Биік белес

05.01.2021 4183

(жазушы Тұрысбек Сәукетаев 70 жаста)

 

Биылғы жылы біршама аға толқын жазушылар 70-тің белесіне шықты. Осы толқындағы Ж.Шаштайұлы, Н.Ақыш жайында баспасөзде жарияланған мақалалардан аталған қаламгерлердің ұзақ жылғы еңбектері жайлы оқып білдік. Осы қатардағы қаламгер Тұрысбек  Сәукетаев та өз оқырмандарына есеп беріп кездесулер өткізер, шығармашылық жолы жайлы қызғылықты материалдар жариялар деп күткен едік. Бірақ бұған Тұрысбек ағамыз асығатын емес. Тіпті, оның биыл осы мерейлі жасқа келгені жөнінде оқырман білмей қалуы да мүмкін еді. Бұл туралы әдебиет газетінде Мұхтар Мағауин ағамыздың салмақты ой қорытқан тамаша мақаласы оқушы назарын  аударып үлгерді.

 

Қазақ әдебиетінде жазушы көп деп жатады. Біреулер ұзын санын айтып көпсініп те қояды. Мұның бәрі жазушы емес деп өздерін жұрттан бөлек, асып барса соның 4-5-уі ғана жазушы дейтіндер бар. Сол азғана таланттың ішінде өзі ғана жүргісі келетіні көрініп тұрады. Иә, көпсінбесін ешкім. Қазақта жазушылар көп деп мақтанса несі бар екен. Ұрысы, ішкіші көп ел дегенге қарағанда ақын-жазушысы көп ел сауатты болары, көзі ашық, жас ұрпағы талапшыл болары анық қой. Осы еліміз тәуелсіздік алған күннен бері соның әр күнін өлеңмен жырлап, сөзбен демеп, өнерді өрге сүйреп келе жатқаны осы ақын-жазушылар екені тағы да айнымас шындық. Қай өнерде де әр адам өзгені қайталай алмасы қандай қызық болса, әдебиетте де әркімнің өзіндік жолы, болмысы бар. Еліктеу, жол іздеуден бөлек, өзіндік қолтаңба қалыптастыру екінің бірінің қолынан келмейді. Мейлі, тіпті кеңестік кезден қалған ойларды жазып жүрсе де өз жолымен бара жатқан қаламгердің әйтеуір оқырман үшін пайдалы кітабы бір жазылары күмәнсіз.

 

Жазушылық ұзақ сапарда қажымай-талмай табандап еңбек еткен ізденімпаз қаламгердің бірі осы Тұрсекең. Оның үстіне бұл кісінің иығына артып алған міндеті, жауапкершілігі бар. Ол қазақ әдебиетінің Бас жорналы «Жұлдыздың» халыққа, оқырман істеп келе жатқан қызметін талапқа сай ұйымдастыру, жұртшылықтың сұранысына орай ең таңдаулы дүниелерді көпшілікке жеткізіп, үнемі биік талғам деңгейінен шығып отыру. Бұл айтуға оңай болғанмен үнемі алға жетелеп отыратын табандаған қиын міндет. Қашан барсаң жорналдың кіре берісіне жақын жұмыс бөлмесінде қағаз қарап отырған Тұрсекеңді көресің. Басқаларды білмеймін менің ағамызды осы күйінде көргеніме 20-25 жылдай болған шығар. Өзгермейтін график. Биік талап. Оқырман сұранысына сай материал, мақала, көркем шығарма. Журнал деген құдды конвейер дерсің. Жұта береді. Таудай қолжазба ішінен оқушыға керек кішкене нәрсені таңдап алу қиын-ақ. Кейде сол дүниелердің бәрін ысырып тастап, кезекті нөмірге оқушыны селт еткізерлік бірдеңе іздеп кететін кезің де болады. Тұрсекеңнің сондай тың нәрселерді іздеп отыратыны бар.

 

Жазушы Тұрысбек Сәукетаев туралы айтқанда, оның шымыр жазылған повестері, уақытпен аяғын бірге басып, талап деңгейінен бір төмендемеуге тырысатын еңбекшіл, жарқын ойлы, ізденімпаз кейіпкерлері жайында еске алуға тура келеді. Қаламгер ойы айналада болып жатқан саяси, қоғамдық, моральдық жағдайларға сергек, таным таразысынан қарайды. Әрбір жарық көрген кітабын оқушыға жазып беріп, сауатты оқырманын тексеріп, оған міндетті түрде қызметін пайдалана жүріп пікір жаздыру сияқты есеп қимылдар Тұрсекеңде жоқ. Күні бойы жорнал жұмысымен жүріп, мына қалың кітаптарды қалай жазған деп еңбекқорлығына дән риза боласың.

 

Күнде көріп жүрген адамың болса да тосын, бұрын байқамаған жайға жазушы сөзсіз тіл қатады. Әй, мына әңгімеңнің орындалуы жақсы дейді. Не оқиғасын дұрыс алыпсың, бірдеңе шығарған екенсің десе соған кәдімгідей марқайып, мақтау естідім деп біліңіз. Өйткені, Тұрсекең мақтауға шорқақ. Сөз етуге тұрмайтын бірдеңелерді мақтап жатса оған да қарап қалмай өз пікірін білдіреді. Бұ жағынан алғанда Тұсекеңмен сағаттап әңгімелесуге болады. Бірақ бәз біреулердей бұл кісінің бильярд жағалап, кафеге барып әңгімелесуге құштар болмауы өзінші бір еңбекқорлыққа тән мінезден шығар  деп ойлайсың. Қашан көрсең қағаз ортасында қолжазба қарап отырған қаламгердің қажыр-қайратына разы боласың.

 

Жазушы Тұрысбек Сәукетаев өзімен қатарлас толқын арасында ең көрнектілерінің бірі десе ешкім таласа қоймас. Одан кейінгі толқын біз үшін де Тұрсекең аға қаламгер, сергек дос, жанашыр жолдас бола білген ақжарқын азамат. Жорналдың ұзақ жыл Бас редакторы болған Мұхтар Мағауиннің  мол тәжірибесі, білімі мен әдебиетке адалдығы осы Тұрсекеңнің бойына да қонған ба дейсің. Жақсы деген дүниелерді журналға кідіріссіз жіберу, шығарманы дәл, дұрыс бағалау жағынан да талғамы мықты қаламгердің өзіндік жұмыс стилі бар.

 

Қолжазба әкелсең Тұрсекең кейбіреулер сияқты сүрлеп, жатқызып қоймайды. Өтірік мақтап, орағытып сөйлеп әуре болмайды. Тиісті адамдарына айтып, жарайтын-жарамайтынын бірден айтады. Бұл да қағазбастылыққа үйренген кейбір жорналшыларға үлгі боларлық қасиет. Бүгінде елімізде әдеби жорнал көп. Бірақ парақтай бастасаң ішінде оқитын нәрселер жоқтың қасы. Бұл әлгіндей әдебиетті сұрыптап, талғап, жанашырлықпен түзеп, жазушымен жұмыс істеу нәтижесінде пайда болатын дұрыс басшылықтың болмауынан кететін кемшілік пе дерсің. Өзіндік тәжірибе мектебі бар әдеби жорналдың сапалы шығуына бір кісідей еңбек сіңірп келе жатқан жазушы Тұрысбек Сәукетаев ағамыз еңбекпен шыныққан, қашан көрсең сергек жүретін, қағылез адам. Жазушы ағамыздың жұмыстан шаршадым, еңбегім шықпады, тұрмыста мынадай қиындық туды деп шағынғанын да көрмейсің. Әдебиет майданының қырағы жауынгері сияқты әрдайым рухани өмірдің сапында өзіндік өнерімен сапалы дүниелер жазып келе жатқан қаламгер ағамызға келген жасыңыз құтты болсын, еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз. Өнер биігінің ең жарқын белесінен сіздің еңбектеріңізді көре берейік!

                                                                                                 

25.12.2020.

   

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және «Әдебиет порталына» гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Эл. пошта: Adebiportal@gmail.com 8 (7172) 79 82 06 (ішкі – 112) © adebiportal.kz

https://adebiportal.kz/kz/blogs/view/4977

Бөлісу: