ДҮНИЕНІҢ СОҢЫНДА

25.07.2017 5431

 

Біз төртеу едік. Төртеуміздің жас аралығымыз бірер жыл ғана, құрдастар боп есептелетінбіз, жұбымыз жазылмайтын. Тоқсаныншы жылдардың басында ер жеттік те, жігіт боп, бой түзеп қалдық. Күн сайын ауылдың сыртындағы арыққа шомылып, жағалаудағы қып-қызыл шағыл құмға белшемізден көміліп, күнге қыздырынып жатып армандаудан жалықпайтынбыз.

— Шіркін, қалтам толы ақша, астымда су жаңа машина, басымда зәулім үйім болса ғой, — дейді арамыздағы бір жігіт өзінің арманын бізге айтып. Адамның арманы таусылушы ма еді? Одан жанындағы екі жігіт қалыспайтын. Олар да есепсіз дүниенің иесі болып, жалғанды жалпағынан басқысы келетінін жасырмайтын. Мен де өз армандарымды айтып, «сондай күнге жетер ме екенбіз?» деп тәтті қиялға берілетін шақтар артта қалғалы не заман?..

 

Төртеуміз де мектеп бітірген соң оқуға түспедік. Ауылда қалдық. Тап келген жұмысты атқарып, әке-шешемізге ақшалай жәрдем беріп, күнкөріске жарап қалғанымызға мәз болып жүрген бір шақ еді.

— Ауылда жүре бермей, Алматыға барып қайтсақ қайтеді? — деді үш досымның біреуі.

— Алматыда не бар-ей? Адасып өлерміз, — деді екіншісі.

— Адаспаймыз. Сонда оқып жатқан сыныптастарымыз бар ғой. Солар күтіп алады да. Ауылда жүріп не қызық көреміз? Қалаға барып, шамалы серпіліп қайтайық та.

Мына идеясы ақырындап көңіл түкпірінде қалғып жатқан желікті қозғай бастады. Шынында да. Алматы деген қала бар десе сенбейтін кезіміз. Алматыны бір көру ауылдағы бозбала біткеннің арманы екені рас. Ендеше неге барып, аралап қайтпасқа?

— Жарайды. Баралық делік. Ақшаны қайдан аламыз?

— Қайдан алғаны несі? Жұмыс істеп жатыр емеспіз бе? Бір айлығымызды соған жұмсайық. Бәрібір жетпейтін дүние жетпейді... Ертең қатын алып, бала-шағалы болсаң, Алматы түгіл мына Жетісайға баруға мұршаң келмей жүресің.

Бәрі осы бір елеусіз сұхбаттардан басталған. Делебеміз қозып, қалаға баруға шынымен дайындала бастадық. Ана үшеуі ата-аналарын қалай көндіргенін білмеймін, «Алматыға барып қайтайын» деп әкеме жұқалатып айтып ем, үзілді-кесілді қарсы болды. Әкеге қарсы шығып көрмеген басым, Алматыға барудан сол сәтте-ақ күдерімді үздім.

Үш досым бір айлықтарын қалтаға басып, Алматы қайдасың деп тартып кете барды. Ішім күйіп ауылда қалдым.

 

Олардың Алматыға алғаш барғаны өз алдына бір хикая. Ертесіне автобус бұларды Алматының шетіндегі автобекетке апарып түсіріп тастайды. Қайда барарын білмей аңырған үшеуі автовокзалда әркімнің бетіне ауыздары ашылып қарап отыра беріпті. Сыныптастарымен хабарласайын десе, олардың не мекен-жайын, не телефон номерлерін білмейді. Біреуі сол жердегі әжетханаға барған екен, мұның шаһар көрмеген ауылдың баласы екенін жазбай таныған қаланың бұзық балалары ұстап алыпты. Мұның белдігін шешіп алып, бермей қойып:

— Бізге жүз теңге берсең ғана белдігіңді қайтарамыз, әйтпесе белдік жоқ, — деп зорлық жасайды. Ол кезде жүз теңге дегенің дүниенің ақшасы. Бұл көзі алақ-жұлақ етіп, ауылдан келгенін білдіріп қойыпты.

— Қазір, жанымдағылардан ақша сұрап әкеп берейін, — деп оларды алдап, ол жерден тайып тұрыпты. Дереу серіктеріне барып:

— Белдігімді балалар тартып алды, жүз теңге бере тұрыңдаршы, — депті абдырап, түсі қашып. Мұны естіп ана екеуінің көзі алақандай боп кетеді.

— Жындысың ба? Жүз теңгеге бес-алты белдік сатып аласың ғой. Қайтадан барсаң тонағанның көкесін көрсетеді, одан да бұл жерден зытайық, — деп үшеуі жалма-жан жүргелі тұрған автобустың біріне міне салады. Мінгенімен қоймай, әлгі хулиган балалар қуып жетіп, ұстап алар деп автобустың артқы жағына барып жайғасады.

Ә дегенде байқамапты, автобус қаладан сыртқа қарай шығып бара жатыр екен. Жанындағылардан «автобус қайда барады?» деп сұрайын десе, жолаушылардың көбі орыстар екен, сұрауға жігерлері жетпей отыра беріпті. Көп ұзамай бір ауылдың тұсына тоқтағанда бұлар сол жерден түсіп қалады.

— Ал, неге келдік қалаға? Адастық, біттік, — дейді біреуі.

— Жоқ, адаспаймыз, қазір бұл қай ауыл екенін сұрап аламыз, — дейді арасындағы батылдау біреуі. Анадай жерде өтіп бара жатқан қартаң кісіден жөн сұрайды.

— Бұл Қаскелең ғой. Сендерге қай ауыл керек?

— Біз Алматыға баруымыз керек.

— Алматы әлі алда. Осы жерден кез-келген көлікті тоқтатсаңдар, қалаға жеткізіп салады, — дейді ақсақал жөн сілтеп.

Сәлден соң Алматыға қарай кетіп бара жатқан жеңіл көліктердің бірін тоқтатып, мініп алады. Шопыры әңгімешіл кісі екен, бұларды дереу сөзге тартады.

— Иә, қайдан жүрген жігітсіңдер?

— Жетісай жақтан келдік, — дейді бұлар. Алматының адамы Жетісайды білуші ме еді.

— Ол қай жақта?

— Шымкент жақта.

— Ауылда тұрасыңдар ғой деймін.

— Иә...

— Дұрыссс... Жәйша келдіңдер ме Алматыға?

— Жәй, қыдырып.

— Әлде, жұмыс істеуге келдіңдер ме?

— Айлығы жақсы болса істей береміз.

— Мммм... — дейді де, шопыр біразға дейін үнсіз қалады. Біраздан соң:

— Мен базарда ұн сатамын. Жүкші балаларды кеше ғана жұмыстан босатып ем, жаңадан жұмысшы керек болып тұр. Сендер камаздан ұн түсіруге қалайсыңдар? — депті. Тосыннан айтылған ұсыныс бұларды ойландырып қояды.

— Ақша бересіз бе? — дейді арасындағы пысықтау біреуі.

— Әрине. Ақша беремін, жақсылап істесеңдер күн ара ұн түсіріп тұрасыңдар. Сонда жататын жер бар, сол жерге түнейсіңдер, әрі түнімен ұнға қарауыл боласыңдар. Қарауылдыққа да ақша төлейін.

Ақшаның мөлшерін айтқанда бұлар келісе кетеді.

Алматыға іздеп барған сыныптастары жайына қалады. Көкбазардағы ұн сататын орынға барып, бұлар жүкші қызметін атқарады. Ауылда қара жұмыс жасап, қайнап піскен жас жігіттерге бір камаз ұн жұғын да болмапты. Бұлардың қайратына, қимылына сүйсінген қожайын дереу өзіне жұмысшы қылып алады.

Ұн түсіру білек күші бар адам үшін оншалық ауыр шаруа емес. Ақшасына қызыққан үшеуі ауылды ұмытып, көкбазарда қалып қояды. Бейнетті адал істейтін қасиеттерімен ұн сататын қожайынға жағып, көңілінен шығып тұрады. Солайша ақырындап, Алматыға, қала өміріне сіңісіп кетеді.

 

Ауылдағылар ше?

Алматыға кеткен үшеуден хат та, хабар-ошар да болмай, үйіндегілер уайымдай бастайды. Менің Алматыда оқып келген көршім бар-тұғын. Алматыға кеткен үш жігіттің бірінің анасы сол көршіме келіп:

— Алматыға қанша уақытта барып келуге болады? — деп сұрапты.

— Бүгін шықсаңыз, ертеңіне азанда Алматыда боласыз.

— Онда ана жүгермектердің келетін уақыты болды ғой. Кеткендеріне он шақты күн болды, әлі жоқ, — дейді уайым шеккен ана. — Сенің Алматыда таныстарың көп қой, солармен хабарласшы, біздің балаларды көрмеп пе, сұрайық.

Көршім ол кісінің сөзіне күліп алады да:

— Жеңеше, қызықсыз ба? Алматы ауыл емес қой, ол үлкен қала, адамдары бір-бірін танымайды ол жерде, — деп әзер түсіндіріпті.

Апта өтеді, ай өтеді. Алматыға кеткен үшеу мүлдем хабарсыз кетеді. Ақырында ата-аналары Алматыға барып іздестіреді, таппай сандалып қайтады. Сөйтсе, ол үшеуі ешқандай құжатсыз кеткен екен, қалада тіркеуде мүлдем жоқ болып шықты. Сосын тауып көр оларды. Үлкен қаладан құжатсыз, тіркеусіз адамды іздеу, қалың шөптің арасынан инені іздегенмен бірдей ғой. Тай-құлындай тебісіп өскен достарымсыз қалған маған да қиын болды.

Арада төрт-бес ай өтіп, күз аяқталғанда ғана үшеуі қалаша киініп, қалталарын ақшаға толтырып, сау етіп ауылға келіп қалады. Күдерін үзіп, қара жамылуға шақ қалып отырған үйіндегілер оларды көріп талып қала жаздайды. Ара-беріден соң үшеуін де жер-жебірлеріне жете ұрсады.

— Не хат жоқ, не телефон шалу жоқ! Бұларың не жүріс? Уайымнан өліп қала жаздадық қой, — деп әкелері ақырып қоя беріпті.

Ал, шындығында ол байғұстар ауылға хат жазыпты. Жазғанда да бірнеше хат жазыпты. Бірақ мектепте оқып жарытпай, жазу-сызудан сауаты мақұрым болғандықтан, хаттың сыртына адресті де дұрыстап жаза алмапты. «Шымкент, Район Киров, Совхоз 40-лет» деп жазып пошта жәшігіне тоғыта берген ғой. Мынадай мүгедек адреспен ол хат біздің ауылға өлсе жетсін бе? Телефон да шалмақ болған екен, алайда ауылда тым құрығанда бір үйдің телефон номерін жатқа білмей дал болып, ол әрекеттері де іске аспапты.

Қалай дегенмен де қала өміріне әбден үйреніп, тіс қағып келгендері көрініп-ақ тұрды. Ауылда бір аптадай аунап-қунап жатты да, қайтадан жұбын жазбастан Алматыға кетіп қалды. Сол кеткеннен біржола кетті. Ауылға жылына бір рет соғады, соқпаса ол да жоқ. Біртіндеп мен де оларсыз өмірге үйреніп қалдым. Өйткені, енді ол үшеуі ауылдың емес, қаланың адамына айналып кеткен-ді.

Дүние жинаудың қыр-сырын түгел меңгеріп алған ба, арада көп жылдар өткен соң бірі дүкеннің, екіншісі автомойканың қожайыны болып алды. Үшіншісі де осал емес, Қытайдан тауар өткізеді деп естігем. Осылайша бір кездегі «ақшалы адам болсақ қой» деген армандарын тізгіндеп мініп, өздері қалаған өмірге қол жеткізді. Өмір деген қызық қой. Автовокзалда бұзық балалар өктемдік көрсетіп, белдігін тартып алмағанда, бұлар Қаскелеңге қарай қашпас па еді. Қаскелеңге бармаса, әлгі ұн сатқыш саудагерге жолықпауы да мүмкін ғой. Бәрін қиюластырып, бір-біріне себепші қып қойған Алла Тағала да шебер-ақ. «Баяғыда солармен бірге қалаға кеткенімде, осы күні мен де алматылық боп жүрер ме едім?» деп те ойлаймын кейде...

Ә дегенде үшеуі де ауылға келген сайын мені іздеп тұрушы еді, келе-келе тіптен хабарласпайтын болып кетті. Бизнесмен болу оңай ма? Уақыттары жоқ шығар да... Машақаты көп өмір ұмыттырмай қоюшы ма еді, өткен шағымның әдемі естеліктері қат-қабат шаруалардың астына көміле түсіп, жадымнан алыстап көмескі тартты да, мен де олардың әлемде бар-жоғын елемейтін халге жеттім.

 

*  *  *

Қалаға кеткен үшеудің бірі араға жеті-сегіз жыл салып, былтыр жазда ауылға келді. Ойламаған жерден кездесіп қалдым. Орталықтағы дүкеннен шыға бергенім сол еді, дәл жаныма «Джип» көлігі кеп тоқтады да, мен жақтағы есігі ашылып, ішінен баяғы үш досымның бірі түсіп келе жатты. Бұрынғы талдырмаш денесі толысып, қарын байлап, шаштары сиреп, жас кезіндегі қараторы өңінің енді қаны сыртқа теуіп бозарып, қалалық байбатшаға көбірек ұқсап, едәуір өзгеріп кетсе де, оны бірден тану мен үшін оншалық күрделі емес еді. Менен әлдеқайда күйлі екенін дене бітімі айтып тұрды.

Кескін-кейпі ғана емес, мінезі де, болмысы да көп өзгеріске ұшырап кетіпті. Оны көріп жүрегім жарыла қуанып ем, ол болса... менімен құлықсыз амандасты. Онымен бірге Алматыға кеткен екі досымды сұрадым.

— Білмеймін, жүрген шығар қалада... — дей салды.

— Араласпайсыңдар ма не?

«Қойшы соларды» дегендей қолын сілтеді.

— Араласуға уақыт жоқ, екеуін көрмегеніме екі-үш жыл болып қалды.

— Неге?

Сұрағымды жауапсыз қалдырып, алдындағы бетон баспалдақпен жоғары өрлеп, дүкеннің есігінен ішке кіре берді. «Дүкенге кіріп шығайын, күте тұр» демеді.

Ол жерден кетудің немесе досымның дүкеннен шыққанын күтудің ретін таппай тұрып қалдым. Меніңше, жылдар бойы көріспеген достардың әңгімесі олайша екі ауыз сөзбен біте салуы мүмкін емес. Ішкі ойым осылай десе де, бәрібір оның дүкеннен шыққанын күтіп тұрғым келмей, ол жерден жәйлап ұзай бердім. Өйткені оның бойынан бауырсыраған ыстық ықыласты, сағынышты емес, әлдебір суықтықты, жаттықты байқаған едім. Бәлкім, өткенін еске алғысы да келмейтін болар?.. Ендеше, ол жерге қаңтарылып неғылам?

Дүкеннен әудем жерде ауылды екіге бөліп тұратын канал мен көпір бар-тұғын. Сол көпірге жеткенімде манағы «Джип» жанымнан ақырындап өте берді. Рулде отырған досыма көзім түсті. Ол да мен жаққа мойнын бұрды да, жанарымыз бір сәт түйісе қалды. Ол маған басын болар-болмас изеді де, көлігін тоқтатпастан, ұзын көшені бойлап, менен алыстап кете барды.

Ол расымен де менен алыстап, суынып кетіпті...

Қалған екі досымды ойладым. Олар да өзгеріп кетті ме екен? Ол екеуін де көрмегелі он шақты жылға жақындап қалды. Ғаламторға тіркелген болса, бәлкім, осы жазбамды оқып, мені еске алар...

 

МЫҚТЫБЕК ОРАЗТАЙҰЛЫ

Бөлісу: