Қоскөл ауылы
«Қоскөл» ауылы «Қаратал» ауылдық округіне қарайтын көне елді мекен. Осы ауылдың қазыналы қариясы Ерсайын Төлебайұлы өз ауылы туралы әфсәнәні таң атқанша жырлауға бар. Ақсақал сексеннің сеңгеріне келсе де, әлі де жастарға бағыт – бағдар берер, ауылдың ақылман ақсақалы. Ерекең кезінде «Қаратал» кеңшарының бөлімшесі «Қоскөл» ауылының шаруашылығын дөңгелетіп ұстаған іскер басшы. Зейнетке шықанда да үйінде жатып алмай шаруа қожалығын ұйымдастырып, ауылдастарына іскерліктің үлгісін көрсете білген білікті маман.
Ерекеңмен дидарласуға жолым түсіп бара қалсам, қария ауыл жастарына Елбасының елде жүргізіп отырған сындарлы саясатының бірі «Бастау» бизнес бағдарламасын шама – шарқынша түсіндіріп:
- Оқыңдар, мал, егін шаруашылығымен айналысып жеке кәсіптеріңді ашыңдар, сол үшін үкімет бизнестеріңді ашу үшін грант, яғни қайтарымсыз ақша бөліп отыр, соны игеріп шаруашылықтарыңды дөңгелетіп әкетіңдер, - деп жатыр екен
Мен де Ерекеңді қолдап, аталмыш бағдарламаның тиімді тұстарын айта келіп:
- Тығырыққа тірелген адамдардың үміттерін жандыратын, жүректеріне сенім ұялататын бағдарлама, - деп Ерекеңді қолдап жатырмын. Жастарда риза болып үйлеріне тарап жатты.
Ерекең көңіліндегі кірбіңін жасырмай: «Төскейі малға, алқабы астыққа толған ауылымның бүгінгі жағдайы алаңдатады, - дегеніне мен де үнсіз қосылдым, - Бірақ, биыл аудан орталығына қатынайтын кетеуі кеткен жол асфальтталып, көңілімізге үміт отын ұялатты, соны жақсылыққа балап отырмын. Дегенмен ауылдың бетке ұстар азаматттары тізгінді қолға алып, ауылдың әл-ауқатын көтерер деген сенім бар», - деді.
Әңгімеміз ауыл тарихына ойысып оның өткені мен бүгінгісін қозғап есімі елге танымал драматург-жазушы Шахмет Құсайынов осы ауылдың тумасы екенін білгенде құлағым елең ете қалды. Менің қызығушылығымды байқаған сұңғыла қария ауыл шежіресін тарқата отырып:
- «Қоскөл» ауылы Айыртау ауданының батыс бөлігінде орналасқан елді мекен. Жерінің түгін тартсаң майы шығатын, шыбығын тықсаң, шынары шығатын құнарлы қара топырақты аймақ. «Қоскөл» - драматург - жазушы Шахмет Құсайынов, мемлекет қайраткері Бәйкен Әшімовтың тұңғыш ұстазы - Аяпбергенов Хамзабай, ҒА корреспондент-мүшесі Ахат Нұртас, белгілі хирург - дәрігер Абай Байгенжиннің туған ауылы. Сондай-ақ Еңбек ері, Ленин орденінің иегері, еңбек ардагері, 17 жасынан трактор мен комбайынды қатар меңгеріп Ұлы жеңіс күнін жақындатып алғысқа бөленген механизатор Жасау Аюповта осы ауылдың тумасы.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары ауылға Шахмет Құсайынов ағамыз бен Әмина Өмірзақова жеңгеміз келген. Ол кезде ол кісінің құрдастарының төрт көзі түгел кезі. Ауыл адамдары оны тік көтере сый – құрметпен қарсы алды. Ол кісіге атқосшы болып жанында жүрдім, астымдағы машинаммен қайда апар десе, сонда апарамын. Ол кісі ауылдың Шымболат, Бәкубәй сынды ақсақалдарымен, Біләл Малдыбаевтың, Құсайын Темірбековтың, Жұмағали Тілеулинның туған- туысқандарымен кездесіп емен-жарқын сөйлесіп деректер жинаған. Жанында жүріп мен де осы Қаратал өңірінің тарихына қанықтым. Ағам мен жеңгем ауылда бір айдай аунап-қунап жатты. Ол осы сапары нәтижесінде жинаған деректері арқасында «Сырымбет саласында» деген драматургиялық кітабін жарыққа шығарды. Уақиға желісі өте тартымды. Құсайын Темірбековтың отбасында болған шым-шытырық уақиғаны баяндай отырып, революцияға дейінгі ауыл тынысын суреттейді. Бүгінгі күні Қаратал орта мектебі Ш. Құсайынов атында. Көкшетау қаласында Шахмет Құсайынов атындағы драм - театр жұмыс істейді. Аудан орталығы Саумалкөл селосындағы үлкен бір көше Ш. Құсайынов атында. Жақсының аты өлмейді деген осы ғой.
Сондай-ақ, Аяпбергенов Хамзабай ұстазымның қолынан білім алғанымды мақтан тұтамын. Бұл кісі төңкеріске дейін Ресейдің жоғары оқу орнында оқыған адам. Сәкен Сейфулин «Тар жол тайға кешу» кітабінда поезда екі шәкірт Хамзабай мен Қабиолламен кездестім деп жазғанымен таныспын. Өйткені біздің ауылдың Қабибола мен Хамзабай деген азаматтары да сол кезде Ресейде оқыған азаматтар еді, мүмкін солар ма екен деп топшылаймын. Сол жөнінде бірде ұстазымнан сұрағанымда, ол «уақыты келгенде білерсің» деп ары қарай сыр шашпаған. Мүмкін заман ызғарынан ықты ма ма екен?!.
Хамзабай ұстазым туралы «Облыстың Құрметті адамдары» энциклопедиясында: «Хамзабай Аяпбергенов Қазақстанның алғашқы кәсіби мұғалімдерінің бірі болды. Ол қырық жылдың ішінде (өмірінің соңына дейін) бастауыш мектеп директоры ретінде халыққа білім беру жүйесінде жұмыс істеді. Оның еңбегі жоғары бағаланды және 1948 жылы Үкіметтің жоғары марапаты «Ленин» орденімен марапатталған Қазақстанның алғашқы мұғалімдерінің бірі болды» делінген.[1] Белгілі мемлекет және қоғам қайраткер Бәйкен Әшімов Хамзабай Аяпбергеновтің шәкірті. Бәйкен аға өзінің естелік кітабында: «Бастауыш мектептегі білімді Хамзабай Аяпбергеновтен алдым. Осы мектепте негізі қаланған білім мен өмірге деген көзқарас менің одан кейінгі тағдырымда және оның көптеген шәкірттерінің тағдырында орасан зор болды» - деп ағынан жарылыпты. Хамзабай ұстазым мен Айна жеңгемнің сүйектері ауыл қорымына қойылған. Хамзабай ағамның отбасынан 4 профессор, әке жолын қуған мұғалімдер шықты.
Ахатов Нұртасқа келер болсам, ол көз алдымызда өскен бала. Ауылда еңбек жолын механизаторлықтан бастады. Содан білім қуып ғалым болды. Ауылдастар оны мақтаныш тұтады.
Кешегі ата-бабаларымыз жүріп өткен жолдың бәрі қазір тарих қатпарында жатыр. «Қоскөлден» «Шүкірлік» ауылына шыға беріс тас жолдың бойында оба бар. Өткен ғасырдың 50-60 жылдары ауылдың механизаторы оба маңында жер жыртып жүріп, соқамен жерге көміліп қалған балбал тасты сүйреп шығарғаны бар. Балбалда адам бейнесі бейнеленген еді. Археологтар шақырғанға келмеді.
Сол балбалды құнттап сақтамаған соң қолды болып кетті. Содан болжауым бойынша ауыл тарихы көне дәуірге бойлап кетеді ғой деп ойлаймын, өйткені Қазақ даласы мұсылман дінін IX-X ғасырда қабылдаған. Ал мұсылман дінінде адам бейнесі бейнеленбейді емес пе? Меніңше «оба» мұсылман діні кіргенге дейін соғылған сияқты. Обаның көлемі ауқымды.
Бір жылдары ауыл жастары обаның құпиясын білмек болып, обаны қаза бастағанда, шайдай ашық аспанды бұл торлап, найзағай ойнағанда олар қорыққандарынан күректерін тастай қашқан еді. Сондықтан жергілікті тұрғындар жүректері шайлығып обаны өз бетінше қазуға тылсым күштен қорқады. Шіркін, обаны зерттеп құпиясын білсе тіптен ауыл емес еліміздің ежелгі тарихының бір парағын ашуға болар ма екен.
Бүгінгі күні кеңшар тараған соң жастарға жұмыс жоқ қалаға кетіп жатыр. Мектеп жабылды. Енді осындай тарихы бай ауылымның ойылып жұрты қалса өкініш емес пе! Сондықтан мемлекетіміз ауылға көңіл бөлсе, ауылымыз аяғынан қайта қаз – қалпына келер еді, – деген еді Ерсайын жездем кетер кезде. Дегенмен жастарға жөн сілтер Ерекеңдей аптал азаматы бар ауылдың еңсесі биік, тұғыры нығыз болатынына сенемін. «Алланың назарында жүріңдер!» деймін киесінен ажырамаған ауыл - аймағына.
Бөлісу: