көз тікті, қара қытайда, Оспан да, Ма Бупаң да ол аумақты ұстап тұра алмайтыны айтпаса да белгілі. Америка, Англия әскерін кіргізуге дайындала бастады. Басқа бір ел Шыңжаңға кірсе оны шығару соғыстан шаршаған орысқа оңайға түспейді.

 

1945 жылың тамыз айында Сталин Манжурияны Жапоннан азат етті. Өз Премьер министрі Молтовты қытайға жіберіп, Контон армиясының барлық қару жарағын Мау Зыдұңға сиға тартті, қызыл армиясымен Шыңжаңға кіруді айтты. Алып елдерге Шыңжаңға кіру оңай болғанмен, қызыл қытай әскеріне Шыңжаңға кіру қиынның қиыны. Жаң Кайшидің батыс солтүстігін (Шыңжаң мен Тибиіттің) тыныштығын сақтау үшін қаруландырған Дүңген Мабу Паңның 70 мың адамдық атты әскері  оларды қылыштан өткізеді, одан бері Қазақ  баһадүрі Оспан сарбаздары аждаһадай аузын ашып тұр, Манастың түбінде Шығыс Түркістанның үш аймақ армиясы тағы бар, бұлардың бәрі Шыңжаңға келетін жаяу-жалпы, жеңіл жаудың бетін қайтаруға әбден жеткілікті. Жол ұзақ 1000 километр шөлді қағыр даланы кесіп өтеді. Молтов екінші рет қытайға келді. Чиң патшалығы кезінде өздері орнатқан Гансу мен Құмылдағы әскери базаның ұшақтарын және 100 жүк машинасын берді, жолдағы жаулардың төбесінде соғыс ұшақтарын ойнақтатып, қытай қызыл армиясын Шыңжаңға бір жетіде күшпен кіргізді. Шыңжаңның жаңа қожасы қызыл қытай осылай келмеді ме. Қазіргі жағыдай өзіңе белгілі. Басқа жоспарларың болғанда да іске аспайды, бұлай тәуекелге бармаңдар. Сендердің бұл істерің өте қатерлі, отпен ойнап отырсыңдар....

 

Мейлі, балам, маған сенбесең, сен сенгенде де мен ештеңе істеп бере алмаймын, мен айттым, мойнымдағы қарыздан құтылдым деп, бұрылып кете барды...

                                                    

 

****

 

 

Әлімғазының  тұла бойы  бір ысып бір суыды....Жан дүниесі астаң-кестең күй кешті... Сол түн түс көрді.... Жанында бір топ адам бар Әлімғазы Сайрам көлінің жағасында қашып келеді, батыстан долы боран ұйтқи соғып, көзге құм ұшырып, әлей-дүлей болды да кетті. Артынша бұрқасындап қар жауды, аяз қысып, судың бетіне қалың мұз қатты, кенеттен шығыстан пайда болған қара бура жынын шаша тұра қуды. Атасының «жараған бура қуса тауға қашыңдар, жазықта жан қалмайды» деген сөзі есіне түскен Әлімғазы «жігіттер тауға қашыңдар, тауға қашыңдар» деп айқай салды. Барлығыда жан-дәрменімен тауға қашып, құтылды. Естерін жиып, айналасына көз салды. Бура көрінбеді. Етекке түскені сол бұғып жатқан бура алда келе жатқан Әлімғазыны бас салды. Әлімғазы екі шабының арасына тез сырғып үлгірді. Кеудесімен жерді езгілей бастады. Өзімен өзі алысып әбден шаршады, ақырын сытылып шығып, жолдастарына қосылды. Ақ қар көк мұздың үстінде дірдектеп келе жатты. Бір кезде қарлы боран тоқтап, күн шығып, мұз еріп, қызғалдақтар жайқалып, жер беті масатыдай құлпырды. Гүлден-гүлге көз салды, сондай рахаттанды, кешегі қалың қар, соқыр тұман артта қалды. Өмір қандай тамаша деп ән салды!!! Кенет алыстан талықсып, жағымды скрипка үні құлаққа естілді, көз ұшында ақ боз үй көрінді, сол жаққа қарай аяңдады.... Әлімғазы кіші әкесі Әріптің скрипкада отырғанын көрді. Қауқылдасып амандасып, қымыз ішіп жатып оянып кетті....                               

 

Күнделікті әдетімен «үш қызыл ту»-дың қабылдау кеңсесінде түнде көрген түсінің байыбына бара алмай, мазасы кетіп Әлімғазы отырды..... Нұрлы жүзді, ұзын бойлы, ақ сақалды шал келді. Алдыңғы келген кісіге қатты ұқсайды.

 

- Ата, түс жори аласыз ба?

 

-Көрейік.

 

-Түсін толығымен тәптештеп айтып шықты.

 

-Ой, балам, сендердің алдарыңда сұмдық қиыншылықтар күтіп тұр, бірақ арты жақсы болады екен.  

 

 

****                                                               

 

 

Тасқорған. Бала кезде бұлдыраңдай шауып ойнаған таныс өлке, таныс маң, өзінің үш бөлмелі қоржын там, ортаңғы бөлмеде асыр салған қозы-лақ, тоқтаусыз маңырайды, жер ошақ, мама ағаш. Әкесі Дәулетхан жирен қасқа атқа мініп, үлкені Әлімғазыны торы тайға,  қалған үш баласын кері, жирен, күрең тайға жайдақ мінгізіп, олармен балаша шоқырақтап, жарыса Бестөбеге тойға асығып келеді... Хунвэйбиңдердің ащы айқайы онын тәтті түсін бұзды.

 

Үрімжі, мұнарда, мұнар ұзақ түн. Қала шырақтары өлез сәуле шашады, жер тепкілей кетіп бара жатқан қалың қытай елге үрей туғызып, бір келкі дауыспен көкті жара айқайлайды...

 

Көңілден жырақтаған, келмеске кеткен алыс- алыс жылдардың аржағында қалған «қыз кезін» Әлімғазы есіне алды.

 

Көзілдірік таққан ұзын бойлы, арық сары сынып жетекшісі Мөңкібат ағай күндегідей сабаққа кірді. Жоқтама жасап, мұғалім үй жұмысын санап өткізіп алды. Үй тапсырмасын орындамаған Асқар бұрышта екі қолына екі керпіш көтеріп жылап тұрды. Сабақ толығымен Мау Зыдұң үзіндісін жаттау болды. Әр балаға «25 тышқан, бір жылан, қара торғайдың 10 жұмыртқасы» әкелесің деп үй тапсырмасын береді. Әлімғазы түнімен істік темірмен тышқан аулады, қара торғайдың көзіне түнде поржектр салды, түк көрмей бақырайып, өзіне қарап жатқан оны оңай ұстады, ал жыланды бутлкенің аузын ашып, ақырын айдап кіргізді. Мектеп оқушылары қолдарына сыпыртқы алып, «төрт зиянды жәндікті жоямыз» шыбын-шіркейді қуып жазды өткізді....

 

Тамыздың көбі кетіп, азы қалды, аспан ала бұлтты. Тау басына қар түсіп, түн суыды. Шегіртке шырлын өзгертті. Екі дәу қара жігіт алақ-жұлақ етіп, ит қуғандай алқына келді.

 

-Балаңызды бізге бір жетіге бересіз, тау жолын жасауға көмектеседі. Бұл ауыл бастығының бұйрығы. Әкем үнсіз мақұл болды. Балаларды алдарына салып, түнделетіп жаяу айдап, тау басына алып шықты. Қара қостан оянған Әлімғазы қара көже ішіп, азанмен жұмысқа кірісті. Өз отбасыларыңның үлесі деп тақыр бас, шүңірек көз қара жігіт ересек адамдармен бірдей етіп, бір күнге он метр жерге жол жасауды тапсырды. Ауыр жұмыс, қабырғасы қатпаған бүлдіршін, әбден діңкеледі, тас қопарар қайла, лом темір мен шой балғаны мүлде қозғалта алмады. Бір күндік жұмысты бір жетіде мұрнынан тіреліп зорға бітірді. Қара сирақ белсенділер «Жуандардың баласы» деп мазақтай аспандата күлді. Әр апта соңында «спутник ұшырғандар» деп, жоспарды асыра орындағандарды мадақтады. «Бір аптада келесіңдер деген» соң бір киммен келген бұлар әбден биттеп, аштық пен суық сорып, құр сүлдері қалды. Желтоқсаның үскірік аязы басталып, жерге қатты тоң жүргенде, амалсыз алдарына салып айдап әкеліп тастады.

 

Шылбы тұңғыш немересі Әлімғазы туа сала Күнболаттың Асқарбегінің қызына бесік құдаласыпты. Бір күні құдалар келді. Ойын баласы қалыңдық бірге келіпті миығына түсіріп үкілі құндыз бөрк кигізіпті, ол сондай бір сүйкімсіз көрсетіп тұр. Қалың барқыт мешпеті тіптен қорбиады. Әлімғазыға ыржиды қарап, ұялып төмен қарап жер шұқыды. Бір шайдан соң бір топ бала мама ағашқа жармасып ойнады. Қалыңдық екі жас үлкендігін көрсетіп, ағашқа бірінші өрмелеп шықты, Әлімғазы да астында тырмыса бастады. Басынан теуіп жерге ұшырып түсірді. Тұра сала Әлімғазы аяғынан қанша тартса да дәу қызға еш шамасы жетпеді. Әлімғазы болашақ қалыңдығын қатты жек көрді. Бұл жек көру есіне түссе, әліге дейін ашуын келтіреді.

 

Қонақтардың қолына су құйған Әлімғазы басқаға ұқсамайтын арық қара кісінің дүңкиген жотасын байқады. Кеш бата сол бүкіш адам жүрелеп отырып зулатып, Қобыланды жырын оқығанда қаумалаған қалың ел оның аузына кіре жаздады. «Әулие қоймай қыдырып, етегін шеңгел сыдырып Алладан бала сұрады» деген жерлеріне келгенде Байбөрі мен Аналықтың өзі сөйлеп тұрғандай күй кешті отырған ел. Арқасы қозған ол арқырап есікпен төрге неше мәрте сырғанап барды. Жырдың ішіне еніп кетті. Қараманның «қатыныңнан қорқады екенсің» деген сөзінен кейінгі Қобыландының ашулы бейнесіне шындап кірді. Орнынан атып тұрды, жотасы жазылып кетті, кәдімгі Қобыланды өзі үйге кіріп келді. Тайбурылдың тұяғынан ошқатай болып жер ойылды... үйдің іші шаңға бөкті... Арқырап шапты-ай келіп. Жағы талмай таң атқанша қырымның қырық батырнан жетуін тірілтті. Басқы тауық шақырғанда балалар тұрмақ үлкендердің өзі ұйқыға кетті, баладан жалғыз Әлімғазы қалды. Екі жағын таянып, кино көргендей тағы айта түс деп көзі бақырайып екпеттеп жатты...

 

Мектепте Нұрсиламен парелел сыныпта оқыды. Балалар оны сүйреп Әлімғазыға, Әлімғазыны сүйреп оған апарып, қосақтап әбден мазақтайды. Қалың малын онбес жыл бойы ақырын-ақырын беріп отырды. Соғым, тағы басқа тапқанды ауыздан жырып береді. Әлімғазы «Үйленбеймін, оқимын» деп еді. Шешесі «әкең естісе өлтіреді» деп есін шығарды. 1958 жыл жыртыс тойға ел жиналды. Артынша  Дәурен деген нағашы ағасы күйеу жолдас, әрі қарауыл болып, қыз жаққа ұрын барды.... Қыздың жеңгелері қазақтың қаймағы бұзылмаған салты бойынша арқан керіп, сыңғырлай күліп қарсы алды. Әлімғазы ішінен қашып кетудің жолын іздеді. Той басталды.

 

Түн. Қыз бен жігітті оңаша қалдыратын сәтке де жетті. Күні бойы тас кенедей жабысып, екі елі айрылмаған Дәурен қыздың бір жеңгесімен әңгімесі жарасып басы айналды. Сол сәтте Әлімғазы кермедегі атына мініп, аудан орталығына қашты. Сол жылдың күзінде үлкендердің зорлап, айдауымен Әлімғазы некесін қидыруға аудан орталығына барды. Некеге қол қоятын кезде, тысқа шыға үйді айлана атқа мініп, қашқан Әлімғазы жүргелі тұрған баронға жетіп үлгірді, осылай екінші рет құтылды. Сол кеткенен оқуға бірақ кетті.

 

                                              

****

 

 

Шыңжаңда әскери билік ауысты. Мау Зыдұңның «зиялы жастарды ауылда қайта тәрбиелеу»деген ұранымен студенттер ауыл-қыстаққа еңбекпен  тәрбиелеуге қуды. Шыңжаң унверситетінің студенттері дерлік Оңтүстік Шыңжаңға бөлінді, «үш қызыл тудың» екі басшысы Амет, Юсуп те Өңтүстікке кетті. Үлкен арманға өздерін байлаған Әлімғазы, Қалибек, Айтан, Ташмабет, Әлімбектер қолдарынан тек қана мал бағыу келетінін айтып, Солтүстік Шыңжаңның Бортала монғол облысы, Арасан ауданы Аққой кенітіне жолдама алды. Қой бағып, жылқы қайырып, еңбекпен тәрбиелене бастады... Жатса да-тұрса да ұлт азаттығы деп, халықтың қамын ойлаған Әлімғазы, Қалибек, Ташмабет, Әлімбек, Айтандар түн жастанып, үш ауданды аралап, елді азаттық сеніміне жетелеп, өз ұйымдарына мүше қабылдады. «Көтеріліс ұшқыны бүкіл Шыңжаңды шарпиды, Шыңжаң азат болады» деген нық сендірді. Әлімғазы Үрімжіге, Айтан Құлжадағы бөлімшелерге барып Борталаға оралды. 19 ақпандағы қарулы көтеріліске Бораталаның үш ауданда астыртын дайындалды. Жүз адамдық басшылық алқасы сайланды. Әскери полктарға қалай шабуыл жасауды жоспарлап, атысқа сақадайланды. Жер-жерден көтерілске қатысуға адамдар көптеп жиналды. 12 ақпанда Үрімжіден екі адам келді, олар қытайлардың көптеп көшіп келіп жатқанын, әскердің саны еселеп артқанын айтып «Совет одағымен байланыс құрмай, көтеріліс жасасақ, босқа қырылып кетеміз» деп ақыл салды.

 

Айтан, Қалибек, Ташмабет, Әлімбектер ескі Шығыс Түркістанның  поролдарын алып, Совет одағына аттанатын болды. Жер-жерден келгендер өз жеріне қайтты.

 

Тұрпаннан келген Әлім Нияз: «Мен кетпеймін, сендермен бірге боламын, азаттық жолында жан пида»-деп қарыс табандап жатып алды.  

 

- Сен бөтен адамсың, үкімет адамдары көрсе қиын болады. Айтандармен бірге Советке бар деп Әлімғазы ұсыныс жасады.

 

-Әлім Нияз сен атқа мініп көрдің бе?

 

-Тоқсыннан алтын таққа бір хатым барған - деп ұйғыршалады.

 

-Ол қаншалық жол?

 

-Бір сағаттық жол. 15 шақырым.

 

- Тоқсын мен алтын таудың арасы сияқты жазық жол емес, тау жолы. Сен жүре аласың ба? Деп Айтан сенімсіздік танытты.

 

-Нем бопты, жүре алмай....

 

Әлімғазы үнсіз жымиды. Таң ата аңшы Тұрсын Чекет жол бастап, Айтан бес жігітімен қарлы боранда жолға шықты.

 

«Ауданның бас дәрігерін ұстап кетіпті», «почташыны ұстап кетіпі» деген суық хабар дүңк-дүңк етіп, ел ішіне тарады. Қарлы боран батыстан бетке ұрады. Әлімғазы Шайтан арбасының шынжырын жөндеген болып, айналасына сақтықпен қарап, Бораталаның батысындағы Таңнұр бөлімшесінде тұратын шалдың үйіне келеді.  

 

Тау жақтан бірнешеудің қарасы көрінді. Бұл кім? Зер сала қарады. Жақындағанда тани кетті, өзінің кеше кеткен Айтандары.

 

-Не болды, тыныштық па?

 

-Ой, әкеңді, анау сенің үкілеп қосқан Әлім Ниязың тарттырды. Ашудан жарыла жаздаған тығыршық денелі дәу қара Айтанның екі беті суықтан одан бетер қарайып, домбығып ісініп кетіпті.

 

- Әне, оны арқалап келеді.

 

Ашуының алды бар, арты жоқ Айтан бір шайдан соң жадырап, болған жайды баяндады...

 

Жарты күн жүрген соң Әлім Нияз «ой жан, мағдырым қалмады» деп, ыңқылға басты. Артқа мінсе, кұймышағы ойылып, ойбай салады. Алдыға оңгерсек іші ауырды, ерге мінгізсек көтені қанап тоқтамады. «Мен азаттықтың алғашы құрбаны болайын, атып кетіңдер» деп, өкіріп жылап қоя берді. Айдың күннің аманында қалай қолың қиып, атып кетсің бұл итті. Осымен итшілесіп, жүргенде таң атып кетті. Қайта бағымзға, құлаған қоржалыққа жетіп, күні бойы сонда тығылдық. Бұл ит аз шыдағанда, шекардан түн жастана өтіп кетер едік. Әскерилердің қойы да бізге қарай жайылып тоқтамады, бізде ақырын тас лақтырып, үркітіп отырдық. Түсте қытай қойшы келді. Біздің үніміз ішімізге түсіп, қалшылдап кеттік. Қайта ол тамға кірмей кері қайтты. Зорға кешті батырдық. Содан келе жатқан түріміз осы. Айтан, Қалибек, Ташмабет, Әлімбектер бір күн дем алып, кеш бата Әлім Ниязды тастап қайта жолға шықты. Сол кеткеннен олар еш хабарсыз кетті.

 

Әр күні жасырын ел ұсталып жатты. Бір кеште Әлімғазы сенімді досы Шамсидин екеуі серт беріп ұйымдарына мүше болып, енді елдің ұсталуына себепкер болып жүрген сатқын Мәметтің үйін аңдыды. Меңеру түн. Аспанда жұлдыздар жымыңдайды, алыстан үрген иттің даусы талып естіледі. Айнала жым-жырт, өлі тыныштық орнады, барлық елдің шамы сөнді, шолпан туды. Шамсидын баспалап Мәметтің үйіне жақындады. Келіскендері бойынша Әлімғазы сыртқы күзетте, Шамсидин жеткен соң жарық жағып белгі береді, сол кезде Әлімғазыда жетеді. Аралығы жүз елу метірдей жер. Еш дыбыс жоқ. Белгі жарықта жанбады. Шамсидин да қайтып оралмады. Әлімғазы досы кешіккен сайын күдіктенді. Сертке берік ол тапжылмай көп тұрды. Таң ата амалсыз кері қайтты. Сол кеткеннен Шамсидн зым-зия жоғалды.

 

Әлімғазы мен Әлім Нияз сақтықты күшейтіп, Айтанның сыныптасының үйінде жасырынып жатты. Киім тігетін ұзын бойлы үй иесі ентіге есегімен жетті.

 

-Сақшы қалмақ маған зұңзиып қарайды.

 

-Зұңзиып қараса не бопты?

 

-Біліп қойған сияқты.

 

-Біліп қойса, саған зұңзимай-ақ келіп ұстай салмай ма бізді. Қорықпа.

 

-Еріншектене үйден шыққан ол, бір сағатта тағы қайта оралды.

 

-Менің тігінханамның алдынан сақшы қалмақ тағы шауып өтті.

 

-Өтсе не бопты.

 

-Қатын-балам бар ғой...

 

-Ой, бар болса не болыпты. Былжырамай жұмысыңа бар, тыныш істей бер.

 

-Жарты сағаттан соң Қара сарт тағы келді. Менің тігінханамның алдынан сақшы қалмақ қайта шауып өтті. Бала-шағаның аманында үйді босатыңдар. Ұсталсақ бірақ құримыз.

 

-Біздің суретіміз әр жерде жапсырулы тұр, қазір тапа-тал түсте шықсақ, бізді бас салмай ма? Неде болса да, қас қарая шығамыз. Болмаса, өзің сол сақшыны бастап келіп ұстат. Қазір шықсақ сен ұстаттың не, олар ұстады не бәрі бір. Үй иесі көнер емес. Түпкі бөлмеге ертіп кірген Әлімғазы маузерді жұлып алып, енді көнбесең басыңның түтінін шығарам деп, сес көрсетті.

 

Жан дәрмені қалмай қол-аяғы дірілдеп кетті. Ондақ қылмаң, ой-ай жан, қатын-балам бар ғой.

 

-Сенің бүйткен қатын балаңды. Бұл ұйымға біреу сені зорлап кіргізді ме? Алда үлкен-үлкен жұмыстар бар, сен осындай болымсыз істе қорқақтық танытсаң не болғаның. Өзіңді сергек ұста. Есіңді тез жи.

 

Бүйте берсең өзің бүлдіресің. Қорықсаң, кеш батқанша осында қозғалмай отыр.

 

Кеш бата Әлім Ниязды ертіп, Әлімғазы жолға шықты. Таң нұрындағы шалдың үйіне күтіп жатқан Абдырхман мен Мақсұтты ертіп ақ қар, көк мұзда, Айтанды іздеп жолға шығауға келді....Алда, қиын сапар...

 

Түн.

 

-Мына үйдегі кісілер маған дадамдақ, анамдақ(әке-шешемдей) болып кетті, бір хош айтсам деп, кер ауыз сары Әлім Нияз тоқтай қалды.

 

-Ай Әлім, сен не оларға Советке кетіп барамын деп, айтасың ба сонда?

 

-Иақай(жоқ), бір хош айтып кетей, анамдақ, дадамдақ....

 

-Біздің жанымыз шүпіреке түйулі, сен сол анамдақ, дадамдақты қойсаң...

 

Анау сөзін қайталап көнер емес.

 

-Жақсы онда, ертең азанда кездесейік. Бізге жол бастайтын аңшы, осы үйдің көршісі, содан қалмай ерте жет.

 

-Қайыр әмсе, қайыр әмсе, қайыр әмсе деп Әлім басқаша қоштасты.

 

-Ертең кездесеміз-ғой, не болды сонша өзеленіп.

 

-Қайыр әмсе деп, құшақтаса қоштасып қала берді. Әлімғазының өне бойы бір суықты сезді.

 

Әлімғазы Таңнұрыға жетіп, Абдырахман мен Мақсұттың жанына жатып, азанмен шалдың баласын есекке мінгізіп, «Әлім Ниязбен бізге жол бастайтын аңшы шалды шақыр» деп жұмсады. Аяғын есекке сүйреткен еңгезердей жігіт барған сайын алыстап, алыстаған сайын кішірейіп, артынша көрінбей кетті. Бірер сағатта келетін ол жоқ, сарыла күтті. Есегі де, өзі де болдырыңқы, тірі өлік болып, үрейі ұшып кеш бата жетті.

 

- Құрыдық, бәрі бітті.

 

- Соншалық не болды.

 

-Асықпай айтшы.

 

-Түнде Әлім Нияз сізден бөлініп, ана үйге барғаны сол солдаттар келіп тінту жүргізіпті. Үй иесі жан таппай Әлім Ниязды даладағы ошаққа жағатын сабанның ішіне жасырыпты. Үйді ілезде ақтарып шыққан олар даладағы сабанға мылтықтың найзасын бырсылдатып ұрғанда «ой жан» деп Әлім Нияз шыға келіпті. Ал көршісі аңшы  қашып кеткен бе, әлде қолға түсті ма ол жағы белгісіз?

 

Одан шығып Шейх қажыға бардым. Олда есі шығып отыр, тез жоғалыңдар, мынадай жағыдайда келмеңдер, тірідей өлеміз. Сендерге жол бастайтын адам жоқ, өздерің бір амалын табыңдар деп безілдеп отыр.

 

Бүгін түнде тінту болады екен. Сақтық жасаған Әлімғазылар ауыл сыртында далаға түнеңді....сол түн әдеттегі түннен ұзақ және сондай сақылдаған сар аяз болды. Бұлар қатып қалмауы үшін, көз ілмей бастарын бүркеп, арлы-берлі секектеп жүріп таң атырды. Азанмен ұзын тұра жігіт: «Тыныш болды, бізге тінту келмеді, қалада бірнеше рет оқ атылды, оның не үшін атылғанын білмедік, жүріңідер» деп шақырып келді. Тағы сақтық жасап бұларды есек қораға кіргізіп таңғы ас берді, астына сабан төсеп, үстеріне көрпе жамылып ұйқтады. Кеш бата Абдырахман, Мақсұт, Әлімғазы үшеуі «бір жол бар жақын, жақында болса алыс. Бір жол бар алыс, алыста болса жақын» деп, өздері жақсы білетін алыс жолды таңдады. Сексен шақырым жерде Арасан бар соған жетсек, тау жақын, ол жақты бір шама білемін деп, Әлімғазы жол бастады. Мұнда жақын дегенімізбен өзіміз барып, қытай шекарашыларына ұсталып қалармыз. Түнде жүріп, күндіз көпір астына тығылып жатты. Түнде жолға шыққан бұла араларына жүз метірден аралық тастап, қалың қарды сықырлатып, аязда бүрсектеп бір түн жүрді. Әлімғазы екі жолдасын көпір астына қалдырып, жолда ат бағатын Айтанның нағашысына барды.

 

-Аға ат берсең.

 

-Ойбай, маған жоламаңдар, мені бір монғол сақшы күзетіп жүр, қызым қызуы көтеріліп ауырып жатыр, соны дәргерге апаруға қорқып отырмын.....

 

Таң қараңғылығында Айтанның үйінің тұсына да жетті, анадайда түтіні будақтап, қара үй тұр. Айтанға бара жатқандарын айтып, әке-шешесінің сәлемін ала баруды ойлады, баруға қорықты, ол үйді күзетіп жүрген әскер болуы әбден мүмкін, амалсыз жаман тамның ішінен көз салды. Айтан үйленгенде қалыңдығын алысып, Әлімғазы Үрімжіден бірге келген. «Балама дос болсаңдар, маған да баласыңдар» деп, еңкіш тартқан әке мен шеше қуаныштан жарылып, ұлан-асыр той жасап еді. Әлімғазы әуелете ән салып, отырғандарды таңдандыра таң атырған. Қайран бейбіт түндер-ай. Естен кетпес тамаша күндерді сағына есіне алды. Үш айдың алдында Бораталаға бөліс бойынша келген Әлімғазы жанында Шамшидін деген досы бар екеуі қонақ үйде ашщы суға қызара бөртіп, атасынан қалған әнді аспандата шырқап, шалқып отырғанда, дәу қара қытай бастап есікті теуіп кіріп, жуан жұдырығын түйгенше, Әлімғазы ұйғыр досы берген беліндегі сар пышақты оңды-солды кезеп, бірнешеуінің тізесін жаралады. Сыртта айқай-шу үдей түсті. Терезеден қашып шыққан екеуі, кетіп бара жатқан есек арбаға жармасып Айтанның  осы үйіне келіп тығылған. Күнде жиын, күнде той, дыр-думан қызық сонда болған. Сұңғақ бойлы, қыр мұрынды, қара торы қыздың ән салғандағы сұлу бейнесі, екі ұрты, шидейін ерні, алма мойны, қолаң шашы бәрі-бәрі әлі есінде... қос дауыспен Әлімғазы екеуі жараса таңға дейін кең даланы әнмен тербеп еді. Қайран күндер..... көз алдында шұбырды. Байлықтың үлкені тыныштықтан екен-ау.

 

Күн ұясына бата жолға шығып, ел орынға отыра Қарабұқа ауылына жетті. Бұнда танысы Бүркіт деген жігіттің үйіне баруға ниеттенген Әлімғазы екі жолдасын көпірдің астына отырғызып «менен хабар болмай қозғалмаңдар» деп жолға шықты. Бисмилла деп Қарабұқа кірді, үйлердің арасында тездетіп келе жатты, тура алдындағы үлкен дарбаза ашылып, ішінен қалың сау етіп шыға келді. Әлімғазыны қалың топ жұтты, жітірмелтіп кетіп барады, бір дәу қара қытай тесіле қарады. Ой тәубе, бағана ғана Айтанның үйінің жанында «сағына» еске алаған дәу қара қытайдың дәл өзі. Үрейі ұшты, әлі құрып, аяғынан жан кете бастады. Бар күшін салып, тездете зулап, топтан шыға берді. Артынан біреу «тоқтаң, тоқтаң» деп ұйғыр тілінде даусын көтере өкшелеп қуып келеді. Әкау, бұнысы кім? Ақырын қарады, жаңағы қытай емес, сұлбасы мүлде басқа, бөтен адам. Тонының етегі желпілдеп, өзінен бұрын алдыға ұшады. Ай жарқырап тұр. Анау өкшелеп келеді, Әлімғазыда қашып кетер шама жоқ.  Жаман тамға жетіп тоқтады. Маузерін оқтап, беліне қысты. Жағыдайға қарайын, болмаса от оқты өңменіне қадайын деп дайындалды. Артынша кірген сақалды еңгезердей  қара сарт ентіге сөйлей бастады.

 

-Ой балам, сен қайда кетіп қалдың?

 

-Сіз кімсіз, мені қайдан танисыз?

 

-Сен біздің Аққойдың тоғызыншы бөлімшесіне келген студентсің ғой. Мен сондағы сүнжаң(кент басшысы). Әлімғазының бойына аздап жан кірді.

 

-Мен Ілеге үйге барып едім, Талқының асуын қар басып қалыпты, содан жеткенім осы.

 

-Менің айғырым бар соған мінгес, кеттік.

 

-Менің анда жүгім бар. Өтіріктен алысқа қолын шошайтты.

 

-Жүгің мен қосып алып кетемін, сені іздеп жатыр.

 

-Ертең өзім барам, сіз жүре беріңіз. (Ат шаптырым жерде бір трактор түтінін будақтатып тұрды) мен ана трактормен ертең барамын.

 

-А...иа, ол біздің Аққойдың тракторы, онда сөйт, кешіпке....

 

«Шалдың ажалы жоқ екен, мені де Алла бір үлкен күнадан сақтады-ау» деп күбірледі. Тракторды көрсетіп, аузына сөз салған Жаратқанға сүйінді. Іздеген үйіне жетті.

 

-Ассалаумағалайкум деп, үйдің ішіне құлаш-құлаш суықты ала кірді. Бейуақта бұл кім? деп тіксініп қалды үйдегілер. Бүркіт, Әлім аға деп, тани кетті.

 

Арасанға жаңа барған Әлімғазыны Арасанда мұғалім болып істейтін  бір ауылдасы қонаққа шақырған. Сол жерде осы Бүркіт қалыңдығымен тағы бір екі-үш жігіт барлығы дастарқандас болған. Әлімғазыны Әлім деп ауылдасы таныстырған. Ол әуелетіп ән салғанда отырғандар оның аузына кіруге шақ қалған. Әсірсе, мед бике қыз Тұрымханның қиылған қасы, жайылған шашы, наздана еркелеген даусы. Бүркіт сол тәтті шақтардың куәсі болған. Кетерінде тойына шақырып, үйінің мекен-жайын айтқан. Боратала өзенінің жағасындағы Қарабұқаға барып, Жұмабек ағаның үйі десең бәрі біледі. Ағамның аты Айтан деп аңқылдаған. Әлімді көргенде қуанған  Бүркіт «әлгі мен айтқан әнші жігіт осы, әке» мен қазір барып домбыра алып келейін, өздеріңізде тамаша әннің куәсі болып, құлақ құрыштарыңыз бір қансын. Далаға атып шығып, қалың шидің басынан өр қояндай секіре ұшып барады.

 

-Қайдан домбыра әкеледі?

 

-Анда бір сақшының үйі бар соның домбырасын әкеледі.

 

-Ойбай оны тоқтат. Сақшы дегенде төбесінен жай түскендей болған Әлімғазының түрі бұзыла саңқ етті. 

 

-Не болды? 

 

-Әуелі Бүркітті тоқтат, сосын айтам.

 

Айтан інісін айқайлап жатып, әзер тоқтатты.

 

-Әуелі қонақтың жағдайын сұрап, ән салуға көңіл-күйін білмей, бас-көз жоқ шапқылай берсе бола ма? Әлім ағаң ауырып тұр екен.

 

-Екі жігітті Бүркіт барып алып келді.

 

-Қыста бір баспақ сойып едік деп, алдарына бір табақ ет қойды. Өліп-тіріліп жеп, екі бүйірлері шыға тойды. Қалың қар терістіктен бұрқасындап тұр, қарыс қадам жер көрінбейді, күндіз жүруге мүмкіндік туды деп, білген олар судың бойындағы жолсызбен омбылап келеді. Арып-ашып ақыры Арасанның жанындағы Ақсүмбеге жетті. Танысы Мазақтың үйіне ыстық көженің үстінен түсіп, обырлана ішіп, әңгімесін айтты. Кешегі етегі желпілдеген кент бастығы ұйғыр шал азанмен Әлімғазыны көргенін айтып « қазір келеді» деп басқаларды айқұлақтандырып қойғанын естігенде, үй иесінің жүрегі дүрсілдей бастады. Мазақ ауыл бастығы Хамитты шақырып келді. Хамит інісі Балқашты ерте келіпті. Бұлар «үш қызыл ту» ұйымының жігіттері.

 

«Бүгін түнде тіпті қатты тексеру болады, жігіттерді тездетіп екі атпен Сарбүйрек тауының етегіне жеткіз» деп, інісі Балқашқа бұйырды. Мазақттың үйіндегі бір таба нан мен бес алты құртты алып суыт жолға шықты.  

 

Түрген өзенінің басындағы жазықтан Бораталаның ең биік тауы Сарбүйрек басталады. Батыста мұз тау, қарсы бетте Сайрам сұлап жатыр.

 

Жер жағыдайына қанық Балқаш алды жақты қолымен нұсқай, осы бағытпен тік сайды өрлеп отырсаңыздар, қазан асуы бар. Жотаның басында СССР деген жазу бар, одан ары бір күнде шекараға жетесіздер.

 

Сол жерден қоштасып, бір Аллаға тапсырып, түнгі тексерісте үйінде болу үшін келген ізімен кері қайтты. Қалың қарды кешіп, сайды өрлеп үш жаяу омбылап келеді, қарлы боран бетке ұрады, үскірік аяз өңменнен өтеді, көзге түртсе көргісіз түнек, қол ұстасқан бұлар бірін-бірі сүйреп, тағдырына жазылған сызықпен алға жылжиды. Әбден қара терге түсті. Таң атты, ақ түтек боран, көз аштырмайды, қапалақтаған қар.... күні бойы жыбырлады. Кеш батты, қою қараңғы бірден басты. «Қайда барасыңдар» дегендей алып жартас кеуделерін тосты, жол жоқ, одан асып кетуге еш мүмкін емес... аттам жер көрінбейді. «Жолға шықсаңдар біріңді бастық сайлаңдар, болмаса екі айырық жолда сендерге бастық шайтан болады» деген Пайғамбар сөзін ұмытқан үшеуі әбден керілдесті:

 

-Түріміз мынау, бұнда қалсақ теріміз қатып, безгек болып өлеміз, артқа қайтайық, мүмкін су ішерлігіміз бар шығар, жол бастайтын адам тауып, ертең қайта келеміз деп Әлімғазы өзеленді.

 

-Арттағы елді құртамыз-ғой, кешегі Хамиттың «қатты тесеру басталды» деген сөзін естідің, қайта барсақ өзіміз де қолға түсіп қаламыз, осынша жолға келіп алдық, енді сендер қайтсаңдар да, мен қайтпаймын. Сендерге еш ренішім жоқ, өлсем осы жолдағы құрбанымын деген Абдырахман омбылай алға жүрді. Әлімғазы мен Мақсұт үнсіз не істерін білмей тұрған жерінде қалды. Тер шымырлап, үсті-бастары суықтап қата бастады, Абдырахманның әл-дәрмені кетіп, титықтап жартастың оңына бір, солына бір жүріп амалсыз тоқтады. Үнсіздік, меңіреу қараңғы дала, төпеген қар. Пәк те кіршіксіз қар ұшқындары ештеңеден қаперсіз жерге түседі.

 

Абдырахман қайтып келді. Батыр жігіт келдің бе, кеттік онда деп, бір күн бір түн жүрген жолдан кері қайтты. Еңіске сырғанап, аунап тездетіп етекке түсті,  бұлардың ойы таң атпай Мазақттың үйіне жету. Бір тәулік жүрген жолды бір түнде басып, таң қараңғысында Мазақттың үйіне келді. Иттің түімен үріп, таң ата ұйқтап қалатын шағы, өлі тынштық. Әр бірі іштей Аллаға сиынып келеді. Терезені ақырын қақты, терезенің ішінен қолын аузына қойып Мазақ ишара жасады. Мысық табандап аяғының ұшымен сыртқа шығып «сөйлемеңдер, үйде бір қалмақ сендерді аңдып жатыр»... Үшеуді Мазақ қоржын тамның келесі бөлмесіндегі киіз үйдің үзігінің арасына орап тастады. Мен оятқанша тұрмаңдар...түс ауа бұларды зорға оятты. «Түнгі тексеріс» деп үшеуін үш жақын елді мекенге алып жүрді. Мазақттың ағасы Жабақ жаман құнанның артына Әлімғазыны салып тепеңдеп келеді. «Жон» деген жерге қой күзетіне кетіп бара жатқан кейіпте, атын Шаймардан деп айтуға Әлімғазы өзін дайындады. Елсізбен жүріп, қасат бұзуға құнанның түрі мынау, мысықтай ілбіп келеді, неде болса таптаурын болған жолмен жүріп, сақшылардың алдынан өтеміз, Алла Өзің сақта деп, Жабақ күбірлеп келеді. Аспанда жерде қар, жеті түнде екі қазақ өмір үшін арпалысады. Мылқау түн, қарсы беттен ұрған ақ түтек боран екеуді адам танымастай өзгертті. Түнгі тоғыздар. Жан жу (тоқта) деген үн от оқша қадалды. Күшті жарық тастүнекті жарды, жуан да өткір сәуле өне-бойларына сіңіп жатты. Жабақтың тісі сақылдап, екі аяғы дірілдеп құнанның екі қапталын тоқтаусыз соқылады, жаман құнан теңселіп тұр. Әлімғазы үнсіз отыр, бір түрлі жайбарақат.

 

-Кімсіңдер деп қос ауыз суық қару асынған орта бойлы, семізше сақшы ұйғырша сөйлеп, аттың шаужайынан ала түсті.

 

-Мен ж...ж...ж...Жабақ.

 

-Қайда кетіп барасыңдар?

 

-Ж...ж...жонға.

 

-Онда не бар?

 

-Қой күзетуге барамыз. Жабақты аяғынан бастап қолы жеткен жерге дейін сипап шықты.

 

-Неге сонша дірілдейсің?

 

-Жаурап кеттім...Ауырып тұрмын...

 

-Сен кімсің? Әлімғазыға зұңзиды. Ол туысын көргендей жайбарақат отыр.

 

-Мен Шаймардан, Жабақтың інісімін, қой күзетіне кетіп барамыз. Оны да сипалап тінту жүргізді, екеудің бетіне жарықты қайта-қайта салып асықпай тоқтата қарады, аз тұрды. Үрімжі, Арасан, Аққой көшесіне жапсырған Әлімғазы мен қазіргі Әлімғазы мүлде басқа. Құбыжыққа айналдырған қашқын өмір. Енді істейтін ештеңе қалмады. Үш бұрыш формасында от оқ төгетін қару асынған еңгезердей үш дәу сақшы. Тамын бушы(бұлар емес) деп, қиғаш қарсыдағыға қытай тілінде тіл қатты. Ол үнсіз, чүй...чүй(кет...кет) деп дыбыстады. Жабақ өзін қайта тауып, атты қамшылап, жүруге тепсінді, жаман құнан да аз демалып алыпты, желіске жақсын жылдамдықпен алыстай берді. Үнсіз бір қырқадан асты. Жабақттың қорқақтығына Әлімғазы таң қалған. Қараңғы түнде жортады, қалқаның моңғолдарының малын түнделетіп айдап келеді, тақымы жырынды жігіт деп еститін. Аға, сіз қатты қорқып кеттіңіз. Ойбай-ау, қорықпай қайтем, кеттік-қой енді келмеске деп, қатын-баламды ойлап, есім шығып не болғанымды білмей, атымды ұмытып қалыптым. Алла сақтады.

 

Жонға да жетті, келе сала бес үйдің қойын бір қораға қамап, қораның төр жағына, киіз үйдің керегесін керіп, туырлықты ішінен ұстап, сол жерге Әлімғазыны жатқызды. Аяқ батпайтын тығыздық. Жарым түн ауа тексергіштер келді, ауыл бастығы Хамит өзі бастап жүр. Мылтықтың найзасын килардың арасына сұққылайды. Қой қораға да кезек келді, қойлар тік тұр, бір таңға Әлімғазы үшін үй иелері де, қойларда шыдаймыз дегендей тік тұр. Күшті жарық қойлардың көзіне түскенде, қалың көз жанды.

 

-Мына қойлардың көзі не деп тұр... Бұнда пәле жоқ деп тұр-ғой деп, Хамит жанындағыларды күлдірді.

 

Тағы бір таң атты. Жолға бауырсақ пен екі таба нан, құрт берді.

 

-Жол бастайтын адам болса деп, Әлімғазы мойнын соза сөзін жұтты.

 

-Таздың биті санаулы деген, пәлен қайда кетті десе, өзімзге пәле тауып аламыз-ғой. Кешегі жартасқа барған соң, солға бұрыл біраз жүрсеңдер, үлкен сайға түсесіңдер, одан ары тау етегіне ілінесіңдер. Таудан асқан соң үлкен  аңғар кездеседі. Аңғармен жүріп отырсаңдар заставаға біра-ақ күнде барасыңдар деп, Хамит үшеуін кезек-кезек ыстық құшақтап шығарып салды.

 

Қалың қарды омбылаған үш батыр Совет одағына аршындай басып келеді. Бұрқасын. Ақ түтек боран басы- көзге сабалайды. Аттап басаудың өзі мұң. Жартастан өтті. Бұлар алғаш жолға шықанан толассыз жауған ақ ұлпа ақыры тоқтады. Сайды өрлеп келеді, жүн байпақты нығарлай киген Әлімғазының аяғы солқылдап қақсап, гүп болып ісіді. Жер басты болды сыздайды, миына бірақ ұрады. Қашанда алдыда жүретін ол қатардан қалды...аңызақ күн жүріп зорға дегенде тау етегіне ілінді, өн-бойларын билеген үрейден құтылды. Шөл қысқанын сезді. Әлімғазы тіппен жүруден қалды. Абдырахман мен Мақсұт Әлімғазыны кезек-кезек арқалады.

 

Көлеңкелері екі еселенді. Дем алып отырғандары сол еді, бір сәуле дөң басында күнге шағылыса жарық-жұрық етіп, бұларды еріксіз өзіне қаратты. Сол маңнан бір кішкене құс ұшып шықты. Үшеуі қалжыраған тәндерін сүйреп сонда жетті. Тау жотасында шымырлап су шығып жатыр. Кезек-кезек бас қойды. Көздері жанып, жүздеріне қан жүгіріп, жан-жағына қарады. Қатпағанына қарағанда сынапты су екен жігіттер. Егер ішіп болсаңдар аяғымды салсам деп Әлімғазы аяғын салды. Басында денесі дір етсе де, артынша жаны жайланып, сондай рахаттана бастады. Тіпті, ұйқысы келді.

 

-Аяғың суық кезек алып құриды деп, Мақсұт безілдеді.

 

-Ой, жоқ. Сондай рахаттанып отырмын. Ақырын аяғын сылап жуып отырып, ісіп тұрған жерді тістене қатты басып соқтасын шығарды, атқалақтап қан аралас сары ірің судың бетін ақжалқақ жапты. Сондай жеңілдеді. Жерді нық басып, қайта қатрға қосылды. Жаратқан оларға кішкентай құс пен әдемі суды сүйіншіледі. Сапарларын ары қарай жалғады. Алдарынан тік шаншылма терең аңғар шықты. Ебінің желі қалың қарды үрлеп тастапты, қолдарындағы таяқпен түрткілеп, таптап, тепкішек жасап бірінің ізімен бірі құлдады. Жүрістері еш мандымады. Шыдамы таусылған Әлімғазы Аллаға тәуекел деп, қар бетіне отыра қалып еңіске қарай сырғанай жөнелді, өкшесінен шыққан ақ түтек қар бетін ұрып, көзін аштырмады. Зулап барады, зулап барады. Бала кезіндегі Тасқорғанның маңындағы сырғанақ тепкені есіне түсті. Ол кезде уайымсыз-қайғысыз шаттана сырғанаушы еді.... арттағы екеуі де солай істеді.

 

Түн. Үскірік аяз. Етекке түскен үшеуі қалың қарды ақ аюша үңгіп, жақын-жақын жатты, қар іші жылы екен. Шаршаған олар анасының құшағында жатқандай рахаттана ұйқыға басты. Жарым түнде ғана жамбастары мұз болып қатып, сырқырағанын сезді, екі жамбасын кезек-кезек қозғады. Құлан иектеп тағы бір таңы атты. От шар мейірлене үшеуіне шүлен шұғыласын шашты. Әлде қашан кеуіп талқанға айналған бауырсақты азанда бір уыс, кеште бір уыс ұрттарына салып, тал қажау етеді. Олда бітуге таяу, алда әлі қанша күн жол жүреді, оны бір Аллағана біледі. Тасбақа аяңмен  қиялап өрлей бастады. Екінті мезгілінде бұлар қара сүйектен хал кетіп, мойнаққа ілінді. Кенет «шатыр» еткен жойқын дауыс естіді. Астыларынан жер сырғып бара жатқандай болды. Жүректері зуылдап, өне-бойлары дірілдеп, іші-қарындары жұлынып бара жатқандай күй кешті. Қар сусып қозғалып барады. Ақырын-ақырын деп, Мақсұт әкесімен талай тауға шыққандағы әдісі бойынша, жолдастарын ишарамен үнсіздікке шақырып, алға жылжыды,  барынша ширақ қимылдап, соңғы тұяқ серпер жасады. Өлдім-талдым дегенде жотаға ілінді. «Гүр» еткен зор дауыс жер-көкті жаңғыртты, бүкіл аңғардың іші ұйпақ-тұйпақ ақ түтекке оранды. Қалың қар, ұйма-жұйма болып жөңкіліп барады, сай тағанында үлкен тау пайда болды. Ой, Алла, су ішерлігіміз бар екен, Иа, Құдай, Өзің сақта деп білгендері бойынша тоңқаңдап сәжде жасады. Сәл кешіксек көшкінің астында өлігімізді итте тапайтын еді-ау деп еңіреп кетті.

 

СССР деген жазулы қолдан үйген тасқа жетті. Алдарында тағы кең аңғар. Ешқандай тіршілік ныспы байқалмайды. Оң жақтағы мұз тау кешкі шапақпен шағылысады. Оң не солға жүрерін білмей бұлар аңтарылды. Әлімғазы тәуекел деп оңға қарай қалың қарды малтақтап бастады. Адал жүректі, Абдырахман келеді, артта денесі ауыр, қара торы Мақсұт ырсылдай ілесті. Ілезде түн түңілігін жапты. Түнгі суық жел сүйектен өтті. Ақ аюша қарды үңгіп ішінде таң атырды. Дөңкиген қой тастардың жотасы қардан әзер көрінеді. Қалың қар, омбылап келеді. Аяғын басса болды қорыс етіп қарға кіреді, одан зорға аяғын шығарса, екінші аяғы қарға кіреді. Шоңқаң-шоңқаң етеді. Жүрістері еш мандымады. Күні бойы бір шақырым зорға жылжыды. Кеш бата құмды алқапқа жетті. Аяқтары тиді болды, сусып қайта артқа лақтырады. Талқандарын ұрттарына салып, күш жинап, одан да өтті. Шөл мен аштық қатар қысты. Пыр-пырлап ұшқан үш құр үзілген үміттерін қайта жалғады, көп ұзамай үш тентектің ортаңғы ағысын келді. Суға бас қойды. Іштері шалқылдап, көк қарын болды. Танаулары ашылып, мұрындарына көктемнің алғашқы исі келді, жан-сарайлары жадырады. Жылымық жел беттен өбеді. «Аман-есен отанға келулеріңмен дегендей аймалайды». Әлімғазы аңыратып туған жермен қоштасып, «сұрасаң румды қара кесек, досымнан дұшпаным көп қылған өсек» деп, Мәдидің қара кесегін аңыратып аспандата салды-ай келіп.....үш тентек өзені ағысын тоқтап, қой тастар қайдан шыққан үн деп, құлақ түре өлі тіршілікке жан бітті. Барша атырапқа арыстан кеуделі үш батыр келді деп айқай салды. Тұмса табиғат терең мұңға батты, күнде қызара артына қарайлап, самырсын шыршалардың арасына кіріп жасырынды. Түн қараңғылық тонын тағы жапты. 

 

Үйген тастан соң, бір күнде заставаға жетесіңдер деген Хамит. Бір емес, екі күн болды, шамасы шекараға таяп қалдық-ау. Қараңғыда жас шекара қорғаушыларға кездесіп, қорқып атып жібермесін, азанда күн жарықпен барайық деп ақыл қорытты. Шалқайып жатқан жадағай аңғардың екі қапталы енді қожыр-қожыр тік жалама жар тас болып, етегі қалың самырсын қарағайға ұласты. Борқысы бар қарағайдың түбіне жата кетті. Борқы оларды астынан тоң өткізбей, жылы жатты. Таң ата талқанды тал қажау етіп, сапарын жалғады. Алдарынан аюдың үлкен ізін көрді, қасат қарда шойнаңдағананша деп, аюдың соқпағына түсті, туп-ура үш күн, үш түн жүрді. Аюдің ізімен жеті рет судан өтті. Аю  соңында күнгейге шығып кетіпті. Талқандары таусылды. Құдайдың Құдіреті бұлар тек су ішеді, қарындары ашпады. Жүрістерін жалғап келеді, алтыншы күн болғанда Әлімғазының көзі қарығып, түк көрмей қалды. Көздің қадірін енді білді. Айнала аппақ әлем, ештеңе сезбейді. Көзінің ішінде қалың ине қадалғандай шаншиды, су төгіліп ағады. Мақсұт Таяқ жетекке алды. Бітік өскен ит мұрын, тал-шілік, бұта бүрген, қайта-қайта бетіне ұрады. Қарындары аштықан ісініп кетті. Әй, жігіттер, күнгейге қараңдар, сары гүл ашқан төрт елі шөп көрсеңдер, дереу түбін қазып алыңдар. Ол түйе сарымсақ. Соны жесек аман қаламыз. Аз уақыттан соң бір уыс түйе сарымсақ қазып келді. Әлімғазы дәмін татып көріп, дәл өзі деп, кіршілдетіп жей бастады. Ата-бабамыз кезінде ашаршылықта осы тау сарымсағын жеп, аман қалған екен деп мылжаңдап қояды. Тағы екі күн жүріп, үш тентек өзенінің қосылған үлкен ағарына келді, оң жақтағы тау аласара үзіліп жазықталды. Батыстағы тауда екі күн бұрын шөгіп жоқ болған. Судың аржағы мидай жазық дала, ешқандай аң-құс көрінбейді. Ұшқан құс, жүгірген аң жоқ. Ауызға салатын түйір таппай, сан сапалақ ойлармен үш жаяу келеді. Кеш бата, қураған ағашты салғып мініп судан өтті. Тағы түн, судың бір қалыпты гүрілі, басқа ешқандай бөтен дыбыс жоқ. Қой тасқа арқаларын сүйеп, бүрсеңдеп таң атырды. Әлі ұйқысын аша алмай тау қалғыйды, оң жағы кең дала, арқыраған өзен, тал-шілік өзімен өзі сыбырласады.

 

-Мен түнде ана жақтан бір жарық көргендей болдым, солай барайық деп, Абдырахман қуана үн қатты.

 

- Қараңдар адам не малдың ізі бар ма екен, жарық шықса онда адам бар деген сөз.

 

Абдырахман судан қайта кері өтіп, із шолды. Аз жүріп бадырайып жатқан жуан етіктің ізін көргенде, жата қалып сүйіп алды, мынау орыстың етігі, қытайда мұндай етік болмайды, өлмейтін болдық деп айқайлап жіберді. Тұра сала жүгірді. Үлкен із қарды нық-нық басып, тауға өрлепті. Шүңірек көз, қыр мұрынды Абдырахман білімді кітаптан алған, оқымысты жігіт. Таза жүректі жан, алайда шын өмірден тәжірибесі аз. Мақсұт кезіндегі қара көктің тұқымы, барға шүкірі, жоққа қанағаты аз. Білік, білімі орташа, арамдығы мен адалдығы бірдей, алайда сертке адал жан. Әлімғазы ата көріп тон пішкен, әке жанында оқ жонған, білімді кітап пен өмірден тең алған ойшыл, логикасы мықты, ұшқыр да тік мінезіді, адуынды батыр жігіт. Бұлар сол ізбен тауға шықты, анадайда үй төбесі көрінді, алатау сиыр кімсіңдер-ей, дегендей өңкиіп, мұрнын шүйіре қарап, самарқау мөңіреп қояды. Қатар-қатар салынған қоржын үйлер.

 

- Боратала жақтан өткен бес ұйғыр жігіті, біз сияқты қинала-қинала қаңғып, ақыры адасып, қытайдың шекарасына өз аяқтарымен барыпты. Жақындамай тұрып, әбден байқаңдар. Аңғарда асығыстық жасап, оңға бұрылып адасып кеттік, солға бұрылғанда осынша шаршамайды екенбіз. Тағы басқа қандай белгілер бар.

 

-Үйдің төбесіндегі жаппа біздікі емес, шөптің өзі лапастың астында тұр.

 

-Қанша қалды.

 

-Екі жүз метірдей.

 

- Қатты жақындамаңдар, атып жібермесін, айқайлап белгі беріңдер.

 

Тіршілік байқалмайды. Аң-таң... Төрт жағынан қардың асытынан мұздай қаруланған адамар шығып қоршауға алды.

 

Үшеуі қолдарын көтер айналасына қарады. Қолдарында автомат, аяғында ұзын қоныш етік, бастарында көк малқай, арқасында торсығы бар сайдың тасындай жігіттер өздеріне қару кезеп тұр...

 

-Біз қытай...қытайдан келдік деп, үн қатты Абдырахман. Кимінен таныған олар «қаруларыңды тастаңдар»,- деп айқайлады. Әкесінен үйренген аз орысшасы бар Мақсұт маузерін жерге тастады. Айдап апарып, үшеуін үш бөлек қараңғы бөлмеге қамады.

 

Әлімғазының көзіне бір укол салды. Талып түсіп ұйқтап кетті, түс көрді, түсінде бесік құда болып, айттырған өзінен үлкен қалыңдығы өкшелеп қуып келеді.... қуып келе жатқан қалың қытай болып кетті...атыс басталды, қой тасардың арасында атысып жатыр, тарыс-тарыс мылтық үні, терезені біреу тарсылдатып ұрып тұр, түс ауыпты.

 

-Ей, маңқа қазақ, тамақ іш.

 

-Мені мазалама.

 

-Сен қайда жатқаныңды білесің бе? Әкеңнің үйінде жатқандай шіренесің-ғой.

 

-Әкемнің үйінде жатпағанда ше...

 

-Сен «гәупакта» жатырсың.

 

-Ол не?

 

-Түрме.

 

-Түрме тұрмақ, одан зорғысы босын мені мазалама.

 

-Тамағыңды іш, маңқа қазақ. Терезеге тамағыңды қойдым.

 

Ақымақ қазақ....қазақ... күңкілдеп барып үні өшті.

 

Ол кетісіне іші-қарны шұр ете түсті... ақырын көзін ашып, кеседегі бұршақ көжесін түгін қалдырмай ішіп алды. Сол жатқаннан мол жатты, таң ата тағы айқайлаған кешегі шүлдірлеген қырғыз тамақ әкелді, тағы ұйқы, ұзақ ұйқы... екі күн ұйқтады. Үшінші күні далаға шығарып, сатырлатып суретке түсірді,  Әлімғазының көзі аз көрді... Өңкиген дәу машинаға отырғызып екі жігіт алып жүрді бұларды, қалың жыңғыл тоғай, бұта-бүрген, тал-шілік арасында зулап келеді, үлкен алаңхайға да шықты. Сол жерден әскери тік ұшаққа мінгізді, Ұшақ ішінде бөтен үш жігіт күліп қарсы алды. Бірақ тіл жоқ, алдыңғы жігіттерде үнсіз әкелген. Сөйлеп үйренген Әлімғазының тілі қышыса да аузын аша алмады. Бір сағаттай ұшты, екінші аспан пайда бола бастады, қаланың қалың шамын көрді, еңістеп келе жатты... Түстен бергі үнсіздікті қытай даусы бұзды. Бұлардың төбесінен жай түскендей шошыды.

 

-Сендер білесіңдер ме? Бұл Қазақстанның астанасы Алматы әуе жайы деп, таза қытай тілінде үн қатты. 

 

Шошыған Мақсұт жапақтап екі досына кезек-кезек көз салды, оларда бұтына жіберген баладай үнсіз.

 

1969 жыл 2 сәуір. Алматы түні. Бұларды әкелген бір қытай мен екі орыс жоқ болды. Екі қазақ жігіт қарсы алды, Абдырахман мен Мақсұтты бір жеңіл көлікке, Әлімғазыны бір жеңіл көлікке мінгізіп алып жүрді. Әлімғазы өзінің қазақ болғанына мақтанып келеді. Ғаламат қала, Алматы күндізгідей жарқырап тұр, қысқа көйлекті қыздардың сандары жалтылдап, түнгі шырақты ұялтады. Жасамыс келіншектердің ат басындай кеудесі өзінен бұрын қозғалады. Шілде айы алда сонда көзіңе мөлтілдеп жас келіп, түсіңде өлең оқып, бұтыңды талай сулайсың дейді жүргізуші жігіт.

 

-Қаланың түнін көресің бе?

 

-Көрсетсең, қанеки.

 

Бірнеше көшені айналдырып, көктебеге шығарды. Алматы алып теңіздей жайылып жатыр, самсаған электр төгі, «қазағым саған ризамын, осындай алып қала салған сенде арман жоқ» деп, дауыстап жіберді Әлімғазы. Ей, ақымақ, бұны орыс салған қала...

 

Келдік деді. Қақпа ашылып, машина ішке кіре жердің астына түсіп бара жатты.

 

Жертөле, қап-қара киім берді. Киімдерін шешіп алып, бензин шашып өртеді. «Аюша қалың қарға кіргенде мені сақтаған қайран жүн мешпетім, шешем өз қолымен тіккен, көзіндей болған зат еді, осыны өртемеңдер» деп, Әлімғазы біраз жалынды. Бәленің көбі осы жүннің арасында деп, оны алдымен өртеп жіберді. Қара киімді зорлана киді. Екі күн семіз жамбас беріп, құдасындай күтіп, ауыз мұрттарын майлады. Жылы жерде қарындары тойып, ұйқылары қанып, адам қалпына енді келді. Бір ауланың ішінде жүрсе де бұларды 36 күн бойы бір-біріне кездестірмей тергеді. Әлімғазының Шыңжаң унверситетіндегі «үш қызыл ту» ұйымын басқарып, ондағы екі жеңіл машинаның бірін мініп, шірене жүруі; сотталған гуппаласы Қадірді түрмеден шығаруы; Шамшиддіннің ұсталып, бұның жау қолынан аман құтылуы; Совет КГБ үшін ақылға, логикаға симайтын, жауабы жоқ үлкен сұрақ болды. Алапат жылдарда қараңғы түнде жоғалтқан досы Шамсидин араға 17 жыл салып Алматыға қашып келіп, тергеуге алынғанда Әлімғазының айтқанымен бірдей шыққанда барып сөздің шынына көзі жетіпті. 17 жыл бойы «Қытай бұны бізге әдейі жіберген адам ба?» деп, бақылау астында ұстап, азаматтық бермеді. Көкшетауға жер аударды.... қой бақтырды... еңбекпен тәрбиеледі.....

                                               

 

***

 

 

Қалтаң-құлтаң еткен жұдырықтай сар шал қос қабатты катеж терезесінен Алатауға көз салады... Есіне жалынды жастық шағы түсіп, алып күш кеудесін кернеді... тәні тас қабырғаның ішінде қамалғанмен, рухы алысқа ұшты.... 

 

Күн шүлен шұғыласын шашқан шуақты күндерде Шымқалаға Әлімғазы оқуға түсті, қытайда оқыған филология мамандығын қайта оқыды. Шынымен түсінде көрген қызғалдақтай қалың қыздың арасында жүрді... Студенттің ең кәрісі осы Әлімғазы болса да, ақылымен, әуелетіп салған әнімен қыз біткенді өзіне магниттей тартты. Қыздар албрт, балалығы әлі толық басылмаған, алақұйын өз құрдастарын емес, піскен өмірдің тезінен өткен сақа жітітке жақын жүріп, өздеріне аға тұтты....

 

Мәриям жымиып бір қарағанда Әлімғазының ішіндегі «у мен жарасы» жазылды, сондай мейірбан сұлу жүзден қатал да сұсты бейнесі еріп, балқыды. Бу болып, салмағын жоғалтты, қаңбақ шалға айналып, өзінен тұтастай айырылды. Баяғы Мәрзия, Гүлсім, Нағым, Тұрлыхандар көңілінің махаббат айдынынан пыр-пырлап ұшып, Мәриям Әлімғазы айдынында жалғыз жүзді. «Сен келесің жаныма күліп тұнық, жібересің қайғымды ұмыттырып» деп Әлімғазы ызыңдай ән салып, бақыттан басы айналып Аллаға мың сан шүкіршілік етті....Сөйтіп жүргенде Мәскеуден досы Айтан келді.

 

Елім деп ес білгелі еңіредім,

Жерім деп жеті түнде тебірендім!

Қайғыңды қайран қазақ арқаладым,

Түс екеш түсімде де сені көрдім!-деп арқырап ескі досы келіп, арқа-жарқа болды. Біз қолдан келгенше елге үлес қосып, ұлттық мемлекет құруға атсалысайық, депутаттықа өзімізді ұсынайық. Саясатпен сен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады деп екі дос өздерінше ой түйді.

 

Сол күдердің бірінде Әлімғазы түс көрді. Тасқорған. Туған ауылы, бала кезде асыр салып ойнаған таныс өлке, таныс маң, өзінің үш бөлмелі қоржын тамы, ортаңғы бөлмеде асыр салған қозы-лақ, тоқтаусыз маңырайды, жер ошақ, мама ағаш. Әкесі Дәулетхан өзі жирен қасқа атқа мініп, үлкені Әлімғазыны тор тайға, қалған үш інісін кері, жирен, күрең тайға жайдақ мінгізіп, Бестөбеге тойға келді...Сол тойда Әлімғазы көкқасқа тайға мінген Айтанмен танысып, дос болды. Екеуі анау таудың басына шығамыз деп сөз байласып, құйындата тұра шапты.... әкесі Дәулетхан артынан қуып жетіп...сен мынаны желіктірме, өз жолыңмен жүр бер, бұның өз жолы бар деп Әлімғазыны кері қайтарып ертіп бара жатты....Өз жолы...деп күбірлей орнынан тұрды Әлімғазы.                                                                           

                                                        

 

***

 

 

Әлімғазыға қанат бітті, таудан тауға, шыңнан шыңға, бұлтардың арасында, зеңгір көкте ұзақ қалықтап ұшатынды шығарды...Таңғы шайда жанжары Мәрияға түсін айтты. Жақсы түс екен дәрежең көтеріледі, көңілің шаттанады, түсің оңалыпты, енді ісің оңалады деп, жары қуанды. Келіншегін құшақтап Әлімғазы Аллаға шүкіршілік етіп, өткен күндерін көз алдынан бір сәтте өткізді. Қазақтың бір туар ұлы Шамшы Қалдаяқовпен бір тойда ән салып тұрып танысты. Содан тонның ішкі бауындай іштесе араласты, қайда барса, ән ағаның қасында шапанын көтеріп жүрді, ой бөлісті, сырласты.

 

«Әлімғазы шпион, тыңшы болса менде шпион. Бұл жігітте сонша, не ақыларың бар, жетті емес пе, елім-жерім деп, қазақтың қамын жеп, қара қытайға қарсы атойлап шапқан батырды жау деу – нағыз надандық» деп, КГБ бастығына қатты айтып, Совет азаматтығын алдырып берді Шәмші аға. Шынымен, Әлімғазы қазақ элитасы зиялы қауыммен қоян-қолтық араласты, жазды-сызды. Жалын баспасынан «Сырымды саған айтам» деген кітабы шығып жазушы болды. Алматыға келіп, қазақ радио-телеарнасына жұмысқа тұрды...Тасы өрге домалап, дүйім елді жалт қаратар талай-талай хабарлар жасады.

 

Адамды тоқшылықта таны деген. Бақ пен тақ, әйел мен ақша Әлімғазы да болды. Ащы суға бір күні аузы тиді, сол күні түс көрді.... Түсінде оны бір дәу ауыз қара ит қапты, одан аяғын зорға босатып, жараланып келе жатқанда тағы бір қара ит тұра ұмтылып, шошып оянды. Бұрын түсінде ылғи иттің жағын айырып жіберетін, енді ол сақтық жасауды ойлады.

 

Қазақ қоғамының қоламталы жарасын қазып жазып жүрген Әлімғазы билікке жақпай қалды. Түсіндегі дәу ауыз қара ит қаппай тұрып, өз еркімен өтініш жазып жұмыстан тез кетті. Қазақстанға Заман гәзетіне жұмысқа келді. Түрік еліне Стамбулға барды, үш айда түрік тілін меңгерді. Қазақ-түрік тіліндегі санаулы аудармашылардың бірі болып жұмыс жасады. «Ұлы Хұн империясының тарихы» атты үлкен еңбекті түрік тілінен қазақ тіліне аударып, тамырын, тегін іздеп жүрген қазақ зиялыларының көзін ашты, қазақ руханиятына өшпес үлес қосты... Осы кезге дейін елге тамсана қарап келсе, ел енді оған тамсана қарайтын болды. Мірдің оғындай көсем сөзі нысанаға дәл тиетін нағыз мергенге айналды. Алла Тағала оған сөз беріп дәрежесін көтерді.

 

Ғылымға келді, Түркеш қағанаты бойынша зерттеп, кандидаттық қорғады. Ата жауы қытайдың бақайынан басына дейінгі қулығын санап, елді сақтандырды, тас атып судың шолпысын естігісі келетін талай елді түпсіз тереңдігімен таңғалдырды...

                                                 

 

****

 

 

Тасқорған. Туған ауылы, таныс өлке, таныс маң, өзінің үш бөлмелі қоржын тамы, ортаңғы бөлмеде асыр салған қозы-лақ тоқтаусыз маңырайды, жер ошақ, мама ағаш. Әкесі екеуі қашып келеді, қалың қарағайдың арасымен өрлеп, таудың құзар басына шықаны сол, әкесінің аяғы тайып, құлап кетті...шошып оянды. Әкесін сағына есіне алды. Молда, ескінің қалдығы, т.б деп, басына сан қалпақ кидіріп ұрып-соғушы еді.... Менен алаалмаған өшін әкемнен алған шығар деп... шытырман ойға қалды. Жиырма үш жылдан кейін Әлімғазы әкесіне хат сады. Екі айда хат келді. Жанында ұзын шаш, зор денелі бажасы бар хатты асығыс ашты, бірінші жолдан өз әкесінің маржандай әдемі жазуы көзіне оттай басылды. «Әкем тірі» деп, айқайлап жіберді. Бажасы шошып кетті, әкем тірісі несі, сен жындандың ба? Баяғы түсін айтып берді... онда тойлау керек-қой. Достарын шақырып тойлады. Бірақ тірі екеніне әлі де қу іші сенбеді, хатты әкеме жазуы ұқсайтын басқа біреу жазды ма, кім білсін? Әкесіне шақырту жіберді. Жеті жылда әкесі қорғас өткелінен өтті, ұзын шаш бажасы екеуі Әлімғазының жеңіл машинасымен алдынан шықты. Өңім бе, түсім бе деп Әлімғазы әкесіне тағы сенбей бадырайып қарап тұр. Балам, құлыным деп әкесі бас салып, бауырына басты. Әлімғазы жансыз, сүле-сапа амандасты, шешесі бұл ауыру екен деп ойлады. Бажасы таңғалып тұр. Көлікте қайта-қайта әке-шешесіне қарайды. Жарты сағаттан соң өзіне келген Әлімғазы еңіреп ағыл-тегіл жылады, бажасы көлік тоқтатты. Әкесін қайта құшақтап амандасты, өткен балалық шағын есіне алды....

 

Жиырма жылдың алдында қытайлар әкесіне қалпақ кигізіпті. Тілін тартпайтын зар жақ екен деп, тілін суырып қолқа кеңірдегіне дейін бірақ шығарып тастап кетіпті. Ертесі тамақ алып келген алты жасар ұлы Хасен әкесінің кеудесінде салақтап жатқан қызыл тілін көріп есі шыға айқайлап, бүкіл ауылды басына көтере жылапты. Ел болып- жұрт болып үйіне апарып Құран оқып, дұға жасап, алты айда тілін ақырын-ақырын ішіне жылжытып кіргізіпті. Теріс айналдрып сындырған аяғы да орнына келіпті.

 

Қазақстанда бес ай жүрген әкесі бұрынғыдай ән салды. Даусы еш өзгермепті... әкелі-балалы екеуі Түркістан, Тәшкент, Самарқан, Бұхар барып жеті пірге сәлем берді.... Шын ықыласымен Әулиелерді усила етіп (ортаға салып) Алладан ұлына жарылқау тіледі. Сахар уақытында әкесі пірінің алдында көп отырды. Ұлы Әлімғазыны өз піріне байлады, ол үшін көп-көп дұға жасады.......Оны Әлімғазы білмеді.

                                                                 

 

***

 

 

Ескі Тараз қаласы. Үш бөлмелі жарық үйде жетпістің желкесіндегі Әлімғазы жалғыз отыр....  Бауыржан Момышұлының ұшқан ұясын қайта-қайта оқып, өзінің ұшқан ұясымен салыстыра көзіне жас алып, сағыныштың сал шекпенін жамылды.

 

Оның түсі өзгерді...аты жүрмей болдырды, сазға батты, қозғалған сайын тартпаш батпаққа тартып жатты, таудың ұшар басында отырады, астындағы тас қозғалақтап есін шығарды. Бірде құздан құлап үлкен сайдың ішінде келе жатып, қырық-елу құбыжық балалардың арасында жалғыз қалып шошып оянды. 

 

Оянғанда өңешіне бірдеңе тығылғандай сыздап ауырды. Емханаға барды елуді еңсерген жалаңбас қазақ әйел:

 

-Аға, сізді Алматыға, үлкен орынға жіберсек.

 

-Не болып қалды? 

 

-Ештеңе, бір кішкене....

 

-Айтыңдар, ештеңесін жасырмай айта бер... мен асарымды асап, жасарымды жасаған адаммын....

 

-Аға өңешіңде бармақтай бірдеңе бар. Соны тез анықтау керек....

 

-Өне бойын дір еткен Әлімғазы қорықпаймын десе де.... аты жаман ауырудан адам жазылған ба? Өзін суық та қараңғы көр күтіп тұрғанын елестетті. Шекесінен суық тер шықты....

 

Алматыдағы жан жары Мәриямға қоңырау шалды.

 

- Сендерді балаларды сағындым, көргім келеді....

 

-Не болды? Жайшылық па?

 

-Жай, сендерді сағындым, күндіз түн кітап оқу мен жазудан шаршадым. Әбден жалғызсырап құлазудамын.....

 

Адам өмірі жаялық пен кебіннің арасы екен-ау. Қандай тәтті балалық шақ.... әкең мен шешең бар шаруаңды істейді, ішкенің алдыңда, ішпегенің артыңда. Жас шыбықты атқып мініп, жалаң аяқ, жалаң бас шауып жүрген қайран күндер..... Ауылдан ұзап Бестөбе қалашығында орта мектепте бес жыл оқыды. Басында аптасына салып ұрып, жаяу-жалпы үйге түнделетіп, итті абалатып жетуші еді. Әлімғазы келгенде ақ төс қара ит арсылдап барып, бірден басыла қалатын. Шешесі барын дайындап, сүтті шайын сапырып, жайшылықта ашпайтын сандықшасын ашып, күтіп отыратын. Кетерінде сықпасы мен ірімшігін салып беріп шығарып салатын. Сөйтіп жүріп жарты жыл өтті. Талшын жанына жақындап, оған жанашыр болды. Аққұба, ашаң жүзі, домалақ беті, оймақ аузы түсіне ене бастады.... Енді ауылға аптасына шабуды қойды, екі, одан үш аптада бір келетінді шығарды. Шешесі не болды балам алдыңғы апта келмедің-ғой.... Ұрлығын білгендей тосын қойылған сұрақтан екі беті ду етіп, өне-бойын от шарпыды.

 

-Тапсырмасын орындайды да, деп әкесі баласын шеше сұрағынан құтқарды...

 

Студент шағында басында Талшынның хатын сағына күтіп, ұзақ демалыста оқушы еді. Кейін Тұрдыханмен естен кетпес студенттік күндерді бірге кешті....

 

Мәриямен танысты. Бір күні Мәриям түсінде ақ сақалды, жұқа сары шалдың «Менің Әлімғазыма жақсы қара....»дегенін айтты.. Нағыз жарым осы деп, тас кенедей сол қызға жабысты. Өзін сондай бақытты сезінді...

 

Таң ата көзі ілінді, сырат көпірінің жағасы, үш қызылту риза боған жұрттар  рақмет айтып өтіп жатты... Ақын досы Қалибек келді:

 

Қайран жер, сағынды алқап, шоқы құздар,

Қайран ел, қырғи жігіт, тоты қыздар,

Сағындым сені!

 

Үй телефоны шыр етті, Мәриямда үлкен ұлымен келіпті, жанына барлық елі келгендей қуанып, сондай бір шаттанды, мұңнан бір сәт айықты.

 

«Сен келесің жаныма күліп тұнық, жібересің қайғымды ұмыттырып» деп Әлімғазы ызылдай ән салды.

 

Алматыға қайтты.

 

 

***

 

 

Емхана жағалау, өңештегі өспе екі күн ішінде тағы үш сәнтіге өсіпті, өте тез ота жасамаса болмайды....

 

Тағы да түс. Өр елінен аттылы-жаяу қалың адам шұбырып келеді...ел барған сайын азайып, Іле дариясының бойына жеткенде бірнеше адам ғана қалды. Су иіріле айналсоқтайды. Алдыңғы ағыс артын тосып, қол ұстаса жылыстап баяу ағады. Су тереңдігі бетінен көрініп тұр, көпірді су шайып кетіпті. Адамдар Ілені бойлап Алтын емілге қарай кетіп барады, Әлімғазы солардың артынан ерді, бір кезде алдында жалғыз адам қалды. Оған ілесіп қараңғы үңгірдің ішіне кірді, мүлде көзге түртсе көргісіз тас қараңғы, сипалап үңгірдің әр бұрышына бір барады. Алдындағы адамның өкшесі ғана жарық-жұрық етеді. Кенет бір саңлау ашылды, соған қарай жүрді, ішінде шегесі өрге қарап жалғыз төсек тұр, қорққаннан Әлімғазының тісі-тісіне тие қалшылдады.... Шегінерге жол жоқ, жалғыз үміт, шығар жол осы. Басы қатып, дағдарды, осы кезде «кір» деген бір зор дауыс естілді... шегенің үстіне шалқасынан жатты, еш жеріне шеге дарымады. Дін-аман өтіп жарыққа шықты. Күн жарқырап, шүлен шұғыласын шашып тұр. Ағасының жаман ауыру болғанын естіген тарихшы, қаламдас жанашыр інісі Нәбижанның ұйқысы бөлініп, дөңбекшіп таң атырды. Азанмен ағасының көңілін сұрап келді.Таңғы шайда қазы-қартаны кертіп жеп отырған ағасын көрді.... не дерін білмей, сан оймен арпалысты....Әлімғазы еш уаймсыз, осы аптада ота жасатуға кіремін дейді жайбарақат. тіптен таңғалды....Өзін арғы дүниеге тапсырған екен деп түйді....

 

Дәрігер жуан денелі, кезіндегі жоңғардан қалған жалғыз тұяқ сияқты қара сұр жүзді, еңгезердей епсіз жігіт екен. Әлімғазы оны ұнатпады. Қызы Әсия таныстарына қоңырау шалып, басқа онкологиялық аурулар емханасына апарды. Арық ақсары жігітті бір көргеннен «болды қызым, осы дәрігер ұнады»деп, Аллаға өзін тапсырды. Сендер алаңдамаңдар, отадан аман шығамын...деп жылап жүрген Мәрия мен Әсиясын жұбатты Әлімғазы....  ... Әлімғазыға жансыздандыру (наркоз) уколын салды, денесі мұздай бастады, өлімді енді есіне алды. Пышаққа түседі, ойлауға батылы бармады... Күнделігін алып, соңғы сөзін жазуға отырды...Ей балам, Қарындасыңды сила, шешеңді аяла, әйел нәзік те сырлы, киелі жаратылыс, жақсылап қара. Ініңе аға бол. Алланың арқанына мықты жабыс. Әр қазақтың мойнында ұлттың аманаты бар, соны біл..... көзі бұлдырап.....жазуы шимайға айналды....қолынан қаламы түсті....беті столға тиді...Жазу аяқталмай қалыпты, мүмкін өлмейтін шығар деп ойлады мед бике. Зузаға салып ала жөнелді... Әлімғазының тәнінен рухы бөлініп, Әлмисақ әлеміне ұшты.... Қалың шегенің үстінде жатты....Бабасы Көбек, нағашы атсы Жансейіт, атасы Шылбы, әжесі Әлимхандарға кездесті...

 

Отадан шықты, күннен-күнге әлсіреді... қалтаң-құлтаң еткен жұдырықтай сар шалға айналды, Әлімғазы саудырап бос қалған терісіне қарап, қорқа бастады, алып денесі, тығыршықтай жуан буқа мойынды жігіт айналасы он күнде қуыршақ қаңбақ шалға айналды... Қос қабатты катеж терзесінен Алатауға көз салады, өлімді ойлап, күн санай бастады...

 

Күйеу бала түнгі ісменге түскенде, жаңа босанған жалғыз қызы Әсия қорқады деп, әке көңілі алабұртып, қалтаңдап таяққа сүйеніп қызының жанына барып қонды. Сол күн таң ата Әлімғазы түс көрді.

 

Өзіне таныс зор дауыс.

 

-Ей, сен немене, ауырып жүрсің-ғой-ә.

 

-Иа, ауырып жүрмін.

 

-Өліп қалам деп қорқып жүрсің-ғой...ә.

 

-Иа, қорқып жүмін.

 

- Қорық па. Саған қазір өлім жоқ.

 

-Сен биыл қаншаға келдің?

 

-Төлқұжат бойынша алпыс алтыға, әкем айтқан бойынша алпыс үшке.

 

- Алладан 63 ңе 63, 65 ңе 65 жас сұрайық....

 

-Онысы қалай, ақылға симайды-ғой? Сен кімсің? Қашан өліп қалам деп, күн санап жүрген мені ақымақ жасайсың, сенің басқа жұмысың жоқ па?

 

-А...онда 63 іңеде 15, 65 ңеде 15. Бұл қалай.

 

-А...мынауың ақылға қонады екен.

 

-Сен кімсің.... үн жоқ....

 

Әлімғазы орнынан жеңіл тұрды. Дәретін алып таң намазын оқып, қызын оятты.

 

-Қызым жеті шелпек сал, жаңа маған бір зор дауыс 15 жас беріп кетті, қазір өлмейді екенмін.

 

Қызы жеті шелпек салды. Бір Фатиқа онбір Ықылас оқып дұға жасады. Он күннен соң Әлімғазы ауырудан құлан таза айықты, өлімді мүлде ұмытты. Шудың бойында тас ескерткіші тұруға шақ қалған қытайдың бас ақыны Ли Байды туралы үлкен мақала жазып, қазақ териториясынан қытайдың ақынын қуып шықтты....Ғылым академиясына келген қытай ғалымдарының жанды жерінен сөз жебесін қадап, еліне бездіртті...баяғы жер бауырлаған айдаһар, қазір аузынан от шашқан ұшатын алып айдаһардан болды. Содан ел болып сақтанайық деп, көп жерде еміріне тіл қатты, кейбіреулер көкке қарап айдаһарды іздесе, кейбіреулер алжыған шал: «айдаһар деген ешқашан болмаған» деп мазақтады...

 

 

***

                                           

 

Қалтаң-құлтаң еткен жұдырықтай сар шал қос қабатты катеж терзесінен Алатауға тағы көз салады... тәні тас қабырғаның ішінде қамалғанмен, рухы алысқа ұшты.... 

 

-Жамбасы орындыққа тигені сол, қоңырау шырылдады.

 

-Әлімғазы аға? Сізді бастық өзіне шақырады.

 

-Жақсы, қазір барам. Неге шақырды екен деп үркек Әлімғазы, Ғаділбек Шаяхметов деген жазуы бар қос қабатты есікті аша ішке енді.

 

-Ассалаумағалайкум.

 

-Сәлеметсіз деп, әйелше амандасты бастық.

 

Түрік бауырларымыз келіпті, аудармашы керек.

 

-Айтсаңыз болды.

 

Он күн бойы аудармашы болып, бірталай қазақтың қасқасы мен жайсаңдарын түгендеді. Түрік ақыны Ахмет Кочак барған жерінде өлең оқып арындап, еле қыза бас бермей шапты. Қазақстан жазушылар одағының кіші залындағы кездесуде құдды ауыздықпен алысқан асаудай бас бермеді. Ақын деген ақымақ болады екен-ау. Ұлың бар, қызың бар балаңның баласы ақынға аудармашы болмасын деп, іштей тістенген Әлімғазы өлең       аралас лепірме сөздерін мағыналық аударма жасап қара терге түсті.

 

-Ассалалаумағалайкум аға деп, дәу салам берді Ахмет Кочак. Екі иығына екі кісі мінгендей алып денелі Қонаев қос қабатты үйдің биік тепкішегінен тау көшкендей түсіп келе жатты. Ақын жылдамдата барып, кеудесін ұстап, басын иіп, тізерлей қолынан сүйді. Бұндайды күтпеген Димекең абдырап қалды.

 

-Уағалайкумассалам, бауырлар, қош келдіңіздер. Туысқан Түрік елі аман ба? 

 

-Әлһамдұлла, Шүкір Аллаға, аман. Өздеріңіз қалайсыздар.

 

-Бізде Аллаға шүкір, жақсымыз. Қанеки ішке кірейік.

 

Шығыстан батысқа қарай созылған кең бөлме, бір қабырғасында бағалы оттықтар, аңшы мылтығы, қанжар, пышақ, кездіктер тізіліп, астына қайсы ел басшысы сыйлаған екені айшықтала жазылған, екінші қаптал қалың кітап.

 

Димаш аға өзі басшылық еткен жылдарды есіне алып, Қазақстанның жетістіктерін тізбеледі. 25 қабатты Қазақстан қонақ үйі, Республика сарайын сол кезде салдырдық. Көптеп кен орындарын аштық. Қазақты көтеу үшін жоғары оқу орындары мен техникумдарға қазақ жастарын барынша қабылдадық. Алматы сияқты орталық қалаларды қазақыландыру мақсатымен  жатақхана салдыруға Маскеудің рұқсатын зорға алдым. Солай қазақ қыз-жігіттерін қалаға тартып, қазақтарды жинай бастадық. Десе де, көп нәрсеге шамам жетпеді, саясаттың әуеніне еріп, асыра сілтеп жіберген кездерім де болыпты осы күнде ойласам... бір үлкен өкінішім...қой санын 50 миллион басқа жеткізу деген көпірме ұранмен, жалған мақтауға семіріп, қазақ балаларын мектепті бітіре сала оқуға емес «комсомолдық жастар бригадасы» на жіберіп, қазақты «қойшы халыққа» айналдырып жібере жаздаппын. Кеудеге таққан темір медалға мәз болған қазақ, одан бетер аршындап кірісті... барынша толық түрік тіліне аударды...Енді Димаш аға қабағын түйе сөзін қайта сабақтап, қазақ 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісі кезінде, азамат соғысы тұсында ақ пен қызылдың табанында қазақ әбден-ақ тапталды.1920 және екінші реткі қолдан жасалған алқа-көл сұлама1930-33 жылдарда аштықтан қындай қырылған қазақтар амалсыз Қытай, Қырғыз, Өзбек, Иран жеріне жан сақтау үшін қаша көшті. 1937-38 жылдарда сорпа бетіне шығар қазатың қаймақтарын түгелдей жіпке тізіп, қырып салды. Жер аударды, отбасын ойрандап, тұқымдарын тұздай құртып, ұрпақтарын мәңгүріт жасады. Барлық сөзін сан-сифрлармен, аса үлкен дәлдікпен ашына жеткізді. Бауырларым қазақ халқы шынмен мың өліп, мың тірілген халық. Ең аяныштысы қазақ ата дінінен, ділінен, дәстүр-салтынан, ана тілінен айырылып, орыстанды. Бәрі менің көз алдымда өтті-ғой. Ол бір сап таяққа ас ішіп, сабына қарауыл қойған кер заман еді-ғой, амал-нешік. Соңғы мәтелді аудара алмай тілін жұтқан Әлімғазы ұлттың кешегі сорына күйінген жандай болып үнсіз қалды. Десе де, аудармасын іздеп, іштей өзін жегідей жеп тұрды, Басқалар қазақтың нәубетті жылдарын көз алдарына келтіріп, көкіректерін жалын шарпыды....

 

-Ой жігіттер, түскі астың уағы болыпты, жүріңдер, мұсылманшылқта алдымен тағам, сосын кәлам деген бар емес пе. Димаш аға өзі бастап орнынан тұра зілдей ауыр ауараны сейілтіп, қонақ бөлмеге бастап кірді. Әлімғазы 23 жылдың алдында түсінде көрген үй, еш өзгемеген. Ақ торлама перде, ұзын стол, бәр-бәрі сол қалпы. Иа, мен бұнда болғам деп дауыстап жіберді...өздерімен өздері болып дамбырлай сөйлеген олар Әлімғазыны аңғармады.

 

- Сендерге Еуропа мен Азияның тіпті, Америка мен қара құрлықтың да тағамы таңсық емес. Ұлым Елдар мен келін екеуі қазақтың ұлттық тағамдарын дайындапты. Қолына бір кішкене сықпа құртты ұстап «ағатай, жаңқалтаңда құрттың бар ма, анамның саусағының табы қалған» деп қазақтың Жәркен ақыны жырлағандай, мынау сықпада менің  жарты ғұмырым бірге біте қайнасқан жан жарым марқұм Зухыраның қолының табы бар. Біреуін аузына салды. Сендерде дәмін татыңдар. Дастарханда жент, құрт пен ірімшіктің бірнеше түрі, ақталған тары, жүгері жармасы, кілегей, қолдың сары майы, бал, пияз қосқан қарма нан, сан түрлі жеміс-жидектер мен сыртында Абай мен Пушкин бейнеленген рахат компиттері қаптап тұр.

 

- Еуропаға жақындау елдің азаматтары-ғой «әлгіге қалай қарайды екен» деп, ыңғайсыздана арам асты айта алмай Әлімғазыға аудар дегендей қарады Димекең. Онсыз қонақ силамағандай....

 

Шайтан сыбырлады ма, аудармасыз түсінген Ахмет Кочак;  

 

-Үлкен кісінің қолын қайтарсақ болмайды. Ағамыз бүгін у берседе ішеміз.

 

-Жөн, жөн. Біз 70 жылдық Құдайсыз қоғамнан жаңа шықтық. Орыстар бізді тік тұрып шаптырудан бастап, барлық жаман әдеттерді жоспарлы түрде үйретті-ғой. ИншАлла бізде мұсылманбыз, ата-бабамыз тариқат ұстанған. Әлімғазы белі қайыса зілдей-зілдей тұрақты тіркестердің баламасын тапқанын тауып, таппағанын мөлшерлеп жеделдетіп жарыса аударма жасады.

 

-Иа, аға дәл айттыңыз, сіздерің аталарыңыз Ахмет Иассауй біздің Анадолыға Әдебәлі, Атабек қатарлы шәкірттерін жіберген. Иманға зәру кезде елдің иманын жаңартқан. Түріктер оны жақсы біледі. Біз сіздерге қарыздармыз, енді міне біздің де қарыз қайтартын кезек келіп тұр.... Қазақ елі - бүкіл түркінің қара шаңырағы. Ахмет Кочак тез шешім жасаған ағат қылығына  енді өкінді. Десе де, денесінде лапылдап тұрған ақындығы бұл ойынан тез қайтарды.

 

-Үш қырлы бұж-бұж шайтан судың шишасын көтерген Димаш аға, бұл менің тірі кезімде саяси бюро мүшелеріне берілетін айырықша ащы су. Сендерге қалған екен.

 

Орнынан тұрып Ахмет Коч сөз бастады.

 

-Отырып сөйлей бер, еркін отырыс-қой.

 

-«Сізге деген құрмет, қазақ еліне деген құрмет». Тік тұрып, сөйлесем шабыттанып тұрамын.

 

-Лепіре сөйлеп, қолын қозғап, мойнын толғап өлең оқып, аспанға рухы ұшып жерге түспей біраз қалықтады... Әлімғазы аяғынан қанша тартса да түскісі келмей өлеңін нөсерлете төкті-ай келіп...зорға түсті.

 

-Аға мынау сізге түрік шеберлерінің арнайы жасаған силығы, түркі тектес елдердің картасы. Қымабат бағалы лағыл тастармен әдемі безендіріпті. Әр елді өз туының түсімен бедерлеген. Қазақстан бөлекше көзге ұрады....

 

-Теңдесіз сыйлық, теңдесіз сыйлық. -Димаш аға сіз бүкіл Түркі халықтарының ағасысыз, ел үшін, жер үшін көп жапа шектіңіз. Біз сізді Анадолы жеріне қонаққа шақырып келдік.

 

-Қонаққа шықыру – сүннет, бару – парыз . Бірақ біз сол шетел ұстайтын көк қағаздың жанына жақындамадық. Ақша деген жанып тұрған от деп алыстан сыйластық, әліге дейін солай.

 

-Сіз өте дұрыс істегенсіз, болмағанда бүгін қайда отыратыныңызды бір Алла біледі.

 

Сіз тек барам десеңіз болды, ақша жағынан алаңдамаңыз, барлық жағдайды сіз үшін біз жасаймыз.

 

-Мен жалғыз баруға тағы қиындау, өзімнің жеке дәрігерім, менің жеке күтіміме қарайтын келінім мен балам бар жалпы төрт адамбыз.

 

-Сіз үшін біз дайын, он бес адам болса да, біздің құшақ ашық. Сіз келісім берсеңіз болды.

 

Димаш ағаның жаны толқып, шексіз ризашылығын білдіре жымиды.

 

Тосыт көтерту кезекті Әлімғазыға келді....

 

-Мен 23 жылдың алдында көрген ғажайып бір түсімді айтсам.

 

-Е, айта-ғой, айта-ғой.

 

-Мен өзім қытайда туып, білім алған адаммын, сіз Қазақстанда бірінші хатшы болып тұрған 1969 жылы шекара бұзып, Қазақстанға өтіп келдім. Сол жылдың тамылжыған тамыз айында бір түс көрдім, түсімде осы зал мен жаңағы бөлмеңізде болдым, ондағы барлық заттарды дәл бүгінгідей ап-анық көрдім. Осында Л. Брежнев екеуіңізге алтын табаққа салып, қойдың басын тартқамын. Осы түсімді қасымдағы жолдастарыма айтып едім. «Адам деген шамасына қарап түс көрмей ме екен?» Жүрісіміз мынау. Ол кісілер қайда, біз қайда деп мазақтай күлген еді.

 

-Шынымен ғажап түс екен, шын мұ­сылмaнның тү­сі өз тaғды­рынaн aян бе­ре­ді. Түс үш түр­лі болaды: бі­рін­ші­сі, Аллaдaн ке­ле­тін иллaһи түс; екін­ші­сі, aдaмның күн­де­лік­ті іс-әре­ке­ті бо­йын­шa қaйт­aлaнaды; үшін­ші­сі, жыннaн ке­ле­тін қор­қы­ныш­ты түс. Адaм ұйықтaғaн кез­де aдaм ру­хы де­не­сі­нен бө­лі­ніп ке­те­ді. Ал рух көк­те­гі пе­ріш­те­лер­мен бір­ге болaды. Сол кез­де aдaм сaнaсындa түс aрқы­лы кө­рі­ніс бе­ре­ді. Шынaйы иллaһи түс осылай келеді.

 

Иа, балам сенде бекер жігіт болмадың, жағыдайың қалай, одан бергі күндерің қалай өтті, жаңағы түсіңде бас тартқан екі шалдан бір жақсылық көрдің бе?

 

-Елге келе қайта туып, басында еңбектедім. Бүгінде қазақ-радио корпоративінде тілші болып жұмыс жасаймын. Екі ұл бір қызым бар, жағыдайым жаман емес.

 

-Е, онда жақсы екен. Алатыныңды алған екенсің.

 

Әлімғазы парыз бен қарыз деп күбірлей берді...

 

Қалтаң-құлтаң еткен жұдырықтай сар шал қос қабатты катеж терзесінен Алатауға тағы көз салады... тәні тас қабырғаның ішінде қамалғанмен, рухы алысқа ұшты.... 

Бөлісу: